2012 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
w1215.10.22—26бет.
Құдайға мойынсұнып, анттарының игілігін көр
“Өзінен жоғары ешкім болмағандықтан Құдай... өзімен ант етті” (ЕВР. 6:13).
1. Ехобаның уәделерінің кемелсіз адамдардың уәделерінен қандай айырмашылығы бар?
ЕХОБА — “ақиқаттың Құдайы” (Заб. 30:6 Тт). Адамдар кемелсіз, сондықтан оларға барлық уақытта сенуге болмайды. Ал “Құдайдың өтірік айтуы мүмкін емес” (Евр. 6:18; Руларды санау 23:19 оқы). Ол адамзатқа қатысты уәделерін әрдайым орындайды. Мысалы, Құдай әрбір жаратылыс күнінің басында не істейтінін айтып отырған әрі осы айтқандарының барлығы “солай болды да”. Ал алтыншы жаратылыс күнінің соңында “Құдай Өзінің жаратқандарының бәріне қарап, өте жақсы екенін көрді” (Жар. 1:6, 7, 30, 31).
2. Демалыс күні деген не және Құдай оны неге “қасиетті деп белгіледі”?
2 Ехоба Құдай жаратылыстарын тамашалап болған соң, жердегі жарату ісінен демалатын жетінші күннің басталғанын хабарлады. Бұл — 24 сағаттан тұратын кәдімгі күн емес, қайта, ұзақ уақытқа созылатын кезең (Жар. 2:2). Құдайдың осы демалыс күні әлі де жалғасуда (Евр. 4:9, 10). Киелі кітапта бұл күннің нақты қашан басталғаны жазылмаған. Бірақ біз бұл күннің шамамен 6000 жыл бұрын, Хауа ана жаратылғаннан кейін көп ұзамай басталғанын білеміз. Мәсіхтің мыңжылдық патшалығы жақын арада орнайды. Осы кезеңде Құдай өзінің жерге қатысты ниетін жүзеге асырады. Ол жер беті жұмаққа айналып, онда кемелді адамдардың мәңгі өмір сүргенін қалайды (Жар. 1:27, 28; Аян 20:6). Ал сен болашағыңның осындай керемет болатынына сенімді бола аласың ба? Әрине! Өйткені Құдай “жетінші күнге оң батасын беріп, оны қасиетті деп белгіледі”. Бұл Құдайдың ниеті кез келген кедергіге қарамастан міндетті түрде жүзеге асатынына кепілдік берді (Жар. 2:3).
3. a) Құдайдың демалатын күні басталғаннан кейін қандай жағдай орын алды? ә) Ехоба бұл бүлікті қалай шешетініне қатысты не деді?
3 Құдайдың демалатын күні басталғаннан кейін, оның кейбір жаратылыстары оған қарсы шықты. Құдайдың періштесі болған Шайтан құдай болғысы келді. Ең алғашқы өтірікті айтқан ол Хауаны Ехобаға мойынсұнбауға иландырды (Тім. 1-х. 2:14). Ал Хауа ана өз кезегінде күйеуін бүлікке қосылуға итермеледі (Жар. 3:1—6). Бұл бүлік әлемдегі ең сорақы оқиға болды. Шайтан Құдайдың әділдігін дауға салды, бірақ Ехоба өз ниетін жүзеге асыратынын антпен бекітуді қажет деп таппады. Ол мәні уақыт өте келе түсінікті болатын сөздермен бүлікті қалай шешетінін айтты. Ол: “Әйел екеуіңді, сенің ұрпағың мен оның ұрпағын өзара өштестіріп қоямын. Әйелдің ұрпағы [уәде етілген Ұрпақ] басыңды мыжып, ал сен [Шайтан] оның өкшесін шағатын боласың”,— деді (Жар. 3:15; Аян 12:9).
АНТ — УӘДЕГЕ БЕРІК БОЛУДЫҢ ЗАҢДЫ КЕПІЛІ
4, 5. Ыбырайым уәдесін бекіту үшін, заңды күші бар қандай кепілдік беретін?
4 Адамзат тарихының алғашқы кезеңінде бір нәрсенің шындық екенін дәлелдеу үшін ант берудің еш қажеті болмаған. Құдайды сүйіп, оған еліктейтін кемелді жаратылыстар ант бермеген. Олар шындықты айтып, бір-біріне толықтай сенім артқан. Алайда алғашқы жұп күнә жасап, кемелсіз болғаннан кейін жағдай өзгерді. Өтірік айту мен алдау бірте-бірте адамдардың бойына сіңіп кеткендіктен, маңызды жайттарды дәлелдеу үшін ант ету қажет болды.
5 Ыбырайым кем дегенде үш жағдайда ант берген (Жар. 21:22—24; 24:2—4, 9). Мысалы, бірде ол Елам патшасы және оның одақтастарымен шайқасып, жеңіспен оралды. Сонда Салим мен Содом қалаларының патшалары оны қарсы алуға шықты. Салимнің патшасы Мәліксадық “Құдай Тағаланың діни қызметкері” де болатын. Ол Ыбырайымға батасын беріп, жауларын жеңуге көмектескені үшін Құдайды мадақтады (Жар. 14:17—20). Содан соң Содомның патшасы өз халқын шапқыншылардан қорғағаны үшін оған сыйлық жасағысы келгенде, Ыбырайым былай деп ант етті: “Мен көк пен жерді Тәңір Ие — Алла Тағала алдында қолымды көтеріп тұрып ант етемін: сіз кейін “Ыбырамды мен байыттым” деп айтып жүрмеуіңіз үшін, мен барлық дүние-мүлкіңізден түк те алмаймын: бір сабақ жіп те, аяқкиімнің бір бауын да!” (Жар. 14:21—23).
ЕХОБАНЫҢ ЫБЫРАЙЫМҒА БЕРГЕН АНТЫ
6. a) Ыбырайым бізге қандай үлгі қалдырды? ә) Ыбырайымның мойынсұнғыштық танытқаны бізге қандай пайда әкеледі?
6 Кемелсіз адамдардың игілігі үшін Ехоба да ант беретін. Мысалы, Езекиел 17:16 - да: “Мәңгі тірі Жаратушы Тәңір Ие өз атымен ант етеді”,— делінген. Киелі кітапта Ехобаның 40-тан астам рет ант бергені туралы жазылған. Солардың ең әйгілісі — Ыбырайымға берген анты. Ехоба оған бірқатар уәде берді. Солардан Ыбырайым уәде етілген Ұрпақтың өзінің ұлы Ысқақтан тарайтынын білді (Жар. 12:1—3, 7; 13:14—17; 15:5, 18; 21:12). Кейін Ехоба Ыбырайымды ауыр сынақтан өткізді. Ол Ыбырайымға өзінің сүйікті ұлын құрбандыққа шалуды бұйырды. Ыбырайым бірден Ехобаға мойынсұнып, ұлын құрбандыққа шалайын деп жатқанда, бір періште келіп оны тоқтатты. Сосын Ехоба Ыбырайымға былай деп ант берді: “Сен осылайша істеп, жалғыз ұлыңды Менен аямағаның үшін өз атыммен ант етемін: саған ақ батамды шүбәсіз үйіп-төгіп бере отырып, аспандағы жұлдыздар мен теңіз жағалауындағы құм қиыршықтары қаншалықты көп болса, Мен сенің ұрпақтарыңды да соншалықты сансыз етіп көбейтемін. Олар жауларын жеңіп, қалаларын басып алатын болады. Сенің ұрпағың арқылы жер бетіндегі барлық ұлттарға ақ батам қонатын болады. Себебі сен Менің тілімді алып жүрдің” (Жар. 22:1—3, 9—12, 15—18).
7, 8. a) Неге Ехоба Ыбырайымға ант берді? ә) Құдайдың антпен бекіткен уәдесі Исаның “басқа қойларына” қандай игілік әкеледі?
7 Неге Ехоба Ыбырайымға уәделерін орындайтынын ант етті? Бұл “ұрпақтың” қосалқы бөлігі болып табылатын әрі Мәсіхпен бірге патшалық ететін адамдарды жігерлендіріп, сенімдерін нығайту үшін керек болды (Еврейлерге 6:13—18 оқы; Ғал. 3:29). Елші Пауыл түсіндіргендей, Ехоба “айтқан сөзін антпен бекітті. Мұны ол... біздер осы өзгермейтін екі нәрсе [уәдесі мен анты] арқылы алдымыздағы үмітті берік ұстануға барынша ынталы болуымыз үшін істеді. Ал өзгермейтін осы екі нәрсеге қатысты Құдайдың өтірік айтуы мүмкін емес”.
8 Құдайдың Ыбырайымға берген антының игілігін тек майланған мәсіхшілер ғана көрмейді. Ехоба Ыбырайымның “ұрпағы” арқылы “жер бетіндегі барлық ұлттарға” ақ батасы қонатынын ант еткен болатын (Жар. 22:18). Батаға кенелетін адамдардың арасында Мәсіхтің тілалғыш “басқа қойлары”, яғни жерде жұмақта мәңгі өмір сүруге үміті бар адамдар болады (Жох. 10:16). Көкте не жерде өмір сүруге үміттенбейік, сол үмітімізді “берік ұстанайық”, яғни барлық жағдайда Құдайға мойынсұна берейік (Еврейлерге 6:11, 12 оқы).
ҚҰДАЙДЫҢ ЫБЫРАЙЫМҒА БЕРГЕН УӘДЕСІМЕН БАЙЛАНЫСТЫ АНТТАРЫ
9. Ыбырайымның ұрпақтары Мысыр құлдығында болғанда, Құдай оларға қандай ант берді?
9 Ғасырлар өте Ехоба Мысыр құлдығында болған Ыбырайымның ұрпақтарына Мұсаны жіберіп, жоғарыда айтылған уәделерін орындайтынын қайтадан ант етті (Мыс. ш. 6:6—8). Кейінірек сол оқиғаға меңзеп, Ехоба былай деген: “Мен Исраилді ежелде таңдап алған күні... оларға өздерін Мысырдан бастап алып шығып, елдердің ішіндегі ең көріктісі — ағы мен балы ағыл-тегіл елге әкелуге уәде бердім [“ант бердім” ЖД]. Сол елді Мен Өзім олар үшін қарап таңдап алған едім” (Езек. 20:5, 6).
10. Исраилді Мысырдан алып шыққан соң, Құдай оларға қандай уәде берді?
10 Исраилдіктерді Мысыр құлдығынан азат еткеннен кейін, Ехоба тағы бір ант беріп, былай деді: “Сондықтан, егер айтқандарыма құлақ асып, Менің Келісімімді сақтап жүрсеңдер, барлық халықтардың ішінде сендер Менің ерекше құнды меншігім боласыңдар. Бүкіл жер — Менің иелігім, ал сендер Маған бағышталған қасиетті халқым болып, басқалардың игілігі үшін діни қызметкер мен патша секілді рухани билік жүргізетін боласыңдар” (Мыс. ш. 19:5, 6). Исраилдіктер үшін бұл неткен мәртебе еді десеңші! Олар Ехобаға мойынсұнған жағдайда, күндердің күнінде ол бұл халықтан бір топ адамды таңдап алып, олардан діни қызметкерлер патшалығын құрып, солар арқылы бүкіл адамзатқа батасын берер еді. Кейін Ехоба сол күні Исраил үшін не істегені туралы айтып, былай деген: “Мен... саған ант беріп сенімен келісім жасадым” (Езек. 16:8).
11. Құдай исраилдіктерге өзінің таңдаулы халқы болуды ұсынғанда, олар не істеді?
11 Ехоба исраилдіктерді өзіне мойынсұнуды ант етуге және өзімен ерекше қарым-қатынаста болуға мәжбүрлемеді. Олар өз еркімен: “Жаратқан Иенің айтқандарының бәрін де орындаймыз!”— деген болатын (Мыс. ш. 19:8). Үш күннен соң Ехоба Құдай исраилдіктерге, яғни өзінің таңдап алған халқына қандай талаптар қоятынын білдірді. Алдымен ол халыққа Он өсиет берді. Сосын Мұса оларға Мысырдан шығу 20:22—23:33 тармақтарда жазылған өсиеттерді айтты. Исраил мұны қалай қабылдады? “Бүкіл халық бірауыздан: Жаратқан Иенің айтқандарының бәрін орындаймыз!— деп жауап берді” (Мыс. ш. 24:3). Кейін Мұса заңдарды “келісім кітабына” жазып, тағы да бүкіл халық ести алатындай етіп дауыстап оқыды. Бұдан кейін халық үшінші рет: “Жаратқан Иенің айтқандарының бәрін орындап, мойынсұнатын боламыз”,— деп уәде етті (Мыс. ш. 24:4, 7, 8).
12. Заң келісіміне тұрғаннан кейін Ехоба не істеді? Ал халық ше?
12 Ехоба Исраилмен жасасқан келісімде айтқан міндеттерін бірден орындай бастады. Ол діни қызметкерлерді тағайындап, киелі шатырдың соғылуына қам жасады. Осылайша кемелсіз адамдардың өзіне жақындай алуына мүмкіндік берді. Ал исраилдіктер болса өздерінің Құдайға бағышталғандарын лезде ұмытып, “Исраилдің Киелі Құдайын қайғыртты” (Заб. 77:41). Мысалы, Мұса Синай тауында Ехобадан қосымша нұсқаулар алып жатқанда, исраилдіктер шыдамсыздық танытып, Құдайға деген сенімдерін жоғалта бастады. Олар Мұса өздерін тастап кетті деп ойлады. Сөйтіп, халық алтыннан бұзау мүсінін жасатып: “Әй, Исраил, сені Мысыр елінен бастап алып шыққан тәңірің — осы!”— десті (Мыс. ш. 32:1, 4). Кейін олар Ехобаға ғибадат етіп жатырмыз деп, мүсінге бас ұрды және құрбандықтар шалды. Ехоба мұны көрген кезде, Мұсаға: “Олар Мен өздеріне өсиет еткен жолдан лезде тайып шықты”,— деді (Мыс. ш. 32:5, 6, 8). Бұдан кейін де исраилдіктер Құдайға көп рет ант берді, бірақ берген анттарына адал болмады (Ру. сан. 30:2).
ТАҒЫ ЕКІ АНТ
13. Құдай Дәуіт патшаға қандай ант берді және бұл Ұрпақ туралы нені ашты?
13 Дәуіт патшаның билігі кезінде Ехоба өзіне мойынсұнатын адамдардың барлығына пайдасын тигізетін тағы екі ант берді. Біріншіден, ол Дәуіттің ұрпақтары патша тағында мәңгілік отыратынын ант етті (Заб. 88:36, 37; 131:11, 12). Бұл дегеніміз уәде етілген Ұрпақ Дәуіттің әулетінен шығып, “Дәуіттің Ұрпағы” деп аталатынын білдірді (Мат. 1:1; 21:9). Болашақ Ұрпағының жолы үлкен болатындықтан, Дәуіт оны кішіпейілділікпен “Ием” деп атады (Мат. 22:42—44).
14. Ехоба уәде етілген Ұрпаққа қатысты нені ант етті және бұл бізге қандай игілік әкелуде?
14 Екіншіден, Ехоба Дәуітке ұрпақтың тек Патша ғана емес, сонымен қатар адамзаттың Бас діни қызметкері болатынын аян етті. Исраилде патшалық пен діни қызмет екі бөлек нәрсе болған. Діни қызметкерлер леуі руынан болса, патшалар яһуда руынан еді. Алайда өзінің болашақ мұрагері туралы Дәуіт былай деді: “Жаратқан Ие менің Иеме былай деп айтқан: “Мен жауларыңды табаныңның астына Салып бергенімше отыр оң жағымда”. Жаратқан былай деп ант берген еді, Онысын ешқашан да өзгертпейді: “Сен Мәліксадықтай діни қызметкерсің, Мәңгі сондай боп қала да бересің!” (Заб. 109:1, 4). Осы пайғамбарлыққа сай, уәде етілген Ұрпақ Иса Мәсіх көкте билік етіп отыр. Сондай-ақ ол Бас діни қызметкер ретінде күнәларына өкінген адамдарға Құдаймен татуласуға көмектесуде (Еврейлерге 7:21,25, 26 оқы).
ЖАҢА ХАЛЫҚТЫҢ ПАЙДА БОЛУЫ
15, 16. a) Киелі кітапта қандай екі Исраил туралы айтылған және қайсысы бүгінде Құдайдың ықыласына ие? ә) Иса шәкірттеріне ант беруге қатысты қандай өсиет берген?
15 Иса Мәсіхтен бас тартқандықтан Исраил халқы Құдайдың ықыласынан және діни қызметкерлер патшалығын құру мүмкіндігінен айырылып қалды. Иса Яһуди халқының басшыларына: “Құдай патшалығы сендерден алынып қойылып, оған лайық өнім әкелетін басқа халыққа беріледі”,— деген (Мат. 21:43). Бұл жаңа халық б. з. 33 жылғы Елуінші күн мейрамы кезінде пайда болды. Сол кезде Құдай Иерусалимде жиналған Исаның 120 шәкіртіне киелі рухын төкті. Олар “Құдайдың Исраилі” деп аталып, көп ұзамай мыңдап саналатын және түрлі ұлттан тұратын халыққа айналды (Ғал. 6:16).
16 Құдайдың жаңа рухани халқы ежелгі исраилдіктер сияқты тілазарлық танытпайды, қайта, Құдайдың талаптарына әрдайым мойынсұнып игі жеміс әкеледі. Сол талаптардың бірі — ант беруге қатысты талап. Иса жерде болған кезде адамдар жалған не маңызы жоқ нәрселер туралы ант беретін (Мат. 23:16—22). Сол себепті Иса шәкірттеріне былай деп айтқан: “Мүлдем ант беруші болма! Сендердің “иә” дегендерің “иә”, ал “жоқ” дегендерің “жоқ” болсын. Бұған үстемелеп айтқандарыңның бәрі Зұлымнан” (Мат. 5:34, 37).
Ехобаның уәделері әрқашан жүзеге асады
17. Келесі мақалада қандай сұрақтар қарастырылады?
17 Бұл ешқашан ант беруге болмайды дегенді білдіре ме? Ал, ең бастысы, “иә” дегендерің иә болсын деген нені білдіреді? Бұл сұрақтар келесі мақалада қарастырылады. Киелі кітаптан оқығанымыздың үстінен ой жүгіртуді жалғастыра беріп, Ехобаға мойынсұнуға деген шешімімізді берік ұстанайық. Сонда ол бізді өзі ант еткендей мәңгілік бойы қуана-қуана жарылқайтын болады.