Ехобаға отбасы болып ғибадат етіңдер
1 Киелі кітап жазылған заманда отбасындағы адамдар көп істі бірге атқарған. Олар үй шаруасын бірге істеген және ең маңыздысы, Ехобаға бірге ғибадат еткен (Леуі. 10:12—14; Заң. қ. 31:12). Бүгінде қандай да бір істі бірге атқаратын отбасылар кем де кем. Алайда мәсіхшілер отбасы болып қандай да бір іспен айналысудың маңыздылығын түсінеді. Әсіресе, ғибадат етуге қатысты осылай деуге болады. Отбасының негізін қалаған Құдай отбасы мүшелерінің өзіне бірге ғибадат етіп жүргенін көріп, зор қуанышқа бөленетіні сөзсіз!
2 Бірге уағыздаңдар. Бірге уағыздағандары отбасындағы адамдарды өзара жақындата түседі. Сондықтан ақсақалдар қауымдағы бауырластармен қатар өзінің әйелі мен балаларына да уақыт бөліп, қызметке шығып тұрады (Тім. 1-х. 3:4, 5). Тіпті аралаушы бақылаушылар да уақыттарының тығыздығына қарамастан, кестелеріне әйелдерімен бірге уағыздайтын уақытты арнайы жазып қояды.
3 Балаларымен бірге уағыздайтын ата-аналар оларға уағыздау шеберлігін дамытуға көмектесе алады. Мұндайда балалар әке-шешесінің қызметтен қуаныш және қанағат алатынын, сондай-ақ олардың Ехоба мен маңайындағы адамдарға деген сүйіспеншілігін көреді (Заң. қ. 6:5—7). Тіпті балалар өскен кезде де, олармен бірге уағыздауға немқұрайды қарауға болмайды. Әйелі екеуі 15—21 жас аралығындағы үш ұлымен әлі күнге дейін қызметке жүйелі түрде шығып тұратын бір отағасы былай дейді: “Біз қызметке шыққан сайын оларды үйретіп отырамыз және қызметтен қуаныш алып, жігерленіп қайтулары үшін қолымыздан келгеннің бәрін жасаймыз”.
4 Бірге дайындалыңдар. Кейбір отбасылар қызметке бірге дайындалудың пайдалы екеніне көз жеткізіп отыр. Балаларға бірде жариялаушының, бірде үй иесінің рөлін ойнап, ұсыныстарды айтып жаттығу ұнайды. Кейбіреулер бұған отбасылық зерттеуден кейін бірнеше минут бөледі.
5 Жақсы көретін адамдарымызбен бірге маңызды әрі қанағат сезіміне бөлейтін істермен айналысу қуанышымызға қуаныш қосады. Отбасы мүшелерінің бірге үйме-үй уағыздап, қызығушыларға қайта барып және зерттеу сабағын жүргізіп жүргені неткен ғанибет! Осылайша отбасыңмен Ехобаға ғибадат ете жүріп: “Ал мен және менің әулетім Жаратушы Иеге құлшылық жасайтын боламыз”,— деп қуана жариялайтын боласың (Еш. 24:15).