Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • w17 маусым 28—32 бет.
  • Араздықтың күрмеуін шешіп, татулыққа ұмтылыңыз

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • Араздықтың күрмеуін шешіп, татулыққа ұмтылыңыз
  • Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2017
  • Тақырыпшалар
  • Ұқсас мәлімет
  • ҚИЫНДЫҚТАР ЖӘНЕ ОЛАРДЫҢ КҮРМЕУІН ШЕШУ
  • МІНЕЗДІҢ САНАЛУАНДЫҒЫ — ҚАУЫМНЫҢ СӘНІ
  • КИКІЛЖІҢДІ СОЗБАҚТАМАЙЫҚ
  • Келіспеушіліктің шешімін сүйіспеншілікпен табайық
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2016
  • Тыныштық. Оған қалай қол жеткізуге болады?
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2018
  • Бір-біріңді нығайта беріңдер!
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2022
  • “Қауымдарды нығайтты”
    “Құдай Патшалығы туралы түбегейлі куәлік береміз”
Көбірек мәлімет
Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2017
w17 маусым 28—32 бет.
Патшалық сарайында ала көзімен қарап тұрған әйел бауырлас

Араздықтың күрмеуін шешіп, татулыққа ұмтылыңыз

ЕХОБА ҚҰДАЙ өз қызметшілерінің татулықты ардақтап, өзара ынтымақта тұруға ұмтылғанын қалайды. Сонда қауымда да татулық болады. Осынысымен қауым кикілжіңнен іргесін аулақ салғысы келетін адамдарды өзіне баурап алады.

Мысал үшін, Мадагаскарда тұратын бір аты шулы тәуіп Ехоба куәгерлерінің арасындағы татулықты көргенде, өз-өзіне: “Егер дінге бас ұратын болсам, онда осыларға барамын”,— деген болатын. Кейін ол шынымен де жындарға жүгінуін қойып, некедегі жағдайын түзеп, татулықтың Құдайы Ехобаға ғибадат ете бастады.

Осы ер адам сияқты, жыл сайын татулықты аңсаған мыңдаған адам оны мәсіхшілер қауымынан тауып жатады. Алайда, Киелі кітаптан көрінетіндей, егер қауымда “қызғаныш пен жанжалқұмарлыққа” орын берілсе, достықтың шырқы бұзылып, қауымның берекесі кетеді (Жақып 3:14—16). Бақытымызға орай, Құдай Сөзінде осындай қиындықтардың алдын алып, татулық тұғырын бекемдеуге көмектесетін жақсы кеңестер бар. Қазір өмірден алынған кейбір жағдайларға тоқталып, сол кеңестердің қандай пайдасы тигенін көрейік.

ҚИЫНДЫҚТАР ЖӘНЕ ОЛАРДЫҢ КҮРМЕУІН ШЕШУ

“Бірге жұмыс істейтін ер бауырлас екеуміздің басымыз піспейтін. Бірде айқайласып жатқанымызда, ішке екі кісі кіріп қалмасы бар ма?!” (КРИС).

Бір-бірін ала көзбен атып тұрған екі әйел бауырлас

“Менімен жиі уағызға шығып жүрген бауырлас кенеттен қызметке жазылмай қойды. Ал кейін мүлдем сөйлеспей кетті. Мен түк те түсінбей қалдым” (ЖАНЕТ).

“Телефон арқылы бір уақытта үш адам боп өзара сөйлесіп жатқанбыз. Әлгі екеуінің бірі қоштасқан соң, мен оны байланыстан ажырады екен деп ойлап, екіншісіне ол туралы жағымсыз нәрселер айта бастадым. Сөйтсем, ол тұтқаны әлі қоймаған екен” (МАЙКЛ).

“Біздің қауымдағы екі ізашар бауырластың арасында кикілжің туа бастады. Екеуі ұрсысып қала берді. Олардың ұрыс-керісі өзгелердің ұнжырғасын түсіретін” (ГАРИ).

Бұлар анау айтқандай үлкен проблема болып көрінбейтін шығар. Бірақ мұндай жағдайлардан екі жақтың да ұзақ уақыт жаны жараланып, қауымның ынтымағына да сызат түсуі мүмкін еді. Қуанышымызға орай, бұл бауырластар Киелі кітап принциптеріне жүгінгенінің арқасында қайтадан татуласты. Олар Киелі кітаптағы қандай кеңестерге құлақ асты деп ойлайсыз?

“Жол-жөнекей өзара керіспеңдер” (Мұсаның 1-жазбасы 45:24). Әкелеріне қайтып бара жатқан ағаларына Жүсіп осындай ақыл айтты. Адам сезімдерін жүгендемей, тез қызбаланатын болса, бұл басқаның да ашуын қоздырып, онсыз да жағымсыз жағдай ушығып кетуі мүмкін. Крис өзінің көкіректігі мен берілген нұсқауды тыңдай қоймайтын әлсіздігі бар екенін түсінді. Өзгергісі келгендіктен, ол әлгі сөзге келіп қалған бауырластан кешірім сұрайды. Кейін ашушаң мінезін тізгіндеуге қатты күш салады. Кристің өзгеруге тырысып жүргенін байқаған әлгі бауырластың өзі де жөнделе бастайды. Енді олар иық тіресе Ехобаға қызмет етіп жүр.

“Ақылдаспаған жерде жоспар іске аспайды” (Нақыл сөздер 15:22). Құрбысы сөйлеспей қойған кезде Жанет осы кеңесті қолданып көрмекші болады. Ол онымен “ақылдасып”, не сөйлесіп, көру үшін жолығады. Әңгіме барысында Жанет одан неге ренжулі екенін жайлап сұрайды. Әңгімелері ә дегеннен жарасып кетпегенімен, сабырмен сөз тізгіндей келе, мәселенің басы ашыла түседі. Ол бауырлас Жанеттің еш қатысы болмаған бір жайтты бұрыс түсініп қалған екен. Ол бұл үшін кешірім өтінеді. Қазір олар қайтадан достасып, Ехобаға бірге қызмет етуде.

“Егер құрбандық ошағына сый-тартуыңды алып келгенде, бауырласыңның саған реніші бар екені сол жерде есіңе түссе, сыйыңды сонда қалдыр да, барып, алдымен онымен татулас” (Матай 5:23, 24). Исаның Таудағы уағызында айтқан осы кеңесі есіңізде шығар. Майкл басқа бауырлас жайлы өзінің ойланбай, жағымсыз сөздер айтқанына қатты опық жейді. Содан не болса да онымен татуласамын деп бекінеді. Ол онымен бетпе-бет кездесіп, көңіліне тигені үшін кешірім сұрайды. Соңында не болды? “Бауырым мені шын көңілден кешірді”,— дейді Майкл. Олардың достығы қайта жанданды.

“Әлдекімнің біреуге ренжуге себебі болса да, өзара төзімді болып, бір-біріңді кеңпейілмен кешіріңдер” (Қолостықтарға 3:12—14). Ұзақ уақыттан бері ізашар екі бауырласымыздың жағдайы не болды? Бір ақсақал оларға көмектесіп, араларындағы араздық басқалардың көңіліне қаяу түсіріп, ыңғайсыз жағдайға қалдырып жатқанын мейіріммен түсіндірді. Ол оларға бір-біріне төзімді болуы және қауымдағы тыныштықты сақтауы керектігін естеріне салды. Олар оның кеңесін қабылдап, құлақ асты. Екеуі енді тіл табысып, ізгі хабарды уағыздап жүр.

Біреу көңіліңізге тигенде, Қолостықтарға 3:12—14 тармақтар сізге кішіпейіл болып, сол адамды кешіруге және болған жайды көңілде сақтамауға көмек бола алады. Бірақ қанша тырыссақ та, кешіре алмай жатсақ ше? Мұндайда бізге Матай 18:15-тегі сөздер көмектесе ме? Иса бұл кеңесті бауырлас басқа бір бауырласқа қарсы ауыр күнә жасаған жағдайға қатысты айтқан. Бірақ, негізінде, бауырласпен қандай да болсын келеңсіздік орын алғанда да осындай жолмен әрекет ете аламыз. Бауырласымызға жолығып, арадағы мәселенің түйткілін кішіпейілділікпен және жұмсақтықпен шешуге тырыссақ болады.

Әрине, Киелі кітапта басқа да тиімді кеңестер көп. Көбісінің астарындағы ой — “киелі рухтың жемісін” таныту. Бұған “сүйіспеншілік, қуаныш, татулық, шыдамдылық, мейірімділік, ізгілік, сенім, жұмсақтық, ұстамдылық” қасиеттері жатады (Ғалаттықтарға 5:22, 23). Бөлшектерін майлап қойсақ, кез келген машина жақсы істейді. Тура солай, Құдайға ұнамды қасиеттерді танытсақ, арадағы кикілжіңнің күрмеуін “майлап”, жылы-жұмсақ шеше аламыз.

МІНЕЗДІҢ САНАЛУАНДЫҒЫ — ҚАУЫМНЫҢ СӘНІ

Әрқайсысымыздың мінезіміз әртүрлі. Бойымыздағы қасиеттеріміз, көзқарасымыз бен сөйлеу мәнеріміз түрлі болып келеді. Бұл достығымыздың сәнін келтіріп, байыта түседі. Алайда әртүрлі мінез тоғысқанда, түсініспеушіліктер мен келіспеушіліктер де туындайды. Бұл қалай болуы мүмкін екені бір тәжірибелі ақсақалдың сөзінен көрінеді: “Ұяң адам мінезі ашық-жарқын, аңқылдақ адамның жанында өзін ыңғайсыз сезінуі мүмкін. Бір қарағанда, мінездің айырмашылығында тұрған ештеңе жоқ сияқты, әйткенмен бұл әжептәуір қиындық тудыруы мүмкін”. Мінез-құлқы екі түрлі адамның ешқашан да басы бір қазанға сыймайды деп ойлайсыз ба? Онда екі елшінің мысалына көңіл қояйық. Петірді алсақ, ойыңызға бірден ашық-жарқын, ойындағысын іркілмей айта салатын кісі келетін шығар. Ал Жохан ше? Біз оны ойланып барып сөйлейтін әрі әрекет ететін мейірімді бауырлас ретінде елестетерміз. Екеуі екі түрлі болса да, жап-жақсы қызметтескен (Елшілердің істері 8:14; Ғалаттықтарға 2:9). Бүгінде де солай болуы мүмкін. Мүлдем екі бөлек мінезді мәсіхшілер жақсы тіл табысып, бірге еңбектене алады.

Егер қауымда біреу сөзімен не ісімен сіздің қитығыңызға тисе ше? Онда Мәсіхтің сіз үшін жанын қалай құрбан етсе, сол бауырлас үшін де солай құрбан еткенін және оны сүюіңіз керектігін есте ұстағаныңыз жөн (Жохан 13:34, 35; Римдіктерге 5:6—8). Онымен ешқашан дос болмаймын не енді оның маңына жоламаймын дегенше, былай деп ойланып көріңіз: бауырласым Ехобаның заңына қайшы келетін нәрсені істеп жатыр ма? Ол әдейі менің көңіліме тигісі келе ме? Әлде жай ғана екеуміздің мінезіміз екі түрлі ме? Ең бастысы, оның қандай жақсы қасиетін бойыма сіңіргім келер еді?

Мысалы, ол сөзуар, ал сіз үндемей қалған болсаңыз, неге онымен қызметке шығып, әңгімені оңай бастауды үйренбеске? Я болмаса оның өзгелерге қолы өте ашық екенін байқайтын шығарсыз. Онда неге одан жомарт болуды үйреніп, қарттарға, ауруларға не мұқтаждық көріп жүргендерге беруден келетін қуанышты сезінбеске? Мұндағы өзекті ой: болмыстарыңыз әртүрлі болса да, бауырласыңыздың жақсы жақтарына назар аударыңыз. Екеуіңіз жан дос болып кетпесеңіздер де, осының арқасында бір-біріңізге бұрынғыдан әлдеқайда жақын боласыздар. Сонда сіздің жан дүниеңізде және қауымда тыныштық болады.

Бірінші ғасырда Еуодия мен Синтихе деген екі әйел бауырлас болған. Олардың бітім-болмысы мүлдем екі бөлек болған көрінеді. Дегенмен елші Пауыл оларды “Иеміздің жолында жүргендер ретінде бір ойда болуға” шақырған (Філіпіліктерге 4:2). Біз де Ехобаға бауырластарымызбен бірлесе қызмет етіп, қауымның татулығына ықпал етеміз бе?

КИКІЛЖІҢДІ СОЗБАҚТАМАЙЫҚ

Біреуді жақтырмасақ, неге бұл сезімнен жылдам арылуымыз қажет? Жағымсыз сезімдерді әсем гүл бақшада өсіп шыққан жаман арамшөппен салыстыруға болады. Оларды түптамырымен жұлып тастамасақ, бүкіл бақшаға қаулап кетеді. Тап солай, басқаларға деген жаман сезімдер жүрегімізде өршіп кетсе, бұл бүкіл қауымға ықпал етуі мүмкін. Ал Ехоба мен бауырластарымызды жақсы көрсек, қауымда татулық пен тыныштық сақтау үшін қолдан келгеннің бәрін істейміз.

Екі әйел бауырлас сөйлесіп, татуласты

Кішіпейіл болып, өзгелермен татуласуға тырыссақ, өзіміз күтпеген оң нәтижеге қол жеткізуіміз мүмкін

Татулыққа жету мақсатымен келіспеушіліктерді шешетін болсақ, жағдайдың қалай оңалып кеткеніне таңғалуымыз мүмкін. Бір Куәгер басынан өткен оқиғаны айтып берді. “Бір әйел бауырлас маған кішкентай бала сияқты қарайтындай көрінетін. Бұған қатты ызам келетін. Ызаға булыққан сайын, онымен шорт қайырып сөйлесетін болдым. “Маған тиісті құрмет көрсетпейтін болса, мен неге оны құрметтеуім керек?”— деп ойладым”.

Кейін бұл бауырлас өзінің қылығы жайлы ойланды. “Мен өз бойымдағы кемшіліктерді көріп, өзіме қатты кейідім. Көзқарасымды жөндеуім керектігін түсіндім. Ехобаға осы туралы дұға айтқан соң, бауырласыма кішігірім сыйлық сатып алдым да, оған жаман қарағаным үшін кешірім сұрап ашық хат жаздым. Біз құшақтасып, бәрін ұмытуды шештік. Содан кейін арамызда қиындық туған емес”.

Жаны татулықты аңсамайтын адам жоқ шығар. Бірақ менмендік не өз беделін жоғалтып алам деген қорқыныш көбісін татулықтың ақ жолын аттап кетуге итермелейді. Ехобаға ғибадат етпейтіндер арасында бұл кең тараған. Алайда Ехоба өз қызметшілерінен басқалай әрекет етеді деп күтеді. Ехоба куәгерлерінің арасында татулық пен бірлік салтанат құру керек. Пауыл киелі рухтың жетелеуімен: “Мен мынаны өтініп сұраймын: шақырылғандарыңа сай өмір сүріңдер, әрдайым кішіпейіл, жұмсақ, шыдамды болыңдар әрі сүйіспеншілікпен бір-біріңе төзімділік танытыңдар, өзара тату болып, киелі рух арқылы иемденген бірліктеріңді сақтап қалуға барынша ұмтылыңдар”,— деген (Ефестіктерге 4:1—3). Шынында да, Ехобаның халқының “өзара тату болғаны” — баға жетпес сый. Ендеше, осы татулықтың тұғырын бекемдеуге және бауырластармен арамызда туындауы мүмкін араздықтың күрмеуін шешуге бел буайық!

Пауыл мен Барнаба Екі түрлі болса да, етене қызметтескен

Пауыл мен Барнаба

Пауыл сезімі өткір, асау мінезді кісі болған. Мәсіхші болмай тұрып, ол “Иеміздің шәкірттеріне қоқан-лоқы көрсетіп жүрген және олардың көзін құртқысы келген” (Елшілердің істері 9:1). Кейінірек ол бұрын Мәсіхтің ізбасарларын көргенде қатты “ашуға булыққанын” айтып мойындаған (Елшілердің істері 26:11).

Шомылдыру рәсімінен өткен соң, Пауыл қатты өзгерді. Бірақ жұрт оның бұрынғы мінезін ұмытқан жоқ еді. Мәсіхшілік жолына түскеніне біраз уақыт болса да, бауырластар “оның шәкірт болғанына сенбегендіктен, одан қорқып жүрді” (Елшілердің істері 9:26).

Иерусалимге барғанда, бауырластар Пауылға сенім артпады. Бірақ Кипрден келген Жүсіп деген бауырлас оған қол ұшын берді. Жүсіп өте мейірімді болған, қауымдағылар оны жақсы көріп, құрметтейтін. Бауырластар оны Барнаба, яғни “жұбатушы”, деп атап кеткен еді (Елшілердің істері 4:36, 37). Ол Пауылға қалай қолғабыс етті? “Барнаба көмекке келіп, оны елшілерге ертіп апарды. Оларға Саулдың жолда Иемізді көріп, онымен сөйлескенін және Дамаскіде Исаның атынан батыл сөйлегенін егжей-тегжейлі айтып берді” (Елшілердің істері 9:26—28). Иерусалимдегі қауым Барнабаның сөзінен кейін Пауылға сенім артып, бауырлас ретінде қарай бастады. Ал көп ұзамай Пауыл мен Барнаба бірге миссионерлік қызметке кірісті (Елшілердің істері 13:2, 3).

Барнаба Пауылдың құлшынысы мен шыншылдығына риза болған болса керек, өйткені ол қажет кезінде сөйлеуден не әрекет етуден еш қаймықпайтын. Пауыл да мейірімді әрі жанашыр Барнабамен қызметтесуге қуанышты болған шығар.

Әйтсе де Киелі кітапта бірде олардың “бір-біріне қатты ашуланғаны” айтылған. Бұған не себеп болды? Олар бір-бірінің мінезін көтере алмағандықтан сөзге келген жоқ еді. Екеуі Жохан деп те аталатын Марқаның өздерімен бірге миссионерлік сапарға аттануға лайық-лайықсыз екеніне қатысты келіспей қалды (Елшілердің істері 15:36—40).

Болмыстары екі түрлі болса да, Пауыл мен Барнаба иық тіресе қызмет етіп келді. Олар аталмыш келіспеушілікті де шешкенге ұқсайды, себебі кейінірек Пауыл менен Марқа қайтадан қызметтескен (Қолостықтарға 4:10). Демек, Пауыл мен Барнаба іспетті, біздің де мінез-құлқымыз әртүрлі болғанмен, Ехобаға бірлігіміз жарасып қызмет ете аламыз.

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу