Жақсатты адамға жұрт сенім артып, құрмет көрсетеді
“Жақсат зор байлықтан артық”
АДАМНЫҢ абыройы қашан да бағалы саналған. Кей мемлекеттерде ол тіпті заңмен қорғалады. Мұндай заң адамды теледидар не баспа беттері арқылы, я болмаса ауызша түрде жабылған жаладан қорғайды. Киелі жазбаларда мынадай сөздер бар: “Жақсат зор байлықтан артық, қадірлі болу алтын-күмістен артық” (Нақыл сөздер 22:1). Жақсатқа ие болып, ел-жұртқа қадірлі болу үшін не істеу керек? Бұл орайда Киелі жазбалардың кеңесі зор көмегін тигізбек.
Мысалы, Зәбүрдің 15-жырына назар аударайық. “Құдайдың шатырында кім қонақ бола алады?” деген сұраққа жауап бере отырып, жыршы былай деген: “Әрдайым дұрыс нәрсені істейтін, жүрегінде шындықты айтатын адамның тұруына болады. Ол тілімен ешкімге жала жаппайды, өзгенің ала жібін аттамайды, достарын да даттамайды, жексұрын адамды еш жаратпайды,.. өзіне залал келсе де, уәдесінен таймайды,.. пара алмайды” (Зәбүр 15:1—5). Осы сөздерді ұстанатын жанды сіз де сыйламас па едіңіз?!
Жұрттың сый-құрметіне бөлейтін тағы бір қасиет — кішіпейілділік. Нақыл сөздер 15:33-те: “Кішіпейілділік абырой әкелер”,— делінген. Кішік адам өзінің жақсаруы керек тұстарын байқап, түзелуге бар күшін жұмылдырады. Ал біреуді ренжітіп қойса, кешірім сұрауға дайын (Жақып 3:2). Тәкаппар адам болса тез ренжуге бейім. Нақыл сөздер 16:18-де: “Көкіректік — күйреудің басы, тәкаппарлық — сүрінудің алды”,— деген ескерту бар.
Біреу сіздің атыңызға қара күйе жақса ше? Ашуға булығып, бірден оған қарсы шығасыз ба? Мына жайлы ойланып көріңіз: жақсатымды қорғаймын деп, жала сөздерді одан да көп адамға таратып жібермейсіз бе? Кей жағдайда заң мен сотқа жүгінген жөн болғанымен, Киелі кітап мынандай нұсқау береді: “Соттасып дауласуға асықпа... Одан да қарсыласыңмен мәселеңді талқыла” (Нақыл сөздер 25:8, 9)a. Мәселені осындай байыпты жолмен шешу қалтаңызды қағып алатын сот шығындарынан сақтауы мүмкін.
Киелі жазбалар — тек дін турасындағы кітап емес, өмірде бағыт-бағдар беретін сенімді кітап. Оның ақылына құлақ асқан әркім жақсатты, сый-құрметті азамат болады.
a Матай 5:23, 24; 18:15—17 тармақтарда жазылған нұсқаулар да араздықты жеңуге көмектесе алады.