Сауалдар жәшігі
◼ Қауым кездесулерінде және уағызда ұялы телефонды қолдануға қатысты қандай Киелі кітап принциптері бар?
“Өз уақыты бар әр нәрсенің” (Уағ. 3:1). Ұялы телефондар адамдарға барлық уақытта дерлік бір-бірімен хат алмасуға не сөйлесуге мүмкіндік береді. Алайда кейбір кездері мәсіхшілер ұялы телефондарының өздерін алаңдатқанын қаламайды. Мысалы, біздің қауым кездесулеріміз Ехобаға ғибадат етіп, рухани басшылық алатын әрі бір-бірімізді жігерлендіретін уақыт болып табылады (Заң. қ. 31:12; Заб. 21:23; Рим. 1:11, 12). Сондықтан кездесу басталмай тұрып телефонымызды өшіргеніміз және ол аяқталған соң ғана кімнің хабарласып, хат жазғанын тексергеніміз жөн болады емес пе?! Бірақ шұғыл шаруамыз болуы мүмкін деп, телефонымызды өшірмеуді шешсек, онда оны өзгелерге кедергі етпейтіндей режимге қойғанымыз дұрыс.
Барлығын ізгі хабар үшін істеңдер (Қор. 1-х. 9:23). Кейде қызметте ұялы телефонды қолдану керек болады. Мысалы, уағыздау тобының жетекшісі учаскенің басқа бөлігінде уағыздап жүрген жариялаушыларға мән-жайды білу үшін қоңырау шалуы мүмкін. Сондай-ақ кейде жариялаушылар қызығушылық білдірген не Киелі кітап зерттеп жүрген адамға бармас бұрын, әсіресе ол алыста тұратын болса, оған қоңырау шалады. Қызметке шыққанда ұялы телефонымызды өзімізбен бірге алып жүрсек, үй иесімен сөйлескенде кедергі етпеуі үшін алдын ала қам жасағанымыз абзал (Қор. 2-х. 6:3). Қызметке шығатын бауырласты күтіп тұрғанда, достарымызға қоңырау шалып не хат жазудың орнына, қызметіміз және уағызға шығатын серігіміз жайлы ойлағанымыз дұрыс болады емес пе?!
Басқаларға құрмет көрсет (Қор. 1-х. 10:24; Філіп. 2:4). Уағыздау тобының қай жерде қызмет етіп жатқанын қоңырау шалып не хат жазып сұрай саламын деген оймен уағыздауға арналған кездесулерге кешігіп баруды әдетке айналдырмайық. Кешігіп келетін болсақ, топтағы бауырластарды қайтадан бөліп, ұйымдастыру керек болады. Әрине, кейде біздің құзырымызда емес жағдайлардың кесірінен кешігіп қалуымыз мүмкін. Алайда уақтылы келуді әдетке айналдырсақ, Ехобаның жасап жатқан шараларын, уағыздау тобының жетекшісін және басқа да жариялаушыларды құрметтейтінімізді көрсете аламыз.