Сауалдар жәшігі
◼ Ұялы телефондар мен электрондық пейджерді қолданған кезде нені есте ұстағанымыз жөн?
Бұл құралдар негізінде кез келген жермен байланыса алуымызға көмектеседі. Алайда ұялы телефон мен пейджерлерді қызмет етіп жүргенде немесе қауым жиналыстарында отырғанда қолданып, кедергі болуына жол бермеген жөн. Олар қалай кедергі жасауы мүмкін?
Біреуге уағыз айтып жатқанда ұялы телефонымыз шырылдап немесе пейджеріміздің сигналы естіліп жатса, үй иелері не ойлар еді? Жауап беру үшін әңгімемізді тоқтатып қойсақ, оларға қандай әсер қалдырар едік? Әрине, өзгелердің Патшалық жөніндегі хабарды тыңдауына ешқандай кедергі жасағымыз келмейді (2 Қор. 6:3). Сол себепті, егер ұялы телефонымыз немесе пейджеріміз болса, қызметте жүргенде өзіміз бен өзгелерге кедергі жасамауына қам жасауымыз керек.
Уағыздап жатқан өзгелерді күтіп тұрған кезде ше? Қызмет барысында қандай жағдай болмасын, ойымыз қызметте болуы керек емес пе? Қасиетті қызметімізге құрмет көрсетіп, маңызды емес жеке істеріміз бен тұрмыс мәселелерімен өзге уақытта айналысайық (Рим. 12:7). Әрине, бұл телефон арқылы куәлік беруге немесе қызметке келісуге болмайды дегенді білдірмейді.
Әсіресе көлік жүргізіп келе жатқанда, ұялы телефонды қолдануға байланысты аса сақ болуымыз керек, өйткені кейбір зерттеулерге сәйкес, ондай жағдайда апатқа ұшырау қаупі өсе түседі. Сол себепті көлік жүргізіп келе жатқанда, ұялы телефонды қолдануды шектейтін заңдарды мұқият ұстануымыз керек.
Біз қауым жиналыстарына, конгрестерге Ехобаға ғибадат етіп, Оның тәлімін алуға келеміз. Бұл оқиғалардың қасиеттілігін бағалай білгеніміз, ұялы телефондар мен пейджерлерді өзімізге және өзгелерге кедергі жасамайтындай етіп ұстауға талпындырмай ма? Егер шұғыл мәселе болса, онымен кездесу өтіп жатқан жерден сыртқарылау барып айналысуымыз керек. Басқа жағдайда, жеке және ғибадатқа қатысы жоқ нәрселермен ғибадат етуге арналған уақыттан өзге кезде шұғылдануымыз қажет (1 Қор. 10:24).
Ұялы телефондарды немесе өзге де электронды аспаптарды қалай қолданатынымыз — өзгелерді де ойлайтынымызды және рухани нәрселерге терең ризашылықпен қарайтынымызды паш ететін болғай.