Басқарушы кеңестің хаты
Аяулы бауырластар!
Біздің заманымыздан бұрынғы жетінші ғасырда Езекиел пайғамбар керемет аян алды. Ол көкте Әлемнің Әміршісі басқарып отырған өте үлкен арбаны көрді. Оны арбаның қалай қозғалатыны әсіресе таңғалдырды. Көз ілестірмей зулайтын бұл арба жылдамдығын бәсеңдетпей, еш бұрылмастан бағытын өзгерте беретін! (Езек. 1:4, 9, 12, 14, 16—27).
Бұл аян Ехобаның бүкіләлемдік ұйымының көктегі бөлігі ешқашан бір орында тұрмайтынын есімізге салады. Ал жердегі бөлігі ше? Былтырғы жылға қарап, Ехоба ұйымының жердегі бөлігін де зор қарқынмен алға жылжытып отырғанын анық көреміз.
Ехобаның ұйымының көктегі бөлігі ешқашан бір орында тұрмайды
Мысалы, Құрама Штаттардағы Бетел отбасының кейбір мүшелері Бруклиннен Уорвиктегі (Нью-Йорк) жаңа дүниежүзілік бас басқармаға не басқа ғимараттарға көшсе, өзге біреулері танапқа тағайындалып жатыр. Дүниенің төрт бұрышындағы басқа филиалдарда да бетелдіктер ғимараттар соғып, қайта тұрғызып, біріктіріп не жаңа жерге көшіп жатыр. Ал сіз ше? Басқа жаққа көшіп бармасаңыз да, қол қусырып отырмағаныңызда дау жоқ.
Шартараптағы Құдай халқы ұйымның қарқынынан қалып қоймай, бұрынғыдан да көп тер төгіп жүргені Басқарушы кеңестің көңілін өсіріп, марқайтып тастайды. Талай бауырластар қажеттілік бар жерлерге көшіп баруда. Ал басқа біреулері өзге тілді танаптың дәмін татуда. Куәлік етудің жаңа не өздері үшін таныс емес жолдарын көріп жүргендер де аз емес. Қызмет аясын басқа жолдармен де кеңейтіп жүргендер көп. Қарт демей, дімкас демей — адал мәсіхшілердің бәрі өмір үшін жарыста талмай жүгіріп келеді. Бұл жолда олар Ехобаға қызмет етіп, Шайтанның өтірікші екенін әшкерелеуге үлес қосуда! (Қор. 1-х. 9:24).
Осындай рухтарыңыз Ехобаның көзінен таса қалмайды (Евр. 6:10). Сіздердің мұндай ықыластарыңыз Ыбырайым мен Сараны есімізге салады. Ыбырайым жетпістен асқан шағында Ур қаласын тастап, отбасымен шалғайдағы Қанахан еліне жол тартты. Сол жерде олар жүздеген жыл бойы шатырда тұрды. Иә, Ыбырайым мен аяулы әйелі Сара Ехобаның айтқанын орындауға дайын болды! (Мұс. 1-ж. 11:31; Ел. іс. 7:2, 3).
Сіздің де осындай ықыласыңыз бар ма? Қазіргі қиын заманда адалдықтан таймай жүрген сіздер Исаның тапсырған ісін атқарып келесіздер. Ол: “Барыңдар да, барлық халықтардан шәкірттер дайындап, оларды Әкенің, Ұлдың және киелі рухтың атынан шомылдыру рәсімінен өткізіңдер”,— деген (Мат. 28:19).
Исаның “барыңдар” деген сөзі қол қусырып отырмай, әрекет етуіміз керектігін білдіреді. Мәсіхтің жалындаған ізбасарларының былтырғы жылы атқарған жұмыстарына қарап, көңілің тояды! Ехоба батасын төгіп, Патшалық туралы хабарды жариялау ісін құдіретті қолымен қолдап жатқаны айдан анық (Мар. 13:10).
Ізгі хабарға талай адам құлақ асып жатыр. Өткен жылы жариялаушылардың ең жоғарғы саны 8 340 847-ге жетті. Ал ай сайын орта есеппен 10 115 264 адам Киелі кітапты зерттеді. Иә, Ехобаның арбасы алға жылжып келеді, сіз де онымен қатарласып келесіз! Жуырда Ехоба құтқарылуға мүмкіндік беретін есікті жабады. Осы қалған аз уақытта алған бетіңізден қайтпаңыз.
Осы орайда 2017 жылға таңдалған тармақ өте орынды: “Ехобаға сенім арт та, игілік жаса” (Зәб. 37:3). Осы сөздерге ден қойып, Ехобаға қасиетті қызмет атқару арқылы игілік жасағаныңыз — оған сенім артқаныңыз. Сіз жалғыз емессіз, осыны естен шығармаңыз. Иса: “Мен осы заман аяқталғанша, әр күні сендермен біргемін”,— деген сөздерінен ешқашан таймайды (Мат. 28:20).
2017 ЖЫЛДЫҢ ТАРМАҒЫ:
“Ехобаға сенім арт та, игілік жаса”
Адалдықпен атқарып жатқан қызметіңізге Ехоба әрі қарай да батасын беретініне күмәніңіз болмасын. Қосқан үлесіңіз көп болсын, аз болсын — Ехоба мұны бағалайды. Себебі ол үшін ең маңыздысы — қолыңыздағы ең жақсыны әрі дұрыс ниетпен бергеніңіз. Мұндай сыйға ол риза болып, жүзіне күлкі үйіріледі (Қор. 2-х. 9:6, 7). Ендеше, үзбей дұға етіп, Құдай Сөзін зерттеп, жан сала уағыздап, қауым кездесулерінен қалмай, сүйіспеншілігі мол Әкемізге жақындай беріңіз.
Шайтанға берілген аз уақыт аяқталып келеді. Осы аралықта ол Ехобаға мінсіздік сақтауға бекінген біздерді адалдықтан тайдыру үшін қолынан келгенді істеуге бел байлаған (Аян 12:12). Ехобаға етене жақын болыңыз, сонда Ібіліс дегеніне жете алмайды (Зәб. 16:8). Біз сіздерді өте жақсы көреміз, әрі соңғы күндері Патшалықтың мүддесін алға жылжытуда қолдау көрсетіп жатқандарыңызды қатты бағалаймыз.
Бауырластарыңыз,
Ехоба куәгерлерінің Басқарушы кеңесі