Адамға жеке көңіл бөлу арқылы тәлім беру қабілетіңді арттыр
“Қозыларымды бақ” (Жох. 21:17). Исаның осы сөздерінен оның қой тәріздес адамдарға деген шынайы сүйіспеншілігі мен қызығушылығы көрінеді. Ол мұндай адамдардың Құдай Сөзіндегі шындықтан нәр алуға мұқтаж екендерін білген. Өзгелерге қызмет ету арқылы Мәсіхке деген сүйіспеншілігін көрсете алатынын Иса Петірге үш рет айтқан.
Иса ізбасарларын “ақырына дейін сүю” арқылы өзінің шынайы әрі жанашыр дос екенін көрсетті (Жох. 13:1). Біз де Исаға еліктеп, Киелі кітапты жаңадан зерттеп жатқандарға Құдай Сөзіндегі маңызды шындықтарды үйрете отырып, оларға жеке көңіл бөлуіміз керек (Мат. 28:19, 20). Бұлай етудің бірнеше жолы бар.
Киелі кітапты зерттеп жүрген адамға жеке көңіл бөлу үшін оны қауым кездесулеріне шақырып, қажет болса, оның сонда жетуіне қам жасасақ болады. Жомарттық, мейірімділік және қонақжайлылық таныту арқылы зерттеп жүрген адамға шынайы мәсіхшілердің қандай екенін іс жүзінде көрсетеміз. Құдайға ұнамды осындай қасиеттерді танытатын болсақ, бұл адамға әсер етіп, ол да біздікіндей рух танытуға тырысатын болады. Нәтижесінде араларыңда шынайы сүйіспеншілікке негізделген жылы әрі жақын достық қарым-қатынас дамиды.
Киелі кітапты зерттеп жүрген адамға зерттеу кезінен басқа уақыттарда жеке көңіл бөлгеніміз де жақсы нәтиже береді. Кейбір жариялаушылар рухани қадамдар жасап жатқан адамды қонаққа шақырады. Рухани тақырыптар қозғалатын мұндай бас қосу оған пайдалы болады. Сондай-ақ отырысқа басқа да бауырластарды шақыратын болсақ, бұл Киелі кітапты зерттеп жүрген адамға жаңа достар табуға мүмкіндік береді (Мар. 10:29, 30). Бауырластармен араласу оларға рухани өсуге және жақсы әдеттерге ие болуға көмектеседі (Нақ. с. 13:20; Қорынттықтарға 1-хат 15:33 салыстыр). Бізбен араласып, үлгілі жүріс-тұрысымызды көрген сайын олар біздің Құдай Сөзін үйретуші ғана емес, жүзеге асырушы екенімізді де көреді (Жақ. 1:22).
Кейде Киелі кітапты зерттеп жүрген адамның біз ойлағандай рухани қадамдар жасамай жатқанын байқайтын шығармыз. Мұндай кезде не істеу керек? Оларға қажеттіліктеріне қарай сүйіспеншілікпен көмек көрсету қажет. Мысалы, оның қандай да бір әлсіздігін жеңе алмай жатқанын көрсең, ұйымымыз шығарған әдебиеттерден соған байланысты мәлімет тауып, онымен бөліс. Сонымен қатар сол мәселе жайлы Киелі кітапты зерттеп жүрген адаммен бірге дұға ет (Жақып 5:16 салыстыр). Оған Ехобаға арқа сүйеуді үйренуге және жүйелі түрде дұға айту мен соған сай әрекет етудің қаншалықты маңызды екенін түсінуге көмектес (Пет. 1-х. 3:12; Жох. 1-х. 3:22).
Адамға жеке көңіл бөлу бізден шыдамдылық пен сүйіспеншілік танытуды талап етеді. Бірақ оның “Ехобаның сөзін мадақтап,.. Исаның ізбасары болғанын” көргенде, еңбегіміздің жемісін көреміз. Сонда шындықты жаңадан біліп жатқандарға тәлім берген бірінші ғасырдағы Исаның адал ізбасарлары сияқты, біз де қуаныш пен киелі рухқа кенелеміз! (Ел. іс. 13:48, 52).