Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • w26 маусым 8—13 бет.
  • Бауырластармен достығыңыз үзілмесін

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • Бауырластармен достығыңыз үзілмесін
  • Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2026
  • Тақырыпшалар
  • Ұқсас мәлімет
  • ДОСТЫҚТЫ ӨМІРШЕҢ ЕТЕТІН ҚАСИЕТТЕР
  • АРАМЫЗДА ТҮСІНІСПЕУШІЛІК ТУҒАНДА
  • МІНЕЗІМІЗ ӘРТҮРЛІ БОЛҒАНДА
  • БАУЫРЛАСЫМЫЗ АУЫР ДЕРТКЕ ШАЛДЫҚҚАНДА НЕ ДЕПРЕССИЯЛЫҚ КҮЙДЕ ЖҮРГЕНДЕ
  • Сүйіспеншілік азайған дүниеде достықты сақтайық
    2009 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
  • Бір-бірімізге жақын болғанымыз қандай игі!
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2025
  • Кішіпейіл Құдайымыз Ехобаға еліктейік
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2025
  • Шешімдеріңізден Ехобаға арқа сүйейтініңіз көрінсін
    “Мәсіхшілік өміріміз бен қызметіміз” жұмыс дәптері (2023)
Көбірек мәлімет
Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2026
w26 маусым 8—13 бет.

17—23 ТАМЫЗ, 2026

90-ӘН Бір-бірімізді жігерлендірейік

Бауырластармен достығыңыз үзілмесін

“Жанашырлық, мейірімділік, кішіпейілділік, жұмсақтық, шыдамдылық сияқты қасиеттерге бөленіңдер” (ҚОЛ. 3:12).

НЕГІЗГІ ОЙ

Бауырластармен достығымыз сынға алынған жағдайларда не істеуіміз керектігін қарастырамыз.

1. Нағыз достарды қайдан тапсақ болады?

“НАҒЫЗ ДОСТАР” деп аталатын Бродкастинг әні мынадай жолдармен басталады: “Доссыз өмір жанға қаяу салар қиын қыстау күнде, Жалау болар досың болса, өмірің толар мәнге”. Өмірдің тәттісі мен ащысын бірге көретін нағыз достарды біз Құдай халқының арасынан таба аламыз (Зәб. 119:63). Ехобаға және бір-бірімізге деген сүйіспеншілік арқау болып отырған бұл достығымыз біз үшін нағыз бата!

2. Бауырластармен арадағы достығымыз қандай болу керек?

2 Бауырластар сәлеміміз түзу, ара-тұра сөйлесіп қоятын жай ғана таныстарымыз емес. Олар жанға сая, жүрекке тірек болатын ең жақын адамдарымыз. Ехоба мен Исаға деген сүйіспеншілігіміз бізді бір отбасындай біріктіріп тұр (Жох. 13:35). Бірақ бұндай тығыз қарым-қатынас өзінен-өзі қалыптаспайды. Оған қол жеткізу үшін біз барынша күш салуымыз қажет. Кемелсіз болған соң, дос болуға кедергі ететін не достығымызды сынға алатын жағдайлар болып тұрады.

3. Қандай жағдайлар достығымызды сынға алуы мүмкін?

3 Шыны керек, қызығушылығымыз бен пікіріміз ұқсап, мінезіміз жайлы болып тұрса, бір-бірімізге тартылып тұрамыз. Ал егер ойымыз бір жерден шықпай, түсініспей қалсақ, арамыз суып, бір-бірімізден алшақтап кетуіміз мүмкін. Ал мінезіміз әртүрлі екенін байқасақ, “ортақ ештеңеміз жоқ болса, несіне араласамыз” деген ой келетін шығар. Досымыз ауыр дертке шалдықса, я болмаса депрессиялық күйде жүрсе, бұл да достықты сынға алатын жағдай. Бұл мақалада біз осындай жағдайларда достарымыздан теріс айналмай, оларға адал болып қалу үшін қандай қасиеттер танытуымыз керектігін және Исадан қандай үлгі алуға болатынын қарастырамыз.

ДОСТЫҚТЫ ӨМІРШЕҢ ЕТЕТІН ҚАСИЕТТЕР

4. Бауырластармен достығымыз берік болу үшін не істеуіміз керек?

4 Бауырластармен достығымыз берік болу үшін олардың жақсы жақтарын көре білуіміз керек. Егер біз бауырластармен көбірек аралассақ, оларды жақсырақ танып, тартымды қасиеттерін байқаймыз. Елші Пауыл да кезінде бауырластармен араласуды ұнатқан. Ол Салоникадағы қауымға былай деп жазған: “Жүздеріңді көруді қатты қалағандықтан, өздеріңе бару үшін қолдан келгеннің бәрін жасадық” (Сал. 1-х. 2:17). Расында да, достарымызбен жүзбе-жүз көрісіп, араласқанға не жетсін! Уағызға шығу, қауымдар мен конгрестерге бару — бауырластарымызбен арқа-жарқа болып, достығымызды нығайтудың керемет мүмкіндігі. Бірақ бауырластармен достығымыз берік болу үшін жай көрісіп, араласу жеткіліксіз. Бұдан бөлек, біз Құдайға ұнамды қасиеттер танытуымыз керек.

5. Достық сынға алынған жағдайларда не істегеніміз маңызды? Мысал келтіріңіз. (Қолостықтарға 3:12)

5 Достық сынға алынған жағдайларда достықтың жібін үзе салмау үшін, Құдайға ұнамды қасиеттер танытқанымыз маңызды (Қолостықтарға 3:12 оқыңыз). Мысалы, велосипедтің шынжырын майлап отырмаса, шиқылдап, жүрісі қиындайды. Сол сияқты біз де достығымызды ізгі қасиеттермен майлап отырмасақ, бауырластармен тіл табысуымыз қиындап, достығымыздың шырқы бұзылады. Қазір достықты сынға алатын үш жағдайға тоқталамыз және сол жағдайларда бауырластармен арамыз алыстап кетпес үшін Исаға еліктеп, кішіпейілділік, шыдамдылық, мейірімділік пен жанашырлық қасиеттерін танытуды үйренеміз.

АРАМЫЗДА ТҮСІНІСПЕУШІЛІК ТУҒАНДА

6. Түсініспеушілік достығымызға қандай қауіп төндіруі мүмкін?

6 Достыққа төндірер қаупі. Арада түсініспеушілік туғанда екі тарап та өзінікін дұрыс деп есептеп, өз ойында тұрып алуға бейім. Мынадай жағдайды мысалға келтірейік. Екі ер бауырлас уағыздау тобымен қалай уағыздайтындарын шеше алмай, келіспей қалады. Бұндай жағдай достыққа қауіп төндіруі мүмкін. Қалайша? Егер олар көкіректікке бой алдырып, бір мәмілеге келуге тырыспай, өз дегенінде тұрып алатын болса, бір-біріне ренжіп, екі жаққа кетіп қалады. Кейін бір-бірінен қашқақтап, бірте-бірте аралары алшақтай бастайды. Осылай болмашы нәрсеге бола достықтары үзіледі.

7. Иса шәкірттеріне қандай маңызды жайтты түсіндірді?

7 Исаның кішіпейілділігінен үйреніңіз. Исаның шәкірттері араларында кім ұлы екені жөнінде көп дауласқан. Бұған тым көп мән бергендері сонша — қайта-қайта сол жайлы сөз таластыра берген. Иса олардың көзқарасын түзеу үшін, оларға өздерін кіші тұтып, өзгелерді жоғары санау керектігін айтты (Мат. 20:25—28). Ол тіпті кішіреюдің не екенін өз үлгісімен көрсетіп, құл сияқты шәкірттерінің аяғын жуып шықты (Жох. 13:3—5, 12—16). Иса шәкірттеріне мына бір маңызды жайтты түсіндіргісі келді: түсініспеушілік туғанда қарым-қатынасты бұзбай, татулық сақтаудың сыры — өзіңді кіші тұтып, өзгені жоғары санау. Расында да, өзгелердің пікіріне илігіп, бір мәмілеге келу үшін адам кішіпейіл болу керек.

8. Бауырластармен достығымыз бұзылмас үшін неге кішіпейілділік керек? (Қолостықтарға 3:13) (Суреттерді де қараңыз.)

8 Достықты сақтап қалудың жолы. Кішіпейіл болсақ, біз майда-шүйде нәрселерге мән бермей, кешіре саламыз (Қолостықтарға 3:13 оқыңыз). Келіспей қалғанда бірден ренжіп, ашуланып шықпаймыз (Зәб. 4:4). Тіпті ашуға бой алдырып, бір-бірімізге ауыр сөздер айтып қойған күнде, бәріміз де сөзден сүрінетінімізді кішіпейілділікпен мойындаймыз (Уағ. 7:21, 22). Бауырластармен араңызда түсініспеушілік туып жатса, “Мен үшін не маңызды: өзімнің дұрыстығым ба, әлде достығым ба?” деп ойланыңыз. Неге кішірейіп, досыңыздың пікірін қолдай салмасқа? Бұл өз қолыңызда ғой. Бірақ маңыздысы, кейін бұл жағдайды ойлай бермеңіз және уақыт өте оны қайтадан көтеріп жүрмеңіз. Осылай өзіңіз де жантыныштығынан айырылмайсыз, досыңызбен де сыйластығыңызды жоғалтпайсыз.

Коллаж: Жасы үлкен ер бауырлас Иса сияқты кішіпейілділік танытып жатыр. 1. Иса шәкірттерінің аяғын жуып жатыр. 2. Жас ер бауырлас картадан қауымның учаскелерін көрсетіп, өз ұсынысын айтып жатыр. Ал жасы үлкен ер бауырлас оның ұсынысын аса ұнатып тұрған жоқ. 3. Кейін екеуі учаскеде мәз-мейрам болып уағыздап жүр.

Кішіпейіл болсақ, майда-шүйде нәрселерге мән бермейміз және ренжуге асықпай, кешірімді боламыз (8-абзацты қараңыз)a


9. Шиеленіскен жағдайларды шешуге кішіпейілділік қасиеті қалай көмектеседі? (Нақыл сөздер 17:9)

9 Кішіпейілділік болса, тіпті шиеленісіп кеткен жағдайларды да шешуге болады. Қаншама бауырлас жай ғана мәселенің басын ашып сөйлескеннің арқасында небір қиын жағдайлардың күрмеуін шешіп жүр (Зәб. 34:14). Сіз де бауырласыңызбен сөйлесіп көрсеңіз болады. Бірақ өз дұрыстығыңызды дәлелдеуге тырысып, сөз таластырмаңыз. Қалай болса да бауырласыммен достығымды сақтауым керек деп бел буыңыз (Нақыл сөздер 17:9 оқыңыз; Қор. 1-х. 6:7). Қаласаңыз, “Екеуміз қанша жылдан бері доспыз ғой. Сөйлесіп көрейікші” деп бастап көріңіз. Өзіңізден де қателік кеткенін және бұл оған қаншалықты ауыр тигенін түсінетініңізді айтып, кешірім сұраңыз. Ал егер бауырласыңыз сізден кешірім сұраса, кішірейіп, шын көңілмен кешіріңіз (Лұқа 17:3, 4). Қандай қиын жағдай болса да, кінәліні табуды емес, досыңыздан айырылып қалмауды ойлаңыз (Нақ. с. 18:24).

МІНЕЗІМІЗ ӘРТҮРЛІ БОЛҒАНДА

10. Бауырластармен достығымызды тағы не нәрсе сынға алуы мүмкін?

10 Достыққа төндірер қаупі. Мінезіміздің әртүрлі болғаны да бауырластармен достығымызды сынға алуы мүмкін. Кейде бізге біреулердің қандай да бір әрекеті не қылығы жай ғана ұнамайды. Ал біреулер өзін қай жерде қалай ұстау керектігін білмей, біртүрлі мінез танытуы мүмкін. Бұған кейде бастан өткен ауыр жағдайлар себеп болса, кейде тым тұйық не тым эмоционалды ортада қалыптасқаны себеп болады. Ал кейде мінезіміз жер мен көктей болуы мүмкін: біз ашық-жарқын болсақ, біреулер ұялшақ болады немесе керісінше.

11. Иса мен шәкірттерінің көзқарастары екі бөлек болса да, неге араларындағы достыққа еш сызат түспеді?

11 Исаның шыдамдылығынан үйреніңіз. Исаның да, оның шәкірттерінің де мінездері әртүрлі болған. Жақып пен Жоханды алсақ, олардың бойында менмендік бар екені байқалып қалған кездер болды. Бірде олар басқалардан жоғары болғысы келіп, Патшалықтағы ең мәртебелі орындарды дәметті (Мар. 10:35—37). Ал Иса, керісінше, кішіпейіл болды. Ол көктегі жоғары дәрежесінен өз еркімен бас тартып, құлдың кейпінде жерге келді (Філіп. 2:5—8). Иса мен оның шәкірттерінің көзқарасы екі бөлек болса да, араларындағы достыққа еш сызат түспеді. Бұл Исаның шыдамдылық танытқанының арқасы еді.

12. Иса ненің арқасында шыдамды бола білді?

12 Жақып пен Жохан танытқан бәсекелестік рух басқа шәкірттерде де болды (Мар. 9:34). Бұның себебі — олар билік пен дәрежеге тым көп мән беретін ортада туып-өскен еді. Исаның өзі де сол ортада өмір сүргендіктен, шәкірттерінің жағдайын жақсы түсінді. Қандарына әбден сіңіп қалған мінезден бір күнде арылу мүмкін емес екенін Иса білді. Сондықтан ол тым талапшыл болмай, шәкірттеріне шыдаммен қарады (Мар. 10:42—45).

13. Бауырластармен достығымыз бұзылмас үшін неге шыдамдылық қажет? (Ефестіктерге 4:2)

13 Достықты сақтап қалудың жолы. Бойымызда шыдамдылық қасиеті болса, біреулердің ашуымызға тиетін қылығын сабырлықпен көтереміз (Нақ. с. 14:29). Әр адамның өзіне ғана тән болмысы, ерекшелігі болады. Сондықтан адамдардың ерекшелігін кемшілік деп қарастырмағанымыз жөн. Бәріне бірдей жағу мүмкін емес екенін ескерсек, бізге де шыдап жүргендер бар (Ефестіктерге 4:2 оқыңыз). Олай болса, әр адамға өз болмысымен өмір сүруге ерік берейік. Көп сөйлемейтін, ұяң адамға сөз бастап, адамдармен араласу оңай емес. Ол сөйлеп жатса, шыдамсызданбай, ден қойып тыңдайық. Ал адам сөйлеп қалған, тынымсыз болса, оны да қабылдай білейік. Әрине, әр бауырласпен жақын дос болу мүмкін емес. Бірақ әр бауырластың тілін тауып, сыйластықпен қызметтесуге болады.

14. Шыдамдылық қасиетін танытсақ, не нәрсеге көбірек мән береміз?

14 Шыдамдылық қасиетін танытсақ, бауырластарды қалай бар солай қабылдап, олардың жақсы жақтарына көбірек мән береміз. Ондай кезде болмысымыздың әртүрлілігі дос болуға кедергі болып көрінбейді. Иса да Жақып пен Жоханның жақсы жақтарын көрген. Олар өзгелерден жоғары болғысы келіп менмендік танытса да, Патшалықтың келетініне нық сенген еді. Иса олардың сенімдері мықты екенін көріп, риза болды. Біз де бауырластардың жақсы жақтарын байқауға тырыссақ, Исаға ғана емес, Ехобаға да еліктейміз.

15. Бауырластармен арамызда мызғымас достық болу үшін кімнің көмегіне жүгінуіміз керек?

15 Бәрінен бұрын, Ехобадан көмек сұрап, дұға етіңіз. Қандай да бір бауырластың мінезін жақтырмасаңыз, қандай жағдайлар қитығыңызға тиюі мүмкін екенін алдын ала ойланыңыз. Кейін сол жағдайларда сабыр етуге көмектесуін сұрап, Ехобаға дұға етіңіз. Ол Жаратушымыз болғандықтан, әрқайсысымыздың әртүрлі екенімізді біледі, бұл кейде түсініспеушіліктерге себеп болып жататынын да жақсы түсінеді. Сіздің де болмысыңыз бен ерекшеліктеріңіз Ехобаға мәлім. Сондықтан бауырластармен тіл табысу үшін не істегеніңіз дұрыс болатынын Ехоба жақсы біледі және ол сізге жол көрсетіп, көмектесуге әрқашан дайын. Ал шыдамыңыз таусылып бара жатқан кездері бауырласыңыздың көңіліне тиетіндей бірдеңе айтып не істеп қоймас үшін, Ехобадан киелі рух сұраңыз. Сонда ол сізге ұстамдылық танытуға көмектеседі (Лұқа 11:13; Ғал. 5:22, 23).

БАУЫРЛАСЫМЫЗ АУЫР ДЕРТКЕ ШАЛДЫҚҚАНДА НЕ ДЕПРЕССИЯЛЫҚ КҮЙДЕ ЖҮРГЕНДЕ

16. Қандай жағдайда бауырластармен дос болу қиынға соғуы мүмкін?

16 Достыққа төндірер қаупі. Арамызда ауыр дертке шалдыққан я депрессиялық күйде жүрген бауырластар болуы мүмкін. Әдетте бұндай күйде жүрген адам кей күндері ешкімді көргісі келмейді, ешкіммен сөйлескісі келмейді, тез ренжігіш, ашуланшақ болады, тіпті кейде не күтеріңді білмей қалуың мүмкін. Мұндай адамның әрекеттері бірде ашуыңа тисе, бірде көңіліңе тиетін шығар (Әйүп 6:2, 3). Кейде өзіміз де бауырластардың жағдайын толық білмегендіктен, тым талапшыл болып, олардан шамалары жетпейтін нәрсені күтуіміз мүмкін.

17. Иса Бартімейге қалай қарады және сіз бұдан не түйдіңіз?

17 Исаның мейірімділігі мен жанашырлығынан үйреніңіз. Иса халі мүшкіл адамды көрсе, тіпті оны танымаса да, іші-бауыры езіліп, жаны ашып тұрған. Бірде Бартімей деген соқыр кісі қасынан Исаның өтіп бара жатқанын естіп, жан даусымен айғайлай бастады. Қасындағылар оған ұрсып, үндемеуді бұйырды. Бірақ ол одан сайын айғайлай түсті. Жұрт оның қатты сауыққысы келіп тұрғанын көрсе де, айғайлағанын жақтырмай, мазалары қашты. Ал Иса Бартімейді көргенде, жүрегі шыдамай, оны “аяп кетті” (Мат. 20:34; Мар. 10:46—52). Иса оған мейіріммен сөйлеп, сенімі үшін мақтады. Кейін сол жерде керемет жасап, көзін көретін қылды.

18. Қиналып жүрген бауырластарға қалай қарауымыз керек? (Салоникалықтарға 1-хат 5:14)

18 Достықты сақтап қалудың жолы. Біз бауырластарға көбірек мейірімділік пен жанашырлық танытуға ұмтылуымыз керек. Сонда ауыр дертке шалдыққан я депрессиялық күйде жүрген бауырластарымызды жұбатуға асық боламыз (Салоникалықтарға 1-хат 5:14 оқыңыз). Нағыз дос бауырын “қиын шақта” ешқашан жалғыз тастап кетпейді (Нақ. с. 17:17). Біз де нағыз дос болып, бауырласымыз қиналғанда жанашырлық танытып, қолдан келгенше көмек көрсетейік. Мұқтаж кезінде қасынан табылып, жабырқаулы көңілін орнықтыруға тырысайық, жігерлі сөздермен рухын көтерейік, іс жүзінде де көмегімізді аямайық.

19. Бауырластарымызға мейірімділік пен жанашырлық танытудың қандай жолдары бар? (Суреттерді де қараңыз.)

19 Біз бауырластарды ауруынан сауықтырып, жан-жарасынан айықтыра алмаймыз. Бірақ олардың жанын түсінуге тырысып, мейірімділік пен жанашырлық таныту қолымыздан келеді (Мат. 7:12; Пет. 1-х. 3:8). Бұны қалай істесек болады? Бауырласыңыз мұңын шағып, не күй кешіп жүргенін айтып жатқанда, мұқият тыңдаңыз. Орайы келіп тұрса, орынды болатын сөздер айтып, жұбатып көріңіз (Нақ. с. 12:25). Оның жағдайын толық түсініп тұрмын деп ойлап, қате тұжырым жасап қоюдан абай болыңыз (Нақ. с. 18:13). Бауырласыңызға барынша шыдаммен қарап, одан шамасы жетпейтін нәрсені күтпеңіз (Ефес. 4:32).

Коллаж: Бір әйел бауырлас құрбысын жұбатып отыр. 1. Мұңын шағып, көз жасын төгіп отырған құрбысын әйел бауырлас мұқият тыңдап отыр. 2. Басқа күні ол құрбысына өзі пісірген тәттілерін беріп жатыр.

Нағыз достар мейірімділік пен жанашырлық танытып, қиын шақта бір-бірінің қасынан табылады (19-абзацты қараңыз)


20. Сіз қандай дос болғыңыз келеді?

20 Кемелсіз болған соң, кейде мінезімізді игере алмай, ағат кетіп жатамыз. Өмірде кешкен ауыр жағдайлар да болмысымызға өз таңбасын салған. Кем-кетігімізді көріп тұрса да, бізден теріс айналмай, қасымыздан табылып жүрген адал достарымыздың барына ризамыз. Олай болса, өзіміз де кішіпейілділік, шыдамдылық, мейірімділік пен жанашырлық танытып, достарымызға адал болайық.

. . .ДОСТЫҒЫМЫЗДЫ СЫНҒА АЛҒАНДА НЕ ІСТЕСЕК БОЛАДЫ?

  • Арадағы түсініспеушіліктер

  • Мінезіміздің әртүрлі болғаны

  • Бауырласымыздың ауыр дертке шалдыққаны не депрессиялық күйде жүргені

124-ӘН Әрдайым адалдық танытайық

a СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Екі ер бауырлас қауымның учаскелеріне қатысты екі түрлі пікір айтып жатыр. Бірақ кейін екеуі учаскеде мәз-мейрам болып уағыздап жүр.

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу