НЕГІЗГІ ТАҚЫРЫП | ӨТІНІШТЕРІМІЗ ҚҰДАЙДЫҢ ҚҰЛАҒЫНА ШАЛЫНА МА?
Дұға қаншалықты әсерлі?
Қандай да бір іске кіріспес бұрын, сіз: “Бұның мен үшін қандай пайдасы бар?”— деп ойлайтын шығарсыз. Бұл — барлық адамдарға тән нәрсе. Алайда дұға етуге келгенде, “Оның мен үшін қандай пайдасы бар?” деп ойлау пайдақұмарлықтың немесе өзімшілдіктің белгісі ме? Міндетті түрде олай емес. Қай-қайсымыз да дұғаның әсері немесе оның алып келер пайдасы жайлы білгіміз келеді. Тіпті әділ кісі болған Әйүп пайғамбар да: “Шақырсам, ол жауап бере ме?”— деп ойланған (Әйүп 9:16).
Алдыңғы мақаладан көргеніміздей, дұға жай ғана діни рәсім не емдік қасиеті бар терапия емес. Шынайы Құдай расында да дұғаларды тыңдайды. Дұрыс жолмен және дұрыс ниетпен дұға ететін болсақ, ол өтініштерімізге құлақ түреді. Ол тіпті өзіне жақындауға шақырады (Жақып 4:8). Олай болса, дұғаны күнделікті өміріміздің ажырамас бөлігі етсек, мұның нәтижесі қандай болады? Қазір дұғаның бізге тигізер бірнеше пайдалы жақтарын қарастырып көрейік.
Жантыныштығына ие боламыз.
Өмірде үлкенді-кішілі қиындықтарға кезіккенде, уайым тынышымызды алады емес пе? Мұндай кездері Құдай Сөзі “ұдайы дұға етуге” және “өтініштерімізді... Құдайға білдіруге” шақырады (Салоникалықтарға 1-хат 5:17; Філіпіліктерге 4:6). Солай етер болсақ, “Құдайдың адам ақылынан асқан тыныштығы жүрегіміз бен ой-санамызды... сақтайды” (Філіпіліктерге 4:7). Жүрегіміздегі барлық уайымымызды көктегі Әкемізге ақтарып айтқанымыз жанымызға жай береді. Зәбүр 55:22-де Құдайдың өзі бізді “бар ауыртпалығыңды маған арт, мен сені демеймін” деп шақырады.
“Бар ауыртпалығыңды Ехобаға арт, ол сені демейді” (Зәбүр 55:22)
Дүниежүзі бойынша көптеген адамдар осындай жантыныштығына ие. Мысалы, Оңтүстік Кореяда тұратын Хи Ран былай дейді: “Қатты қиналғанда, мен бірден дұға етемін. Сонда өзімді иығымнан жүк түсіп, бойыма жаңа қуат біткендей сезінемін”. Ал Филиппиндегі Сисилия болса дұғаның көмегін былай сипаттады: “Ана болғандықтан мен қыздарымды және ауруының кесірінен ешкімді танымай қалған анамды қатты уайымдаймын. Бірақ дұға еткеннің арқасында күнделікті өмірдегі уайымға тым берілмеймін. Ехоба маған оларды әрі қарай да қамқорлауға күш беретінін білемін”.
Қиын кезде жұбаныш пен күш-қайраттың көзі.
Өміріңізге қауіп төндіріп тұрған аурумен күресіп жүрсеңіз немесе қайғылы жағдайға душар болсаңыз, көмекті қайдан табуға болады? “Жұбаныш атаулының қайнар көзі” болып табылатын Құдайға дұға етіңіз. Бұл сізге нағыз көмек болады. Киелі кітапта айтылғандай, ол “бізді қиындық көрген кездің бәрінде жұбатады” (Қорынттықтарға 2-хат 1:3, 4). Мысалы, бірде Иса пайғамбардың көңіліне қайғы-мұң ұялағанда, ол “тізе бүгіп, дұға ете бастады”. “Сонда көктен бір періште келіп, оны нығайтты” (Лұқа 22:41, 43). Ал Нехемия деген әділ кісі болса Құдайдың тапсырмасын атқарғаны үшін қарсыластардың тарапынан талай қиындық көрген. Ол: “Уа, Құдайым, қолыма қуат бере көр”,— деп жалбарынған. Содан кейінгі жағдайлардан көрінетіндей, Құдай оған шын мәнінде де қорқынышын жеңуге және ісін аяғына дейін жеткізуге көмектескен (Нехемия 6:9—16). Гана елінде тұратын Реджинальд дұғаның әсері туралы былай деді: “Әсіресе өмірден түңілтіп жіберетін жағдайларға кезіккенде мен дұға етемін. Сол кезде қиыншылықтарымды шешіп бере алатын әрі көңілімді орнықтыра алатын Тұлғаға ішімдегіні ақтарғандай боламын”. Иә, расында да, Құдайға дұға етсек, ол бізді жұбатады.
Құдайдан келетін даналыққа ие боламыз.
Біздің қабылдайтын кейбір шешімдеріміз өзімізге де, жақындарымызға да әсер етіп жатады. Олай болса, қате шешімдер қабылдап қоймау үшін не істеу керек? Киелі кітапта былай делінеді: “Қайсыбіреуіңе даналық жетпей жатса [әсіресе қиыншылықтарға кезіккенде], жомарттықпен әрі еш жазғырмай бере салатын Құдайдан сұрай берсін, сонда оған беріледі” (Жақып 1:5). Иә, егер Құдайдан даналық сұрап дұға етсек, ол бізге киелі рухы арқылы дұрыс шешімдер қабылдауға көмектесе алады. Сондықтан біз дұғамызда Құдайдан киелі рухты нақты сұрасақ болады, себебі Иса пайғамбар: “Көктегі Әкенің өзінен сұрағандарға киелі рух беретіні еш шүбәсіз”,— деп айтқан (Лұқа 11:13).
“Мен Ехобаға талмай дұға етіп, дұрыс шешім қабылдауға ақыл-кеңес беруін сұрадым” (Квабена, Гана)
Иса пайғамбардың өзі маңызды шешім қабылдайтын кездерде көктегі Әкесінен көмек сұраған. Киелі кітаптан білетініміздей, ол 12 кісіні өзінің елшісі етіп таңдар алдында “түні бойы Құдайға сиынған” (Лұқа 6:12).
Иса сияқты, дана шешімдер қабылдауға көмектесуін сұраған көптеген адамдар Құдайдың өтініштеріне қалай жауап бергенін көргенде сарыуайымға салынбайтын болған. Филиппинде тұратын Регина түрлі қиындықтарға тап болды. Күйеуі қайтыс болғаннан кейін, оған отбасын жалғыз өзіне асырауға тура келді. Бұған қоса, ол жұмысынан айырылды, балаларын тәрбиелеуде түрлі қиындықтарға кезікті. Сол кезде оған дана шешімдер қабылдауға не көмектесті? Ол: “Мен дұға етіп, Ехоба Құдайға арқа сүйедім”,— деді. Ал Ганада тұратын Квабена неліктен Құдайдың басшылығына мұқтаж болғанын түсіндіріп, былай деді: “Мен құрылыстағы жалақысы жоғары жұмысымнан айырылып қалған едім”. Енді қандай жұмысқа тұратынын ойлау керек болғанда Квабена не істеді? Ол былай дейді: “Мен Ехобаға талмай дұға етіп, дұрыс шешім қабылдауға ақыл-кеңес беруін сұрадым. Ал қазір мен рухани да, тәндік те қажеттіліктерімді қанағаттандыруға мүмкіндік беретін жұмыс таңдауға Ехобаның көмектескеніне нық сенімдімін”. Сіз де Құдаймен қарым-қатынасыңызға әсер ететін мәселелер жайлы дұға етсеңіз, оның қалай ақыл-кеңес беретінін көре аласыз.
Мінеки, біз дұғаның тек бірнеше пайдалы жақтарын ғана қарастырып көрдік (Оның тағы қай жағынан пайдалы екенін “Дұғаның пайдасы” деген қоршаудан біле аласыз). Бірақ дұғаның игілігін көру үшін сіз алдымен Құдай мен оның еркі жайлы көбірек білім алуыңыз қажет. Егер білім алғым келеді десеңіз, біз сізді Ехоба куәгерлерімен байланысып, Киелі кітапты зерттеп көруге шақырамызa. Осылай етсеңіз, сіз дұғаларды тыңдайтын Құдайға жақындау үшін алғашқы қадамыңызды жасайсыз (Зәбүр 65:2).
a Көбірек мәлімет алу үшін аумағыңыздағы Ехоба куәгерлеріне жолықсаңыз немесе www.jw.org/kk сайтына кірсеңіз болады.