ӨМІРБАЯН
Ехоба дұғаларыма ден қойды
ОН ЖАСЫМДА жұлдызды аспанға қарап, Құдайға дұға еттім. Бұл Ехобаны енді-енді біліп жатқан кезім еді. Оны әлі жақсы танымасам да, тізерлеп отырып оған бар уайымымды ақтарып айттым. Осылай “дұғаларды тыңдайтын” Ехоба Құдаймен достығым басталып кетті (Зәб. 65:2). Енді ғана танып жатқан Құдайға неліктен осылай шын жүректен дұға еткенімді айтып берейін.
ӨМІРІМДІ ӨЗГЕРТКЕН ҚОНАҚ
Мен 1929 жылы 22 желтоқсанда тоғыз фермадан тұратын Новиль деген шағын ауылда дүниеге келдім. Біздің ауыл Бельгияның Арденн қыраттарындағы Бастонь қаласына жақын орналасқан. Менің қызыққа толы балалық шағым осы фермада өтті. Інім Раймон екеуіміз ата-анамызға көмектесіп, күн сайын сиыр сауатынбыз, орақ кезінде егін жинайтынбыз. Ауыл ішіндегі адамдар жұмылған жұдырықтай бірігіп, әрдайым бір-біріне көмектесіп жүретін.
Отбасыммен фермада жұмыс істеп жүрген кезім.
Әкемнің аты Эмиль, ал анамның аты Алис. Олар католик дінін ұстанғандықтан, жексенбі сайын шіркеуге баратын. Бірақ 1939 жылы Англиядан ізашарлар келіп, әкеме “Жұбаныш” (қазір “Ояныңдар!”) деген журналға жазылып, жүйелі түрде алып тұруды ұсынды. Әкем бірден бұның шындық екенін түсініп, Киелі кітапты оқи бастады. Ал шіркеуге бармай қойғанда, бір отбасындай болып жүрген ауылдастарымыз әкеме қатты қарсылық көрсетті. Олар біраз айғай-шу шығарып, әкемді католик дінінде қалуға көндірмек болды.
Әкемді жан-жақтан қыспақтап жатқанын көргенде, оған қатты жаным ашып кетті. Мақаланың басында айтқанымдай, сол кезде Құдайдан көмек сұрап, шын жүректен дұға еттім. Ауылдастарымыз әкеме қарсыласуын қойғанда, қуанышымда шек болмады. Сонда мен Ехобаның “дұғаларды тыңдайтын” Құдай екенін түсіндім.
СОҒЫС КЕЗІ
1940 жылдың 10 мамырында нацистік Германия Бельгияға шабуыл жасады. Сөйтіп, адамдар жаппай елден қаша бастады. Біз отбасымызбен Францияның оңтүстігіне қарай қаштық. Жолда біз Германия мен Франция соғысып жатқан қауіпті аймақтарға тап болдық.
Кейін әйтіп-бүйтіп фермамызға қайта оралдық. Сөйтсек, бар дүние-мүлкімізді тонап кетіпті. Алдымыздан итіміз Бобби ғана шықты. Осылардың бәрін көргенде, мен “Соғыстар не үшін болады? Неге қайғы-қасірет көп?” деп ойлана бастадым.
Жасөспірім кезімнен бастап Ехобамен жақын дос болдым.
Сол уақыттары бізге Эмиль Шранц деген ізашар ақсақал келіп тұратын. Ол келгенде кәдімгідей жігерленіп қалатынбыз. Ол неге адамдар қайғы-қасірет шегіп жатқанын Киелі кітаптан түсіндірді, сондай-ақ көкейімдегі басқа да сұрақтарыма жауап берді. Соның арқасында Ехобамен қарым-қатынасым нығайып, ол сүйіспеншіліктің Құдайы екеніне көзім жетті.
Соғыс болып жатқанына қарамастан, біз өзге бауырластармен араласып тұрдық. 1943 жылы тамыз айында Джозе-Никола Мина бауырлас фермамызға келіп, баяндама айтты. Сосын ол: “Кім шомылдыру рәсімінен өткісі келеді?”— деп сұрады. Әкем екеуіміз қолымызды көтердік. Сөйтіп, біз фермамыздың жанындағы шағын өзенде шомылдыру рәсімінен өттік.
1944 жылы желтоқсанда Германия әскері батыс Еуропада соңғы ауқымды шабуылын жасады. Бұл шабуыл “Арден операциясы” деген атпен де танымал. Шайқас біздің үйге жақын жерде жүріп жатты. Сондықтан біз бір ай бойы жертөледе жасырынып жаттық. Бір күні мен малдарға жем беру үшін шықтым. Сол кезде біздің фермаға қарай снаряд ұшып, қорамыздың шатырын жұлып әкетті. Сонда жақын маңда жүрген бір американдық солдат маған: “Жерге жат!”— деп айғайлады. Мен жүгіріп барып қасына жата кеттім. Ол мені қорғау үшін шлемін шешіп, басыма кигізді.
РУХАНИ ӨСУІМ
Тойымызда түскен суретіміз
Соғыс біткен соң, біз солтүстікке қарай 90 шақырым жердегі Льеж қауымындағы бауырластармен араласып жүрдік. Кейін өзіміздің Бастонь қаласында да кішігірім топ құрылды. Мен салық әкімшілігінде жұмыс істей бастадым, заңгерлікті де меңгеріп алуға мүмкіндігім болды. Кейін нотариус болып та жұмыс істедім. 1951 жылы біз Бастоньда кішігірім аудандық конгресс өткіздік. Ол конгреске жүз шақты адам қатысты. Олардың арасында өте құлшынысты ізашар қыз бауырлас Элли Рутер болды. Ол сонау 50 шақырым жерден велосипедпен келіпті. Кейін біз бір-бірімізге ғашық болып, үйленуге сөз байластық. Сол кездері Элли Құрама Штаттарда өтетін Ғалақад мектебіне шақырылды. Сонда ол дүниежүзілік бас барқармаға хат жазып, бұл мектепте не үшін оқи алмайтынын түсіндірді. Сол уақыттары Ехобаның халқына жетекшілік етіп жүрген Норр бауырлас оған “Бәлкім күндердің күнінде бұл мектепке күйеуіңмен бірге келерсің” деп жауап жазыпты. Сөйтіп, Элли екеуіміз 1953 жылдың ақпан айында үйлендік.
Элли мен ұлымыз Серж
Сол жылы Элли екеуіміз Нью-Йорктегі Янки стадионында өткен “Жаңа дүние қоғамы” атты конгреске қатыстық. Сол жақта бір ер бауырлас маған: “Саған жақсы жұмыс бар, Құрама Штаттарға көшіп келсеңші”,— деп ұсынды. Бұл жайлы Ехобаға дұға етіп ойланған соң, біз бұл ұсыныстан бас тартуды жөн көрдік. Сөйтіп, Бельгияға қайтып, Бастоньдағы он шақты жариялаушыдан тұратын кішігірім тобымызды қолдай бердік. Келесі жылы ұлымыз Серж дүниеге келді. Бірақ ол жеті айдан соң қатты ауырып, шетінеп кетті. Қабырғамызды қайыстырған бұл қайғылы жағдайда да біз бар мұңымызды Ехобаға шақтық. Құдайымыздың арқасында қайта тірілуге деген үмітімізден күш алып, еңсемізді көтердік.
ТОЛЫҚ УАҚЫТТЫ ҚЫЗМЕТІМІЗ
1961 жылдың қазан айында мен ізашар болуға ыңғайлы, көп уақыт алмайтын бір жұмыс таптым. Дәл сол күні маған Бельгия филиалынан бір ер бауырлас хабарласты. Ол маған аудандық қызметші (қазір аудандық бақылаушы) болып қызмет етуді ұсынды. Бірақ мен: “Аудандық қызметші болмас бұрын, ізашар болып қызмет ете тұрсақ бола ма?”— деп сұрадым. Бауырластар бұған қарсы болмады. Сөйтіп, сегіз ай ізашар болып қызмет еткеннен кейін, біз 1962 жылдың қыркүйегінде аудандық қызметке кірісіп кеттік.
Аудандық қызметте екі жыл болған соң, біз Брюссельдегі Бетелге шақырылдық. Сөйтіп, 1964 жылдың қазан айынан бастап Бетелде қызмет ете бастадық. Бұл жаңа қызметте біз көптеген баталарға кенелдік. Бір жыл өтер-өтпес, 1965 жылы біздің филиалға Норр бауырлас сапармен келді. Сол кезде мені филиал қызметшісі етіп тағайындағанда, мен қатты таңғалдым. Кейінірек Элли екеуміз Ғалақад мектебінің 41-сыныбына шақырылдық. Осылай Норр бауырластың 13 жыл бұрын айтқан сөздері дәл келді! Мектептен кейін біз Бельгиядағы Бетелге қайта оралдық.
ҚҰДАЙ ХАЛҚЫНЫҢ ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАУЫМ
Заң саласында жинаған тәжірибемнің пайдасы тиді. Еуропада және басқа да жерлерде Құдай халқы еркін ғибадат ете алу үшін, жылдар бойы олардың құқығын қорғауға үлес қостым (Філіп. 1:7). Мен ісімізге шектеу қойылған не тыйым салынған 55-тен астам елдің билік өкілдерімен кездесіп, сөйлестім. Олармен кездескенде мен өзімді тәжірибелі заңгер ретінде емес, “Құдай адамы” ретінде таныстыратынмын. “Патшаның [яғни судьяның] жүрегі Ехобаның қолында су ағысындай, оны қалаған жағына бағыттайтынына” сенімді болғандықтан, мен әрдайым дұғада Ехобадан басшылық сұрайтынмын (Нақ. с. 21:1).
Еуропалық парламенттің бір мүшесімен кездескен кезім ерекше есімде қалыпты. Мен онымен кездесуді көп рет сұрадым, сөйтіп, әйтеуір бір күні ол келісті. Ол маған: “Мен саған бес-ақ минут беремін, одан артық бір минут та уақытым жоқ”,— деді. Мен бірден басымды иіп, дұға ете бастадым. Ол таңғалып: “Не істеп жатсың?”— деп сұрады. Мен басымды көтеріп: “Құдайға рақмет айтып жатырмын, өйткені сіз оның қызметшісіз ғой”,— дедім. Ол: “Түсінбедім”,— дегенде, Римдіктерге 13:4-ті көрсеттім. Ол кісі протестант болғандықтан, Киелі кітаптағы бұл сөздерге құрметпен қарады. Сөйтіп, біз онымен жарты сағат сөйлесіп, әңгімеміз нәтижелі болды. Ол тіпті біздің ісімізді құрметтейтінін айтты.
Ехобаның халқы жылдар бойы Еуропада мәсіхшілік бейтараптық, баланы қамқорлыққа алу, салық және басқа да мәселелермен байланысты сот істерінде өз құқықтары үшін күресті. Сол соттардың көбісіне қатысып, Ехобаның бізге қалай жеңіс сыйлағанын өз көзіммен көргеніме қатты ризамын. Ехоба куәгерлері Адам құқықтары жөніндегі Еуропалық Сотта 140-тан астам істе жеңіске жетті!
КУБАДАҒЫ ІСІМІЗ АЛҒА БАСТЫ
1990 жылдары дүниежүзілік бас басқармадағы Филип Брамли, Италиядағы Вальтер Фарнети бауырластармен қызметтестім. Ісімізге шектеу қойылған Куба еліндегі бауырластар көбірек еркіндік алу үшін біз біраз тер төктік. Кейін Бельгиядағы Кубаның елшілігіне хат жазып, өтінішімізді қарастыратын адаммен кездестік. Алғаш кездескенімізде ісімізге шектеу қоюға себеп болған мәселелер аса шешіле қоймады.
1990 жылдары Филип Брамлимен және Вальтер Фарнетимен Кубаға барған кезіміз
Ехобадан басшылық сұрап дұға еткен соң, біз Кубаға 5000 Киелі кітап жеткізуге рұқсат сұрадық. Олар бұған келісті. Киелі кітаптарымыз еш кедергісіз бауырластардың қолына тигенде, Ехоба ісімізге батасын беріп жатқанын түсіндік. Кейін біз тағы 27 500 Киелі кітапты елге кіргізуге рұқсат сұрадық. Оған да рұқсат берілді. Кубадағы бауырластар бас-басына бір-бір Киелі кітаптан алып мәз болғанын көргенде, қалай қуанғанымды білсеңіздер ғой!
Ісіміздің заңи ахуалын жақсарту үшін Кубаға жиі барып тұрдым. Соның арқасында көптеген билік өкілдерімен жақсы қарым-қатынас орнаттым.
РУАНДАДАҒЫ БАУЫРЛАСТАРҒА КӨМЕКТЕСУІМ
1994 жылы Руандадағы тутси тайпасына қарсы геноцид кезінде 1 000 000-нан аса адам аяусыз өлтірілді. Ең қайғылысы, олардың арасында бауырластарымыз да болды. Көп ұзамай сол жерге гуманитарлық көмек жеткізу үшін бір топ бауырлас тағайындалды.
Біз сол топпен елдің астанасы Кигалиге келгенде, аударма кеңсесі мен әдебиет қоймасынан оқтардың іздерін көрдік. Шабылып өлтірілген бауырластарымыз жайлы жантүршігерлік оқиғаларды естіп, жүрегіміз ауырды. Бірақ бауырластарымыз бір-біріне сүйіспеншілік танытып жатқандары жайлы да жігерлі оқиғалар естідік. Мысалы, тутси тайпасынан шыққан бір ер бауырлас өзінің оқиғасын айтып берді. Хуту тайпасына жататын бір отбасы оны есік алдындағы шұңқырда 28 күн бойы жасырған екен. Кигалиде өткізген кездесуде 900-ден астам бауырласты рухани нығайтып, жұбатуға мүмкіндігіміз болды.
Сол жақта: Аударма кеңсесінде оқ тиіп, жұлма-жұлмасы шыққан кітап
Оң жақта: Гуманитарлық көмекті бөліп жатқан кезіміз
Кейін біз шегарадан өтіп, Заир еліне бардық (қазір Конго Демократиялық Республикасы). Біз Гома қаласына жақын жердегі босқындар лагеріне барып, Руандадан бассауғалап келген Куәгерлерді іздедік. Ол жерден Куәгерлерді таппаған соң, Ехобаға дұға етіп, бізді оларға бағыттауын сұрадық. Сосын алдымыздан келе жатқан бір кісіден: “Ехоба куәгерлерін білесіз бе?”— деп сұрадық. Ол: “Мен Ехоба куәгерімін. Жүріңіздер, сіздерді соларға апарайын”,— деді. Біз алдымен көмек көрсету комитетімен кездестік. Кейін 1600-дей босқын бауырласты жинап, оларды рухани нығайтып, жігерлендірдік. Біз оларға Басқарушы кеңестің жіберген хатын оқып бердік. Хаттағы “Біз сіздер жайлы үздіксіз дұға етіп жатырмыз. Ехоба сіздерді ешқашан тастамайтынына сенімді болыңыздар” деген сөздер бауырластарды ерекше тебірентті. Басқарушы кеңестің сөздері тура орындалды! Бүгінде Руандада 30 000-нан астам Куәгер Ехобаға қуана қызмет етуде.
АДАЛДЫҒЫМНАН ТАЙМАУҒА БЕКІНДІМ
2011 жылы Эллиім дүниеден өтті. Екеуміз 58 жыл бірге болыппыз. Осындай ауыр кезеңде де мен дұға етіп, Ехобадан жұбаныш таптым. Жарамды жеңілдеткен тағы бір нәрсе — ізгі хабарды өзгелермен бөліскенім.
Жасым 90-нан асса да, апта сайын уағызға шығып тұрамын. Қазір мен Бельгия филиалында заң бөліміне көмектесемін, бауырластармен білген-түйген тәжірибеммен бөлісемін, сондай-ақ Бетел отбасындағы жастарға бақташылық сапар жасап, жігерлендіруге тырысамын.
Ехобаға алғашқы дұғамды айтқалы бері 84 жылдай өтті. Сол кезде Құдаймен басталған достығым барған сайын нығайып, берік бола түсті. Ол осы күнге дейін дұғаларыма ден қойып келгеніне шексіз ризамынa (Зәб. 66:19).
a Осы мақала дайындалып жатқанда, Марсель бауырлас 2023 жылы 4 ақпанда өмірден өтті.