Оқырман сауалдары
Зәбүр 12:7-ні қалай түсінсек болады?
Зәбүр 12:1—4 тармақтардан “адамзат арасынан адалдар мүлдем жоғалды” деген сөздерді оқимыз. Ал Зәбүр 12:5—7 тармақтарда былай делінген:
“Ехоба мынаны айтады: “Бейшара қаналып,
Жарлы күрсініп жатқандықтан,
Мен орнымнан көтеріліп, әрекет етемін де,
Оларды жәбірлеушілерінен құтқарамын”.
Ехобаның сөздері таза,
Олар балшық ошақта жеті рет балқытып
тазартылған күмістей.
Уа, Ехоба, сен бейшараларды қорғайсың,
Әрқайсысын осы зұлым ұрпақтан мәңгіге сақтайсың”.
Кейбір Киелі кітап аудармаларында Зәбүр 12:7: “Уа, Ехоба, сен оларды қорғайсың”,— деп аударылған.
6-тармақта “Ехобаның сөздері” жайлы айтылғандықтан, кейбір адамдар 7-тармақтағы “оларды” деген есімдікті Ехобаның сөздеріне қатыстырады, яғни Ехоба өзінің сөздерін “қорғайды” деп тұжырымдайды. Рас, қарсыластар Киелі кітапқа тыйым салуға, оны жоюға қанша рет тырысса да, Ехоба оны қорғап келген (Ишая 40:8; Пет. 1-х. 1:25).
Алайда 5-тармақта Ехоба адамдарды қорғайтыны айтылған. Иә, Ехоба “бейшаралар” мен “қаналғандарды” қорғап келеді және әрі қарай да қорғай береді (Әйүп 36:15; Зәб. 6:4; 31:1, 2; 54:7; 145:20).
Сонда 7-тармақтағы “қорғайды” деген сөздер адамдарға қатысты ма, әлде Құдайдың сөздеріне ме?
Егер осы тараудың мәнмәтініне жақсылап қарасақ, бұл сөздердің адамдарға қатысты екенін түсінеміз.
Зәбүр 12-тараудың бастапқы тармақтарында Дәуіт “адал жандардың” өтірік сөйлейтін зұлымдардан жапа шегіп жатқанын айтқан. Ал кейінгі тармақтарда Ехоба тілдерін бұрыс, бейпіл қолданатын адамдарға қарсы әрекет ететіні айтылады. Кейін зәбүр жыршысы Ехобаның сөздері таза болғандықтан, ол бізді құтқаратынына сенімді бола алатынымызды айтқан.
Демек, 7-тармақтағы “қорғайсың” деген сөз адамдарға, яғни зұлымдардан жапа шеккен “бейшараларға” қатысты.
Олай болса, неге кейбір Киелі кітап аудармаларында бұл тармақ “Уа, Ехоба, сен оларды қорғайсың” деп аударылған? “Оларды” деген сөз Еврей жазбаларының сенімді көшірмелерінде кездеседі (Еврей масореттік мәтін). Ал Грек Септуагинтінде 7-тармақ “Сен бізді қорғайсың”, “Сен бізді сақтайсың” деп аударылған. “Бізді” деген есімдікке қарап, бұл тармақ зұлымдардан жапа шегіп жүрген адал жандарға қатысты екенін көруге болады. Ехоба оларды “жүгенсіздікті дәріптейтін” “зұлым ұрпақтан” қорғайтын болады (Зәб. 12:7, 8). Ал арамей тіліндегі Еврей жазбаларында (Арамей таргумдары) бұл тармақ былай жазылған: “Уа, Құдайым, сен әділдерді қорғайсың, Әрқайсысын осы зұлым ұрпақтан мәңгіге сақтайсың”. Осы келтірілген аудармалар Зәбүр 12-тараудың 7-тармағы Құдайдың сөздеріне қатысты емес екенін дәлелдейді.
Бұдан шығатын қорытынды: Бұл тармақ “адал жандарға” үміт береді, өйткені Ехоба оларды қорғайды.