10—16 ТАМЫЗ, 2026
122-ӘН Берік те мығым бол!
Сеніміңіз сынға алынғанда, Ехобаға адал болыңыз
“Ием, біз кімге бармақпыз? Мәңгілік өмірге жеткізетін сөздер сізде ғой” (ЖОХ. 6:68).
НЕГІЗГІ ОЙ
Сеніміміз сынға алынған жағдайларда Ехобаға адал болып қалу үшін не істеуіміз керектігін қарастырамыз.
1, 2. Иса Қапарнаумда тәлім беріп жатқанда қандай жағдай болды?
БІРДЕ Иса Қапарнаумда қалың жұртқа тәлім беріп жатып, былай деді: “Адам Ұлының тәнін жеп, қанын ішпесеңдер, өмірге ие болмайсыңдар. Кім менің тәнімді жеп, қанымды ішсе, мәңгілік өмірге ие болады. Мен оны ақырғы күні тірілтемін” (Жох. 6:53, 54). Бірақ Исаның бұл сөздерінен шәкірттерінің көбі шошып: “Мынау не деген сұмдық! Мұны кім тыңдап тұра алады?”— деп наразылық білдірді (Жох. 6:60).
2 Сөйтіп, олар Исадан теріс айналып, оның соңынан еруді қойды. Бұл қалай болғаны? Осыдан сәл уақыт бұрын ғана олар Исаның кереметін көріп: “Бұл, шынымен де, дүниеге келуі керек пайғамбар”,— деп тәнті болып, оған сеніп тұрған еді ғой (Жох. 6:14). Олардың бұл сенімі қайда кетті? Олар Исаның сөздерін дұрыс түсінбегендіктен, сенімдері шайқалып, оған сенуден қалды.
3. Исаның сөздерін елшілері қалай қабылдады және неге? (Суретті де қараңыз.)
3 Исаның сөздерін елшілері қалай қабылдады? Иса олардан: “Сендердің де кеткілерің келе ме?”— деп сұрағанда, Петір: “Ием, біз кімге бармақпыз? Мәңгілік өмірге жеткізетін сөздер сізде ғой. Біз сіздің Құдайдың Киелісі екендігіңізге сенеміз әрі мұны білеміз”,— деп жауап берді (Жох. 6:67—69). Петірдің жауабына қарасақ, ол Исаның тәнін жеп, қанын ішу туралы еш сөз қозғамаған. Соған қарағанда, елшілер Исаның не айтқысы келгенін толық түсінбеген болуы мүмкін. Бірақ олар сонда да Исадан теріс айналмай, оның қасында қалды. Неге олар басқалар сияқты Исаны тастап кеткен жоқ? Өйткені олардың сенімі ешкім шайқалта алмайтын бұлтартпас шындыққа негізделді: олар Исаның “Құдай жіберген Мәсіх” екеніне нық сенді (Лұқа 9:20, 35).
Шәкірттерінің көбі Исадан теріс айналып кетсе де, Петір мен қалған елшілер оның қасында қалды (3-абзацты қараңыз)
4. Қандай жағдайлар сенімімізді сынға алуы мүмкін?
4 Біз де ұйымда болып жатқан кейбір жайттарды түсіне алмай, сеніміміз сынға алынуы мүмкін. Мысалы, қандай да бір тармаққа қатысты түсінік өзгергенде не уағыздауға қатысты қандай да бір өзгерістер болғанда, бұны қабылдау қиынға соғуы мүмкін. Я болмаса басымызға қайғылы жағдай түсіп, Ехоба бұған қалай ғана жол берді деп ойлап, көңіліміз қалатын шығар. Ал қауымда бір бауырлас бізді ренжітсе не әділетсіздік танытса, бұл да сенімімізді сынға алатын жағдай. Осындай жағдайларда шәкірттері Исаны тастап кеткеніндей, біз де Ехобаны тастап кетеміз бе, әлде оған адал болып қаламыз ба?
5. Сынақтарда сеніміміз шайқалмау үшін не істеуіміз керек? Мысалмен түсіндіріңіз. (Қолостықтарға 1:23)
5 Жоғарыда айтылған жағдайлар сенімімізді шайқалтпас үшін не істеуіміз керек? Әдетте жер сілкінісі кезінде үй құламай, нық тұру үшін оның іргетасы берік болу керек. Біз де сынақтарда сеніміміз шайқалмай, Ехобаға адал болып қалу үшін, сеніміміздің іргетасын, яғни негізгі шындықтарға деген сенімімізді нығайта беруіміз керек (Қор. 1-х. 15:58; Қолостықтарға 1:23 оқыңыз).
6. Елшілер ненің арқасында Исаға адал болып қалды?
6 Елшілер де негізгі шындықтарға берік сенгеннің арқасында Исаға адал болып қалды. Олар Ехобаның Жаратушы екеніне, сондықтан оған ғана ғибадат ету керектігіне нық сенді. Иса Құдайдың Ұлы екеніне және оның айтқан сөздері мәңгілік өмірге жеткізетініне сенімді болды. Исаны Ехоба жібергеніне де олар еш күмәнданбады. Бұл мақалада біз сеніміміз сыналуы мүмкін жағдайлардың бәрін талқылап жатпаймыз. Оның орнына, сеніміміздің негізі болып табылатын үш шындыққа назар аударамыз. Сол үш шындыққа кәміл сенсек, кез келген сынақта Ехобаға адал болып қаламыз. Олар мыналар: 1) Ехоба — Жаратушы. 2) Киелі кітап — Ехобадан келген кітап. 3) Ехоба куәгерлері — Құдайдың халқы.
ЕХОБА — ЖАРАТУШЫ
7. Аян 4:11-ден Ехоба жайлы не білеміз және бұл шындық сынақ кезінде нық тұруға қалай көмектеседі?
7 Аян 4:11 оқыңыз. Бүгінде Шайтан Құдайдың бар екенін жоққа шығару үшін неше түрлі өтірік таратып жүр. Ғалымдар да тіршілік өздігінен пайда болды деген идеяны алға тартуда. Бірақ Киелі кітапта Ехоба бәрін жаратқаны анық айтылған. Сондықтан біз оған ғана ғибадат етуіміз керек. Егер біз жаратылыстарға қарап ой жүгіртіп, Ехобаның қаншалықты құдіретті екеніне көз жеткізсек, оның бізді кез келген сынақтан құтқарып алуға күші жететініне сенеміз. Ал Ехобаның бар екеніне және ол бізді жақсы көретініне нық сеніп тұрсақ, сынақ кезінде Ехоба көмекке келетініне еш күмәнданбай, оған адал болып қаламыз (Евр. 11:6).
8, 9. Ехоба Жаратушы екеніне күмәндана бастасаңыз не істеуіңіз керек? (Суретті де қараңыз.)
8 Ехоба Жаратушы екеніне күмәндана бастасаңыз, дереу әрекет етіп, тыңғылықты ізденіс жасаңыз. Біздің басылымдарымызда Жаратушы бар екенін дәлелдейтін айғақтар жетіп артылады. Мысалы, “Тіршілік өздігінен пайда болды ма?” және “Тіршіліктің бастауы. Бес маңызды сұрақ” деген кітапшалар, jw.org сайтындағы “Жаратылыс ғажайыптары” деген айдар Ехобаның Жаратушы екенін жан-жақты дәлелдейді. Сондай-ақ “Мәңгі бақи өмірдің рақатын көріңіз!” кітабының 6, 7-сабағы мен “Жаратушы бар ма? Айғақтар не дейді?” деп аталатын “Ояныңдар!” (2021 жыл, № 3) журналы да бұлтартпас айғақтарға толы. АҚШ-та тұратын Джессика деген қыз бауырлас былай дейді: “Тіршіліктің бастауы” кітапшасын оқып шыққан соң, бәрін ақылмен ойластырған Жаратушы бар екенін түсіндім. Бұны бұрын да білетінмін, бірақ ең қисынды деген өтіріктерді қалай жоққа шығарғанын көріп, Жаратушы шынымен бар екеніне одан сайын көзім жетті”. Осы айтылған мәлімет көздерін неге тағы бір оқып шықпасқа?!
9 Жеке зерттеуге уақыт бөліп, айғақтарды қарастырсаңыз, мұның көп пайдасын көресіз. Ең алдымен, Ехоба шынымен бар екеніне сеніміңіз нығаяды. Оның үстіне, Ехобаның қандай Құдай екенін көріп, оны жақынырақ тани түсесіз (Рим. 1:20). Сондай-ақ Құдай бар екеніне күмәнданып жүрген адамдарға зерттеп білгендеріңізді айтып, көздерін жеткізе аласыз. Сонымен, тоқетері: Ехобаның бар екенін дәлелдейтін айғақтардың көптігі сонша — ешкім де Құдайды біле алмадым деп ақтала алмайды!
Nebula: IAC/RGO/David Malin Images; fish and car: Mercedes-Benz USA; plane: Kristen Bartlett/University of Florida
“Тіршілік өздігінен пайда болды ма?” кітапшасын неге тағы бір оқып шықпасқа?! (8-абзацты қараңыз)
КИЕЛІ КІТАП — ЕХОБАДАН КЕЛГЕН КІТАП
10. Біз Киелі кітапты не үшін бедел тұтамыз? (Тімөтеге 2-хат 3:16, 17)
10 Тімөтеге 2-хат 3:16, 17 оқыңыз. Ехоба Киелі кітапты адамдарға арнап жаздырған. Онда тіршілік қалай пайда болды, адамның жаратылғандағы мақсаты не, Құдайға ұнамды өмір сүру жолдары қандай деген сияқты маңызды сұрақтардың жауабы бар. Біз Киелі кітаптың авторы Ехоба екеніне сенеміз, сол үшін де бұл кітапты бедел тұтамыз. Біз Киелі кітапты күнде оқып, мәнін түсінуге тырысамыз және оқып білгендерімізді өмірде қолдануға бар күшімізді саламыз.
11. Киелі кітаптың авторы Ехоба екеніне не үшін сенесіз?
11 Киелі кітаптың авторы Ехоба екеніне сенуіміз жайдан-жай емес. Бұның келелі себептері бар. Атап айтқанда: Киелі кітап тарихи тұрғыдан тура (Лұқа 3:1, 2). Ондағы табиғат әлемі туралы айтылған сөздер де дәл (Әйүп 26:7). Шайтан бұл кітапты жоюға қанша тырысқанына қарамай, ол — әлемдегі ең кең таралған кітап. Киелі кітапты 1600 жыл бойы 40 түрлі адам жазса да, бір адам жазғандай өте үйлесімді. Ондағы кеңестер де ешқашан ескірмейді, қанша заман бұрын жазылса да, адамдар оның пайдасын әлі күнге дейін көріп жүр (Нақ. с. 13:20; 15:21; Мат. 7:12). Киелі кітаптағы алдын ала айтылған пайғамбарлықтар да бірінен соң бірі орындалып жатыр (Ешуа 23:14). Киелі кітап Құдайдан екеніне бұдан артық қандай дәлел керек?!
12. Киелі кітап Құдайдан келгеніне күмәндана бастасаңыз не істеуіңіз керек?
12 Киелі кітап Құдайдан келгеніне күмәндана бастасаңыз, бұл жайлы көп дұға етіңіз. Кейін әдебиеттерімізді ақтарып, жеке зерттеу жасаңыз. Ехоба куәгерлерінің отбасында өскен Джордан деген жас бауырласымыз былай дейді: “Мен ата-анам не біреу айтты екен деп сене салмаймын. Өзімнің көзім жетсе ғана сенемін. Кейбір нәрселерге күмәнданып қалатын кездерім әлі де болады. Ондай кезде мазалаған сұрақтың жауабын таппайынша, көп зерттеп, ізденіс жасаймын”. Егер Киелі кітап Ехобадан келгеніне барынша көз жеткізе берсек, сеніміміз ешбір сынақ шайқалта алмайтындай берік болады (Қор. 1-х. 3:12, 13).
ЕХОБА КУӘГЕРЛЕРІ — ҚҰДАЙДЫҢ ХАЛҚЫ
13. Ехоба куәгерлері Құдайдың халқы екеніне күмәндана бастасаңыз не істеуіңіз керек?
13 Ехоба куәгерлері Құдайдың халқы екеніне күмәніңіз пайда болса, бұл жағдайда да дереу әрекет етіңіз. Күмәніңізді сейілту үшін мынадай сұрақтар жайлы ойланып көрсеңіз болады: Бүгінде кімдер Киелі кітаптағы талаптарға сай өмір сүруге барынша тырысып жүр? Кімдер бар ілімдерін Киелі кітапқа негіздейді? Ал Ехобаның еркін орындап жүрген кімдер? (Мат. 7:20, 21; Тім. 2-х. 4:3, 4).
14. Ехоба куәгерлері Матай 24:14-те айтылған пайғамбарлықты қалай орындап жүр?
14 Құдайдың еркіне уағыздау да жататынын ескерсек, мына сұрақ жайлы да ойланып көріңіз: Бүгінде ізгі хабарды уағыздап жүрген кімдерді білесіз? (Мат. 24:14). Бұл сұрақтың жауабы айдан анық. Әрине, бұл Ехоба куәгерлері. 240-тан астам елдер мен аумақтардың бірін қалдырмай, Құдай Патшалығы жайлы ізгі хабарды уағыздап жүрген солар ғана. Олардың бұл істі бас алмай атқарып жүргендеріне 100 жылдан асты. Осыдан-ақ көретініміздей, Ехоба куәгерлері үшін уағыздау мен тәлім беру — ең басты іс (Мат. 28:19, 20).
15. Ехоба куәгерлері Құдай есімінің киелі болуына қалай үлес қосып жүр? (Матай 6:9; Ишая 43:10)
15 Матай 6:9 және Ишая 43:10 оқыңыз. Біз Ехоба куәгерлері деп аталып, көпшілікке Құдайдың атымен танылып жүрміз және біз бұны мәртебе санаймыз. Осы дүниеде Құдайдың есімі бар екеніне мән беріп, елеп жүргендер шамалы. Ал Ехоба куәгерлері Құдайдың есіміне айрықша мән беріп, Киелі кітапта Ехоба деген есім түпнұсқадағыдай тиісті орындарында тұру үшін көп еңбектеніп жүр. Соның арқасында қазір “Киелі жазбалар. Жаңа дүние аудармасында” Құдайдың есімі 7000-нан астам рет кездеседі.
16. Ехоба куәгерлері Жохан 13:34, 35-те жазылған өсиетті қалай орындап жүр? (Суретті де қараңыз.)
16 Жохан 13:34, 35 оқыңыз. Жеккөрушілік пен алауыздық белең алған дүниеде Ехобаның тату-тәтті халқы ерекше көзге түседі. Ехоба куәгерлері түрлі-түрлі халықтан жиналса да, бір-бірімен тату, бір-бірін шын жақсы көреді. Сіз басқа елдегі не қаладағы қауымға барып көргенсіз бе? Келесі жолы басқа қауымға барғанда, бауырластардың арасындағы сүйіспеншілік пен бірлікке назар аударып көріңіз. Ехоба куәгерлері Құдайдың еркін орындап жүрген халық екеніне көз жеткізе берсеңіз, сын сағатта сеніміңіз шайқалмай, Ехобаға адал болып қаласыз.
Дүниенің түкпір-түкпіріндегі бауырластардың арасында сүйіспеншілік пен бірлік бар (16-абзацты қараңыз)a
ЕХОБАНЫ ЕШҚАШАН ТАСТАП КЕТПЕҢІЗ
17, 18. Қандай жағдайлар сенімімізді сынға алуы мүмкін және сеніміміз берік болса сол сынақтарда Ехобаға не деп айтамыз?
17 Біз ерекше қиын уақытта өмір сүріп жатқандықтан, қиындықтар ешқайсысымызды айналып өтпейді (Тім. 2-х. 3:1, 13). Бұған қоса, сенімімізді сынға алатын жағдайларға кезігуіміз мүмкін. Мысалы, ұйымдағы кейбір өзгерістерді қабылдай алмай қалатын, я болмаса бауырласымызға ренжіп, көңіліміз қалатын кездер болатын шығар. Бұл жағдайлар не үшін болып жатқанын түсінбей, қашан, қалай шешілетінін білмей, салымыз суға кетуі мүмкін.
18 Бұндай жағдайлар сенімімізді шайқалтпас үшін, Ехоба Жаратушы екеніне, Киелі кітап оның Сөзі, ал Ехоба куәгерлері оның халқы екеніне көз жеткізе беруіміз керек. Осы үш шындыққа нық сенсек, сынақ кезінде Ехобаны тастап кетуді ойламаймыз. Керісінше, Петір Исаға айтқанындай, біз де Ехобаға былай дейміз: “Біз кімге бармақпыз? Мәңгілік өмірге жеткізетін сөздер сенде ғой”.
123-ӘН Құдай орнатқан тәртіпке бағынайық
a СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Автобуста кішкентай қызымен кетіп бара жатқан әйел бауырлас қызметте жүрген бауырластарды көріп қуанып жатыр.