Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • w26 қаңтар 8—13 бет.
  • Жабырқау көңіліңізге Ехоба демеу болсын!

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • Жабырқау көңіліңізге Ехоба демеу болсын!
  • Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2026
  • Тақырыпшалар
  • Ұқсас мәлімет
  • ПАУЫЛДЫ ЖАБЫРҚАУ КҮЙГЕ ТҮСІРГЕН НЕ?
  • ПАУЫЛҒА МҰҢҒА БАТЫП КЕТПЕУГЕ НЕ КӨМЕКТЕСТІ?
  • ЖАБЫРҚАУ КҮЙГЕ ТҮСІП ЖАТСАҚ, НЕ ІСТЕУІМІЗ КЕРЕК?
  • БІЗДІҢ БҮГІНІМІЗ БЕН БОЛАШАҒЫМЫЗ ЖАРҚЫН!
  • Қызметіңізді қуанышпен атқарыңыз
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2024
  • Беймәлім жайттарға келгенде, қарапайым болайық
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2025
  • Ехоба “жүрегі жаралы жандарды сауықтырады”
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2024
  • Шешімдеріңізден Ехобаға арқа сүйейтініңіз көрінсін
    “Мәсіхшілік өміріміз бен қызметіміз” жұмыс дәптері (2023)
Көбірек мәлімет
Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2026
w26 қаңтар 8—13 бет.

9—15 НАУРЫЗ, 2026

45-ӘН Жүрек толғанысы

Жабырқау көңіліңізге Ехоба демеу болсын

“Сорлы басым-ай!” (РИМ. 7:24).

НЕГІЗГІ ОЙ

Көңіліміз жабырқау тартып, жағымсыз ойлар мазалағанда не істеуге болатынын қарастырамыз.

1, 2. Елші Пауыл ара-тұра қандай күй кешкен және Пауылдың өзі жайлы айтқан сөздерінің біз үшін қандай мәні бар? (Римдіктерге 7:21—24)

СІЗ елші Пауылды қандай адам деп білесіз? Бәлкім, талай жерді аралап, табанын тоздырған миссионер, сөздің майын тамызатын шебер тәлімгер, қаламынан талай кітап туған Киелі кітап жазушысы деп білерсіз. Бәріміз қайсар мінезді деп танитын елші Пауыл да біз сияқты кәдімгі адам болған. Ол да өміріндегі көңіл күрсіндіретін жағдайлардан кейде жабырқау күйге түскен.

2 Римдіктерге 7:21—24 оқыңыз. Елші Пауыл римдіктерге жазған хатында көбімізге таныс ішкі арпалысты жақсы сипаттаған. Ол Құдайға ұнайтын дұрыс нәрсені жасағысы келсе де, кемелсіздік аяқтан шалып тұратынын айтқан. Бұдан бөлек, Пауыл бұрынғы қателіктерін ойлап қынжылған. Басына түскен қиындықтары да жанына батып, еңсесін түсірген.

3. Бұл мақалада не қарастырамыз? (“Сөз мәнін” де қараңыз.)

3 Пауыл кейде жабырқау күйгеa түссе де, жағымсыз ойлардың жетегінде кетіп, мұңға батып кетпеді. Бұл мақалада біз келесі үш сұрақтың жауабын аламыз. Пауылды жабырқау күйге түсірген не? Оған мұңға батып кетпеуге не көмектесті? Біз де кейде қамығып, жабырқау күйге түсіп жатсақ, не істеуіміз керек?

ПАУЫЛДЫ ЖАБЫРҚАУ КҮЙГЕ ТҮСІРГЕН НЕ?

4. Пауылды жабырқау күйге түсірген бір жайт қандай?

4 Бұрын жасаған қателіктері. Мәсіхші болмай тұрып Пауыл көп жамандық жасады. Мысалы, адамдар Исаның шәкірті Степанды таспен атқылап өлтіргенде, ол мұны дұрыс көріп, құптаған (Ел. іс. 7:58; 8:1). Сондай-ақ ол мәсіхшілердің ізіне түсіп, оларды аяусыз қуғындаған (Ел. іс. 8:3; 26:9—11).

5. Пауыл бұрынғы қателіктерін ойлап, қандай күй кешкен?

5 Мәсіхші болғаннан кейін елші Пауыл бұрынғы қателіктерін өкінішпен еске алып отырған. Арада қанша жыл өтсе де, ол бұрын мәсіхшілерді аяусыз қуғындағаны үшін көңілі жабырқап, қынжылса керек. Мысалы, б. з. 55 жылы Қорынттықтарға арналған 1-хатын жазғанда, ол: “Мен. . . елші деп аталуға да тұрмаймын, себебі Құдай қауымын қудаладым”,— деген (Қор. 1-х. 15:9). Ал бес жылдан кейін ефестіктерге жазған хатында да ол өзі жайлы: “Күллі қасиеттілердің арасындағы ең кішісінен де кішімін”,— деген (Ефес. 3:8). Тімөтеге арнап жазған хатында ол кезінде өзінің “Құдайға тіл тигізуші, қудалаушы, арсыз болғанын” тағы бір еске алды (Тім. 1-х. 1:13). Осындай мазасыз ойларды арқалаған Пауыл өзі қудалаған бауырластарды не олардың туыстарын қауымда көргенде не күй кешкенін бір сәтке елестетіп көріңізші.

6. Пауыл тағы неден қиналған? (Сілтемені де қараңыз.)

6 Тәніне қадалып тұрған тікен. Пауыл жанына батқан бір қиындығын “тәніне қадалып тұратын тікенге” теңеген (Қор. 2-х. 12:7). Бұл тән азабы болды ма, жан азабы болды ма — белгісіз, өйткені Пауыл оның не екенін нақты айтпаған. Бірақ тікенге теңегеніне қарағанда, бұл қиындығы жанына қатты батқанb.

7. Елші Пауыл немен күрескен? (Римдіктерге 7:18, 19)

7 Кемелсіздігі. Пауыл қателік жасап қойған кездері де шарасыз күй кешіп, көңілі түскен (Римдіктерге 7:18, 19 оқыңыз). Ол дұрыс нәрсені жасағысы келсе де, кемелсіздік аяқтан шалып, жамандық жасауға итермелеп тұратынын айтқан. Кемелсіздік барда бұл арпалыс ешқашан тоқтамайтынын Пауыл жақсы түсінген. Сонда да ол кемелсіздігімен күресіп, дұрыс нәрсені жасауға талпына берген (Қор. 1-х. 9:27). Жақсылық жасаймын деп сонша ниеттенсе де, жамандыққа бой алдырып қоя бергені Пауылға қаншалықты ауыр тиген десеңізші!

ПАУЫЛҒА МҰҢҒА БАТЫП КЕТПЕУГЕ НЕ КӨМЕКТЕСТІ?

8. Пауылдың хаттарынан нені аңғаруға болады?

8 Пауылдың хаттарынан байқасақ, ол күнәға деген бейімділікті Құдай рухының көмегімен жеңуге болатынын түсінген (Рим. 8:13; Ғал. 5:16, 17). Ол хаттарында мәсіхшілер Құдайға ұнамды болу үшін қандай істерден аулақ болу керектігін жиі айтқан (Ғал. 5:19—21, 26). Соған қарап, Пауыл өзінің кемшіліктері жайлы ойланғанын, Жазбалардан көп ізденгенін және кемелсіздікпен күресу үшін нақты не істеу керектігі жайлы ой жүгірткенін байқауға болады. Хаттарында жазып кеткен сөздердің пайдасын Пауыл өзі де көргенінде еш күмән жоқ.

9, 10. Пауылға мұңға батып кетпеуге не көмектесті? (Ефестіктерге 1:7) (Суретті де қараңыз.)

9 Кейде көңілі жабырқау тартса да, Пауыл өмірінің жақсы тұстарын көріп, қуана білген. Мұны да оның хаттарынан байқауға болады. Мысалы, ол бауырластарынан жақсы хабар алғанда қатты қуанған (Қор. 2-х. 7:6, 7). Бауырластарымен араласып, содан көп қуаныш алған (Тім. 2-х. 1:4). Ехобаның ықыласына және таза ар-ұжданға ие болғаны да көңілін жылытқан (Тім. 2-х. 1:3). Римде түрмеде отырғанда да Пауыл еш мойымаған, керісінше, бауырластарын “Иемізге қуаныңдар!” деп шақырған (Філіп. 4:4). Осы сөздерге қарасаң, Пауыл жабырқау күй кешкен дегенге сену қиын. Оның жағымсыз ойларды бірден тыйып, көңілін жақсы ойларға бұра білгені анық.

10 Пауылдың мұңға батып кетпегенінің тағы бір себебі — ол төлем құрбандығын есте ұстады. Пауыл төлемді жеке өзіне берілген сый деп білді (Ғал. 2:20; Ефестіктерге 1:7 оқыңыз). Осыған нық сенгендіктен, Ехоба Иса Мәсіх арқылы күнәларын кешіретініне еш күмәні болмады (Рим. 7:24, 25). Соның арқасында Пауыл бұрынғы қателіктеріне де, кемелсіздігіне де қарамай, “Құдайға қасиетті қызметін” қуанышпен атқара берді (Евр. 9:12—14).

Коллаж: 1. Терең ойға шомып отырған елші Пауыл. 2. Пауыл бұрын мәсіхшілерді қудалаған кезін еске алып отыр. Пауыл қатаң бұйрық беріп тұр, ал бір кісі оның бұйрығын орындап, мәсіхшіні үйінен сүйреп шығарып жатыр. 3. Пауыл төлем жайлы ой жүгіртіп отыр. Ол Исаның бағанада шегеленіп тұрғанын елестетіп жатыр.

Пауыл бұрынғы қателіктері есіне түсіп, жабырқау күй кешкенде, төлем жайлы ой жүгірткен (9, 10-абзацты қараңыз)


11. Пауылдың жағдайы неге бізге жігер береді?

11 Пауыл сияқты біз де ішкі арпалыстың не екенін жақсы түсінеміз. Ехобаға ұнамайтын нәрселерді жасап қоймайын, айтып қоймайын, ойлап қоймайын деп, көп күресеміз. Кейде тіпті Пауыл сияқты “сорлы басым-ай” деп те қалатын шығармыз. Элизаc деген жасы жиырмадан асқан бір бауырлас былай дейді: “Пауылдың жағдайын ойласам, жағымсыз сезімдермен күресіп жүрген мен ғана емес екенімді түсініп, жігерленіп қаламын. Пауылдың жағдайы Ехоба өз қызметшілерінің не күй кешіп жүргенін жақсы білетінін есіме салады”. Пауыл сияқты біз де көңіліміздің жабырқағанына қарамастан, Ехобаға таза ар-ұжданмен және қуанышпен қызмет ете аламыз. Қазір ол үшін не істеу керектігін қарастырайық.

ЖАБЫРҚАУ КҮЙГЕ ТҮСІП ЖАТСАҚ, НЕ ІСТЕУІМІЗ КЕРЕК?

12. Рухани кестені ұстану жабырқау күйден арылуға қалай көмектеседі?

12 Рухани кестені ұстану. Рухани кестемізді берік ұстанатын болсақ, жағдайға оң көзбен қарап, жабырқау күйден арылу оңайырақ болады. Мысалы, уақытылы тамақтанып, жүйелі түрде жаттығу жасап, жеткілікті ұйықтап жүрген адамның дені сау болатынындай, рухани істерден нәр алып жүрген адамның жаны сау болады. Егер біз Киелі кітап оқу, қауымға бару, алдын ала дайындалу, түсініктеме беру, уағызға шығу сияқты рухани істермен айналысып жүрсек, жанды жабырқататын жағымсыз ойларға тойтарыс бере аламыз (Рим. 12:11, 12).

13, 14. Кейбір бауырластар ештеңеге қарамай рухани кестені ұстана бергеннің қандай пайдасын көрген?

13 Джон деген ер бауырластың жағдайын алайық. Ол 39 жасында екінің бірі шалдыға бермейтін қатерлі ісікпен ауырған. Ол “мен әлі тым жаспын ғой” деп, еш сене алмаған. Оның үстіне, ол кезде ұлы небәрі үш-ақ жаста болатын. Бауырласымызға осындай ауыр сәтте мұңға батып кетпеуге не көмектесті? Ол былай дейді: “Әлім құрып, әрең жүрсем де, рухани кестені ұстануға тырыстым. Біз отбасымызбен ешбір қауымды қалдырмадық, апта сайын қызметке шығып тұрдық. Кейде уақыт табу қиын болса да, отбасылық ғибадатты үзбей өтіп жүрдік”. Өмірінің сол кезеңін еске алып, Джон бауырлас тағы былай дейді: “Басында не істеріңді білмей есеңгіреп, неше түрлі жаман ойлар келеді. Бірақ көп ұзамай-ақ Ехобаның күш беріп жатқанын, сені қаншалықты жақсы көретінін сезе бастайсың. Өз басымнан өткен соң, сеніммен айта аламын: Ехоба қиын сәтте күш-қуат беріп, барынша демейді”.

14 Жоғарыда айтылған Элиза бауырлас болса былай дейді: “Әр қауымнан кейін, әр жеке зерттеуден кейін бір нәрсеге нақ көзім жетеді: Ехоба дұғаларымды тыңдайды және мені жақсы көреді. Соны түсінгенде, жаным жайланып, жақсы болып қаламын”. Ал Африкада аудандық бақылаушы болып қызмет ететін Нолан бауырлас былай дейді: “Әйелім Дайан екеуіміз көңіліміз түсіп, мазамыз болмай тұрса да, рухани істерді атқара береміз. Рухани істерден кейін бәріне оң көзбен қарап, кәдімгідей жақсы болып қаласың. Таңғаларлығы бұл үнемі солай. Біз Ехоба ешқашан қалдырмайтынын, қалай екені белгісіз, бірақ міндетті түрде көмектесетінін естен шығармауға тырысамыз”.

15. Жабырқау күйден арылу үшін тағы не істеу қажет болуы мүмкін? Мысал келтіріңіз.

15 Жабырқау күйден арылу үшін Киелі кітап оқу, қауымға барып-келу кейде жеткіліксіз болуы мүмкін. Мысалы, арқаңыз қоймай ауырып жүрсе, уқалап қана қою көмектеспеуі мүмкін. Ондай кезде аурудың себебін анықтау үшін ізденіп көру не дәрігерге бару қажет болатын шығар. Тура солай, көңіліміз жабырқап жүрсе, неге сондай күй кешіп жүргенімізді түсіну үшін Киелі кітап пен әдебиеттерімізден қосымша ізденіс жасау қажет болар, кейде тіпті толысқан бауырласпен ақылдасып көрген жөн болар. Осы орайда пайдалы болатын бір-екі кеңесті қарастырып көрейік.

16. Жабырқау күйіңіздің себебін түсіну үшін не істесеңіз болады? (Зәбүр 139:1—4, 23, 24)

16 Ехобаға дұға етіп, себебін анықтауға тырысыңыз. Дәуіт патша ішкі күйін Ехобадан артық ешкім білмейтінін жақсы түсінген. Сондықтан ол Ехобадан: “Мені тексеріп, мазалайтын ойларымды білші”,— деп сұраған (Зәбүр 139:1—4, 23, 24 оқыңыз). Сіз де Ехобаға дұға етіп, “көңілім не үшін жабырқайтынын түсінуге көмектесші, оны қалай жеңсем болады, соны көрсетші” деп сұрасаңыз болады. Сондай-ақ мынадай сұрақтарға жауап беріп көріңіз: Мен көбіне қай кезде жаман болып қаламын? Мұның түпкі себебі неде болуы мүмкін? Жағымсыз ойлар келгенде, соларды ойлап жүре беремін бе, әлде арылуға тырысамын ба?

17. Жағымсыз ойларға бой алдырмас үшін, жеке зерттеу кезінде қандай мақалаларды оқысаңыз болады? (Суретті де қараңыз.)

17 Өзіңізге көмек болатын мақалаларды оқып-зерттеңіз. Бәлкім, ара-тұра Ехобаның қасиеттері жайлы зерттеп көрерсіз. Кезінде елші Пауылға да төлем құрбандығы мен Ехобаның кешірімі жайлы ой жүгірткені мойымауға көп көмектескен. “Ехоба куәгерлерінің ізденіс құралы”, “Мәсіхшілік өмірде қажет тармақтар” деген сияқты құралдарды пайдаланып, Ехобаның мейірімділігі, кешірімі, айнымас сүйіспеншілігі жайлы мақалаларды зерттеп көріңіз. Дәл маған керек екен деген мақалалардың тізімін жасап, оңай таба алатындай жерге сақтап қойыңыз. Кейін көңіліңіз түсіп, жағымсыз ойлар мазалап жатса, сол тізімдегі мақалаларды оқып-зерттеңіз. Оқып-білгендеріңіздің пайдасын көру үшін, оларды өз жағдайыңызға қатыстырып, өмірде қолдануға тырысыңыз (Філіп. 4:8).

Жас ер бауырлас жеке зерттеу жасап отыр. Алдында Киелі кітабы, ноутбугі, блокноты бар. Ол Киелі кітабына бір нәрсе жазып жатыр.

Жағымсыз ойларды жеңуге көмектесетін мақалаларды оқып-зерттеңіз (17-абзацты қараңыз)


18. Кейбір бауырластар қандай тақырыптарды зерттеуді жөн көрген?

18 Жоғарыда айтылған Элиза бауырлас жеке зерттеуінде Әйүптің жағдайын қарастырған екен. Ол былай дейді: “Мен өзімді қатты Әйүпке ұқсатамын. Үсті-үстіне қабаттасып, Әйүптің басына қаншама қиындық түсті. Бұндай жағдайға не үшін тап болғанын түсінбесе де, жаны азапқа түсіп, қиналып кетсе де, ол Ехобаға сенім артуды доғармады”. Ал жоғарыда айтылған Ноланның әйелі Дайан былай дейді: “Нолан екеуміз қазір “Ехобаға жақында” кітабын зерттеп жатырмыз. Құмырашы сияқты Ехоба бізді қалыптастырып жатқаны жанымызға жұбаныш сыйлайды. Қателік жасап қойған кездері, қателігімізді емес, Ехоба бізді әлі қалыптастырып, жақсартып жатқаны жайлы ойлауға тырысамыз. Бұл ой, расында да, бізді Ехобаға жақындатып жатыр” (Ишая 64:8).

БІЗДІҢ БҮГІНІМІЗ БЕН БОЛАШАҒЫМЫЗ ЖАРҚЫН!

19. Жабырқау күйден біржола арылу мүмкін бе және біз не нәрсеге сенімді болсақ болады?

19 Осы мақаладағы кеңестердің бәрін іске асырған күнде де, жабырқау күйден, жағымсыз ойлардан біржола арыла алмаймыз. Көңіліміз құлазып, мұңаятын күндер әлі болады. Бірақ сондай күндері Ехобаның көмегімен жағымсыз ойларды тыйып, еңсемізді көтере аламыз. Мынаған сенімді болайық: Ехобамен достығымыз барда қуанышпен өтетін күндеріміз әлдеқайда көп болады. Өйткені таза ар-ұжданмен өмір сүру және Құдайдың ықыласына ие екеніңді білу — үлкен бақыт!

20. Біз не нәрсеге жол бермеуіміз керек?

20 Бұрынғы қателіктеріміз, қазіргі қиындықтарымыз, аяқтан шалатын кемелсіздігіміз бізді жабырқау күйге түсіріп, жағымсыз ойлар ой-санамызды билеп алып жүрмесін. Бұған жол бермес үшін, барымызды салып күресе берейік. Ехоба бізге жағымсыз ойларды тыйып, ауыздықтап отыруға көмектеседі (Зәб. 143:10). Алда бізді қандай күндер күтіп тұрғанын естен шығармайық. Жаңа дүниеде ештеңе көңілімізге қаяу түсірмейді, ештеңе тынышымызды ұрламайды. Арайлап атқан әрбір таңды жабырқап емес, жадырап қарсы алатын боламыз. Ехобаға бар жүрегімізбен қызмет етіп, өмірдің тек рақатын көреміз!

ҚАЛАЙ ЖАУАП БЕРЕР ЕДІҢІЗ?

  • Пауылды жабырқау күйге түсірген не?

  • Пауылға мұңға батып кетпеуге не көмектесті?

  • Жабырқау күйге түсіп жатсақ, не істеуіміз керек?

34-ӘН Мінсіздік жолымен жүру

a СӨЗ МӘНІ: Бұл мақаладағы “жабырқау күй” деген тіркес құбылмалы көңіл күйге, яғни адамның ара-тұра мұңайып не уайымдап жүруіне қатысты айтылған. Бұл тіркес күйзелісте жүрген әрі дәрігердің көмегі қажет адамдарға қатысты емес.

b Пауылдың көзі нашар көрген болуы мүмкін. Сондықтан ол қауымдарға хат жазғанда, қызметін атқарғанда қиналса керек (Ғал. 4:15; 6:11). Я болмаса жалған ұстаздардың сөздері Пауылды уайымға салған болуы мүмкін (Қор. 2-х. 10:10; 11:5, 13). Қандай болған күнде де, Пауылдың көңілін мазалап жүрген бір жағдай болған.

c Кейбір есімдер өзгертілген.

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу