Сізді шын жүректен шақырамыз
БӘЛКІМ, Ехоба куәгерлерінің Патшалық сарайының қасынан өтіп бара жатып, онда не болып жатқанын білгіңіз келген шығар. Сарайда өтетін апта сайынғы кездесулерге келем деушілердің бәріне есік ашық.
Ехоба куәгерлері неліктен жиналып тұратынын, кездесулері қалай өтетінін және кездесулерге келген Куәгер емес адамдардың не дейтінін білгіңіз келер.
‘Халықты жинау’
Ежелгі уақыттан бері адамдар Құдай жайлы білу мен оған ғибадат ету үшін жиналып тұрады. 3500 жыл бұрын Исраил халқына былай делінді: “Халықты, ерлер мен әйелдерді және балаларды, әрі сенің мекен-жайларыңда тұрып жатқан өзіңнің келімсектеріңді жина, бұлар осыны тыңдайтын және зейіндеріне тоқып үйренетін болсын, әрі Жаратушы Иеден, өз Құдайларыңнан қорықсын, сөйтіп, осы заңның барлық сөздерін орындауға тырыссын” (Заңды қайталау 31:12). Демек, Исраилде Ехоба Құдайға ғибадат ету мен оған мойынсұнуға жастар да, кәрілер де үйренген.
Ғасырлар өте келе мәсіхшілер қауымы пайда болып, олар да шынайы ғибадаттың бөлігі ретінде кездесулер өткізіп тұрды. Құдайдың қызметшісі Пауыл осындай кездесулерге қатысты былай деп жазды: “Өзара сүйіспеншілік көрсетіп, игілік істеуге қозғау салудың қамын ойлайық. Кейбіреулер сенушілердің жиналыстарына бармай қалуды дағдыға айналдырып алған сияқты. Ал біздер солай істемей, бір-бірімізді одан бетер жігерлендірейік” (Еврейлерге 10:24, 25). Отбасын бірге уақыт өткізгендері қалай біріктірсе, Құдайға қызмет еткісі келетіндерді де ғибадат ету үшін жиналғандары дәл солай біріктіреді.
Киелі жазбалардағы осы үлгілерге сай, Ехоба куәгерлері аптасына екі рет Патшалық сарайына жиналады. Келгендер Киелі кітап принциптерін бағалауға, түсінуге және өмірде қолдануға үйренеді. Сондай-ақ бағдарламаға дейін және кейін әңгімелесіп, бір-бірін жігерлендіреді (Римдіктерге 1:12). Кездесудегі бағдарлама дүниежүзі бойынша, негізінен, бірдей және әр кездесудің өз рухани мақсаты бар. Сонымен кездесулер қалай өтеді?
Киелі кітапқа негізделген баяндама
Адамдардың көпшілігі келетін бірінші кездесуде баяндама айтылады. Әдетте бұл кездесу демалыс күндерінің бірінде өтеді. Иса пайғамбар көпшілікке арнап баяндама айтқан. Оның әйгілі баяндамасының бірі — Таудағы уағызы (Матай 5:1; 7:28, 29). Елші Пауыл да афинылықтардың алдында сөз сөйлеген (Елшілердің істері 17:22—34). Осындай үлгілерге еліктеп, Ехоба куәгерлерінің кездесуінде көпшілікке арналған баяндама айтылады. Олардың арасында кездесуге алғаш келгендер де болады.
Кездесудің басында “Ехобаны мадақтап ән шырқаңдар” кітабынан бір ән айтыладыa. Барлығы орындарынан тұрып, әнге қосылуға шақырылады. Содан соң қысқа дұға айтылып, талаптарға сай келетін ер адам Киелі кітапқа негізделген 30 минуттық баяндама айтады (“Көпшілікке арналған пайдалы баяндамалар” деген қоршауды қараңыз). Ол тыңдаушыларды арагідік Киелі кітап тармақтарын ашып, бірге оқуға шақырып отырады. Сондықтан Киелі кітабыңыз болса, ала келгеніңіз жақсы. Ал болмаса, Ехоба куәгерінің бірінен сұрауыңызға болады.
“Күзет мұнарасын” зерттеу кездесуі
Ехоба куәгерлері қауымдарының көпшілігінде баяндамадан кейін “Күзет мұнарасы” журналынан бір мақала зерттеледі. Бір сағаттық бұл кездесуде Киелі кітаптың қандай да бір тақырыбы сұрақ-жауап ретінде талқыланады. Оған қатысушылар елші Пауылдың заманындағы береялықтардан үлгі алуға талпынады. Береялықтар Ізгі хабарды шын көңілмен қабылдап, шындығына көздерін жеткізу үшін күн сайын Киелі жазбаларды зерттеген (Елшілердің істері 17:11).
“Күзет мұнарасын” зерттеу кездесуі ән айтумен басталады. Талқыланатын мәлімет пен жүргізуші қоятын сұрақтар зерттеуге арналған журналда жазылған. Оның бір данасын Ехоба куәгерінің бірінен алуыңызға болады. Соңғы айларда келесі тақырыптар талқыланды: “Ата-аналар, балаларыңды сүйіспеншілікпен тәрбиелеңдер”, “Жамандыққа жамандықпен қайтармаңдар!”, “Барлық қайғы-қасіреттің жақында жойылатынына неге сенімдіміз?”. Кездесу сұрақ-жауап ретінде өтетіндіктен, ниет білдіргендердің бәрі түсініктеме бере алады. Бұл үшін олар мақаланы және жазылған ойларды дәлелдейтін Киелі кітап тармақтарын алдын ала оқып, ой жүгіртіп келеді. Кездесу ән айтумен және дұға етумен аяқталады (Матай 26:30; Ефестіктерге 5:19).
Қауымның Киелі кітап зерттеу кездесуі
Ехоба куәгерлері аптаның ішіндегі бір кеште Патшалық сарайына тағы да жиналады. Бұл жолғы кездесу үш бөлімнен тұрады әрі 1 сағат 45 минут өтеді. Біріншісі — 25 минут өтетін қауымның Киелі кітап зерттеу кездесуі. Бұл Киелі кітапты жақсырақ білуге, ой-қалып пен көзқарасты түзетуге және Иса пайғамбардың үйреткен принциптерін ұстануға көмектеседі (Тімотеге 2-хат 3:16, 17). “Күзет мұнарасын” зерттеу сияқты бұл кездесу де сұрақ-жауап ретінде өтеді. Бәрі де түсініктеме бере алады. Әдетте Ехоба куәгерлері басып шығарған кітап не кітапшадағы тақырып талқыланады.
Қауым кездесулерінде неге Киелі кітапқа негізделген әдебиеттер қолданылады? Ежелгі уақытта Құдай Сөзін оқып қоя салу жеткіліксіз болған. Осы жайлы Жазбаларда: “Кітаптан, Құдай заңынан айқын үнмен оқып, оған түсіндірме қосты, сонда халық оқылғандарды жақсы ұғып алды”,— делінген (Нехемия 8:8). Соңғы жылдары Ишая, Даниял, Аян кітаптары қарастырылып, кездесулерге келгендер Киелі кітаптың осы бөліктерін жақсырақ түсінетін болды.
Теократиялық қызмет мектебі
Қауымның Киелі кітап зерттеу кездесуінен кейін теократиялық қызмет мектебі өтеді. Бұл 30 минуттық кездесуде тәлім беру шеберлігіне үйренуге болады (Тімотеге 2-хат 4:2). Мысалы, балаңыз не досыңыз Құдай және Киелі кітап туралы сұрақ қойғанда, жақсылап жауап берудің жолын таба алмай қалған кезіңіз болған ба? Теократиялық қызмет мектебі қиын сұрақтарға Киелі кітапқа негізделген әрі қанағаттандырарлық жауап беруге үйретеді. Осылайша біз: “Маған Жаратушы Тәңір Иенің Өзі тәлім беріп, қажығандарды жігерлендіру үшін не айту керегін аузыма салып отыр”,— деген Ишая пайғамбардың үлгісіне еліктейміз (Ишая 50:4).
Теократиялық қызмет мектебінде Киелі жазбалардың белгілі бір кітабының бірнеше тарауы қарастырылады. Бұл кездесу сол кітапқа негізделген баяндамамен басталады. Кейін баяндамашы басқаларды өздеріне пайдалы болған жазба орындарына қатысты қысқаша түсініктеме беруге шақырады. Талқылаудан кейін оқушылар дайындап келген тапсырмаларын мінбеге шығып орындайды.
Оқушылар мінбеде тұрып, Киелі жазбалардың белгілі бір үзіндісін оқиды немесе адамға Киелі кітаптың көмегімен қалай тәлім беруге болатынын көрсетеді. Әрбір тапсырмадан кейін тәжірибелі кеңесші “Теократиялық қызмет мектебінде білім аламыз” кітабын қолданып, тапсырманың жақсы орындалған тұстарына көңіл бөледі. Кейінірек оқушының жеке өзіне орындаған тапсырмасына қатысты қажетті кеңес береді.
Кездесудің осы қысқа бөлігі оқушыларға ғана емес, оқу, сөйлеу және тәлім беру шеберлігін арттырғысы келетіндерге де пайдалы. Теократиялық қызмет мектебінің соңында Киелі кітапқа негізделген ән айтылады да, қызмет кездесуі басталады.
Қызмет кездесуі
Қызмет кездесуі — бағдарламаның соңғы бөлігі. Барлығы ондағы баяндамалардан, көріністерден, сұхбаттар мен талқылаулардан Киелі кітаптағы шындықты тиімді жолмен түсіндіруді үйренеді. Иса шәкірттерін уағыздауға жібермес бұрын егжей-тегжейлі нұсқаулар берген (Лұқа 10:1—16). Соның арқасында олар ізгі хабарды жариялауға дайын болған әрі көп қызықты оқиғаларды бастан кешірген. Қайтып келген соң Исаға қызметтерінің қалай болғанын айтып берген (Лұқа 10:17). Шәкірттер бастан кешкен оқиғаларын бір-бірімен де бөліскен (Елшілердің істері 4:23; 15:4).
Қызмет кездесуінің 35 минуттық бағдарламасы ай сайын алып тұратын “Біздің патшалық қызметіміз” атты парақшада беріледі. Соңғы уақытта мынадай тақырыптар қарастырылды: “Ехобаға отбасы болып ғибадат етіңдер”, “Неге біз қайта-қайта бара береміз?”, “Исаның үлгісіне еліктеп қызмет ет”. Бағдарламаның соңында ән шырқалады да, тағайындалған ер адам дұға айтады.
Кездесуге келгендердің лебіздері
Қауымдағылар келген адамды қуанышпен қарсы алады. Эндрю деген жас жігіт Ехоба куәгерлері жайлы жағымсыз әңгімелерді көп естіген. Алайда олардың кездесулеріне алғаш рет келгенде, жылы қарсы алғандарын көріп таңғалды. Кейін ол: “Ол жер маған қатты ұнады. Адамдардың достық пейілдері мен маған жеке көңіл бөлгендеріне риза болдым”,— деді. Канадалық жасөспірім Ашел де былай деді: “Кездесу қызықты өтті. Айтылғандарды тыңдап отыру да жеңіл болды”.
Бразилияда тұратын Жозе қызба мінезімен белгілі болған. Сөйтсе де ол жергілікті Патшалық сарайда өтетін кездесуге шақырылады. Жозе: “Куәгерлер менің қандай адам екенімді білсе де, жылы қарсы алды”,— деді. Ал Жапонияда тұратын Атсуши былай деп есіне алды: “Шынымды айтсам, Ехоба куәгерлерінің кездесулеріне алғаш барғанда, өзімді шамалы ыңғайсыз сезіндім. Бірақ олардың да біз сияқты адамдар екенін түсіндім. Маған олар барынша жағдай жасауға тырысты”.
Шын жүректен шақырамыз!
Жоғарыда айтылған адамдардың сөздерінен көрінетіндей, Патшалық сарайдағы кездесулерге бару қуаныш әкеледі. Ол жерде сіз Ехоба Құдай туралы білім аласыз, сондай-ақ оның Киелі кітаптың өсиеттері арқылы сізге тек пайдалыны үйрететініне көзіңіз жетеді (Ишая 48:17).
Ехоба куәгерлерінің кездесулеріне келемін дейтіндердің бәріне есік ашық, әрі ақша жиналмайды. Біз сізді тұратын жеріңіздегі Патшалық сарайда өтетін кездесулерге шын жүректен шақырамыз.
a Мақалада айтылған әдебиеттердің бәрін Ехоба куәгерлері басып шығарған.