Оқырман сауалдары
Нақыл сөздер 30:18, 19-дағы “қыз көңілін тапқан еркектің жолына” “ақылым жетпейді” деген сөздер нені білдіреді?
Бұл сұрақ қарапайым адамдарды ғана емес, ғалымдардың өзін де қызықтырады. Нақыл сөздер 30:18, 19-да былай делінген: “Ақылым жетпейтін [сілтемеде “мені таң-тамаша қалдыратын”] үш нәрсе, Түсінігім жетпейтін төрт нәрсе бар: Көкте самғаған бүркіттің жолы, Жартаста өрмелеген жыланның жолы, Ашық теңізде жүзген кеменің жолы, Қыз көңілін тапқан еркектің жолы”.
30-тараудың мәнмәтінін қарасақ, 15, 16-тармақтарда ешқашан “жеткілікті” демейтін жаман нәрселер туралы айтылған. Ал 20-тармақта “еш жамандық істемедім” дейтін азғын әйел туралы сөз етіледі. Осыларды ескере келе, “қыз көңілін тапқан еркектің жолы” деген сөздердің де мағынасы жағымсыз деп ойладық. Көкте самғаған бүркіттің, жартаста өрмелеген жыланның, ашық теңізде жүзген кеменің жолында ешқандай із қалмайтынындай, еркек те ізін жасырады деп тұжырымдадық. Осы тұжырымға сүйеніп, 18, 19-тармақтарда еркектің аңқау қызды алдап-сулап, арам ойын іске асыратыны жайлы айтылып тұр деп пайымдадық.
Бірақ бұл сөздердің астарында жағымсыз ештеңе жоқ сияқты. Бұл тарауды жазған адам жай ғана өзінің таңғалысын білдірсе керек.
Бұл тұжырымды көне еврей қолжазбалары растайды. Еврей жазбаларын түсіндіретін бір сөздікте айтылғандай, Нақыл сөздер 30:18-дегі “ақылым жетпейді” деп аударылған еврей сөзі мүмкін еместей көрінетін, адам сенгісіз және адамды таң-тамаша қалдыратын жағдайда айтылады.
Құрама Штаттардағы Гарвард университетінің профессоры Той Кроуфорд та бұл тармақтардың мағынасы жаман емес деген байламға келген. Ол: “Бұл тармақтардан адамның төрт нәрсеге деген таңғалысын ғана байқауға болады”,— дейді.
Осы айтылғандарды ескере келе, Нақыл сөздер 30:18, 19-да адамды таң-тамаша қалдыратын, тіпті ақылымыз жетпейтін нәрселер туралы айтылған деу қисынды. Бүркіттің көкте қалықтап самғайтыны, жыланның жартаста бауырымен жорғалайтыны, зілдей кеменің теңіз айдынында қалқып жүзетіні, қыз бен жігіттің бір-бірін құлай сүйіп, бақытты ғұмыр кешетіні расында да таңғалдырады емес пе?!