САДАҚАЛАРЫҢЫЗ ҚАЙДА ЖҰМСАЛАДЫ?
Бауырластарды да, қоршаған ортаны да ойлаймыз
1 СӘУІР, 2025
Біз болашақта Ехоба Құдай адамзат бүлдірген жерді қалпына келтіретініне сенеміз (Аян 11:18). Десе де, қазірдің өзінде біз Жер анамызды қадірлеп, қорғауға тырысамыз. Мысалы, ғимараттарды соққанда, мейлінше қоршаған ортаға зияны тимейтіндей жолмен соғамыз.
Қоршаған ортаға барынша залалы тимейтін қандай жобалар жасалды? Соның арқасында ұйымның қаражаты қалай үнемделді?
Конгресс сарайларын салқындату шаралары
Басында Мозамбиктегі Матола қаласындағы Конгресс сарайының шатыры жұқа қаңылтырдан жасалған болатын. Ал қаңылтыр күнге қатты қызып, Конгресс сарайының ішін ысытып жіберетін. Бір бауырлас былай дейді: “Біз бағдарлама кезінде су тер болатынбыз! Бағдарлама біте сала таза ауа жұту үшін далаға жүгіретінбіз”. Бауырластар салқын жерде, еш алаңдамай бағдарламаны тыңдай алулары үшін қандай шаралар жасалды?
Бауырластар қоршаған ортаға зияны тимейтіндей шешім тапты: олар Конгресс сарайының шатырын ыстық өткізбейтін материалмен қаптап, желдеткіштер орнатты. Нәтижесінде ғимараттың ішіне ыстық өтпейді, ал желдеткіштер іштегі ауаны тазартып тұрады. Бұл табиғи желдеткіштер электр қуатын қажет етпейді. Бұл желдеткіштердің әрқайсысы шамамен 50 долларa тұрады.
Матоладағы Конгресс сарайының желмен істейтін желдеткіштері
Осындай желдеткіштердің арқасында Конгресс сарайындағы жағдай біраз жақсарды. Енді ауа айналымы жақсы болғандықтан, іші ылғалданып, көгеріп кетпейді. Ал бауырластар таза ауамен демалып, бағдарламаны сергек отырып тыңдай алады. Жоғарыда айтылған бауырлас былай деп қосты: “Енді біз бағдарлама біте салысымен далаға жүгірмейміз, тіпті түскі үзілісте де іште отырамыз, салқын жерде бауырластармен араласамыз. Жаңа шатырдың астында біз үлкен ағаштың саясында отырғандай боламыз”.
Қазір бауырластарымыз бағдарламаны салқын жерде отырып тыңдай алады
Табиғи қуат көздерін пайдалану
Біз дүниежүзі бойынша көп ғимараттарымызда күннен электр қуатын алатын панельдерді қолданамыз. Сондықтан электр генераторына тәуелді емеспіз. Күн панельдерінің зияны да аз, шығыны да көп емес.
2023 жылы осындай панельдерді біз Словения филиалына орнаттық. Бұл панельдер ғимаратқа қажет электр қуатының 30 пайызын өндіреді. Панельдер қажетінен артық қуат шығарса, жергілікті тұрғындарға қолданысқа беріледі. Олардың бағасы 360 000 долларды құрайды. Филиалда электр қуатының шығындары азайғандықтан, бұл панельдер төрт жылдың ішінде өз-өзін ақтап шығады.
Словениядағы филиал
2024 жылы бауырластар Шри-Ланка филиалына күн панельдері мен үлкен күн батареясын орнатты. Бұл жобаға шамамен 3 миллион доллар кетті. Сондай-ақ бұл панельдер филиалға қажет электр қуатының 70 пайызын өндіреді. Бұл панельдерге кеткен қаржы 3 жылдың ішінде ақталады. 2024 жылы Нидерланд филиалына да күн панельдері орнатылды. Бұған 1,1 миллион доллар кетті және бұл панельдер филиалға қажет электр қуатының 35 пайызын өндіреді. Панельдер 9 жылдың ішінде өз ақшасын ақтап алмақ.
Нидерландтағы филиал
Осындай күн панельдері Мексикадағы қашықтағы аударма кеңселеріне де орнатылды. Солардың бірі — Чиуауадағы тараумара аударма кеңсесі. Ол жақтың ауа температурасы қыста 0 градусқа дейін түсіп кетсе, жаздыгүні 40 градустан асады. Ал электр қуаты тым қымбат тұрғандықтан, бауырластар жылытқышты және салқындатқышты қолдана бермейтін. Аударма кеңсесінде қызмет ететін Джонатан есімді бір ер бауырлас былай дейді: “Біз қыста қалың киініп, көрпеге оранып отыратынбыз, ал жазда терезелерді ашып тастайтынбыз”.
2024 жылы әлгі аударма кеңсесіне күн панельдері орнатылды. Оған 21 480 доллар кетті, әрі бұл ақша бес жылдың ішінде өз-өзін ақтайды. Қазір кеңседегі бауырластарымыз қыста жылытқышты, жазда салқындатқышты емін-еркін қолдана алады. Джонатан былай дейді: “Қазір біз қыстың суығында да, жаздың ыстығында да, тапсырмамызды қуана атқарамыз, жұмысымыз да алға басып жатыр. Ұйымымыз табиғи қуат көздерін пайдаланып, қаражатты ақылмен жұмсайтыны да жігер береді”.
Тараумара аударма кеңсесіндегі бауырластар қазір ыңғайлы жерде жұмыс істейді
Жауын суын жинау жүйесі
Африканың кейбір Патшалық сарайларында су жоқ. Сондықтан бауырластар бірнеше шақырым жол жүріп, алыстан су тасуға мәжбүр. Ал кейбір Патшалық сарайларында бауырластар үлкен көлікпен әкелінетін суды сатып алады. Бұған көп ақша кетеді, сондай-ақ бұның экологияға да зияны бар.
Африканың көптеген Патшалық сарайларының шатырларына суағар жүйелері орнатылып, жаңбыр суы жиналатын үлкен цистерналар қойылды. Әдетте бауырластар жергілікті жердің климатын зерттеп алып, ең тиімді деген тәсілді қолданады. Патшалық сарайларына осындай жүйені орнату үшін 600 доллардан 3 000 долларға дейін қаражат кетеді. Бұл бауырластар үшін бәрібір де арзанға шығады. Себебі олар кездесу сайын су сатып алмайды, не алыстан тасымайды.
Пхутадитджхабадағы Патшалық сарайына қойылған цистерна (Оңтүстік Африка)
Жауын суын жинау жүйесі бауырластарға көп пайдасын тигізіп жатыр. Мозамбиктегі Ноемия бауырлас былай дейді: “Бұрын біз Патшалық сарайына алыстан су таситынбыз. Сөйтіп, кездесуде шаршап отыратынбыз. Су тапшы болғандықтан, тазалық сақтау да оңай емес еді. Ал қазір бәрімізге қол жууға, Патшалық сарайын таза ұстауға су жеткілікті. Су тасымайтындықтан, жиналыста да шаршап отырмаймыз. Бағдарламаны рақаттанып отырып тыңдауға не жетсін! Сол үшін алғысымыз шексіз!”
Анасы мен баласы жиналған жаңбыр суын қолданып жатыр (Оңтүстік Африка)
Осындай экожүйелерді орнатуға ұйымымыз қаражатты қайдан алады? Дүниежүзілік іске жасалған садақалардан алады. Бұл үшін donate.jw.org сайтындағы түрлі тәсілдерді қолдануға болады. Дарқан көңілмен беріп жатқан садақаларыңыз үшін көп рақмет!
a Бұл мақалада доллар деген — АҚШ доллары.