Мақтау арқылы шынайы қызығушылық таныт
1 Шын жүректен айтылған мақтау сөздер адамның рухын көтеріп, қуанышқа бөлейді және әрекетке талпындырады. Көп жариялаушы бір ауыз мақтау сөздің өзі хабарымызды тыңдауға адамның ықыласын оятатынын байқаған. Олай болса, ізгі хабарды айтқанда адамдарды қалай мақтауымызға болады?
2 Байқампаз бол. Көкке оралған Иса Мәсіх Кіші Азиядағы жеті қауымға арнаған хабарында қауымдардың жақсы істерін байқап, мақтау айтқан (Аян 2:2, 3, 13, 19; 3:8). Сол сияқты адамдарға шын ықыласпен көңіл қоятын болсақ, олардың мақтауға тұрарлық істерін байқауға тырысамыз. Мысалы, үй иесі ауласын таза ұстайтын болса, балаларына мейірімін көрсетіп жатса немесе бізді жарқын жүзбен қарсы алса, мұның бәрі — мақтауға тұратын іс. Сен адамдарды мақтау үшін осындай нәрселерді байқап жүресің бе?
3 Мұқият тыңда. Уағыздау кезінде орынды сұрақтар қою арқылы адамдарды әңгімеге тарт. Сөздерін мұқият тыңдай отырып, оларды сыйлайтыныңды көрсет (Рим. 12:10). Сонда олардың сөздерінен шын жүректен мақтауға тұрарлық әрі екеуіңе де ортақ тақырып табуға көмектесетін ойларды байқауың мүмкін.
4 Парасатты бол. Ал үй иесі Киелі кітап шындығына сай келмейтін сөздер айтса не істейміз? Мұндайда оның ойының қате екенін дәлелдеп жатудың қажеті жоқ, жай ғана ойын ашық айтқанына ризашылығыңды білдір де: “Бұл туралы көп ойланғаныңыз көрініп тұр”,— деген сияқты сөздермен әңгімеңді жалғастыра бер (Қол. 4:6). Тіпті адам дауласуға бейім болса да, бұл тақырыпқа шындап көңіл қойғаны үшін мақтап қоюымызға болады. Мұндай әрекетіміз ізгі хабарға қатты қарсыласқан адамның өзін жұмсартуы мүмкін (Нақ. с. 25:15).
5 Жігерлендіру үшін адамды шын жүректен мақтай білуіміз керек. Осылай жағымды сөйлегеніміз Ехобаға даңқ әкеледі, әрі басқаларды Патшалық туралы хабарды тыңдауға талпындыруы мүмкін.