1, 2. а) Көп адам үшін табысты болу нені білдіреді? ә) Табысты болу сен үшін нені білдіретінін қалай анықтай аласың?
ӨМІРДЕ табысты болу деген нені білдіреді? Адамдар бұл сұраққа алуан түрлі жауап беруі мүмкін. Көбісі табысты болу деп дәулетті өмірді, жұмыста не оқуда жетістіктерге жетуді айтады. Өзгелер үшін ең маңыздысы — отбасымен, достарымен не әріптестерімен жақсы қарым-қатынаста болу. Ал Құдайдың қызметшісі табысты қауымда мәртебелі міндетке ие болумен немесе қызметте жетістікке жетумен байланыстыруы мүмкін.
2 Сен үшін табысты болу нені білдіретінін анықтау үшін, өмірде табысқа жетті деп санайтын әрі сыйлайтын адамдардың аттарын бір парақ қағазға жазсаң болады. Оларға қандай сипаттама берер едің? Олар бай ма, әлде атақты да дәрежелі ме? Берген жауабың жүрегіңде не барын аян етеді, әрі бұл жасайтын таңдауларың мен ұмтылатын мақсаттарыңа қатты әсер етуі мүмкін (Лұқа 6:45).
3. а) Табысқа жету үшін Ешуаға не істеу керек еді? ә) Қазір нені қарастыратын боламыз?
3 Әрине, ең басты нәрсе — Ехобаның көзінде табысты болу, өйткені өміріміз оның ықыласына ие болумен байланысты. Ехоба Ешуаға исраилдіктерді Уәде етілген жерге бастап алып жүруді тапсырғанда, оған Мұса заңын “күні-түні” оқып, онда жазылғандарды берік ұстануды бұйырған болатын. Құдай: “Сонда ғана өркендеп табысты боласың”,— деп сендірді (Ешуа 1:7, 8). Ешуа шынында да табысты болды. Ал біз туралы не деуге болады? Біздің табысқа қатысты көзқарасымыз Құдайдікіне сай келетініне қалай көз жеткізе аламыз? Бұл үшін Киелі кітапта келтірілген екі адамның мысалын қарастырайық.
СҮЛЕЙМЕН ӨМІРІНДЕ ТАБЫСҚА ЖЕТТІ МЕ?
4. Неліктен Сүлеймен табысты болды деп айтуға болады?
4 Сүлеймен көп салада мол табысқа қол жеткізді. Өйткені ол жылдар бойы Ехобадан қорқып, оған мойынсұнды. Ал Ехоба өз кезегінде оны молынан жарылқады. Ехоба Сүлейменге қалаған нәрсесін сұрауға мұрсат бергенде, патша халыққа басшылық етуге қажетті даналық сұрады. Сонда Құдай оған даналықпен бірге байлықты да қосып берді (Патшалықтар 3-жазба 3:10—14 оқы). Сүлейменнің “даналығы шығыс елдері мен Мысыр елінің кемеңгерлерінің ақыл-парасатынан да асып түсті”. Оның “атақ-даңқы айналадағы барлық елдердің халықтарына тарады” (Пат. 3-ж. 4:30, 31). Ал байлығына келер болсақ, ол жыл сайын шамамен 25 тонна алтын алып отырды (Шеж. 2-ж. 9:13). Сүлеймен саясат, сауда-саттық және құрылыс істерін жүргізуде алдына жан салмады. Иә, Құдай алдында дұрыс жүріп-тұрған кезде ол табысты болды (Шеж. 2-ж. 9:22—24).
5. Құдайдың көзінде табысты болатын адамдар туралы Сүлеймен не деген?
5 Уағыздаушы кітабындағы сөзінен көрінетіндей, Сүлеймен жетістік пен бақытқа тек байлар мен атақты адамдар ғана қол жеткізеді деген жаңсақ ойда болмаған. Қайта, ол былай деп жазған: “Адам үшін шаттану мен жақсылық жасаудан артық ештеңенің жоқ екенін ұқтым. Осылай әрбір адам ішіп-жеп, еткен еңбегінен қанағат тапсын. Бұл да Құдайдың берген сыйы” (Уағ. 3:12, 13). Сүлеймен мұндай нәрселер Құдайдың ықыласына ие болған әрі онымен тығыз қарым-қатынасты сақтайтын адамдарға нағыз қанағат әкелетінін де түсінген. Ол былай деген: “Айтылғандардың барлығының қорытындысын тыңдайық: Құдайды терең қастерлеп, Оның өсиеттерін орында! Себебі бұл — әр адамның парызы” (Уағ. 12:13).
6. Сүлейменнің мысалы шынайы табыстың не екенін анықтауға қалай көмектеседі?
6 Сүлеймен жылдар бойы Құдайдан қорқып өмір сүрді. Киелі кітапта Сүлейменнің “Жаратқан Иені шын жүректен сүйіп, әкесі Дәуіт қалдырып кеткен ережелеріне бағынғаны” жайлы айтылған (Пат. 3-ж. 3:3). Табысты өмір деген осы емес пе?! Құдайдың басшылығымен Сүлеймен зәулім ғибадатхана соғып, Жазбалардағы үш кітапты жазды. Осындай нәрселерді істемесек те, Сүлейменнің адал болған кездегі үлгісі бізге өмірде шынымен табысты болу деген не екенін анықтауға және соған қол жеткізуге көмектесе алады. Сондай-ақ адамдардың көбісі табыстың белгісі деп білетін байлық, білім, атақ-даңқ және күш-қайратты Сүлеймен киелі рухтың жетелеуімен бекершілік деп атағанын есте ұстағанымыз жөн. Бұл нәрселерге ұмтылу — “желдің артынан қуу” іспетті бос әурешілік! Өзің де байқаған шығарсың, ақшақұмар адамдардың көбісі қанағат дегенді білмейді. Оның үстіне, олар жиі меншігіндегі нәрселерді уайымдайды. Ал күндердің күнінде олардың бар байлығы басқа біреуге тиеді (Уағыздаушы 2:8—11,17;5:10—12 оқы).
7, 8. Сүлеймен адалдығынан қалай тайды әрі бұның салдары қандай болды?
7 Біз Сүлейменнің кейіннен адалдықтың жолынан тайғанын да білеміз. “Қартайған шағында әйелдері Сүлейменнің жүрегін бөтен тәңірлерге бұрып әкетті. Осылайша оның жүрегі әкесі Дәуіттің Құдай Иесіне толықтай бағышталған жүрегі сияқты болмады... Мұнысымен Сүлеймен Жаратқан Иеге жеккөрінішті іс істеп, Жаратқан Иенің жолымен адал жүрген әкесі Дәуіт сияқты болмады” (Пат. 3-ж. 11:4—6).
8 Сүлейменнің өмірі Ехобаға ұнамады, сондықтан оған былай деді: “Сен... Менің Келісімімді, өзіңе орындауға тапсырған ережелерімді ұстанбадың. Сол себептен Мен міндетті түрде патшалық билікті сенен жұлып алып, қызметшілеріңнің біреуіне тапсырамын” (Пат. 3-ж. 11:11). Қандай өкінішті! Сүлеймен көп салада табысты болса да, кейіннен ол Ехобаны ренжітті. Осылайша Сүлеймен өміріндегі ең маңызды нәрсені, Құдайға деген адалдығын, сақтап қала алмады. Әрқайсысымыз өзімізден былай деп сұрасақ болады: Шынайы табысқа жету үшін, Сүлейменнің өмірінен алған сабақты өмірде қолдануға бел будым ба?
ШЫНАЙЫ ТАБЫСҚА ЖЕТКЕН АДАМ
9. Замандастарының көзқарасы бойынша Пауыл табысты өмір кешті ме? Түсіндір.
9 Елші Пауылдың өмірі Сүлеймендікінен өзгеше болды. Пауыл піл сүйегінен жасалған тақта отырып, патшалармен той тойламаған. Керісінше ол аштық пен шөлді көрген, суықта да, киімсіз де жүрген (Қор. 2-х. 11:24—27). Исаны Мәсіх деп қабылдаған кезден бастап, Пауыл яһуди дінін ұстанатындардың арасында беделі болмады. Қайта, яһудилердің дінбасылары тіпті оны жек көрді. Пауылды түрмеге жапты, дүре соқты, шыбықпен сабады және таспен атқылады. Пауыл өзінің және мәсіхші бауырластарының жамандалғанын, қуғындалғанын және жала жабылғанын айтқан. “Әлі күнге дейін осы дүниенің қоқысы, сыпырындысы болып есептелеміз”,— деді ол (Қор. 1-х. 4:11—13).
10. Неліктен Пауыл табысты өмірден бас тартқандай болып көрінді?
10 Жас кезінде Саул деген есіммен танымал болған Пауылдың алдында көп мүмкіндіктер жатқан еді. Ол әйгілі отбасында дүниеге келген көрінеді. Гамалиел есімді танымал мұғалімнен тәлім алды. Бірде ол “яһуди дінін ұстануда ұлтының ішіндегі көптеген құрдастарынан озғанын” айтқан (Ғал. 1:14). Еврей және грек тілдерін жатық білген Саул Рим империясының азаматы болған. Бұл оған белгілі бір артықшылықтар мен құқықтар берген. Осы дүниеде табысқа жетуді көздегенде, ол жоғары дәрежелі орынға жайғасып, бақуатты өмір кешер еді. Алайда ол таңдаған жол өзгелерге, сірә жақындарының кейбіріне де ақылға қонымсыз болып көрінді. Неліктен?
11. Пауыл нендей нәрселерді бағалаған және неге?
11 Пауыл Ехобаны жақсы көрді және байлық пен атақ-даңқтан гөрі Құдайдың ықыласына ие болғысы келді. Шындық туралы тура білім алғаннан кейін Пауыл бұл дүние маңызсыз санайтын нәрселерді — төлем құрбандығын, мәсіхшілік қызметті және көкте өмір сүру үмітін — жоғары бағалады. Ол Шайтанның Құдайға қызмет етіп жүрген кез келген адамды тайдыра аламын деп дау көтергенін білген. Бұл дауда ол Шайтанның өтірікші екенін дәлелдеуде үлес қоса алатынын түсінсе керек (Әйүп 1:9—11; 2:3—5). Сондықтан ол кез келген сынаққа қарамастан Құдайға адал болып, шынайы ғибадатты мықтап ұстануға бел буған болатын. Иә, оның табысты болуға қатысты көзқарасы мен осы дүниенің көзқарасының арасындағы айырмашылық жер мен көктей.
12. Мәсіхшілер не нәрсеге сенім артады?
12 Сен де Пауыл сияқты Құдайға адал болып қалуға бел будың ба? Адал өмір сүру оңай бола бермегенмен, осылай етсек Ехобаның батасы мен ықыласына кенелетінімізді және шынайы табысқа жететінімізді білеміз (Нақ. с. 10:22). Мұның игілігін қазірдің өзінде көріп отырмыз әрі болашақта одан да зорын көретінімізге сенімдіміз (Марқа 10:29, 30 оқы). Сондықтан үмітімізді тұрақсыз байлыққа емес, “біз рақатын көру үшін бәрін молынан қамтамасыз ететін Құдайға артамыз”. “Осылай шынайы өмірді берік ұстану үшін, өзімізге келешекке жақсы негіз болатын, еш құрымайтын қазына” жинаудамыз (Тім. 1-х. 6:17—19). Иә, жүз, мың не тіпті одан да көп жылдан кейін біз артқа қарап, “мен расында да шынайы табысқа апаратын жолды таңдадым!” дейтініміз сөзсіз.
ҚАЗЫНАҢ ҚАЙДА БОЛСА...
13. Иса қазына жинауға қатысты не деген?
13 Иса қазына туралы былай деген: “Жер бетінде өздеріңе қазына жинауды доғарыңдар! Жерде оны күйе жеп, тот басады немесе ұрылар бұзып кіріп, ұрлап әкетеді. Қайта, қазынаны көкте жинаңдар! Көкте оны күйе де жемейді, тот та баспайды, ұры да бұзып кіріп, ұрлап әкетпейді. Өйткені қазынаң қайда болса, жүрегің де сонда болады” (Мат. 6:19—21).
14. Жерде байлық жинау неліктен даналыққа жатпайды?
14 Адамның қазынасы тек ақшадан тұрмайды. Бұған Сүлеймен айтып кеткендей, адамдардың көзінде табыстың белгісі болып табылатын атақ-даңқ, бедел не билік жатуы мүмкін. Иса да Сүлеймен сияқты жердегі байлықтың мәңгі еместігін айтқан. Өзің де байқаған шығарсың, байлықтың барлығы өткінші әрі тұрақсыз. Профессор Ф. Дейл Брюнер осындай байлық туралы былай деп жазған: “Атақ-даңқтың өткінші екенін бәріміз де білеміз. Бүгін аты жер жарып тұрған адам ертең ешкімге керек емес болып қалады. Осы жылы ісің дүркіреп тұрса, келесі жылы банкрот болуың мүмкін... [Иса] адамдарды жақсы көреді. Ол адамдарды атақ-даңқтан айырылғанда болатын күйініш сезімінен сақтағысы келеді. Иса шәкірттерінің қасірет шеккенін қаламайды. Дүние күн сайын шыңырау биікте отырғандарды оңдырмай құлатып жатады”. Бұл сөздермен көбісі келіскенімен, осыны түсінетінін қанша адам өмір салтымен көрсетіп жүр? Ал сен туралы не деуге болады?
15. Біз қандай табысқа жетуге ұмтылуымыз керек?
15 Кейбір дінбасылары табысқа жетуге тырысудың дұрыс еместігін және оған жетудегі кез келген ұмтылысты басып тастау керектігін айтады. Алайда Иса табысқа ұмтылмау керек деп айтпаған. Қайта, ол шәкірттерінің ұмтылыстарын басқа арнаға бұрып, “қазынаны көкте” жинауға талпындырған. Біз Ехобаның көзінде табысты болуға тырысуымыз керек. Иә, Иса қандай мақсатқа ұмтылатынымызды өзіміз шешетінімізді есімізге салып отыр. Алайда бір ескеретін жайт, жүрегімізде не болса, яғни нені құнды деп санасақ, біз соған ұмтыламыз.
16. Біз не нәрсеге сенімді бола аламыз?
16 Егер шын жүректен Ехобаның көңілінен шығуды қаласақ, ол бізді қажетті нәрселермен қамтамасыз етеді. Әрине, ол Пауыл сияқты біздің де ас-суға уақытша жарымай жүруімізге жол беруі мүмкін (Қор. 1-х. 4:11). Дегенмен біз толық сеніммен Исаның келесі дана кеңесіне құлақ аса аламыз: “Не ішіп-жейміз? Не киеміз?” деп ешқашан уайымдамаңдар. Себебі басқа ұлт адамдарының бар есіл-дерті осы нәрселерде. Ал бұлардың бәрі сендерге қажет екенін көктегі Әкелерің біледі ғой. Ендеше Құдай патшалығы мен оның әділдігін әрдайым бірінші орынға қойыңдар, сонда сендерге мұның бәрі қосып беріледі” (Мат. 6:31—33).
ҚҰДАЙДЫҢ КӨЗІНДЕ ТАБЫСТЫ БОЛУҒА ҰМТЫЛ
17, 18. а) Шынайы табыс не нәрсеге байланысты? ә) Табысты болу не нәрсеге байланысты емес?
17 Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні — өмірде шынайы табысқа жету осы дүниенің көзінде жетістікке не дәрежеге жетумен байланысты емес. Сондай-ақ шынайы табыс мәсіхшілер қауымында түрлі мәртебелі қызметке ие болуға да байланысты емес. Қайта, бұлар табыстың негізі болып табылатын Құдайға мойынсұнушылық пен адалдықтың арқасында ие болатын батаға жатады. Құдай: “Басқарушыдан сенімді болу талап етіледі”,— деген (Қор. 1-х. 4:2). Ендеше біз адалдық сақтауда табанды болуымыз керек, өйткені Иса: “Соңына дейін табандылық танытқан адам құтқарылады”,— деген (Мат. 10:22). Табысты болу деп құтқарылуды айтпағанда басқа нені айтасың?
18 Жоғарыда айтылғандарды ой елегінен өткізе отырып, Құдайға адал болу атақ-даңқ, білім, байлық не әлеуметтік жағдайымызға байланысты еместігін көреміз. Сондай-ақ адал болу үшін асқан ақылды, дарынды не қабілетті болу талап етілмейді. Жағдайымыз қандай болмасын, біз Құдайға адал болып қала аламыз. Құдайдың бірінші ғасырдағы қызметшілерінің арасында байлар да, кедейлер де болған. Алғашқы топқа Пауыл: “Жақсылық жасай берсін, игі істерге бай әрі жомарт болып, барымен бөлісуге даяр болсын”,— деген. Бірақ байы да, кедейі де “шынайы өмірді берік ұстана” алатын (Тім. 1-х. 6:17—19). Бүгінде де солай. Бәріміз де адал әрі “игі істерге бай” бола аламыз, әрі солай етуге тиіспіз. Егер солай етсек, Жаратушымыздың көзінде табысты боламыз әрі оның көңілінен шыққанымызды білгеннен қуаныш аламыз (Нақ. с. 27:11).
19. Сен не істеуге бел будың?
19 Біз айналадағы жағдайды өзгерте алмаймыз, десе де өз жағдайымызға көзқарасымызды өзгерте аламыз. Еш нәрсеге қарамастан адал болып қалуға тырысайық. Бұл — күш салуға тұрарлық іс. Ехобаның қазір және мәңгілік бойы молынан жарылқайтынына сенімді болсақ болады. Исаның майланған ізбасарларына айтқан келесі сөздерін әрдайым жадымызда ұстайық: “Өле-өлгенше адал бол, сонда саған өмір тәжін беремін” (Аян 2:10). Иә, мәңгі өмірге ие болатындар нағыз табысқа қол жеткізеді!