Сіз Құдайға сенім артасыз ба?
АСА ҚАДІРЛІ досыңыз сіз түсіне алмайтын қандай да бір әрекет істейді делік. Басқалар оның әрекетіне наразылық білдіріп, ниетіне шек келтіреді және досыңызды қатыгез деп айыптайды. Сіз бірден олармен келісе кетесіз бе, әлде шын мәнінде не болғанын досыңыздың өз аузынан естуді жөн көресіз бе? Ал егер ол қасыңызда болмаса ше? Оның ниетіне шек келтіруден аулақ болып, шыдамдылық танытасыз ба?
Бір тұжырымға келмес бұрын көп нәрсені анықтап алғыңыз келер. Бәлкім, сіз былай деп сұрарсыз: “Мен сол досымды қаншалықты жақсы білемін? Оны не үшін құрметтеймін?” Бұлай сұрайтыныңыз ақылға қонымды. Енді ойлап көріңізші, Құдайды қатыгез деп айыптамас бұрын ол туралы да осындай нәрселерді анықтап алғанымыз жөн болмас па еді?
Құдайдың кейбір істерін, я болмаса оның кейбір жағдайлардың болуына не себепті жол беретінін түсіну сізге қиын шығар. Көбісі Құдай қатыгез деп, сізді де солай ойлауға итермелеуі мүмкін. Анық-қанығына көз жеткізгенше, сіз ол туралы жақсы ойда қала бересіз бе? Бұл сұраққа қалай жауап беретініңіз Құдайды қаншалықты жақсы білетініңізге байланысты. Өзіңізден: “Осы уақытқа дейін Құдай маған жақын досымдай болды ма?”— деп сұрап көріңіз.
Егер өмірдің тауқыметін көрген болсаңыз, бірден: “Құдай маған ешқашан да досымдай болған емес”,— дерсіз. Бірақ бір сәтке кідіріп, ойланып көріңізші, Құдайдан қиыншылықтар келе ме, әлде баталар ма? Қарастырып кеткеніміздей, “осы дүниенің билеушісі” — Ехоба Құдай емес, Шайтан (Жохан 12:31). Сондықтан дүниеде болып жатқан қайғы-қасірет пен әділетсіздіктің көбісінің артында тұрған — сол. Сондай-ақ бізбен болып жатқан қиындықтар кемелсіздігіміздің не аяқ астынан болатын жағдайлардың кесірінен болуы мүмкін екенімен келісерсіз.
Құдайдан қиыншылықтар келе ме, әлде баталар ма?
Ал Құдай бізге қандай баталар берді? Киелі кітапта Құдайдың “көк пен жерді жаратқаны”, біздің дене құрылысымызды қоса алғанда, барлық нәрсені “тамаша жаратқаны”, сондай-ақ өміріміздің де оның қолында екені жазылған (Забур 123:8; Забур 138:14; Даниял 5:23). Мұның бәрі нені білдіреді?
Біз тыныс алып, тірі жүргеніміз үшін Жаратушымызға қарыздармыз (Елшілердің істері 17:28). Өміріміз, қоршаған ортаның сұлулығы, жақсы көру мен достық қарым-қатынастан келетін қуаныш, дәм сезу, сипап сезу, есту және иіс сезу қабілеті, мұның бәрі — Құдайдан келген сый (Жақып 1:17). Осындай баталар берген Құдай сый-құрмет пен сенім артуға тұрарлық Дос емес пе?
Бәлкім, сізге Құдайға сенім арту қиын болар. Құдайға сенім арту үшін оны жеткілікті білмеймін деп ойларсыз. Бұл — түсінікті жайт. Осы қысқа мақалаларда кейбіреулердің Құдайды неліктен қатыгез деп есептейтінінің барлық себебін қарастыра алмаймыз. Бұлай етудің орнына Құдайды жақсырақ білу үшін күш салғанымыз орынды емес пе?a Күш салсаңыз, Құдай туралы шындықты біле түсетініңізге сенімдіміз. Ол қатыгез бе? Жоқ. Керісінше, “Құдай — сүйіспеншілік” (Жоханның 1-хаты 4:8).
a Мысалы, Құдай неліктен зұлымдыққа жол беріп отырғанына қатысты толығырақ мәліметті Ехоба куәгерлері басып шығарған “Киелі кітап шын мәнінде неге үйретеді?” кітабының 11-тарауынан таба аласыз.