Құдай үйінің қамы үшін құлшыныс таныт!
“Сенің үйіңнің қамын жеп, азапқа түсемін” (ЖОХ. 2:17).
1, 2. Иса ғибадатханаға келгенде не істеді және неліктен?
ҚҰТҚАРЫЛУ мейрамының қарсаңы. Б. з. 30 жылы. Иса қызметін бастағанына алты ай болған. Қазір ол Иерусалимде. Шәкірттерімен ғибадатханаға кіргенде, Иса ‘алаңда өгіз, қой, көгершін сатушыларды және шетелдік ақшаны айырбастаушыларды’ көрді. Кендір жіптен қамшы өріп алып, малды сыртқа қуып шығарды, артынан сатушылар да кете бастады. Содан соң айырбастаушылардың ақшасын шашып, үстелдерін аударып тастады. Ал көгершін сатушыларға заттарын жинап, ғибадатханадан кетуді бұйырды (Жох. 2:13—16).
2 Исаның бұл әрекеті ғибадатхананың қамын ойлауымен байланысты еді. Ол: “Көктегі Әкемнің киелі үйін базарға айналдырмаңдар!”— деп бұйыра сөйледі. Бұл оқиғаның куәсі болған шәкірттердің есіне бірнеше ғасыр бұрын забур жыршысы Дәуіттің: “Сенің үйіңнің қамын жеп азапқа түсем”,— деген сөздері түсті (Жох. 2:16, 17; Заб. 68:10).
3. а) Құлшыну дегеніміз не? ә) Осыған орай әркім өзіне қандай сұрақ қойғаны дұрыс?
3 Құдай үйінің қамын жегені, яғни оған деген құлшынысы Исаны әрекет етуге талпындырды. Құлшыну деген бір іске зор ынтамен, ықыласпен, жігерлене кірісуді және жанын сала ұмтылуды білдіреді. Біздің кезімізде, XXI ғасырда, жеті миллионнан аса мәсіхші Құдайдың үйі үшін құлшыныс танытып жүр. Дегенмен әрбір қызметші өзінен: “Ехобаның үйіне деген құлшынысымды қалай арттыра аламын?”— деп сұрағаны дұрыс. Бұл сұраққа жауап бермес бұрын, Құдайдың үйі бүгінде нені білдіретінін түсініп алайық. Содан кейін ежелде адал қызметшілердің қалай құлшыныс танытқанын қарастырамыз. Себебі олардың үлгісі бізге тәлім болу үшін әрі құлшынысымызды арттыру үшін жазып қалдырылған (Рим. 15:4).
Ежелгі және қазіргі Құдай үйі
4. Сүлеймен соққан ғибадатхана қандай мақсатқа қызмет еткен еді?
4 Ежелгі Исраилде Құдайдың үйі Иерусалимдегі ғибадатхана еді. Әрине, Ехоба ол үйде тура мағынада тұрған жоқ. Себебі ол былай деген: “Аспан Менің тағым, ал жер табан тіренішім секілді. Сонда сендер Маған арнап қандай үй сала алар едіңдер? Тынығып демалатын орным қай жер болмақ?!” (Ишая 66:1). Дегенмен Сүлеймен патшаның тұсында соғылған ғибадатхана Ехобаға дұға айтатын және ғибадат ететін негізгі орын болған (Пат. 3-ж. 8:27—30).
5. Сүлеймен соққан ғибадатхана бүгінде қандай құрылымның бейнесі?
5 Бүгінде Ехобаның үйі болып табылатын ғимарат Иерусалимде де, басқа жерде де жоқ. Алайда Мәсіхтің төлем құрбандығының арқасында Құдайға бірігіп ғибадат етуіміз үшін ұйымдастырылған құрылым бар. Бұл — жер бетіндегі барлық адал қызметшілерге арналған рухани ғибадатхана (Ишая 60:4, 8, 13; Ел. іс. 17:24; Евр. 8:5; 9:24).
6. Яһуданың қай патшалары шынайы ғибадатқа зор құлшыныс танытқан?
6 Б. з. б. 997 жылы Исраил екіге бөлінгеннен кейін, оңтүстік патшалық — Яһудада он тоғыз патша билік етті. Соның төртеуі ғана — Аса, Жосафат, Езекия және Жосия — шынайы ғибадат үшін зор құлшыныс танытқан. Осы патшалардың әрекетінен өзімізге қандай сабақ аламыз?
Шын жүректен қызмет ету бата әкеледі
7, 8. а) Ехоба қандай қызметке батасын береді? ә) Аса патшаның мысалынан қандай сабақ аламыз?
7 Ехоба Аса патшаның тұсында халқын тура жолға салу үшін пайғамбарларын жіберіп отырған. Мысалы, Киелі кітапта Асаның Азария пайғамбарды тыңдағаны жазылған (Шежірелер 2-жазба 15:8 оқыa). Аса Яһуданың бүкіл халқы мен солтүстік патшалық — Исраил халқының көпшілігін Иерусалимге шақырып, үлкен жиын өткізді. Бас қосқан халық Ехобаға адалдықпен ғибадат етуге бел буды. Киелі кітаптан мұны былай деп оқимыз: “Олар бар дауыстарымен Жаратқан Иеге ант берді, кернейлер мен мүйіздер дыбыстарын шығара отырып ант ішті. Сөйтіп осы антқа күллі Иудалықтар қуанды, себебі шын жүректерімен ант беріп, Оған бар ынталарымен табынған еді, сонда Ол олардың Өзін тауып алуына мүмкіндік берді. Сөйтіп Жаратқан Ие оларға бар жағынан тыныштық берді” (Шеж. 2-ж. 15:9—15). Біз де Ехобаға шын жүректен қызмет ететін болсақ, мол батасын аларымыз сөзсіз (Мар. 12:30).
8 Өкінішке қарай, кейінірек Анани пайғамбар Асаны түзеткенде, ол қатты ашуланды (Шеж. 2-ж. 16:7—10). Ехоба бізге мәсіхші ақсақалдар арқылы кеңес не нұсқау бергенде, қалай қабылдаймыз? Киелі кітапқа негізделген кеңеске бірден құлақ асып, ашуланудан аулақ боламыз ба?
9. Жосафаттың тұсында Яһудаға қандай қауіп төнді және патша мен халық не істеді?
9 Б. з. б. X ғасырда Жосафаттың тұсында Яһудаға Аммон, Моаб, Сейір тауын мекендеген халықтардың біріккен әскерінен қауіп төнген болатын. Сонда қатты қорыққан патша не істеді? Ол адамдарын бала-шағаларымен қоса Ехобаның үйіне дұға етуге жинады (Шежірелер 2-жазба 20:3, 4 оқыb). Ғибадатхананы бағыштау кезінде Сүлейменнің айтқан дұғасына сай, Жосафат Ехобаға былай деп жалбарынды: “Құдайымыз біздің! Сен сотта оларды. Өйткені бізге қарсы келген осынау қисапсыз көпшілікке қолданар күшіміз жоқ, сөйтіп біз не істерімізді білмей тұрмыз, бірақ көзіміз Саған қарап жаутаңдаймыз!” (Шеж. 2-ж. 20:12, 13). Жосафат “жиналыс ортасында” дұға айтып болған соң, Ехоба леуілік Иозиил арқылы халықты жұбатып, сенімдерін нығайтты (Шежірелер 2-жазба 20:15 оқыc).
10. а) Жосафат патша мен Яһуда халқы басшылықты қалай алған? ә) Ехобаның басшылығы үшін ризашылығымызды қалай білдіре аламыз?
10 Жосафат патша мен Яһуда халқы Ехобаның басшылығын Иозиил арқылы алған. Ал бүгінде біз жұбаныш пен басшылықты “адал да ақылды құл” (ЖД) табы арқылы аламыз. Біз тағайындалған ақсақалдармен қызметтес боламыз және оларға құрмет көрсетеміз. Себебі олар бізге қамқорлық көрсетуімен және құл табының басшылығын жүзеге асыруымен тынбай еңбек етіп жүр (Мат. 24:45; Сал. 1-х. 5:12, 13).
11, 12. Жосафат пен Яһуда халқы бастан кешкен оқиғадан не үйренеміз?
11 Жосафат пен халық Ехобадан басшылық алу үшін жиналғаны сияқты, біз де қауым кездесулеріне баруға немкетті қарамайық. Кейде қиын жағдайға кезігіп, тығырықтан шығудың жолын таба алмай қалғанда, Жосафат пен Яһуда халқынан үлгі алып, Ехобаға толық сеніммен дұға етейік (Нақ. с. 3:5, 6; Філіп. 4:6, 7). Тіпті жалғыз өзіміз қалған күннің өзінде де, Ехобаға жалбарынып дұға етумен дүниенің төрт бұрышындағы бауырластарымызбен бірге бола аламыз (Пет. 1-х. 5:9).
12 Жосафат халқымен бірге Құдайдың Иозиил арқылы берген нұсқауына құлақ асты. Нәтижесінде олар шайқаста жеңіске жетіп, Иерусалимге “көңілді күймен” оралды да, “музыка аспаптарымен Жаратқан Ие үйіне келді” (Шеж. 2-ж. 20:27, 28). Біз де адал да ақылды құл арқылы берілген басшылыққа мойынсұнамыз және халқымен бірге Ехобаны мадақтаймыз.
Ғибадат орындарының қамын ойлау
13. Езекия патшалық етуінің басында қандай істі қолға алды?
13 Езекия таққа отырған алғашқы айында шынайы ғибадат үшін құлшыныс танытып, ғибадатхананы жөндетуге және ондағы қызметті қалпына келтіруге кірісті. Сондай-ақ діни қызметшілер мен леуіліктерге Құдай үйін тазартуды тапсырды. Бұл іске олар он алты күн жұмсады (Шежірелер 2-жазба 29:16—18 оқы). Бүгінгі күні де кездесу өткізетін орындар шынайы ғибадатқа лайықты күйде болу үшін жөндеу мен тазарту шаралары ұйымдастырылады. Осындай істе бауырластардың құлшына атсалысқандары сырт адамдарға қатты әсер еткен жағдайды білесіңдер ме? Шынында да, олардың еңбегі Ехобаға зор мадақ әкеледі.
14, 15. Бүгінде қандай іс Ехобаға мадақ әкелуде? Мысал келтіріңдер.
14 Солтүстік Англияның бір қаласында Патшалық сарайын жөндеу жұмысы басталғанда, көрші үйдің иесі қарсылық білдіреді. Бірақ бауырластар оған достық пейілмен қарайды. Оның үйі мен Патшалық сарайының арасындағы қабырғаның нашар күйде екенін байқағанда, тегін жөндеп беруді ұсынады. Нәтижесінде қыруар жұмыс атқарылып, қабырғаның көп бөлігі жөнделеді. Куәгерлердің бұл әрекетіне риза болған көрші кісі көзқарасын өзгертеді. Қазір ол Патшалық сарайының қауіпсіздігіне қарайласып, бауырластарға қолғабыс тигізуде.
15 Ехобаның халқы дүниежүзі бойынша көптеген құрылыс жұмыстарын атқаруда. Халықаралық құрылыстың қызметшілерімен бірге жергілікті бауырластар да Патшалық сарайларын, Конгресс сарайлары мен Бетел үйлерін соғуға қатысуда. Сэм мамандығы бойынша — жылу жүргізу және ауа тазарту жүйелерінің инженері. Ол әйелі Рут екеуі Еуропа мен Африка елдеріндегі бірнеше құрылыс жұмыстарына үлестерін қосты. Барған жерлерінде олар жергілікті қауыммен уағыздау ісіне де атсалысты. Халықаралық бағдарламаға қатысуға не талпындырғанын Сэм былай деп түсіндірді: “Жергілікті Бетелде және шетелде қызмет етіп жатқан бауырластармен қызмет етуден зор жігер алдым. Олардың құлшынысы мен қуанышын көріп, солар сияқты қызмет еткім келді”.
Құдайдың нұсқауына мойынсұныңдар
16, 17. Құдай халқы қандай ерекше іс атқарды және оның нәтижесі қандай болды?
16 Езекия ғибадатхананы жөндетумен қатар, Ехоба өсиет еткен Құтқарылу мейрамын жыл сайын атап өтуді қайта жаңғыртты (Шежірелер 2-жазба 30:1, 4, 5 оқы). Езекия мен Иерусалим тұрғындары бүкіл халыққа, тіпті солтүстік патшалықтағыларға да, жаршы жіберіп, шақыру хаттарын таратты (Шеж. 2-ж. 30:6—9).
17 Соңғы жылдары біз де осыған ұқсас іс атқардық. Иса өсиет еткен Еске алу кешін бізбен бірге атап өту үшін аумағымыздағы адамдарға шақыру қағаздарын тараттық (Лұқа 22:19, 20). Қызмет кездесулерінде алған нұсқауларды ұстанып, бұл іске құлшына қатыстық. Ехоба бұған зор батасын берді. Өткен жылы шақыру қағазын жеті миллиондай жариялаушы таратты, ал Еске алу кешіне жалпы алғанда 17 790 631 адам келді.
18. Шынайы ғибадат үшін құлшыныс таныту неге маңызды?
18 Езекия жайлы Киелі кітап былай деген: “Ол Жаратушы Иеге, Исраил Құдайына үміт артты; ол сияқты барлық исраил патшалары арасында одан кейін де, бұрын да болған жоқ. Сөйтіп ол Жаратушы Иеге жұғыстық етті [етене жақын жүрді] және Одан бас тартпады, Жаратушы Ие Мұсаға өсиет еткен Оның өсиеттерін сақтады” (Пат. 4-ж. 18:5, 6). Біз де Езекия сияқты болайық. Ехобаның үйінің қамы үшін құлшыныс танытқанымыз бізге мәңгі өмір сыйын көз алдымызда ұстап, Ехобаға “етене жақын жүруге” көмектеседі (Заң. қ. 30:16).
Берілген басшылықты бірден қабыл алыңдар
19. Еске алу кешін өткізу үшін қандай шаралар ұйымдастырылады?
19 Бүкіл халық Құтқарылу мейрамын атап өте алу үшін, Жосия патша дайындық шараларын ұйымдастырған (Пат. 4-ж. 23:21—23; Шеж. 2-ж. 35:1—19). Біз де облыстық, аудандық және бір күндік арнайы конгрестерге, сондай-ақ Еске алу кешіне жиналу үшін дайындаламыз. Кейбір елдердегі бауырластарға Еске алу кешін атап өту үшін өмірлерін қатерге тігуге тура келуде. Ақсақалдар қауымның бір де бір мүшесін ұмытпайды. Сондықтан бұл кешке қарт не науқас адамдардың да келе алуына қам жасайды.
20. а) Жосия патшаның тұсында қандай жайт орын алды және патша қалай әрекет етті? ә) Бұдан біз қандай сабақ аламыз?
20 Жосия патша ұйымдастырған жөндеу жұмыстары кезінде, бас діни қызметкер Хелкия “Жаратқан Иенің Мұса арқылы берген Таурат заңының жазбасын” тауып алып, хатшы Шафанның қолына тапсырды. Шафан мұны Жосияға оқып берді (Шежірелер 2-жазба 34:14—18 оқы). Бұл патшаға қалай әсер етті? Патша ондағы сөздерді естігенде, қатты толқып, киімдерінің өңірін айыра жыртып жіберді, сосын, адамдарына Ехобаның еркін сұрап білуді бұйырды. Сонда Ехоба Олдама пайғамбар арқылы Яһудада орын алып жатқан діни лас істерді айыптайтынын мәлімдеді. Кейін Жосия бар күшін салып елден пұт атаулыны түгел жойғанда, Ехоба оған шапағатын түсіріп, бүкіл халықтың басына апат төнсе де, оны аман алып қалатынын уәде етті (Шеж. 2-ж. 34:19—28). Бұл оқиғадан қандай сабақ аламыз? Біздің де Жосияға еліктегіміз келетіні сөзсіз. Шынайы ғибадатымызға жолдан таюшылық не лас істер еніп кетсе, берілген ескертуге ден қойып және Ехобаның нұсқауына мойынсұнып, бірден әрекет етеміз. Жосияның жағдайындағыдай, біздің де шынайы ғибадат үшін танытқан құлшынысымызды Ехобаның көретініне сенімді бола аламыз.
21, 22. а) Неліктен бізде Құдай үйіне деген құлшыныс болу керек? ә) Келесі мақалада не қарастырылады?
21 Яһудада билік еткен Аса, Жосафат, Езекия мен Жосия патшалар Құдай үйі және шынайы ғибадат үшін құлшыныс танытуымен жақсы үлгі қалдырды. Осындай құлшыныс бізді де Ехобаға сенім артып, ғибадат етуде барымызды салуға талпындырады. Қауым мен ақсақалдар арқылы берілген Құдайдың нұсқауларына мойынсұнғанымыз, әрі қамқорлық пен түзету шараларын қабыл алғанымыз даналық болып табылады, сондай-ақ бақытқа кенелтеді.
22 Келесі мақала уағыздау қызметіндегі құлшынысқа назар аударып, жастарды сүйіспеншілігі мол Әкемізге құлшына қызмет етуге талпындырады. Сондай-ақ Шайтанның ықпалына қалай берілмеуге болатыны қарастырылады. Ехобаның кеңестеріне даярлықпен құлақ асқанымыз Исаның “сенің үйіңнің қамын жеп, азапқа түсемін” деген сөздеріне сай әрекет етуімізге көмектеседі (Заб. 68:10; 118:111, 129; Пет. 1-х. 2:21).
[Сілтемелер]
a Шежірелер 2-жазба 15:8: “Аса осы сөздерді және Одед пайғамбардың ұлының көріпкелдігін естіген кезде, көңілі көтеріліп, қуаттанды да пұтқа табынушылық атты жеркенішті әдетті барша Иуда мен Вениамин жерінен, Ефрем тауындағы алған қалаларынан да ада етті және Жаратқан Иенің ауласы алдындағы құрбандықхананы жаңғыртты”.
b Шежірелер 2-жазба 20:3, 4: “Сонда Иосафат үрейленді, сөйтіп жүзін Жаратқан Иеге жалбарынуға бұрды, сөйтіп күллі Иудея бойынша [Құдайға арнап] ораза жариялады. Сөйтіп Иудеялықтар Жаратқан Иеден көмек сұрауға жиналды; барлық Иудалық қалалардан олар Жаратқан Иеге жалынышпен өтінуге келді”.
c Шежірелер 2-жазба 20:15: “Сонда ол айтты: тыңдаңдар, күллі Иудея, Иерусалим тұрғындары да, Иосафат патша да құлақ түріңдер! Жаратқан Ие сендерге былай дейді: қорықпаңдар және мына көп тобырдан үрейленбеңдер, өйткені бұл сендердің соғыстарың емес, Құдайдың соғысы”.
Естеріңде ме?
• Ехоба қандай қызметке батасын төгеді және неге?
• Ехобаға сенім артатынымызды қалай көрсетеміз?
• Құлшыныс Құдайдың нұсқауларына мойынсұнуға қалай талпындырады?
[9-беттегі суреттер]
Қалай Аса, Жосафат, Езекия және Жосия Құдай үйінің қамы үшін құлшыныс танытқан?