Шындықты ашық жариялауға көмектесетін журналдарды ұсын
1. “Күзет мұнарасы” мен “Ояныңдар!” журналдары қандай рөл атқарып келеді?
1 “Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды” журналы және онымен бірге шығатын “Ояныңдар!” журналы Патшалық туралы уағыздау мен шәкірт дайындау ісінде маңызды рөл атқарып келеді (Мат. 24:14; 28:19, 20). Біз уақтылы шығып тұратын осы журналдарды қызметтің әр түрлі саласында ұсына беруге қуаныштымыз.
2. “Күзет мұнарасы” мен “Ояныңдар!” журналдарында қандай өзгерістер болды және неге?
2 Жылдар бойы бұл журналдардың көлемі мен мазмұны және оларды ұсыну тәсілдері де бірнеше мәрте өзгерді. Бұл өзгерістер журналдар өтімді де тартымды болып, Патшалық туралы хабар адамдардың жүрегіне жету үшін жасалды. Осылайша олар ‘құтқарылып, шындықты біліп алатын’ болады (Тім. 1-х. 2:4).
3. Қызмет кезінде “Күзет мұнарасы” қалай қолданылатын болады?
3 Енді уағыздау қызметінде “Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды” журналының бір санын үш ай бойы ұсынатын боламыз. Оны ұсыну жолы “Біздің патшалық қызметіміздің” соңғы бетіне шығып тұрады. Әдетте ондағы ұсыныстар журналдың алғашқы мақалаларына арналғанымен, кейде көп адам қызығып оқитын мақалаларға қатысты да ұсыныстар шығып тұрады. Егер ұсыныс негізделген мақаламен жақсы танысып алсақ және учаскемізге бейімдей отырып, өз сөзімізбен айтатын болсақ, бұл ұсыныстар әлдеқайда тиімді болады.
4. “Біздің патшалық қызметіміздегі” ұсыныстан басқа да ұсыныс дайындаудың қандай пайдасы бар?
4 “Біздің патшалық қызметімізде” журналды ұсыну жолы көрсетілгенімен, басқа да ұсыныстарды қолдана беруге болады. Мұның бір себебі, учаскеңде журналдағы мақаланың басқасына жасаған ұсыныс тиімдірек болатын шығар. Тағы бір себебі, ерекше қызығып оқыған мақалаңа ұсыныс жасау өзің үшін де жеңілірек әрі тиімдірек болар.
5. Журналға ұсыныс дайындамас бұрын не істегенің жөн?
5 Өз ұсынысыңды дайында. Ең алдымен, журналды ұсынғанда пайдаланғың келетін мақаламен жақсылап танысып ал. Мүмкін, кейде журналды ұсынғанға дейін ондағы мақаланың бәрін оқып үлгермейтін шығарсың, дегенмен ұсыныс кезінде өзің таңдаған мақала жайында шабыттанып әрі шын жүректен сөйлеу үшін ондағы мәліметті жақсы білуің керек.
6. Өз ұсынысымызды қалай дайындауымызға болады?
6 Екіншіден, алғашқы сөздеріңді дайындағанда, бейімделгіш бол. Адаммен әңгіме бастау үшін мақалаға қатысты оның қызығушылығын оятатын орынды сұрақ қоюға болады. Адамның жүрегіне әсер ету үшін әрқашан Құдай Сөзінің құдіретіне жүгін (Евр. 4:12). Өзің бастаған тақырыпқа қатысы бар, мүмкін болса, өзің назар аударып тұрған мақалада көрсетілген не келтірілген, Жазба орнын таңда. Оның мақаламен байланысын қалай көрсетуге болатынын ойластыр.
7. Ұсыныстарымызды жақсарта беру үшін не істеуіміз керек?
7 Әрбір мүмкіндікті пайдалан. Ұсыныс шынымен тиімді болу үшін, оны қолдану керек. Қауыммен бірге әр сенбі сайын журнал таратуға шығып тұр. Бұрын басқа әдебиет алған адамдарға журналдарды ұсын. Өзіңмен зерттеу сабағын өтіп жүрген адамға және оған қайта барғанда, қасында басқа адамдар болса, оларға да журналдарды ұсына бер. Мүмкін, дүкенге барғанда, жол жүргенде немесе дәрігерге кіру үшін кезекте отырғанда сөйлескен адамдарыңа да ұсынатын шығарсың. Ай өткенше ұсынысыңды әрі қарай да шыңдай бер.
8. “Күзет мұнарасы” мен “Ояныңдар!” журналдарының қандай ерекшеліктері бар?
8 “Күзет мұнарасы” мен “Ояныңдар!” журналдары — ерекше журналдар. Олар Ехобаны Әлемнің Әміршісі ретінде дәріптейді (Ел. іс. 4:24). Адамдарға Құдай Патшалығы туралы ізгі хабарды жеткізіп жұбатады әрі Иса Мәсіхке сенім білдіруге талпындырады (Мат. 24:14; Ел. іс. 10:43). Оның үстіне Киелі кітап пайғамбарлықтарының орындалып жатқанын көрсететін әлемдегі оқиғаларға назар аударады (Мат. 25:13). Учаскеңдегі адамдар пайдасын көру үшін, оларға кез келген жағдайда осы журналдарды ұсына алатындай болып дайындалып бар.
9. Адамға қайта баруға қалай негіз қалауға болады?
9 Егер адамға журнал қалдырсаң немесе жай ғана достық пейілмен рухани нәрселер туралы әңгімелессеңдер, келесі жолы осындай әңгімені жалғастыра алуың үшін бір сұрақ немесе ой тастайтын сөз дайындап тұр. Егер құлшыныспен шындықтың тұқымын себетін болсақ, Ехобаның Өзін біліп, оған қызмет еткісі келіп жүрген ниеті таза адамдардың жүрегін ашатынына сенімді болуымызға болады (Қор. 1-х. 3:6).