Қанахандықтар қатыгездіктерімен танымал болған және Құдай мен оның халқына әдейі қарсы шыққан
Құдайдың үкімдері оны қатыгез етіп көрсете ме?
БҰЛ СҰРАҚТЫҢ жауабын білу үшін Киелі кітапта жазылған Құдайдың екі үкімін — Нұх пайғамбардың кезіндегі топан су мен қанахандықтардың жойылуын — қысқаша қарастырып көрейік.
НҰХ ПАЙҒАМБАРДЫҢ КҮНІНДЕГІ ТОПАН СУ
КЕЙБІРЕУЛЕР НЕ ДЕУІ МҮМКІН? “Нұх пен оның отбасын аман алып қалып, қалған адамдарды топан сумен жою Құдайдың тарапынан қатыгездік болды”.
КИЕЛІ КІТАПТА НЕ ЖАЗЫЛҒАН? Құдай: “Мен зұлымның өлімін емес, оның теріс жолынан қайтып, өмір сүре бергенін қалаймын”,— деген (Езекиел 33:11). Осы сөздерден көрінетіндей, Нұхтың күніндегі зұлым адамдарды жою Құдайға ешқандай рақат әкелмеген. Онда неге Құдай топан су жіберді?
Киелі кітапта жазылғандай, ежелгі уақытта Құдай зұлым адамдарға осы сияқты үкімдер шығарғанда, “арсыздармен болашақта не болатынын мысалмен көрсеткен” (Петірдің 2-хаты 2:5, 6). Құдайдың ежелде зұлымдарға шығарған үкімдерінен ол туралы не білеміз?
Біріншіден, адамдарды жою Құдайға ауыр тисе де, ол зұлым адамдардың жасаған қатыгездіктерін назарынан тыс қалдырмайды және сол адамдарды жасаған істері үшін жауапқа тартады. Уақыты келгенде, Құдай барлық әділетсіздік пен қайғы-қасіретті жояды.
Екіншіден, Құдайдың ежелгі кезде қалай әрекет еткенінен көрінетіндей, ол үкімін жүзеге асырмас бұрын адамдарды сүйіспеншілікпен ескертеді. Нұх адамдарға топан су болатынын ескерткен, алайда көпшілік оның сөздеріне құлақ аспаған. Киелі кітапта: “Топан су басып, бәрін алып кеткенше, олар еш ойланбады”,— делінген (Матай 24:39).
Құдай әрі қарай да осылай әрекет етті ме? Иә. Мысалы, Құдайдың ежелгі халқы исраилдіктер айналасындағы халықтар сияқты зұлымдық істейтін болса, жауларына жерлерін басып алуға, астаналары Иерусалимді жоюға, ал өздерін құлдыққа әкетуге жол беретінін Құдай алдын ала ескерткен болатын. Алайда исраилдіктер зұлымдыққа белшесінен батты, тіпті балаларын құрбандыққа шалуға дейін барды. Ехоба оларды жауапқа тартты ма? Иә, бірақ ол алдымен халқына қайта-қайта пайғамбарларын жіберіп, кеш болмай тұрғанда жаман жолдарынан қайтуды ескертті. Ол тіпті: “Жаратушы Тәңір Ие Өзіне қызмет ететін пайғамбарларға алдын ала білдірмей ештеңе істемейді”,— деді (Амос 3:7).
БҰНЫ БІЛУ НЕЛІКТЕН МАҢЫЗДЫ? Ехоба Құдайдың ежелде зұлым адамдарды жазалағанда қалай әрекет еткені бізге үміт береді. Біз Құдайдың қатыгездік жасайтындарды жазаға тартатын уақыт келетініне сенімді бола аламыз. Киелі кітапта: “Зұлымдық жасаушылар жойылып кетер... Ал кішіпейіл жандар елді иеленер, Бейбіт өмірдің рақатына мол сүйсінер”,— делінген (Забур 36:9—11). Адамзатты қайғы-қасіреттен азат ететін Құдайдың үкімі туралы не ойлайсыз? Бұл қатыгездіктің белгісі ме, әлде мейірімділіктің бе?
ҚАНАХАНДЫҚТАРДЫҢ ЖОЙЫЛУЫ
КЕЙБІРЕУЛЕР НЕ ДЕУІ МҮМКІН? “Қанахандықтардың жойылуы қазіргі заманғы геноцидке тең қатыгез әскери қылмыс болып табылады”.
КИЕЛІ КІТАПТА НЕ ЖАЗЫЛҒАН? “Барлық жолдары Оның әділетті, Құдай сенімді, жоқ еш жалғандығы” (Заңды қайталау 32:4). Құдайдың әділ сотын адамдардың соғыстарымен салыстыруға болмайды. Неге? Өйткені Құдай адамдар сияқты емес, ол жүректе не бар екенін көреді.
Мысалы, Құдай Содом мен Ғомора қалаларын жойып жіберу туралы үкімін шығарғанда, Құдайдың адал қызметшісі Ыбырайым бұл шешімнің қаншалықты әділ екеніне сенімді болғысы келді. Ол әділетті Құдайдың “зұлыммен бірге әділді де құртатынын” елестете алмады. Сонда Құдай шыдамдылықпен Ыбырайымға Содомда ең болмағанда он әділ адам табылса, солар үшін қаланы құртпайтынын айтып сендірді (Жаратылыс 18:20—33). Құдай сол жердегі адамдардың жан дүниелерін тексеріп, олардың қаншалықты зұлым екенін көргені анық (Шежірелер 1-жазба 28:9).
Құдайдың қанахандықтарды жою туралы үкімі әділ еді. Өйткені қанахандықтар өздерінің қатыгездіктерімен танымал болатын. Олар өз балаларын құрбандыққа шалып, тірідей өртейтін болғанa (Патшалықтар 4-жазба 16:3). Ехобаның Исраил халқына бүкіл жерді жаулап алуға бұйрық бергенін қанахандықтар білетін. Өз жерлерінде қала беруді таңдап, исраилдіктермен соғысқан қанахандықтар оларға ғана емес, өз халқымен бірге екенін дәлелдеген Ехоба Құдайға да қарсы шыққан еді.
Ал өзінің жоғары құлықтылық талаптарына мойынсұнып, зұлым жолдарынан қайтқан қанахандықтарға Ехоба мейірімін төккен. Мысалы, бұрын жеңіл жүрісті әйел болған Рахаб отбасымен бірге аман қалды. Бұған қоса, мейірімділік танытуды өтінген Қанахан жерінің тұрғындары болған гибеондықтардың өздері де, бала-шағасы да тірі қалды (Ешуа 6:25; 9:3, 24—26).
БҰНЫ БІЛУ НЕЛІКТЕН МАҢЫЗДЫ? Біз қанахандықтарға шығарылған үкімнен өте маңызды сабақ ала аламыз. Алдын ала пайғамбарлық етілген “арсыздардың сотталып, жойылатын күні” барған сайын жақындап келеді (Петірдің 2-хаты 3:7). Егер біз Ехоба Құдайды жақсы көрсек және айтқандарын орындасақ, оның жер бетін өзінің әділ билігінен бас тартатындардан тазартып, адамзатты барлық қайғы-қасіреттен арылтатын кездің игілігін көретін боламыз.
Құдай зұлым адамдарды Топан сумен жоймас бұрын, оларға ескерту үшін Нұх пайғамбарды жіберген
Ехоба ата-аналардың таңдауы балаларына да әсер ететінін сүйіспеншілікпен ескертуде. Құдай Сөзінде: “Ендеше өмірді таңдап алсаңдар ғой! Осылай өздерің де, ұрпақтарың да аман-есен өмір сүріп, Құдайларың Жаратқан Иені сүйсеңдер, Оның дауысына құлақ салып, Онымен тығыз байланыста тұрсаңдар, шіркін!”— делінген (Заңды қайталау 30:19, 20). Қалай ойлайсыз, бұл қатыгез Құдайдың сөздері ме, әлде адамдарды сүйетін және олардың дұрыс таңдау жасағанын қалайтын Құдайдың сөздері ме?
a Археологтар қазба жұмыстары кезінде қанахандықтардың сәбилерді құрбандыққа шалғанын дәлелдейтін айғақтар тапқан.