Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • w14 1.9. 7—9 бет.
  • Құдай Заңы әділдік пен туралықты талап еткен

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • Құдай Заңы әділдік пен туралықты талап еткен
  • 2014 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
  • Тақырыпшалар
  • Ұқсас мәлімет
  • “АҚЫЛДЫ ДА ПАРАСАТТЫ, ТӘЖІРИБЕЛІ” ТӨРЕШІЛЕР
  • ӘДІЛ ҮКІМ ШЫҒАРУҒА КӨМЕКТЕСЕТІН ПРИНЦИПТЕР
  • ӘДІЛ СОТТЫҢ ИГІЛІГІН КӨРГЕН ХАЛЫҚ
  • Ехобаның заңы кемелді
    Ехобаға жақында
2014 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
w14 1.9. 7—9 бет.
Ежелгі Исраилде төреші сот ісін қарастыруда

Құдай Заңы әділдік пен туралықты талап еткен

ЖИЫРМА жыл уақыт бұрын бір батыс елінде қылмыстық іс қаралғанда, сот екі адамды кісі өліміне айыпты деп тауып, өлім жазасына кескен еді. Кейінірек шындықтың беті ашылып, жалған айып тағылғаны анықталғанда, заңгерлер көп тер төгіп, сотталғандардың біріне бостандыққа шығуына көмектесті. Алайда екінші адам үшін ең тәжірибелі заңгерлердің өздері ешнәрсе істей алған жоқ. Өйткені оған қатысты сот шешімі орындалып қойған еді.

Кез келген заң жүйесінде әділдік осылай бұрмалануы мүмкін болғандықтан, Киелі кітаптың: “Әділдікке, тек әділдікке ғана ұмтылыңдар!”— деген сөздері орынды (Заңды қайталау 16:20). Сот ісі осы нұсқауға сай жүргізілгенде, елдің азаматтары мұның пайдасын көретіні анық. Ежелгі Исраилде алалаушылық танытпастан, әділ сот жүргізуге мүмкіндік берген Құдай Заңы болған. Қазір сол Заңның кей қырларын қарастырып, Құдайдың “барлық жолдары әділетті” екеніне көз жеткізейік (Заңды қайталау 32:4).

“АҚЫЛДЫ ДА ПАРАСАТТЫ, ТӘЖІРИБЕЛІ” ТӨРЕШІЛЕР

Төрешілер әділ, өз ісін жақсы білетін әрі пара алмайтын болса, адамдардың құқығы аяқасты етілмейді. Құдайдың Исраилге берген Заңында сот жүргізетін адамдарға осындай талаптар қойылған. Құдай Мұса пайғамбарға: “Қабілетті бірсыпыра адамды таңдап ал. Олар Құдайды терең қастерлеп, оған ұнамсызды істеуден шошынатын адал, әрі арам табыстан бойын аулақ ұстайтын болулары қажет”— деген нұсқау берген (Мысырдан шығу 18:21, 22). Қырық жыл өткен соң, Құдай төрелік ететін адамдардың “ақылды да парасатты, тәжірибелі” болуы қажет екеніне тағы да баса назар аударған (Заңды қайталау 1:13 ЖД, 14—17).

Ғасырлар өте Яһуданың патшасы Жосафатa төрешілерге былай деген: “Істейтін істеріңе мұқият көңіл бөліп жүріңдер! Себебі адамның емес, Жаратқан Иенің атынан төрелік етесіңдер. Сендер үкім шығарған кезде Жаратқан Ие қастарыңда болады. Сондықтан Жаратқан Иені терең қастерлеп, зұлымдық атаулыдан шошыныңдар! Іс-әрекеттеріңе мұқият назар аударыңдар! Біздің Құдайымыз Жаратқан Ие әділетсіз үкім, бет-жүзге қарау, пара алу дегеннің бірде-біреуіне төзбейді!” (Шежірелер 2-жазба 19:6, 7). Осылайша патша төрешілердің шешімдеріне алалаушылық не ашкөздік әсер етсе, Құдайдың оларды жауапқа тартатынын естеріне салды.

Исраил төрешілері аталмыш нормаларды ұстанғанда, халық қауіпсіздікте әрі қорғанышта болған. Сондай-ақ Құдай Заңында төрешілерге тіпті өте қиын істерде әділ шешім қабылдауға көмектесетін көптеген принцип бар еді. Сол принциптердің кейбірін қарастырайық.

ӘДІЛ ҮКІМ ШЫҒАРУҒА КӨМЕКТЕСЕТІН ПРИНЦИПТЕР

Халықты соттау үшін дана да қабілетті адамдар таңдалғанмен, олар сотты өз ақыл-парасатына сүйеніп жүргізбеу керек еді. Ехоба Құдай оларға әділ үкім шығаруға көмектесетін принциптер не басшылықтар берген. Исраил төрешілеріне берілген осындай принциптердің кейбірін қарастырайық.

Мұқият тергеу. Құдай Мұса пайғамбар арқылы Исраилдің төрешілеріне мынандай нұсқау берген: “Исраилдіктер арасында... пайда болып отыратын дауларды тыңдап, әділ шешім шығарыңдар!” (Заңды қайталау 1:16). Әділ үкім шығару үшін төрешілер мәселеге қатысты барлық айғақтарды жинап алу керек еді. Құдай сот жүргізетін адамдарға тағы былай деген: “Істің мән-жайын тексеріп, бәрін зерттеп, тәптіштеп тергеңдер!” Демек, сот ісінде үкім шығарылмас бұрын қылмыскердің айыбы дәлелденуі керек болған (Заңды қайталау 13:14; 17:4).

Куәгерлерді тыңдау. Тергеу ісінде куәгерлерді тыңдау өте маңызды болған. Осыған қатысты Құдай Заңында былай делінген: “Қандай да бір қылмыс не күнә жасады деп адамға айып тағу үшін, бір ғана куәгердің растауы жеткіліксіз. Кез келген іс екі не үш куәгердің сөзімен дәлелденуі керек” (Заңды қайталау 19:15). Ал куәгерлерге Заңда мынадай бұйрық берілді: “Құр лақап таратпа! Жалған куәгер болып әділетсіз адамға қол ұшын берме!” (Мысырдан шығу 23:1).

Куәгерлердің шыншыл болуы. Жалған куәгердің алатын жазасына қатысты Заңда былай делінген: “Төрешілер істің мән-жайын мұқият тексерсін. Егер айыптаушының бауырына таққан айыбы өтірік болып шықса, онда сол адамның өз бауырына тартқызайын деген жазасын оның өзіне тартқызыңдар! Зұлымдықты араларыңнан осылайша аластатыңдар!” (Заңды қайталау 19:18, 19). Демек, адам әлдебіреудің мұралық меншігін алу үшін өтірік айтса, ол айыппұл ретінде соған парапар құн төлеу керек еді. Ал адамды өлтіргісі келгендіктен жалған куәлік берсе, оның өзі өлім жазасына кесілу керек болған. Мұндай заң халыққа жауапкершілік сезініп, сотта шындықты айтуға талпындырған.

Алаламай соттау. Барлық айғақтар жиналғанда, төрешілер кеңесіп, үкім шығаратын. Бұл үшін олар маңызды бір жайтты ескеру керек еді: “Сотта әділетсіздік жасамаңдар. Кедейге алалаушылық танытпаңдар, байға да орынсыз құрмет көрсетпеңдер, бәрін әділ соттаңдар” (Леуіліктер 19:15 ЖД). Төрешілер қандай істі қарастырмасын, адамның сырт көрінісіне не қоғамдағы дәрежесіне емес, жасаған қылмысына қарай үкім шығару керек болған.

Ғасырлар бұрын исраилдіктерге берілген Құдай Заңындағы бұл принциптер бүгінгі күні де сот ісінде тиімді. Оларды ұстанып сот жүргізілсе, әділдік бұрмаланбайды және қате шешімдер қабылданбайды.

Қазіргі кез, сот екі жақтың уәжін тыңдауда

Құдай Заңын ұстанып сот жүргізілсе, әділдік бұрмаланбайды

ӘДІЛ СОТТЫҢ ИГІЛІГІН КӨРГЕН ХАЛЫҚ

Мұса пайғамбар Исраил халқына мынандай сұрақ қойған еді: “Мен сендерге қазір табыстап отырған осы бүкіл Таурат заңындай әділ ережелер мен шешімдерге ие болып отырған тағы басқа үлкен халық бар ма?!” (Заңды қайталау 4:8). Әрине, басқа мұндай халық болған жоқ. Ехобаның заңдарын жастайынан орындауға тырысқан Сүлеймен патшаның тұсында халық “алаңсыз тіршілік етті”, “тойына тамақтанып, көтеріңкі көңілмен өмір кешті” (Патшалықтар 3-жазба 4:20, 25).

Өкінішке қарай, уақыт өте Исраил халқы Құдайларынан теріс айналды. Сонда Құдай Еремия пайғамбар арқылы оларға: “Жаратқан Иенің сөзін қабылдамай тастады. Ендеше оларда қандай даналық бар?”— деді (Еремия 8:9). Тілазарлықтың кесірінен Иерусалим “жексұрын күнәларға” толып, “қан төккіш” қалаға айналды. Ал ақыр соңында, ол күйретіліп, 70 жыл бойы қаңырап бос қалды (Езекиел 22:2; Еремия 25:11).

Ишая пайғамбар Исраил тарихының ең қиын кезеңінде өмір сүрді. Ол сол уақытты есіне алып, Ехоба Құдай мен оның Заңдары жайлы мынадай бір шындықты айтты: “Сен дүниеге сот жүргізген кезіңде, Жердің халқы үйренеді әділдікке” (Ишая 26:9).

Ишая пайғамбар Құдай тағайындаған Патша Иса Мәсіхтің билігі жайлы келесі пайғамбарлық сөздерді айтуға қуанышты болған: “Патша тек көрген сырт пішінге, ұзын құлақтан естігеніне ғана сүйеніп үкім шығармайды. Қайта, жарлыларға әділдікпен төрелік айтып, жердің жапа шеккендерінің заңды мүдделерін қорғайды” (Ишая 11:3, 4). Құдай Патшалығының азаматтары болатын адамдардың бәрін осындай болашақ күтіп тұрғаны керемет емес пе?! (Матай 6:10).

a Жосафат деген есім “Ехоба Төреші” дегенді білдіреді.

Құдай Заңы кек алуға рұқсат берді ме?

Киелі кітапта: “Көзге көз, тіске тіс”,— делінген заң бар (Мысырдан шығу 21:24). Кейбіреулер осы заңды алға тартып, Құдай кек алуды құптайды деп есептейді. Алайда мұндай түсінік Құдайдың: “Кек алушы болма, басқаға реніш сақтама!”— деген бұйрығына қайшы келеді (Леуіліктер 19:18). Олай болса, бұл заңды қалай түсінуіміз керек?

Бұл үшін мәнмәтінге назар аударайық. Әңгіме екі ер адамның төбелесіп жатып, біреуі жүкті әйелді ұрып жібергені жайлы еді. Соққы алған жүкті әйел мезгілінен бұрын босанып, бірақ ана мен балаға еш зақым келмеген жағдайда, күйеуі кек қайтара алмайтын. “Кінәлі кісі әйелдің күйеуіне оның талабы мен төрешілердің шешіміне сай айып төлеуге тиіс” болған. Демек, төрешілер айыпты кісіге соққы алған әйелдің күйеуіне айыппұл төлеткен. Ал егер әйел не бала өліп кетсе, төрешілер айыптыны өлім жазасына кесетін.

Бұл жағдайда “жанға жан, көзге көз, тіске тіс” деген заңды жәбір көруші емес, сот жүргізетін төрешілер жүзеге асыру керек болған (Мысырдан шығу 21:23, 24). Заңның принципі жазаның тым қатал не тым жұмсақ болмауы керектігін төрешілердің есіне салған. Киелі кітап зерттеушісі Ричард Елиотт Фридманның пайымдауынша: “Мұндағы негізгі принцип жаза жасалған қылмысқа сай болып, шектен шықпау керектігінде еді”.

Ежелгі Исраилде, бір кісі басқа біреудің бетінен шапалақпен тартып жіберді

Құдай Заңы кек алуға рұқсат берді деген түсінік қайдан пайда болды? Матай 5:38, 39 тармақтарда Иса былай деген: “Сендер “Көзге — көз, тіске — тіс” дегенді естігенсіңдер. Ал мен сендерге былай деймін: зұлым адамға қарсыласпа. Біреу оң жағыңнан салып жіберсе, оған сол жағыңды да тос”. Исаның күндеріндегі кейбір дін мұғалімдері Мысырдан шығу 21:23, 24- тегі заңды өздерінің ауызша айтылатын заңдарына енгізіп, кек алуға рұқсат бергенге ұқсайды. Алайда Иса мұндай түсініктің Исраилге берілген Құдай Заңына қайшы екенін анық көрсетті.

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу