Қызметің жөнінде дұрыс есеп беруге тырысып жүрсің бе?
1 Киелі кітаптың көп жерлерінде нақты сандар кездеседі және солардың көмегімен болған оқиғаны анық суреттеуге болады. Мысалы Гедеон медтіктерді бар болғаны 300 адаммен жеңді (Би. 7:7). Ехобаның бір періштесі ассириялық 185 000 сарбазды қырып тастады (4 Пат. 19:35). Б. з. 33 жылындағы Алғашқы өнім мейрамы кезінде үш мыңдай адам шомылдыру рәсімінен өтті және көп ұзамай сенушілердің саны бес мың шамасында болды (Ел. іс. 2:41; 4:4). Бұл деректерден Ехобаның ежелгі қызметшілерінің толық және дұрыс есеп беруге барынша тырысқандарын көруге болады.
2 Ехобаның ұйымы бүгін де бізге әр ай сайынғы қызметіміз жөнінде есеп беріп отыруымыз керек екенін көрсетеді. Бұл шараны адалдықпен қолдағанымыз уағыздау ісіне тиімді түрде бақылау жүргізуге мүмкіндік береді. Есепке қарап қызметтің көңіл бөлуді талап ететін тұстарын немесе қай аумаққа көбірек уағыздаушылар керек екенін анықтауға болады. Қауым ақсақалдары қызметінің аясын кеңейтуге мүмкіндіктері бар және көмекке мұқтаж бауырластарды анықтай алады. Сондай-ақ Патшалықты уағыздау ісіндегі жетістіктер жөніндегі есептер бүкіл бауырластықты жігерлендіріп отырады. Өз тарапыңнан қызметің жөнінде дұрыс есеп беруге күш салып жүрсің бе?
3 Сенің жауапкершілігің: Айдың аяғында қызметке қанша уақыт бөлгеніңді есіңе түсіру қиынға соға ма? Олай болса, неге қызметке қатысқан сайын уақытты жазып отырмасқа? Кей бауырластар күнтізбеге немесе қойын кітапшасына жазып жүреді. Өзгелері уағыздау қызметі жөнінде есеп беруге арналған бланкіні өздерімен бірге алып жүреді. Айдың аяғында есебіңді кідіртпестен кітап оқу тобының бақылаушысына тапсыр, немесе қаласаң Патшалық Сарайындағы есеп беруге арналған жәшікке салуыңа болады. Егер есеп беруді ұмытып кеткен болсаң, оның хабарласуын күтпестен, кітап оқу тобының бақылаушысымен шұғыл өзің байланыс. Есебіңді уақтылы өткізу арқылы Ехоба қолданып отырған шараны құрметтейтініңді және есептерді жинап, жалпы есепті жүргізу жүктелген бауырластарға деген сүйіспеншілігіңді көрсетесің (Лұқ. 16:10).
4 Кітап оқу тобының бақылаушысының рөлі: Қағілез және қамқор бақташы ретінде кітап оқу тобының бақылаушысы топтағы жариялаушылардың ай бойғы қызметіне көңіл қояды (Нақ. с. 27:23). Ол әрбір жариялаушы қызметке үнемі, шын жүректен және қуанышпен қатысып жүр ме, жоқ па, соны біледі, сондай-ақ ай бойы қызметке қатыспағандар болса, кідіртпестен оларға көмек қолын ұсынады. Жиі жігерлендіретін сөз айтқан, тиімді кеңес берген немесе бірге қызметке шығуға шақырған жеткілікті болады.
5 Қауым хатшысы келесі айдың алтыншы жұлдызына дейін филиалға қауымның толық есебін жөнелте алу үшін, айдың аяғында кітап оқу тобының бақылаушысы өз тобындағы жариялаушылардың барлығының қызметтері жөнінде есеп бергеніне көз жеткізеді. Айдың аяғы жақындағанда бақылаушының есеп беру жөнінде топтағылардың есіне салғанының және есеп беруге арналған бланкінің болғанын қадағалағанының көмегі болуы мүмкін. Егер кімде-кім есеп беруді ұмытып кете беретін болса, бақылаушы оған жылы сөзбен әрі жігерлендіре отырып есіне салуына болады.
6 Қызметіміз жөніндегі есепті кідіртпестен өткізгеніміз танапта қандай іс атқарғанымызды толық көрсетуге болатындай жалпы есеп құруға көмектеседі. Алдағы уақытта ай сайын қызметің жөніндегі есебіңді кідіртпестен өткізіп, өз тарапыңнан соған үлесіңді қосасың ба?