Киелі кітапты ырымшылдықпен қолданудан сақ бол
“ҚҰДАЙДЫҢ СӨЗІ тірі, әсері де күшті” (Евр. 4:12). Осы сөздерімен елші Пауыл Құдай сөзінің адамның жүрегіне әсер етіп, өмірін өзгертетін күші бар екеніне назар аударған.
Алайда елшілер қайтыс болғаннан кейін жолдан таюшылық белең алғанда, Киелі кітапта жазылғандардың осындай күшіне қатысты бұрыс пікірлер қалыптасты (Пет. 2-х. 2:1—3). Діни жетекшілер Құдай Сөзінің сиқырлы күші бар деп үйрете бастады. Профессор Харри Гэмбл жазып кеткендей, үшінші ғасырда шіркеу әкейі Ориген киелі сөздерді естігеннің өзі біреуге көмектесе алады деп үйреткен. Оның айтуынша, сиқырлық жасауда қолданылатын сөздердің күші бар болса, Құдайдың рухымен жазылған сөздердің күші одан да зор болып табылады. Шамамен IV ғасырда өмір сүрген Иоанна Хризостом “Інжілі бар үйге Шайтанның жоламайтынын” жазған. Сонымен қатар ол кейбіреулердің Інжілдегі жазба орындарын жамандықтан сақтайтын бойтұмар ретінде мойындарына тағып жүргенін жазып кеткен. Профессор Харри Гэмблдің айтуынша, католик теологы Августин “адамның басы ауырғанда, Жохан жазған ізгі хабарды жастықтың астына қойып жатуына болады” деп үйреткен. Осындай ілімдердің кесірінен адамдар Киелі кітапты сиқырлық мақсатта қолдана бастады. Ал сен ше? Киелі кітапты сәттілік әкелетін не жамандықтан сақтайтын тұмар ретінде қолданасың ба?
Киелі кітапты бұрыс жолмен қолданудың кең таралған тағы бір түрі — библиомансия. Бұл Киелі кітапты кез келген жерден ашып, көзге түскен бірінші тармақта қажетті басшылық жазылғанына сенуді білдіреді. Мысалы, профессор Гэмблдің жазғанына сай, Августин көрші үйдегі кішкентай баланың: “Ал да, оқы, ал да, оқы”, — деп жүргенін естіп, Құдай маған Киелі кітапты ашып, көзім түскен бірінші тармақты оқуға шақырып жатыр деп ойлаған.
Қиындыққа тап болғанда, алдымен Құдайға дұға етіп, сосын Киелі кітапты ашқанда алғаш көзіне түскен кез келген тармақты оқып, соны проблеманың шешімі деп сенетін адамдарды білесің бе? Әрине, мұндай адамдардың көмек іздеп Киелі кітапқа жүгінгендері жақсы, алайда Жазбалардан басшылық іздеудің дұрыс жолы бұл емес.
Иса шәкірттеріне “көмекші, киелі рухты” жіберетінін уәде еткен болатын. Әрі қарай ол: “Киелі рух, сендерге бәрін үйретеді және айтқандарымның бәрін естеріңе түсіреді”,— деді (Жох. 14:26). Ал библиомансия Жазбаларды білуді еш талап етпейді.
Көп адам өздерін жамандықтан қорғау үшін, қиындықтарын шешу не болашағын білу үшін Киелі кітапты сиқырлы жолдармен қолданады. Бірақ Құдай Сөзінде сиқырлықпен айналысу айыпталады (Леу. 19:26; Заң. қ. 18:9—12; Ел. іс. 19:19). “Құдайдың сөзі тірі, әсері де күшті”, алайда біз оны дұрыс жолмен қолдануымыз қажет. Киелі кітапты сиқырлы жолмен қолдану емес, Жазбалардан тура білім алғанымыз ғана бізге көмектесе алады. Осындай білім көп адамға дұрыс пен бұрысты ажыратуға, жаман өмір салтынан арылуға, отбасылық өмірін бақытты етуге және Киелі кітаптың авторы Құдаймен достық қарым-қатынасқа ие болуға көмектескен.