Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • w09 15.5. 6—8 бет.
  • Заманның ақыры келгенде сен қайда болуың керек?

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • Заманның ақыры келгенде сен қайда болуың керек?
  • 2009 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
  • Тақырыпшалар
  • Ұқсас мәлімет
  • Олардың қайда болғаны маңызды еді
  • Адамның қай жерде болғаны барлық уақытта маңызды ма?
  • Ең маңыздысы не еді?
  • “Ішкі бөлмелеріңе” кіріңдер
  • Ол “істері арқылы... әділ деп жарияланды
    2013 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
  • Рахаб Ехобаға сенді
    Кел, балақай, оқиық!
  • Рахаб тыңшыларды жасырып қойды
    Киелі кітап оқиғаларынан тәлім алайық
  • Рахабтың тыңшыларды жасыруы
    Менің Киелі кітап әңгімелері жазылған кітабым
Көбірек мәлімет
2009 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
w09 15.5. 6—8 бет.

Заманның ақыры келгенде сен қайда болуың керек?

ЕХОБА қазіргі зұлым дүниені Һар-Магедонда жойғанда, әділдердің жағдайы қандай болмақ? Нақыл сөздер 2:21, 22-де былай делінген: “Әділдер елді мекендейді, Кінәратсыздар сонда тұра береді. Ал зұлымдар елден аластатылады, Опасыздар түп-тамырымен құртылады”.

Әділдер қалай аман қалады? Олар үшін бас сауғалайтын қандай да бір жер бола ма? Заманның ақыры келгенде олар қайда болу керек? Жазбаларда баяндалған төрт оқиғаны қарастырып көрейік.

Олардың қайда болғаны маңызды еді

Ежелде Нұх пен Луттың құтқарылғаны жайлы Киелі кітапта былай делінген: “Тәңір ежелгі дүниені де аямай, зұлымдар әлеміне топан су жіберді. Жалғыз құтқарғаны әділдікті уағыздаушы Нұх пайғамбар мен оның отбасы, барлығы сегіз-ақ адам болды. Құдай Содом мен Ғомора қалаларын да үкімдеп, күл-талқандарын шығарды. Ол солардың мысалымен болашақтағы зұлымдардың неге ұшырайтынын көрсетті. Ал арсыз адамдардың бұзық қылықтары үшін қатты қиналған әділ Лутты Тәңір аман сақтап қалды” (Пет. 2-х. 2:5—7).

Нұх Топан судан қалай аман қалды? Құдай оған: “Мен күллі тіршілік иелерінің өмір сүруін тоқтатамын. Жер беті солардың кесірінен зұлымдыққа толды, сол себепті оларды жермен қоса құртып жіберемін. Сен мықты ағаштан сандық тәрізді кеме тұрғыз”,— деді (Жар. 6:13, 14). Нұх кемені дәл Ехоба бұйырғандай соқты. Топан судың басталуына жеті күн қалғанда, Ехоба оған жануарларды және өзінің отбасын кемеге алып кіруді бұйырды. Жетінші күні Құдай кеменің есігін жапты, сосын, “жерге қырық күн, қырық түн бойы жаңбыр” жауды (Жар. 7:1—4, 11, 12, 16). Нұх отбасымен бірге “топан судан құтқарылды” (Пет. 1-х. 3:20). Олар кеменің ішінде болғандықтан ғана аман қалған еді (Жар. 7:19, 20).

Лут болса басқаша әрекет ету керек еді. Екі періште оған қай жерден кету керектігін айтты. Олар: “Барлық адамдарыңды осы қаладан [Содомнан] алып кет! Біз оны құртпақшымыз”,— деді. Лут отбасымен бірге тауға қашу керек болды (Жар. 19:12, 13, 17).

Нұх пен Луттың бастан кешкендерінен “Жаратқан Ие Өзіне ұнамды өмір сүретіндерді көріп жатқан қуғын-сүргіннен [немесе қиындықтардан] құтқарып, ал әділетсіздерді қиямет соты болатын күнге дейін сақтап, жазалауды, әрине, біледі” деген сөздердің растығын көруге болады (Пет. 2-х. 2:9). Екі жағдайда да құтқарылу үшін олар Құдай нұсқаған жерде болу керек еді. Нұх кемеге кіруі, ал Лут Содомнан шығуы керек болды. Алайда Ехоба әділ адамдарды құтқару үшін оларға міндетті түрде басқа жерге бару қажет пе? Бұл сұрақтың жауабын білу үшін тағы екі оқиғаны қарастырайық.

Адамның қай жерде болғаны барлық уақытта маңызды ма?

Мұсаның кезінде Мысырға оныншы апатты жібермес бұрын, Ехоба исраилдіктерге Құтқарылу мейрамына арналған тоқтының қанын есік жақтаулары мен маңдайшасына жағуды бұйырды. Не себепті? Олар ‘Жаратқан Ие Мысырды қырғынға ұшырату үшін бүкіл елді аралап жүргенде, жақтаулары мен маңдайшаларына жағылған қанды көріп, есіктерінің қасынан өте шығуы’ және құртушыға исраилдіктердің үйлеріне кіріп, тұңғыштарын өлтіруге жол бермеуі үшін солай ету керек болды. Сол түні “Жаратқан Ие Мысырдағы барлық тұңғыштарды — тақта отырған перғауынның тұңғышынан бастап, түрмеде жатқан тұтқынның тұңғыш ұлына дейін және мал атаулының тұңғыш төлдерін де өлтірді”. Исраилдіктердің тұңғыш ұлдары басқа жерге бармай-ақ аман қалды (Мыс. ш. 12:22, 23, 29).

Енді Иерихон қаласында тұрған Рахаб есімді жезөкше әйелдің мысалын қарастырайық. Исраилдіктер Уәде етілген жерге басып кіруге дайын тұрған еді. Иерихонға қауіп төніп тұрғанын түсінген Рахаб екі барлаушыға исраилдіктердің келе жатқаны жайлы хабар елді дүрліктіргенін айтты. Ол барлаушыларды жасырды да, олардан Иерихонды жаулап алғанда өзін және бүкіл туыстарын аман қалдыруды ант етуді өтінді. Бұл үшін олар Рахабтың қала қабырғасында орналасқан үйіне жиналу керек болды. Ал үйден шығатын болса, басқалармен бірге өліп кетер еді (Ешуа 2:8—13, 15, 18, 19). Алайда кейінірек Ехоба Ешуаға ‘қаланың қабырғасы құлап түсетінін’ айтты (Ешуа 6:4). Барлаушылар құтқарылу үшін жиналыңдар деген жерге енді қауіп төніп тұрғандай көрінді. Рахаб пен оның отбасы қалай құтқарылмақ?

Иерихонды басып алатын уақыт келгенде, исраилдіктер айқай салып, керней тарта бастады. Ешуа 6:19-да: “Керней үнін естісімен жұрт айқайға айқай қосты да қаланың қабырғасы... құлап түсті”,— делінген. Бұған ешкім де тосқауыл бола алмас еді. Алайда таңғажайып жағдай орын алды. Қала қабырғасының Рахабтың үйі орналасқан бөлігі өз қалпында қалды. Сонда Ешуа екі барлаушыға: ‘Әлгі [жезөкшенің] үйіне барып, оның өзін және ондағы барлық жандарды алып шығыңдар, өйткені сендер оған серт бергенсіңдер’,— деді (Ешуа 6:21). Осылайша Рахабтың бүкіл үй іші аман қалды.

Ең маңыздысы не еді?

Нұх, Лут, Мұсаның күніндегі исраилдіктер мен Рахабтың қалай құтқарылғанынан не білуге болады? Бұл оқиғалар осы зұлым дүниенің ақыры келгенде қайда болуымыз керектігін анықтауға қалай көмектеседі?

Нұх кемеге кіргенінің арқасында құтқарылды. Алайда кемеге кіруге оны не талпындырды? Ол Құдайға сенім білдіріп, мойынсұнушылық танытқандықтан солай еткен жоқ па еді? Киелі кітапта: “Нұх барлығын Құдай оған қалай бұйырса, солай істеді”,— делінген (Жар. 6:22; Евр. 11:7). Ал біз жайында не деуге болады? Құдайдың айтқандарының бәрін орындап жүрміз бе? Нұх “әділдікті уағыздаушы” болған (Пет. 2-х. 2:5). Біз де оған еліктеп, аумағымыздағы адамдардың немқұрайдылығына қарамастан, уағыз ісіне құлшына атсалысып жүрміз бе?

Лут Содомнан кетіп қалып, аман қалды. Содом мен Ғоморадағы арсыз адамдардың бұзық қылықтары үшін қатты қиналған Лутты Құдай әділ деп тапқандықтан құтқарды. Бүгінде сонша кең тараған жүгенсіздік бізді де мазалай ма, әлде бұған етіміз үйреніп кетті ме? Құдай бізді “пәк таза, тыныштықпен өмір сүрді” деп табу үшін қолдан келгеннің бәрін істеп жүрміз бе? (Пет. 2-х. 3:14).

Мысырда болған исраилдіктер мен Иерихондағы Рахаб құтқарылу үшін үйден шықпау керек еді. Бұл үшін олар сенім мен мойынсұнушылық танытулары керек болды (Евр. 11:28, 30, 31). Мысырлық отбасылар бірінен соң бірі балаларын жоқтап жылап жатқанда, исраилдіктер өздерінің тұңғыш ұлдарынан көз алмай отырған болса керек (Мыс. ш. 12:30). Ал қала қабырғалары құлап жатқанда Рахаб пен оның отбасының зәре-құты қалмаған шығар. Иә, нұсқауға мойынсұнып, үйден шықпау үшін оған зор сенім таныту қажет болды.

Жақында Шайтанның зұлым дүниесі жойылады. Ехоба өзінің ‘қаһарлы күні’ келгенде, халқын қалай құтқаратынын біз әзірге білмейміз (Соф. 2:3). Алайда мынаған сенімді болсақ болады: қай жерде және қандай жағдайда болмайық, құтқарылуымыз Ехобаға деген сеніміміз бен мойынсұнушылығымызға байланысты болады. Ал әзірше біз Ишая пайғамбарлығында “ішкі бөлмелер” деп аталған құрылымға дұрыс көзқарас дамытуымыз керек.

“Ішкі бөлмелеріңе” кіріңдер

Ишая 26:20-да: “Бара ғой, халқым менің, өз бөлмеңе [“ішкі бөлмелеріңе” ЖД] кір де, өзіңнен соң есігіңді жауып ал, ашу-ызасы тарқағанша бір сәтке жасырына тұр”,— делінген. Бұл пайғамбарлық алғаш рет б. з. б. 539 жылы мидиялықтар мен парсылар Бабыл қаласын жаулап алғанда орындалған болса керек. Олар Бабылға баса көктеп кіргенде, Кир патша барлығына үйлерінде қалуды әмір еткен көрінеді, өйткені оның сарбаздарына сыртта жүргендердің барлығын өлтіру бұйырылған болатын.

Біздің күнімізде Ишая пайғамбарлығындағы “ішкі бөлмелер” Ехоба куәгерлерінің дүниежүзіндегі 100 000 астам қауымдарын білдірсе керек. Бұл қауымдар Құдай халқының өмірінде маңызды орын алады. ‘Ауыр азаптың’ кезінде де солай болып қала бермек (Аян 7:14 сілт.) Бізге Құдайдың ‘ашу-ызасы’ қайтқанша “ішкі бөлмелерімізге” кіріп, жасырына тұру әмір етілген. Сондықтан қауымды бағалай білгеніміз және одан қол үзбеуге бел буғанымыз маңызды. Елші Пауыл бізді мынаған шақырады: “Өзара сүйіспеншілік көрсетіп, игілік істеуге қозғау салудың қамын ойлайық. Кейбіреулер сенушілердің жиналыстарына бармай қалуды дағдыға айналдырып алған сияқты. Ал біздер солай істемей, бір-бірімізді одан бетер жігерлендірейік. Иеміздің қайтып келетін күнінің таяп қалғанын білесіңдер ғой” (Евр. 10:24, 25).

[7-беттегі суреттер]

Ертеректе Құдай өзінің қызметшілерін қалай құтқарғанынан нені түсінуге болады?

[8-беттегі сурет]

Біздің күнімізде “ішкі бөлмелер” нені білдіруі мүмкін?

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу