Біз табиғатымыздан жанашырлық танытуға және қатыгездікті жек көруге бейімбіз
НЕГІЗГІ ТАҚЫРЫП
Неге кейбіреулер Құдайды қатыгез деп ойлайды?
МҰҚАБАДАҒЫ сұрақты көріп: “Қалай ғана адамдар бұлай ойлауы мүмкін?”— деп таңғалған шығарсыз. Иә, кейбіреулер үшін Құдайдың қатыгез болуы мүмкін емес. Десе де көбісін “Құдай қатыгез бе?” деген сұрақ мазалайды, тіпті кейбірі ол туралы сондай тұжырымға келіп жатады. Не себепті?
Мысалы, табиғи апаттардан аман қалған кейбір адамдар: “Неге Құдай бұған жол берді? Сонда оған бәрібір ме? Әлде Құдайдың қатыгез болғаны ма?”— деп сұрап жатады.
Басқаларда осындай сұрақтар Киелі кітапты оқу барысында туындайды. Нұх пайғамбардың кезіндегі Топан су жайлы оқығанда, олар: “Неге сүйіспеншілікке толы Құдай сол адамдардың бәрін жойып жіберді? Оның қатыгез болғаны ма?”— деп сұрауы мүмкін.
Осындай сұрақтар сізде де туындай ма? Я болмаса басқа біреулер “Құдай қатыгез бе?” деген сұрақ қойса, не айтарыңызды білмей қаласыз ба? Олай болса, сізге көмегін тигізуі мүмкін төмендегі сұрақты қарастырайық.
НЕГЕ БІЗ ҚАТЫГЕЗДІКТІ ЖЕК КӨРЕМІЗ?
Жақсы мен жаманды ажырата білетін қабілетіміз болғандықтан, біз қатыгездікті жек көреміз. Осы жағынан біз жануарлардан ерекшеленеміз. Өйткені Құдай бізді “өзіне ұқсас” етіп жаратқан (Жаратылыс 1:27). Бұл нені білдіреді? Ол бізді өзінің қасиеттерін таныта алатындай және құлықтылық нормаларын ұстанып, дұрыс пен бұрысты ажырата алатындай етіп жаратқан. Ойлап көріңізші, Құдайдың өзі бізді дұрыс пен бұрысты ажыратып, қатыгездікті жек көретіндей етіп жаратқан болса, бұл оның да қатыгездікті жек көретінін білдірмей ме?
Киелі кітапта Құдай өзі туралы: “Менің жолым... сендердікінен соншама жоғары, Менің ойым... пікірлеріңнен тым биік”,— деген (Ишая 55:9). Бұл Құдайдың қатыгездікті бізден де бетер жек көретінін көрсетеді. Ал Құдайды қатыгез деп айыптағанымыз Киелі кітаптағы осы сөздерді жоққа шығарып, біздің жолдарымыз Құдайдікінен жоғары деумен тең емес пе? Сондықтан мұндай тұжырым жасамас бұрын көбірек айғақты қарастырғанымыз даналық болар еді. Бәлкім, “Құдай неге қатыгез?” деп емес, “Неге оның кейбір әрекеттері қатыгез болып көрінеді?” деп сұраған жөн болар. Ал бұл сұраққа жауап табу үшін, алдымен, қатыгездіктің не екенін анықтап алайық.
Біреуді қатыгез деуімізбен біз оның жаман ниетін айыптаймыз. Қатыгез адам басқалардың қиналғанын көруден рақат алады не олардың қиналғанына немкетті қарайды. Мысалы, әкесі баласының жанын жаралаудан рақат табу үшін оны жазалайтын болса, онда мұндай әкенің қатыгез болғаны. Ал баласына ақыл-кеңес беру үшін не оны жамандықтан қорғау үшін жазалайтын әкені жақсы әке дер едік. Біреудің ниетін бұрыс түсініп қалу оңай. Бәлкім, біреулер сіздің де ниетіңізді дұрыс түсінбей қалған кездер болған шығар.
Кейбіреулердің Құдайды қатыгез деп ойлауының екі себебін қарастырып көрейік. Бұлар — бүгінде орын алып жатқан табиғи апаттар және Киелі кітапта жазылған Құдайдың үкімдері. Айғақтар, расында да, Құдайдың қатыгез екенін көрсете ме?