Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • dg 10-бөл., 23—28 бет.
  • Құдай орнатқан ғажайып жаңа дүние

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • Құдай орнатқан ғажайып жаңа дүние
  • Құдай шынымен біздің қамымызды ойлайды ма?
  • Тақырыпшалар
  • Ұқсас мәлімет
  • Зұлымдықтың орнына әділдік орнайды
  • Қалпына келтірілген кемелді денсаулық
  • Өлілердің өмірге қайта оралуы
  • Нағыз бейбіт дүние
  • Жер жүзінің жұмаққа айналуы
  • Өткеннің жойылуы
  • Бейбіт жаңа дүние. Ол келе ме?
    Бейбіт жаңа дүние ол келе ме?
  • Құдай Патшалығы жүзеге асыратын нәрселер
    2001 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
  • Жақында орындалатын пайғамбарлықтар
    2009 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
  • Жер беті Құдай туралы білімге толған кезде
    Мәңгілік өмірге алып баратын білім
Көбірек мәлімет
Құдай шынымен біздің қамымызды ойлайды ма?
dg 10-бөл., 23—28 бет.

10-бөлім

Құдай орнатқан ғажайып жаңа дүние

1, 2. Армагеддон деп аталатын тазарту шайқасынан кейін не болады?

ҚҰДАЙДЫҢ Армагеддон деп аталатын тазарту шайқасынан кейін не болады? Тамаша жаңа заман басталады. Құдайдың басшылығына шын берілгендіктерін дәлелдеп, Армагеддоннан аман қалғандар жаңа дүниеде өмір сүреді. Адамзат отбасына Құдайдың баталары төгілетін тарихтың жаңа кезеңі біз үшін қандай жан толғантарлық болады десеңші!

2 Аман қалғандар Құдай Патшалығының басшылығымен жерді жұмаққа айналдыруға кіріседі. Олар өз күштерін сол кезде өмір сүретін адамдардың мүддесіне жұмсайтын болады. Бірте-бірте жер беті адамдар ләззат алып өмір сүретін әсем де тыныштық орнаған орынға айналады.

Зұлымдықтың орнына әділдік орнайды

3. Армагеддоннан кейін қандай жеңілдікті сезінеміз?

3 Бұның бәрі Шайтанның дүниесі жойылған соң жүзеге асады. Іріткі салатын жалған діндер, қоғамдық құрылыстар мен үкіметтер енді болмайды. Адастыратын шайтанның насихаттары да болмайды; оларды таратушы ұйымдардың бәрі Шайтанның дүниесімен бірге жоқ болады. Бір сәт көз алдыңа елестетші: уландыратын шайтанның дүниесінен із де қалмаған! Қандай жеңілдік!

4. Білім алуға байланысты қандай өзгеріс болатынын суреттеп берші.

4 Адамзат басшылығының іске асырмақ болған қатерлі ой-тұжырымдарының орнына, Құдайдың игілікке жеткізетін білім беру бағдарламасы келеді. «Ұлдарыңның бәрін Тәңір үйретеді» (Ишая 54:13). Игілікті әрі жылдан жылға созылған білім алудың арқасында, «теңізді су толтырғандай, жер беті Тәңірдің біліміне толады» (Ишая 11:9). Жамандық жасаудың орнына, «жерде өмір сүрушілер әділдікке үйренетін» болады (Ишая 26:9). Әрбір күн жасампаз ой-толғаулар мен іс-әрекеттерге толы болады (Елшілердің істері 17:31; Філіпіліктерге 4:8).

5. Зұлымдық пен зұлым адамдарды не күтіп тұр?

5 Осылайша, бұдан былай кісі өлтіру, күш көрсету, зорлау, тонау және басқа қылмыстар болмайды. Біреудің зұлымдығынан ешкім зардап шекпейді. Нақыл сөздердің 10:30-⁠да былай делінген: «Әділ адам ешқашан сүрінбейді, ал бұзақылар жерде өмір сүрмейді».

Қалпына келтірілген кемелді денсаулық

6, 7. а) Патшалықтың басшылығы қандай қатыгез шындықты жоқ қылады? ә) Бұны Иса жерде болған кезінде қалай көрсетті?

6 Жаңа дүниеде бастапқы бүліктің қайғылы зардабы жойылады. Мысалы, басшылықты қолына алған Патшалық ауру мен кәрілікті жоқ қылады. Сенің денсаулығың қазір біршама жақсы болғанымен, жасың ұлғайған сайын көзің бұлдырап, тістерің мүжіліп, құлағыңның естуі бәсеңдеп, денеңді әжім басып, он екі мүшең сал болып, ақыр аяғында өлімге жеткізетін қатігез шындық бар.

7 Алайда, бабаларымыздан бізге өткен күнәнің қайғылы зардабынан біржолата құтылатын күн туады. Жерде болған кезінде Исаның денсаулыққа байланысты істеген істері есіңде ме? Киелі кітап былай деп хабарлайды: «Сонда Оның қасына көп халық жиналып келді. Олар өздерімен бірге сал болғандарды, соқырларды, мылқауларды, мүгедектерді, және өзге де көп ауруларды Исаның алдына алып келіп орналастырды. Ол оларды сауықтырып жазды. Сөйтіп, мылқаулардың тілдері шығып, мүгедектердің айығып, сал болғандардың жүріп, соқырлардың көздері ашылып кеткендігін көрген жұрт аң-таң қалысты» (Матай 15:30, 31).

8, 9. Кемелді денсаулық қалпына келген кезде, жаңа дүниеде болатын бақытты суреттеп берші.

8 Жаңа дүниеде барлық аурудан айығып, қандай бақытты боламыз десеңші! Ешқашан ауру-сырқаудан азап шекпейтін боламыз. «Тұрғындардың ешбіреуі де: „Мен аурумын“,— деп айтпайды». «Сол кезде зағиптардың көздері ашылып, саңыраулардың құлақтары естиді. Сол кезде ақсақ еліктей секіреді және мылқаудың тілі ән салады» (Ишая 33:24; 35:5, 6).

9 Күн сайын денсаулығыңның мықты екенін сезініп ояну деген керемет емес пе? Жастық шақтағы күш-қуатқа ие болып, Адам мен Хауада болған сияқты кемелділікке жету қартайған адамдар үшін қуаныш емес пе? Киелі кітаптың уәдесі мынандай: «Сонда оның денесі балалық шақтағыдан да жаңарақ болады; ол жастық шақтағы күндеріне қайта оралады» (Аюп 33:25). Көзілдіріктерді, есту аппараттарын, балдақтарды, мүгедектерге арналған орындықтарды және дәрі-дәрмектерді лақтырып жібергенде болатын бәрінің қуанышын айтсаңшы! Енді ешқашан ауруханалардың, дәрігерлер мен тіс емдеушілердің қажеті болмайды.

10. Өлім болады ма?

10 Осындай мықты денсаулыққа ие болған адамдар өлімді қаламайтын болады. Олар өлмейді де, өйткені мұра етіп берілген кемелсіздік пен өлімнің құлдығынан адамзат біржолата құтылады. «„Барлық жауларын аяғына жығып бергенше“, Мәсіх билік жүргізуге тиіс. Жойылатын соңғы жау — өлім». «Құдайдың беретін сыйы — ...мәңгілік өмір» (1 Қорынттықтарға 15:25, 26; Римдіктерге 6:23; Ишая 25:8-⁠ді де қара).

11. Аян кітабында жаңа дүниенің баталары қорытындылап қалай айтылған?

11 Қамқоршы Құдайдың жұмақта адамзат отбасына жаудыратын баталарының бәрін қорытындылай келе, Киелі кітаптың соңғы кітабы былай дейді: «Құдай олардың көз жасын сүртеді, және өлім де енді болмайды; жылау да, зарлау да, ауру да енді болмайды; өйткені бұрынғы өткен» (Аян 21:3, 4).

Өлілердің өмірге қайта оралуы

12. Құдайдан алған қайта тірілту қабілетін Иса қалай көрсетті?

12 Иса тек ауруларды емдеп, мүгедектерді сауықтырып қана қойған жоқ. Ол өлілерді де қайта тірілтті. Сол арқылы Құдайдан алған қайта тірілте алатын қабілетін көрсетті. Иса қызы қайтыс болған кісінің үйіне келгенде қандай оқиға болғаны есіңде ме? Қайтыс болған қызға Иса былай деді: «Қызым, саған түрегелші деймін». Кейін не болды? «Қыз сол сәтте-ақ түрегеліп жүре бастады». Бұны көріп тұрған адамдар «өте таңданып қайран қалды». Олар қатты қуанды! (Марқа 5:41, 42; және Лұқа 7:11—16; Жохан 11:1—45 қара).

13. Қандай адамдар қайта тіріледі?

13 Жаңа дүниеде «әділдер де, әділетсіздер де қайта тіріледі» (Елшілердің істері 24:15). Сол кезде Иса Құдай дарытқан қайта тірілту қабілетін қолданады, өйткені ол: «Қайта тірілу мен шынайы өмір — Менмін. Маған сенетін адам өлсе де, шынайы өмір сүретін болады»,— деген (Жохан 11:25). Сондай-ақ, ол былай деген: «Қабірдегілердің [Құдайдың жадындағылардың] бәрі Құдай Ұлының даусын еститін уақыт болады. Сонда өлгендер қабірден шығады» (Жохан 5:28, 29).

14. Өлім болмағандықтан, онымен бірге тағы нелер жойылады?

14 Өлген адамдар топ-тобымен, бірінен соң бірі тіріліп, жақындарымен қайта қосылып жатқан уақытта, жер бетінде қандай қуаныш болады десеңші! Туыстарына ауыр тиетін газет беттерінде өлім жайлы мақалалар болмайды. Керісінше, жақындары үшін қайта тірілгені туралы қуанышты хабарлар болуы мүмкін. Сонымен, ешқандай жерлеу, өлікті өртеу, тіпті өлікті өртейтін орын да, молалар да болмайды!

Нағыз бейбіт дүние

15. Михейдің пайғамбарлығы толығымен қалай орындалады?

15 Өміріміздің барлық саласында нағыз бейбітшілік орнайды. Соғыс, соғысты жақтау және қару-жарақ жасау өткеннің ісі болады. Неге? Өйткені ұлттың, рудың және нәсілдің мүддесін көздеп, адамдардың арасында араздық тудыру деген енді болмайды. Сол кезде «халық халыққа семсер көтермейтін болады, соғысуды да үйренбейтін болады» деген сөздер тура мағынада орындалады (Михей 4:3).

16. Бұдан былай соғыс болмас үшін Құдай не істейді?

16 Адамзат тарихында үнемі сұрапыл соғыстар болып отырғандықтан, бұл сенгісіз болып көрінуі мүмкін. Бірақ бұл жағдайлар адамзаттың үстінен адамдар мен зұлым періштелер басқарғандықтан болды. Ал Патшалық басқаратын жаңа дүниеде былай болады: «Келіңдер де, Иенің істерін көріңдер!.. Дүниедегі соғыстарды тоқтатып, садақ пен найзаны сындырып, соғыс күймелерін отқа жағып қиратты» (Забур 45:9, 10).

17, 18. Жаңа дүниеде адамдар мен жан-жануарлардың арасындағы қатынас қандай болады?

17 Бұрын Едем бағында болғандай, адамдар мен жан-жануарлар бір-бірімен тату-тәтті өмір сүреді (Жаратылыс 1:28; 2:19). Құдай былай дейді: «Сол кезде олар үшін, даладағы аңдармен, аспандағы құстармен және бауырымен жорғалаушылармен келісім жасаймын; ...олардың қауіп-қатерсіз өмір сүруіне жағдай жасаймын» (Осия 2:18).

18 Бұндай бейбітшілік қаншалықты кең жайылады? «Сол кезде қасқыр қозымен бірге өмір сүретін болады, барыс лақпен бірге жататын болады; бұзау мен жас арыстан және өгіз бірге болады, ал жас сәби оларды ертіп жүретін болады». Енді ешқашан жан-жануарлар адамдарға да, бір-біріне де қауіп төндірмейтін болады. Тіпті «арыстан өгіз сияқты сабан жейтін болады»! (Ишая 11:6—9; 65:25).

Жер жүзінің жұмаққа айналуы

19. Жер бетінде қандай өзгерістер болады?

19 Бүкіл жер жүзі адамзат үшін жұмақты мекен-жайға айналады. Сол себепті де Иса өзіне сенім білдірген өлім аузындағы кісіге: «Менімен бірге жұмақта боласың»,— деп уәде берді. Киелі кітапта былай делінген: «Шөл мен құрғақ жер шаттыққа бөленеді, елсіз жер қуанып, ал қызыл гүлдей жайнайды... Өйткені шөлде су және далада тасқын жарып шығады» (Лұқа 23:43; Ишая 35:1, 6).

20. Неге адамзат енді ашықпайтын болады?

20 Құдай Патшалығының қол астындағы миллиондаған адамдар ешқашан ашықпайтын болады. «Жер бетінде, тау үстінде нан мол болады; оның жемістері жайқалып тұратын болады». «Дала ағашы жемісін беріп, жер өз өнімін шығарады; сөйтіп олар жерде қауіпсіз өмір сүреді» (Забур 71:16; Езекиел 34:27).

21. Баспанасыздық, лас түкпірлер және қылмысты аудандар қалай өзгереді?

21 Ол жерде кедейлер, баспанасыздар, лас түкпірлер мен қылмысқа толы аудандар болмайды. «Үйлер соғып, онда тұратын болады, жүзімдіктер отырғызып, жемісін жейтін болады. Біреу тұрсын деп соқпайды, біреу жесін деп отырғызбайды». «Әркім өзінің жүзімдігінің, інжір ағашының көлеңкесінде отыратын болады, ешкім оларды қорқытпайтын болады» (Ишая 65:21, 22; Михей 4:4).

22. Құдай басшылығының нәтижесінде болатын баталарды Киелі кітап қалай суреттейді?

22 Адамзат жұмақта бұдан да басқа көптеген баталарға ие болады. Забур 144:16-⁠да былай делінеді: «Алақаныңды ашып, бар тіршілік иесін қалағанынша тойдырасың». Киелі кітаптың: «Момындар жерді мұра етіп, тып-тыныш өмірдің рақатын көреді... Әділдер жерді мұра етіп, онда мәңгі өмір сүретін болады»,— деп пайғамбарлық етуі ғажап емес(Забур 36:11, 29).

Өткеннің жойылуы

23. Қайғы-қасіреттің зардабын Құдай қалай жояды?

23 Өткен алты мың жылдың ішінде адамзат отбасына келтірілген залалдың барлығын Құдайдың патшалығы жояды. Сол кездегі қуаныш бастан өткізген қайғы-қасіреттен әлдеқайда зор болады. Өткеннің жағымсыз елестері ұмыт болады. Уақыт өте келе, күнделікті өмірімізде болатын жасампаз ой-толғаулар мен шұғылданатын істер, өткеннен қалған жараны жазады.

24, 25. а) Ишаяның пайғамбарлығы бойынша қандай жағдай болады? ә) Өткен қасіреттен тек бұлдыр елес қана қалатынына неге сенімді бола аламыз?

24 Қамқоршы Құдай былай деп жариялайды: «Мен жаңа аспан [адамзатты аспаннан басқаратын жаңа үкімет] мен жаңа жер [әділ адамдар қауымын] жасаудамын; алдыңғылар енді еске алынбайды да көңілімізге келмейді де. Ал сендер Менің жаратып жатқандарыма мәңгі қуанатын боласыңдар». «Жер бетінде тыныштық орнап, одан қуанышты үндер естіледі» (Ишая 14:7; 65:17, 18).

25 Осылайша Құдай, біздің осыншама ұзаққа созылған аянышты халімізді, өзінің Патшалығы арқылы түбегейлі өзгертеді. Біз көрген қайғы-қасіреттің ізі қалмайтындай етіп, өмір бойы аямай бата беру арқылы, Ол өзінің қамқорлығын көрсетеді. Сол кезде, басымыздан өткен уайым-қайғының бәрі де бұлдыр елеске айналады. Мүмкін, еске түсіруді қаламайтын да шығармыз.

26. Неге Құдай өткенді ұмытарлықтай етіп бақыт сыйлайды?

26 Міне осылайша Құдай осы дүниеде көрген барлық қайғы-қасіретті ұмыттырады. Кемелсіздік бабаларымыздан өткендіктен, кемелсіз болып туылғанымыз үшін біз кінәлі емес екендігімізді Ол жақсы біледі. Шайтанның дүниесінде туылғанымыз үшін де кінәлі емеспіз, өйткені Адам мен Хауа адал болғанда, жұмақта туылған болар едік. Сондықтан бастан кешірген ауыртпалық елесі ұмыт болатындай етіп Құдай асқан рақымдылықпен бақыт сыйлайды.

27. Жаңа дүниеде қандай керемет пайғамбарлықтар орындалмақ?

27 Жаңа дүниеде адамзат Римдіктерге 8:21, 22-⁠дегі пайғамбарлықта айтылған еркіндікті сезінеді. Онда былай делінген: «Құдай бізге болашақта жаратылыс та өткіншіліктің құлдығынан босатылып, Құдайдың рухани балаларының салтанатты ұлылығы мен бостандығына жетеді деген үміт берді. Қазірге дейін бүкіл жаратылыстың... бейнет шегіп, ыңқылдап жатқанын білеміз». Сол кезде адамдар: «Сенің Патшалығың келсін. Аспанда болғандай жерде де Сенің еркің орындалсын»,— деген дұғаның толық орындалғанын көреді (Матай 6:10). Жер жүзіндегі жұмақта болатын керемет жағдайлар, аспандағы жағдайлардың бейнесі болады.

[23-беттегі суреттер]

Жаңа дүниеде қартайған адамдар жастық шағына оралады.

[24-беттегі сурет]

Жаңа дүниеде барлық ауру мен кемшіліктер жойылады.

[25-беттегі сурет]

Өлген адамдар жаңа дүниеде өмірге қайта оралады?

[26-беттегі сурет]

«Енді соғысуды үйренбейтін болады».

[27-беттегі суреттер]

Жұмақта адамдар мен жан-жануарлар тату–тәтті өмір сүретін болады.

[27-беттегі сурет]

‘Құдай алақанын ашып, бар тіршілікті қалағанынша тойдырады’.

[28-беттегі сурет]

Құдай Патшалығы қайғы-қасіреттің зардабын жойып қана қоймайды.

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу