Тәжірибелі жариялаушылардан үйренейік
Қауымдағы тәжірибелі бауырластарды біз жоғары бағалаймыз. Олардың біразы көп жылдан бері Ехобаға адал қызмет етіп келді. Ал өзге біреулері соңғы жылдары қызметте жүріп тәжірибе жинаған. Мұндай жариялаушылар Исаның басшылығымен соңғы күндері уағыздау мен шәкірт дайындау ісінің қалай етек алып жатқанының куәсі болған (Мат. 28:19, 20). Олар қызметте қиындықтар мен сынақтарға кезіккенде, “адам ақылынан асқан күшке” ие болған (Қор. 2-х. 4:7). Әбден шыңдалған осы бауырластардан біздің үйренеріміз көп. Мүмкіндік туғанда, олар өз тәжірибелерімен қуана-қуана бөліседі (Зәб. 71:18). Сондықтан олардан үйренудің мүмкіндігін іздейік. Сонда не істеуге болады?
Қызметте. Жаңа не әлі тәжірибесі жоқ жариялаушылар қызметте жемісті болу үшін біраз нәрсеге үйренулері керек. Толысқан бауырластардың қызметтеріне қарап, уағыздың қыр-сырына үйренуге болады. (“Күзет мұнарасының” 2015 жылғы 15 ақпандағы “Қызметке деген құлшынысыңды бәсеңдетпе” атты мақаланың “Жаңа жариялаушыларға көмектес” деген тақырыпшасының үшінші абзацын қара.) Олармен қызметтес болсаң, мұның қандай пайдасын көресің?
Тәжірибелі бауырласты қызметке шақыр. Ал егер ол үйден шыға алмайтын болса, бәлкім, өзің Киелі кітапты зерттеп жүрген адамды арагідік оның үйіне апарып тұрарсың. Зерттеуден кейін оның ойын не кеңесін сұрауыңа болады.
Арнайы уақыт бөл. Тәжірибиелі бауырластармен жақынырақ танысу үшін оларға уақыт бөл. Мысалы, отбасылық ғибадатқа шақырып, онымен сұхбаттасуға болады. Ал егер ол үйінен шыға алмайтын болса, отбасылық ғибадатты соның үйінде өткізуге болатын шығар. Оның шындықты қалай білгенін, қандай баталарға ие болғанын, қандай өсімнің куәсі болғанын, қызметтегі қуанышты сәттері жөнінде сұра.
Бауырластан тым көп нәрсе күтпе, қайта, түсінікпен қарап, байсалды бол. Өзіміз сияқты, шындықта берік тұрған бауырластардың да алған сыйлары әртүрлі (Рим. 12:6—8). Олардың кейбірі егде жаста, сондықтан бізге көп уақыт бөле алмайтын шығар. Әйтсе де Ехобаға адал қызмет етіп жүрген сол бауырластардың тәжірибесінен көп нәрсеге үйрене аламыз.