Көп пәтерлі үйлерде ‘түбегейлі куәлік беріңдер’
1. ‘Түбегейлі куәлік етудің’ бір мүмкіндігі қандай?
1 Елші Пауыл сияқты, біз де ‘ізгі хабар туралы түбегейлі куәлік етуді’ қалаймыз (Ел. іс. 20:24 ЖД). Сондықтан аумағымызда Патшалық туралы хабарды мүмкіндігінше көп адамға айтуға тырысамыз. Бұл үшін көп пәтерлі үйлерде де жүріп уағыздаймыз. Мұндай үйлердің тұрғындарына жолығу қиын болуы мүмкін. Бірақ онда көп адам тұратындықтан, ізгі хабарды кеңінен таратуға мүмкіндік бар.
2. Көп пәтерлі үйлерде уағыздағанда, неге қырағылық пен парасаттылық қажет?
2 Қылмыс пен зорлық-зомбылық көбейіп бара жатқандықтан, көп пәтерлі үйлердің көбісі құлыптаулы тұрады әрі күзетшісі бар немесе бақылау камерасы орнатылған (Тім. 2-х. 3:1, 2). Онда бөтен адамдардың кіруіне рұқсат етілмеуі мүмкін. Сондықтан күзетші не үй басқарушы біздің, әсіресе үй тұрғындарының бірінен шағым түсетін болса, сол жерден кетуімізді сұрауы мүмкін. Олай болса, көп пәтерлі үйде уағыздап жүріп қырағылық пен парасаттылық танытқанымыз маңызды.
3. Көп пәтерлі үйлерде қай кезде уағыздау тиімді және неге?
3 Уағыздауға тиімді уақыт. Учаскенің басқа түрлеріндегідей, көп пәтерлі үйлерде адамдар пәтерлерінде болады-ау деген кезде уағыздау тиімді. Тұрғындардың көбісі пәтерлерінде болмайтын кезде уағыздағанымыз күдік тудыруы мүмкін. Жариялаушылар адамдарды үйлерінен кешкі уақытта, сондай-ақ демалыс күндері түстен кейін табуға болатынын байқаған. Ал әсіресе демалыс күндері таңертең уағыздайтын болсақ, тұрғындар үй басқарушыға біздің үстімізден шағым айтуы мүмкін.
4, 5. Құлыптаулы үйдің кейбір тұрғындарымен қалай байланысуға болады?
4 Үйге кіру. Жариялаушыларға үй басқарушымен не басқа қызмет көрсетушілермен алдын ала сөйлесудің қажеті жоқ. Құлыптаулы үйдің есік алдында домофон орнатылған болса, сол арқылы тұрғындармен сөйлесіп, бізді ішке шақыратын адамды табуға тырысамыз. Кіруге рұқсат берген адаммен сөйлесіп болғаннан соң, жағдайға қарай, басқа да пәтерлердің есігін қағып, тұрғындарымен сөйлесе алатын шығармыз. Алайда кей жағдайда ғимараттың ішінен шығып, келесі пәтердің тұрғынымен қайтадан домофон арқылы байланысқанымыз дұрыс болады. Осындай жағдайларда қанша пәтердің иесімен сөйлесуге болатынын шешу үшін бізге парасаттылық керек.
5 Кейбір тұрғындар біздің оларға не себепті келгенімізді домофон арқылы айтқанымызды қалайтын шығар. Мұндайда достық пейіл танытып, өзіңді таныстыр. Егер домофонның жанында үй иесінің есімі жазулы тұрса, оны қолдан. Не жайлы сөйлескің келетінін қысқаша айт. Кейбір жариялаушылар “Пікір алысу” (ор.) кітабындағы ұсыныстарды қолданудың тиімді екенін байқаған.
6. Күзетші қойылған үйде уағыздау үшін не істеу керек?
6 Егер үйдің күзетшісі ғимаратқа кіруге рұқсат етпесе, оның өзіне куәлік беруге болады. Біздің әдебиеттерді оқитын күзетшілер көп. Бәлкім, онымен үйдің ауыз бөлмесінде тұрып-ақ Киелі кітап зерттеу сабағын бастап, жалғастыра алармыз. Егер күзетші қызығушылық танытқан нақты бір тұрғынға жолығу үшін ішке кіруге рұқсат берсе, басқа пәтерлерге уағыздамағанымыз дұрыс болады.
7. Уағыз кезінде нені ескеруіміз керек?
7 Сырт көрінісіміз бен әрекеттеріміз. Үлкен, ебедейсіз сөмкеміз болса, бірден жұрттың көзіне түсеміз. Сондықтан шағын сөмке ұстаған не мүлдем ешнәрсе ұстамаған дұрыс болар. Кейбір жариялаушылар әдебиеттерді жұқа портфельге салып, Киелі кітапты қолына ұстап не қалтасына салып жүреді.
8. Көп пәтерлі үйде қалай топ болып уағыздауға болады?
8 Көзге түсе бермес үшін, үй алдында, көлік қоятын жерлерде көп болып жиналмаған дұрыс. Жиі қылмыс жасалатын аумақтардағы көп пәтерлі үйлерде уағыздағанда, сақтық шараларын қолдану керек (Нақ. с. 22:3). Мысалы, бір үйде екі не үш жұп бір-бірінен алыс кетпей уағыздауы мүмкін. Мұндайда олардың кезектесіп уағыздағаны дұрыс болар.
9. Қалай әдептілік таныта аламыз және неге бұл маңызды?
9 Көп пәтерлі үйге кіргенде, аяқ киімді сүртуіміз және артымыздан есікті жақсылап жабуымыз керек. Осылай әдептілік танытсақ, тұрғындар шағымданбайтын болады. Ішке кіргенде, жан-жаққа алақтамай, бірден лифтке не баспалдаққа бет алу керек. Әйтпесе, бізге қарап тұрған адамдар күдіктене бастауы мүмкін.
10. Дәлізде қажетсіз шудан қалай аулақ бола аламыз?
10 Әдетте көп пәтерлі үйлердің дәлізінде дыбыстар қатты естіледі. Сондықтан үй иесіне естілетіндей етіп қана сөйле. Ал бір-біріңмен сөйлескенде дауысты қатты шығармаңдар. Десе де күдік тудырмау үшін асықпай, сабырлықпен сөйлесіңдер. Кейбір жариялаушылар үй иелерін мазаламау үшін, әрбір есікті бірінен соң бірін қақпаған дұрыс деп тапқан. Сондай-ақ есікті қатты-қатты қағатын болсақ, үй иесін қорқытып жіберуіміз мүмкін.
11. Есікте тесіккөз болса, қандай кеңестерді ұстанған дұрыс?
11 Есікте тесіккөз болса, өзің де, қасыңдағы серігің де жақсы көрінетін жерде тұрыңдар. Тесіккөзге тіке қарап, іштен біреудің қарағанын байқасаң, жылы шыраймен амандасып, ұсынысыңды айта баста. Егер үйдің иесі: “Бұл кім?”— деп сұраса, өзіңнің және қасыңдағы серігіңнің атын айт. Сонда үй иесі есігін ашуға әлдеқайда бейім болуы мүмкін. Есігін ашпаған жағдайда, ұсынысыңды сырттан айта беруіңе болады.
12. Үйде ешкім болмаса, әдебиетті қалай қалдырып кеткен дұрыс?
12 Үйде ешкім болмағанда. Үй басқарушылар жерде не дәлізде шашылып жатқан әдебиеттерді жинап жүреміз деп жиі шағымданады. Есікке қыстырып кеткен әдебиет жерге түсіп, аяқ асты болып кетуі мүмкін. Сондықтан үй иесі үйінде болмаса, әдебиетті бөтен адамдардың көзінен таса етіп қалдырып кеткен дұрыс.
13. Үй иесі ашуланса, не істеуіміз керек?
13 Үй иесі ашуланғанда. Егер үй иесі қатты ашуланып, күзетшіні не үй басқарушысын шақырам десе, сол қабаттан кетіп, басқа жолы келген дұрыс болар. Ал кей жағдайларда үй басқарушының қарсылығына кезікпес үшін, сол үйден кетіп қалған жөн. Тіпті үй иесі бұдан былай келмеңдер деп тікелей айтпаса да, қағазға сол пәтердің нөмерін белгілеп, қайтып келгенімізді қаламайтынын жазып, оны учаске карточкасына қосып қою керек. Қайта келгенімізді қаламайтынын нақты айтқан адамдарға арагідік барып, ойын біліп тұру керек.
14, 15. Үй қызметшісі біздің кетуімізді сұраса, не істегеніміз дұрыс?
14 Біздің кетуімізді сұраса. Көп пәтерлі үйде уағыздап жүргенде үй басқарушысы, күзетші не қызмет көрсететін басқа бір адам біздің кетуімізді сұраса, сол замат кеткен дұрыс. Біз мүмкіндігінше адамдардың сотқа берем не полиция шақырамын деген сөздерді айтуына себепші болмай, теке-тірестерден аулақ болуымыз керек. Көп жағдайда үйдің қызметшілері Ехоба куәгерлеріне қарсы болғандықтан емес, жұмысы талап ететіндіктен солай әрекет етеді.
15 Кейде кетуді сұраған үй қызметшісіне келген мақсатыңды жұмсақтықпен әрі ілтипатпен түсіндіруге мүмкіндік болатын шығар (Пет. 1-х. 3:15). Біз оның тұрғындардың тыныштығы мен қауіпсіздігі үшін жауапты екенін түсінеміз. Бәлкім, ол саған ғимаратта әрі қарай уағыздай беруге рұқсат берер. Олай етпесе, қабақ шытпай, сол жерден кеткенің дұрыс. Жағдайға қарай, жүйелі түрде әдебиет әкеліп, ауыз бөлмеде қалдыруға рұқсат сұрап көрсең болады (Қол. 4:6). Қызмет бақылаушысына мұндай жайттар туралы айтып отыру керек.
16. Көп пәтерлі үйде уағыздауға қатысты қиындықтар шешілмесе, не істеуге болады?
16 Бәлкім, араға жеткілікті уақыт салып, жариялаушы сол үйде уағыздауға қайта тырысып көреді. Алайда қиындық қайтадан туындаса, жариялаушы өздігінен шара қолданбай, ақсақалдарға хабарлағаны жөн, сонда олар көмек сұрап Бетелмен байланысады. Егер жариялаушы үйдің ішінде жүріп уағыздай алмаса, тұрғындармен байланысудың басқа жолдарын қарастыруына болады. Мысалы, оларға телефон соғуға не хат жазуға болады. Кейбір жариялаушылар сол үйдің алдында немесе төңірегінде таңғы және кешкі уақытта, яғни тұрғындар жұмысқа баратын және қайтатын уақытта, уағыздайды.
17. Көп пәтерлі үйлерде уағыздау неліктен маңызды?
17 Осы зұлым дүниенің жойылатын уақыты жақын. Ехобаның есімін шақыратындар ғана аман қалады. “Бірақ Оған сенбей тұрып, Оны қалай шақырады? Ол туралы естімей тұрып, Оған қалай сенуге болады?” (Рим. 10:13, 14 Тт). Көп пәтерлі үйлерде “мәңгі өмір сүруге ыңғай танытатын” адамдар көп (Ел. іс. 13:48 ЖД). Көрегендік пен парасаттылық таныта отырып, біз оларға ізгі хабарды жеткізе аламыз.