Мұса кішіпейілділік танытқан пайғамбар
КІШІПЕЙІЛДІЛІК ДЕГЕН НЕ?
Кішіпейілділік дегеніміз — өзімшілдік пен менмендіктің болмауы. Кішіпейіл адам басқаларды өзінен төмен санамайды. Сондай-ақ қарапайымдылық танытып, өзінің мүмкіндіктерінің шектеулі екенін түсінеді.
МҰСА ҚАЛАЙ КІШІПЕЙІЛДІЛІК ТАНЫТҚАН?
Мұса билікке ие болған кезде, менмен болып кеткен жоқ. Жиі адамға аз да болса билік берілсе, оның кішіпейіл не кішіпейіл емес екені айқын болып жатады. ХІХ ғасырда өмір сүрген Роберт Г. Ингерсолл есімді шешен кісі адамдардың билікті көтере бермейтінін айтып: “Адамдардың көбісі кез келген қиыншылықты көтере алады. Алайда адамның шын мәнінде қандай екенін білгің келсе, оған билік бер”,— деген. Осы орайда Мұса кішіпейілділіктің нағыз үлгісі болған. Неге олай деуге болады?
Мұсаға ерекше билік берілген еді. Өйткені Ехоба оған өзінің халқын бастап алып жүруді тапсырған болатын. Бірақ мұндай билікке ие болғаны Мұсаны өркөкірек етіп жіберген жоқ. Мысалы, Киелі кітапта мұралық жерге қатысты қиын сұрақтың қарапайым жолмен шешілгені жайлы жазылған (Руларды санау 27:1—11). Бұл маңызды мәселе еді, өйткені осы жағдайда қабылданған шешім бүкіл келер ұрпаққа әсер ететін.
Мұса қалай әрекет етті? Ол исраилдіктерге жетекшілік етуге тағайындалғандықтан, бұл мәселені шешуге құзырлымын деп ойлады ма? Я болмаса өзінің қабілетіне, жылдар бойы жинаған тәжірибесіне не Ехобаның көзқарасын жақсырақ білетіндігіне арқа сүйеді ме?
Бәлкім, өзімшіл адам солай етер еді. Бірақ Мұса олай етпеді. Киелі кітапта: “Мұса олардың даулы мәселесін Жаратқан Иенің алдына жеткізді”,— делінген (Руларды санау 27:5). Ойлап көріңізші, Исраил халқына 40 жыл бойы жетекшілік етсе де, Мұса өзіне емес, Ехобаға арқа сүйеді. Бұл оқиғадан Мұсаның өте кішіпейіл адам болғаны айқын көрініп тұр.
Мұса тек өзін ғана билік етуге лайық деп санаған жоқ. Ехоба басқа да исраилдіктерді өзі сияқты пайғамбар етіп тағайындағанда, ол қызғанбады, керісінше қуанды (Руларды санау 11:24—29). Сондай-ақ қайын атасы оған тапсырылған істі басқалармен бөлісуге кеңес бергенде, Мұса оның айтқанына кішіпейілділікпен құлақ асты (Мысырдан шығу 18:13—24). Ол қартайған шағында қайратты кісі болса да, Ехобадан өзінен кейін басшылық ететін адамды таңдауды өтінді. Ехоба Ешуаны таңдағанда, Мұса бұл жас жігітті шын жүректен қолдады. Сондай-ақ халықты Уәде етілген жерге бастап алып жүретін Ешуаны тыңдауға талпындырды (Руларды санау 27:15—18; Заңды қайталау 31:3—6; 34:7). Мұса Исраил халқын бастап алып жүруді үлкен мәртебе деп санаған. Бірақ ол өз дәрежесін басқалардың мүддесінен артық деп есептемеген.
НЕ НӘРСЕГЕ ҮЙРЕНЕ АЛАМЫЗ?
Бізде қандай да бір биліктің, дәреженің не туа біткен қабілеттің болуы өркөкіректік танытуға түрткі болмауы керек. Мынаны ұмытпайық: Ехобаның ісінде пайдалы болу үшін, қабілетімізге қарағанда, кішіпейіл болғанымыз әлдеқайда маңызды (Патшалықтар 1-жазба 15:17). Егер біз шынайы кішіпейілділік танытатын болсақ, Киелі кітаптағы: “Өз ақыл-санаңа сүйеніп жүрме, Сенім арт шын жүректен Жаратқан Иеңе”,— деген дана кеңеске құлақ асуға дайын боламыз (Нақыл сөздер 3:5, 6).
Сондай-ақ Мұсаның үлгісінен өзіміздің дәреже не билігімізге ерекше мән бермеу керектігін де үйренеміз.
Мұсаның кішіпейілділігіне еліктеудің біз үшін пайдасы бар ма? Әлбетте, бар! Шынайы кішіпейілділікті дамытатын болсақ, айналамыздағы адамдарға бізбен араласу жеңіл болады, әрі біз оларға ұнамды бола түсеміз. Ең маңыздысы, осы керемет қасиетті танытатын Ехоба Құдайға ұнамды боламыз (Забур 17:36). “Құдай тәкаппарларға қарсы тұрады, ал кішіпейілдерге рақымын төгеді” (Петірдің 1-хаты 5:5). Бұл Мұсаның кішіпейілділігіне еліктеудің бірден бір себебі емес пе?