САДАҚАЛАРЫҢЫЗ ҚАЙДА ЖҰМСАЛАДЫ?
Жеңілдетілген баспа ісінің игілігін “әртүрлі адамдар” көруде
1 ҚАЗАН, 2025 ЖЫЛ
Ехоба Құдай “әртүрлі адамдардың... шындық жайлы тура білім алғанын қалайды” (Тімөтеге 1-хат 2:3, 4). Сол үшін де жүздеген тілде уағыз ісі жүріп жатыр. Сондай-ақ сол тілдерде жыл сайын екі миллиардқа жуық әдебиет басып шығарылады. Садақаларыңызды тиімді қолдана отырып, рухани ас-суды осыншама көп тілде басып шығару үшін не істелініп жатыр?
Сан емес сапа
1980 жылдары журналдарымыз 40-тан аса елде басып шығарылатын. Кейін бірте-бірте баспаханалар біріктіріліп, қазір әдебиеттеріміз тек 9 елде басып шығарылады. Баспахана саны азайса да, қазір әдебиеттерімізді бұрынғыдан 6 есе көп тілде басып шығарудамыз. Бұл ненің арқасында мүмкін болып отыр? Сапалы жабдықтардың арқасында.
Жаңа баспа машиналарының арқасында аз уақыттың ішінде көбірек әдебиеттерді басып шығару мүмкін болды. Ескі машиналарда бір тапсырысты аяқтап, екінші тапсырысты бастауға көп уақыт кететін. Ал жаңа машиналардың көмегімен жұмыс төрт есе тез жүреді. Бұл жұмыстарға біз баспа қалыптарын қолданамыз. Соңғы 12 айда тек осы баспа қалыптарының өзіне 2 миллион долларa жұмсадық. Сондықтан тиражы аз, яғни аз адамдар сөйлейтін тілдердегі әдебиеттерді басып шығару үшін баспа қалыптарын қажет етпейтін цифрлық баспа машиналарын қолданамыз. Лазерлік технология бойынша жұмыс істейтін жаңа баспа машиналарының арқасында көп қалдық қалмайды және әдебиеттерімізді басып шығару арзанға түседі.
Баспа қалыптарын ауыстыру
Соңғы үш жылда біз дүниежүзі бойынша баспаға қажет жабдықтарды жаңартуға 10 миллионнан астам доллар жұмсадық. Киелі кітапты басып шығару үшін осы жабдықтарды қалай қолданатынымызды айта кетейік. Бұрын Киелі кітапты басып шығару үшін 40-тан астам саты қажет болатын. Олар: тігу, кесу, тегістеу, түптеу және қаптау сияқты сатылар. Бұған қоса, бір сатыдан келесі сатыға өту үшін Киелі кітапты қолмен тасу қажет болатын. Ал қазір Киелі кітапты басып шығару процесі 10 сатыдан ғана тұрады. Себебі жаңа жабдықтарда кейбір сатылар біріктірілген және бір сатыдан екінші сатыға Киелі кітап конвейерлер арқылы тасымалданады. Осылайша адамдар атқаратын жұмыс 55%-ға азайды. Бұрын Жапониядағы филиалда әр 8 сағат сайын 2000 Киелі кітап шығарылса, қазір әр 8 сағатта 35 000 Киелі кітап басып шығарылады.
Киелі кітаптың әр бөлігін анықтап, реттеп, жинау үшін штрих-код қолданылады
Қойма кішірейіп, шығын да азайды
Жоғарыда айтылған өзгерістер бізге садақаларды үнемдеуге көмектесті. Мысалы, әдебиеттерді аз көлемде және жиі басып шығарғандықтан оларды сақтауға кететін шығын азайды. АҚШ-тағы филиалда қызмет ететін Гэри былай дейді: “Бастапқыда әдебиеттерді осындай жолмен басып шығару тиімсіз көрінді, одан гөрі бір дегенде көп көлемде шығару жақсырақ деп ойладық. Себебі алғашқы жылы баспа қалыптарына және қағазға кететін шығын 60 000 долларға өсті. Десе де сол жылы қағаз бен басып шығарылған әдебиеттерді сақтауға жұмсалатын қаражат 1,5 миллион долларға үнемделді”. Осы үнемделген қаражат Патшалық сарайларының жөндеу жұмыстарына және табиғи апаттан зардап шеккендерге көмектесу сияқты маңызды істерге жұмсалды.
Сақтайтын әдебиеттер азайғандықтан, филиалдарда бос орын көбейді. Сол орындар енді Бетелдің басқа да қажеттіліктері үшін пайдаланылады. Баспаханалардың да саны азайғандықтан, жаңа құрылыс жобаларының көлемі кішірейеді. Мысалы, Челмсфордта (Англия) жаңа филиалмен бірге үлкен баспахана соғу жоспарланған еді. Бірақ 2018 жылдан бастап Британия филиалы үшін әдебиеттерімізді Орталық Еуропа филиалы мен басқа баспаханалар басып шығаратын болды. Осының арқасында баспахана соғуға кететін миллиондаған доллар үнемделді.
“Мені де ұмытпапсың ғой!”
Баспа процесін жеңілдеткеннің ең басты артықшылығы көбірек адам Ехобаны жақыннан тани бастады. Өйткені енді әдебиеттерімізді көбірек тілдерде, тіпті жүз не екі жүз дана болса да, басып шығара аламыз. Мысалы, Жаңа Каледония елі мен Уоллис және Футуна аралдарында бүгінде 35 000 адам ғана уоллис тілінде сөйлейді. 2024 жылдың тамызында сол тілде “Киелі жазбалар. Жаңа дүние аудармасының” толық нұсқасы шықты. Уоллис тілінде сөйлейтін Селафина есімді бауырлас былай дейді: “Киелі кітапты француз тілінде оқығанда көп нәрсені түсінбейтінмін. Ал өз ана тілімде оқығанда, бәрін түсіндім, тіпті көзіме жас келді. Сонда мен Ехобаға: “Сен ешкімді алаламайтын Құдайсың, мені де ұмытпапсың ғой!”— дедім”.
“Киелі жазбалар. Жаңа дүние аудармасының” уоллис тіліндегі толық нұсқасы
Конго Демократиялық Республикасында санга тілінде сөйлейтіндердің саны 500 000-ға да жетпейді. Бірақ жеңілдетілген баспа процесінің арқасында сол тілде де “Мәңгі бақи өмірдің рақатын көріңіз!” кітабы шығарылды. Санга тіліндегі қауымда қызмет ететін Джошуа былай дейді: “Осы кітап санга тілінде шықпай тұрғанда зерттеушілерге кітаптағы кейбір сөздер мен тіркестерді басқа тілден аударып, түсіндіруге көп күш кететін. “Мәңгі бақи өмірдің рақатын көріңіз!” кітабының санга тілінде шыққаны сондай жақсы болды. Енді зерттеушілер бұл кітапты жеңіл түсінеді”.
Гарифуна тіліндегі “Мәңгі бақи өмірдің рақатын көріңіз!” кітабымен зерттеу сабағын өтіп жатыр. Гондурастағы осы тілде шамамен 120 000 ғана адам сөйлейді
Қазір рухани ас-су бұрынғыдан да көп адамға және көп тілде басып шығарылуда. Мұның бәрі сіздердің садақаларыңыздың арқасында мүмкін болып отыр. donate.jw.org сайты арқылы не басқа жолдармен садақа беріп жатқандарыңыз үшін мың да бір алғыс!
a Бұл мақалада доллар деген — АҚШ доллары.