Уорвик (Нью-Йорк). Дүниежүзілік бас басқарма
Өткен жылдың айтулы оқиғалары
ШАЙТАННЫҢ дүниесі қайғы-қасіреттен көз аша алмай жатқан кезде, Ехобаның шынайы қызметшілері әрі қарай да “Иеміздің ісінде... көп еңбектеніп” келеді (Қор. 1-х. 15:58). Өткен жылдың айтулы оқиғаларынан көретініміздей, дүниенің шартарабындағы Ехоба куәгерлері “Ехобаға сенім арту, игілік жасау,.. адалдықтан таймау” үшін барынша тырысып келеді (Зәб. 37:3).
Дүниежүзілік бас басқарма мен филиалды көшіру
Уолкилдегі (Нью-Йорк) ғимараттарды кеңейту ісі 2016 жылдың 1 ақпанында аяқталды. Сөйтіп, Құрама Штаттардың филиал комитеті, қызмет бөлімі және тағы басқа бөлімдер сонда көшірілді. Уорвиктегі жаңа дүниежүзілік бас басқарманың құрылысы аяқталып қалғандықтан, Бруклиндегі Бетел отбасы Нью-Йорк қаласынан ауылдық жердегі жаңа ғимараттарға қоныс аудара бастады.
2017 жылдың 3 сәуірінен бастап Уорвиктегі дүниежүзілік бас басқармаға келген қонақтарға есік ашық. Онда өздігінше аралауға болатын үш түрлі көрме және жетекші жүргізетін экскурсия болады.
“Киелі кітап және Құдайдың есімі” деп аталатын көрмеге сирек кездесетін Киелі кітаптар қойылған. Бұл көрме Құдай есімінің Жазбаларда бар екеніне ерекше назар аударады.
“Ехобаның атымен аталатын халық” көрмесінде Ехоба куәгерлерінің рухани мұрасының тарихына шолу жасалады. Онда еркі жүзеге асу үшін Ехоба өзінің халқын қалай жетелеп, тәлім беріп, ұйымдастырып келгені көрсетіледі.
“Дүниежүзілік бас басқарма. Іс-әрекеттен көрінетін сенім” атты интерактивті көрме Ехобаның халқына бірге жиналып тұруға, шәкірттер дайындауға, рухани ас қабылдауға және бір-біріне сүйіспеншілік танытуға көмектесу үшін Басқарушы кеңестің комитеттері не істейтінін аян етеді.
Өздігінше аралау экскурсиясы дүйсенбіден жұмаға дейін сағат 8:00—16:00 аралығында өтеді. Қонақтар сондай-ақ жетекші жүргізетін 20 минуттық экскурсияға қатыса алады. Онда кеңселер мен қызмет көрсету ғимаратының кейбір бөлімдеріне және Бетелдің айналасына назар аударылады. Бұл қысқаша экскурсия дүйсенбіден жұмаға дейін таңертең сағат 8:00—11:00, ал түстен кейін 13:00—16:00 аралығында өткізіледі.
Экскурсияға келмес бұрын, jw.org сайтындағы мына жерге кіріңіз: БІЗ ЖӨНІНДЕ/ФИЛИАЛДАР МЕН ЭКСКУРСИЯЛАР/Америка Құрама Штаттары.