ҚҰДАЙҒА ЖАҚЫНДАҢЫЗ
Ехоба бізді кеңпейілмен кешіреді
“Өзгелерді кешіре алмайтын адам өзі өтуі керек көпірді бұзады”. XVII ғасырда өмір сүрген британдық тарихшы Эдвард Герберттің бұл сөздері басқаларды кешіруіміз керектігінің бір себебін көрсетеді: ертелі-кеш біз өзгелердің кешіріміне мұқтаж болуымыз мүмкін (Матай 7:12). Алайда кешірімді болудың әлдеқайда маңызды себебі бар. Сол туралы Қолостықтарға 3:13-те (оқыңыз) жазылған елші Пауылдың сөздеріне назар аударайық.
Бәріміз де күнәкар пенде болғандықтан, кейде біз өзгелерді не өзгелер бізді ренжітуі я болмаса ашуландыруы мүмкін (Римдіктерге 3:23). Олай болса, өзіміз сияқты кемелсіз адамдармен қалай тату бола аламыз? Құдай рухының жетелеуімен елші Пауыл бізге төзімді де кешірімді болуға кеңес берген. Бұл кеңес екі мың жыл бұрын жазылғанда қалай тиімді болған болса, қазір де дәл солай тиімді. Қазір Пауылдың сөздерін мұқият қарастырайық.
“Өзара төзімді болыңдар”. “Төзімді болыңдар” деген грек тіркесі шыдамды болу дегенді білдіреді. Бір еңбекте түсіндірілгендей, мәсіхшілер бұл қасиетті “өздерін ашуландырған адамның қателігіне немесе бұрыс қылығына төзуге дайын болу” арқылы танытады. Ал “өзара” деген сөз бұл қасиеттің екі жақтан да танытылуы керектігіне нұсқайды. Біздің іс-әрекетіміз басқалардың ашуына тиюі мүмкін екенін есте ұстағанымыз жөн. Сонда өзгелердің бізге ұнамайтын әрекеттеріне көп мән беріп, қарым-қатынасымыздың бұзылуына жол бермейміз. Алайда өзгелер бізге қарсы күнә жасаса ше?
“Бір-біріңді кеңпейілмен кешіріңдер”. Бір ғалымның айтуынша, “кеңпейілмен кешіру” деген грек сөзі “жай ғана кешіру деген сөзбен пара-пар емес, қайта, жомарттықпен кешіруді білдіретін мағынасы терең сөз”. Ал басқа бір еңбекке сай, бұл тіркес “ықыласқа бөлейтін, адамға пайдасын тигізетін әрі жағымды болатын бір нәрсені беру” дегенді де білдіреді. Әлдебіреуге “ренжуге себебіміз болса да”, кешіруге дайын болсақ, жомарттықпен кешіретінімізді көрсетеміз. Бірақ неге біз өзімізді ренжіткен адамды ықыласқа бөлеуіміз керек? Оның бір себебі — кейінірек біз сол адамға көрсеткен ықыласымыздың өзімізге қайтып келуіне, яғни бізді кешіруіне мұқтаж болуымыз мүмкін.
“Ехобаның өздеріңді кеңпейілмен кешіргеніндей, сендер де солай етіңдер”. Өзгелерді кеңпейілмен кешіруіміз керектігінің бірден бір себебі — Ехобаның өзі бізді кеңпейілмен кешіреді (Миха 7:18). Ойлап көріңізші, Ехоба күнәсіна өкінген адамды кешіру арқылы оны өзінің зор ықыласына бөлейді. Ехоба біз сияқты емес, ол күнә жасамайды. Сол себепті Ехоба күнәсіна өкінген адамға көрсеткен ықыласының өзіне қайтып келуіне ешқашан мұқтаж болмайды. Десе де ол сол адамды толықтай кешіруге дайын. Иә, Ехоба күнәсіна өкінген адамды кеңпейілмен кешірудің керемет үлгісін көрсетеді.
Ехобаның мейірімділігі бізді оған жақындатады және оған еліктеуге талпындырады (Ефестіктерге 4:32—5:1). Сондықтан өзімізден: “Ехоба мені жомарттықпен кешіретін болса, маған қарсы күнә жасағанына өкінетін әрі өзім сияқты кемелсіз адамды қалайша кешіре алмаймын?”— деп сұрағанымыз абзал (Лұқа 17:3, 4).
Қазанда оқитын Киелі кітап үзіндісі:
Ғалаттықтарға 1—6-тарау; Ефестіктерге 1—6; Філіпіліктерге 1—4; Қолостықтарға 1—4; Салоникалықтарға 1-хат 1—5; Салоникалықтарға 1-хат 1—3; Тімөтеге 1-хат 1—6; — Тімөтеге 2-хат 1—4
Ехоба күнәсіна өкінген адамды кеңпейілмен кешірудің керемет үлгісін көрсетеді