Сауалдар жәшігі
◼ Ехоба куәгерлері діни ұйым жетекшілік ететін аурухананың, қарттар не мүгедектер үйінің қызметін пайдалануға қалай қарайды?
Әртүрлі діни ұйымдар медициналық көмек көрсететін және ұзақ уақыт бойы күтім жасайтын ауруханаларға және қарттар мен мүгедектер үйіне жетекшілік етеді. Жалпы алғанда, бұндай мекемелер Ұлы Бабылға тікелей қолдау көрсетуге арналмаған (Аян 18:2, 4). Басында олар діни ұйымдарға кіріс келтіру үшін құрылған болуы мүмкін. Бүгінде кейбір ауруханалардың атауы ғана діни болып келеді, ал басқаларында кейбір жұмыстарды әлі күнге дейін діни қызметкерлер атқарады.
Ехоба куәгеріне діни ұйыммен қандай да бір байланысы болуы мүмкін аурухананың, я болмаса қарттар не мүгедектер үйінің көмегі қажет болса, бұл көмекті қабыл алу-алмауды оның өзі шешуі керек. Кейбіреулер үшін бұл кәдімгі нәрсе болса, өзге біреулер одан бас тартатын шығар. Бұл әркімнің ар ұжданына байланысты (Тім. 1-х. 1:5). Куәгердің шешіміне біраз жайттар әсер етуі мүмкін, сондықтан бұл жайттарды қарастырған дұрыс болар еді.
Мысалы, жақын маңда діни атаумен аталатын аурухана, я болмаса қарттар не мүгедектер үйінен басқа көмек көрсететін мекеме жоқ шығар немесе мұндай орындар болғанмен, дінмен байланысы болуы мүмкін деген мекемеде сапалырақ қызмет көрсетілетін болар. Я болмаса, діни атаумен аталатын ауруханада ғана сырқаттың нақты бір түрін емдеу үшін қажетті жабдықтар болуы мүмкін немесе сені емдейтін дәрігер не хирург осы ауруханада ғана медициналық көмек көрсете алатын шығар. Ескеретін тағы бір жайт, жекеменшік не мемлекеттік ауруханалар қан құймай емдеуге келіспеуі мүмкін, ал дінмен байланысы бар ауруханада сенің қанға қатысты көзқарасыңды ескеруі ықтимал. Қай ауруханаға баратыныңды шешкенде ескеруіңе болатын жайттардың кейбірі осылар.
Дінмен байланысы бар аурухананың, я болмаса қарттар не мүгедектер үйінің көмегіне жүгінуді шешсең, олардың көмегін жай ғана ақылы қызмет ретінде қарастыратын шығарсың. Мұндайда олардың қызметін ақша түсірудің жолы деп есептегендіктен, сен үшін олардың ақылы қызметін қабыл алу жалған дінге тікелей әрі ерікті түрде қолдау көрсетумен тең емес шығар. Сен жай ғана олардың заттары мен қызметіне ақы төлеген болар едің.
Әрине, бұндай жағдайда сен мәсіхші ретінде жалған діннің қандай да бір әрекеттеріне араласып кетпеу үшін сақ жүруің керек. Сондай-ақ мекемеде жұмыс істейтін не сонда барып тұратын адамдарды діни лауазымдармен атағың келмесі анық (Мат. 23:9). Мекеменің көрсеткен көмегі сен үшін тек ақылы қызметтің бір түрі болып қалатынына сенімді болғың келері сөзсіз.
Ауруханаға жатарда өзіңнің Ехоба куәгері екеніңді және жергілікті ақсақалдардың келіп тұрғанын қалайтыныңды айтуыңа болады. Осының арқасында ауруханада жатқан кезіңде бауырластардан рухани көмек алып тұруыңа мүмкіндік болады (Сал. 1-х. 5:14).
Отбасындағы басқа куәгерлер мен жергілікті ақсақалдар, сондай-ақ қауымдағы басқа да бауырластар қарттар үйінде тұратын егде тартқан бауырластарға рухани қолдау көрсетуге жауапкершілікпен қараулары керек. Әсіресе діни ұйымның қарамағындағы қарттар үйінде жататын бауырластарға ерекше көңіл бөлгендері дұрыс. Осы іске бар ынтамызбен атсалысқанымыз қарт бауырластарды қатты жігерлендіреді әрі оларды сол мекемеде ұйымдастырылған діни қызметтер мен мейрамдарға не осы іспетті басқа да шараларға абайсызда араласып кетуден сақтайды.
Осы жайттарды есте ұстай отырып, жағдайды жан-жақты қарастырған соң, қай аурухананың, қарттар үйінің не мүгедектер үйінің көмегін қабыл алатынын әркім өзі шешеді (Ғал. 6:5).