Мұса сүйіспеншілік танытқан пайғамбар
СҮЙІСПЕНШІЛІК ДЕГЕН НЕ?
Сүйіспеншілік дегеніміз — өзгелерге көрсетілетін ыстық бауырмалдық сезім. Сүйетін адам өзіне қымбат жандарға деген сезімін сөзімен де, ісімен де білдіріп отырады. Тіпті сол үшін құрбандыққа баруға дайын болады.
МҰСА ҚАЛАЙ СҮЙІСПЕНШІЛІК ТАНЫТҚАН?
Мұса Құдайды сүйетінін көрсеткен. Қалайша? Киелі кітапта: “Құдайды сүю дегеніміз — оның өсиеттерін орындау”,— деп жазылған (Жоханның 1-хаты 5:3). Мұса дәл осы сөздерге сай өмір сүрген. Ол Ехобаның айтқанының бәрін істеді: билігі зор перғауынның алдына бару сияқты үрей тудыратын тапсырмадан бастап, Қызыл теңізге қарай таяғын созу сияқты қарапайым тапсырмаларға дейін орындады. Қиын не оңай болсын, Мұса Құдайдың айтқанын екі етпеді. Ол бәрін “Жаратқан Ие өзіне бұйырғандай етіп жасады” (Мысырдан шығу 40:16).
Мұса исраилдіктерге де сүйіспеншілік танытқан. Олар Ехоба Мұсаны жетекшілік етуге тағайындағанын білетін, сондықтан Мұсаға келіп түрлі қиыншылықтарымен бөлісетін. Киелі кітаптан оқитынымыздай, халық “таң атқаннан кешке дейін оның алдына” баратын (Мысырдан шығу 18:13—16). Исраилдіктердің айтқан қиындықтарын сағаттап тыңдаған Мұсаның қалай шаршағанын елестетіп көріңізші! Бірақ соған қарамастан, Мұса өзі жақсы көретін адамдарға көмектесуге қуанышты еді.
Мұса өзі жақсы көретін адамдарды тыңдаумен қатар, олар үшін дұға айтты. Ол тіпті өзін ренжіткен адамдар үшін де дұға еткен. Мысалы, әпкесі Мәриям Мұсаға қарсы күңкілдегенде, Ехоба оны алапес ауруына ұшыратты. Құдай Мәриямды жазалағанда Мұса қуанбады, қайта бірден: “Уа, Құдай, оны сауықтыра гөр!”—деп араша түсті (Руларды санау 12:13). Оны осындай риясыз дұға айтуға сүйіспеншілік талпындырғаны анық.
НЕ НӘРСЕГЕ ҮЙРЕНЕ АЛАМЫЗ?
Құдайға деген сүйіспеншілікті дамыту арқылы біз Мұсаға еліктей аламыз. Осындай сүйіспеншілік Құдайдың өсиеттерін “шын жүректен” орындауға талпындырады (Римдіктерге 6:17). Ал шын жүректен Ехобаға мойынсұнатын болсақ, оның жүрегін қуантамыз (Нақыл сөздер 27:11). Мұның өзіміз үшін де пайдасы бар. Ехобаға қызмет етуге бізді шынайы сүйіспеншілік талпындыратын болса, біз дұрыс нәрселерді істеп қана қоймай, оны істеуден қуаныш табатын боламыз (Забур 99:2).
Мұса пайғамбарға еліктеудің тағы бір жолы — өзгелерге риясыз сүйіспеншілік таныту. Туыстарымыз не достарымыз өздерінің қиыншылықтарын айтып бөліскенде, сүйіспеншілік бізді 1) оларға шын жүректен көңіл бөлуге, 2) олардың қайғысына ортақтас болуға не сезімдерін түсінуге және 3) оларға қамқорлық жасауға талпындырады.
Мұса пайғамбар іспетті біз де жақындарымыз үшін дұға айта аламыз. Кейде олар бізге қиыншылықтарын айтып бөліскенде, өзімізді көмектесуге дәрменсіз сезініп: “Қолымнан бар келетіні сен үшін дұға айту ғана”, — деп қынжылатын кездеріміз болады. Киелі кітаптағы “әділ адамның жалбарына айтқан дұғасының күші де, әсері де зор” деген сөздерді жадымызда ұсталық (Жақып 5:16). Біздің дұғаларымыз Ехобаны өзі істейін деп ойламаған нәрсені істеуге талпындыруы ықтимал. Олай болса, сүйікті адамдарымыз үшін дұға айтудан артық қандай көмек болуы мүмкін?a
Мұса пайғамбардан көп нәрсеге үйрене алатынымыз шүбәсіз. Ол біз сияқты қарапайым адам болса да, сенімнің, кішіпейілділіктің және сүйіспеншіліктің керемет үлгісін көрсеткен. Оның үлгісіне еліктейтін болсақ, мұның өзімізге де, өзгелерге де пайдасы зор болмақ (Римдіктерге 15:4).
a Құдай біздің дұғаларымызға құлақ асуы үшін, біз шын жүректен оның талаптарына сай өмір сүруге тырысуымыз керек. Көбірек мәлімет алғыңыз келсе, Ехоба куәгерлері басып шығарған “Киелі кітап шын мәнінде неге үйретеді?” кітабының 17-тарауын қараңыз.