ИНДОНЕЗИЯ
Жүрегінің түгі бар ізашар
Андре Элиас
ТУҒАН ЖЫЛЫ: 1915
ШОМЫЛДЫРУ РӘСІМІНЕН ӨТКЕН ЖЫЛЫ: 1940
ҚЫСҚАША МӘЛІМЕТ: Тергеуге алынып, қоқан-лоқы көрсе де, берік болып қалған қайсар ізашар.
ЕКІНШІ дүниежүзілік соғыс уағы. Андре мен Жозефина Элиас Батыс Явадағы Сукабуми қаласындағы жапонның “Кемпейтай” әскери полициясының бас басқармасында шенеуніктердің алдында тұрды. Андре бірінші болып тергеуге алынды. Оған “Ехоба куәгерлері деген кімдер? Сендер Жапон үкіметіне қарсысыңдар ма? Сен тыңшысың ба?” деген сұрақтарды жаудырған еді.
Бұған Андре: “Біз Құдіреті шексіз Құдайдың қызметшілеріміз және жаман ештеңе істеп жүрген жоқпыз”,— деп жауап берді. Сонда аға офицер қабырғада ілініп тұрған самурай қылышын жұлып алып, оны жоғары қарай сермеп қалды.
“Дәл қазір сені өлтіре салайын ба?!”— деп айғайлады. Сонда Андре кеңседегі үстелдің үстіне басын қойып, іштей дұға етті. Ұзақ кідірістен соң, әлгі офицер қатты күліп жіберді де: “Сен батыр екенсің!”— деді. Сосын Жозефинаны шақыртты. Оның сөздері Андренікімен сай келгенде, офицер ашуға булығып: “Сендер тыңшы емессіңдер. Бұл жерден табандарыңды жалтыратыңдар!”— деп айқайлап жіберді.
Бірнеше апта өткеннен кейін Андре “жалған бауырластардың” тарапынан қараланып, түрмеге жабылды (Қор. 2-х. 11:26). Ол бірнеше ай бойы түрме камерасындағы құбырдан аққан тамақ қалдықтарын жеп, аман қалған. Түрме қызметкерлері оны мінсіздігінен тайдыра алмады. Жозефина онымен көрісуге рұқсат алғанда, Андре темір тордың артынан: “Еш қорықпа. Өлтірсе де, босатса да, Ехобаға адал болып қаламын. Мені өлік қылып алып шықса да, сатқын қылып шығара алмайды”,— деп сыбырлады.
Түрмеде алты ай отырғаннан кейін, Андренің ісі Джакартаның Жоғарғы сотында қаралды. Ол ақталып, бостандыққа шықты.
Шамамен 30 жылдан соң, Индонезия үкіметі Ехоба куәгерлерінің ісіне қайтадан тыйым салғанда, солтүстік Сулавесидің Манадо қаласындағы аудан прокуроры оны кеңсесіне шақыртып алады. Прокурор: “Сен Ехоба куәгерлерінің ісіне тыйым салынғанын білесің бе, өзі?”— деп сұрады.
“Иә”,— деп жауап берді Андре.
“Енді дініңді ауыстыруға дайынсың ба?”— деп сұрады прокурор.
Сонда Андре еңкейді де, көкірегін ұрғылап тұрып, жан даусымен: “Тіпті мына жүрегімді суырып алсаңыз да, дінімді сатуға мәжбүрлей алмайсыз”,— деді.
Прокурор Андрені жөніне жіберіп, бұдан былай мазаламайтын болды.
Андре бауырлас 2000 жылы 85 жасында көз жұмды. Ол бас-аяғы 60 жылдай жан-тәнімен ізашарлық қызмет атқарды.