Мәңгілік өмірге жеткізетін білім
“Мәңгілік өмірге ие болу үшін өзің, яғни жалғыз шынайы Құдай және өзің жіберген Иса Мәсіх туралы білім ала беру керек” (ЖОХАН 17:3).
БІЛІМ өмірді сақтап қала алады. Мысалы, Нигерде тұратын он жасар Нуху ауырып қалған кезде, оның медициналық-әлеуметтік қызметкер анасы не істеу керектігін білді. Ол ұлының ағзасындағы судың мөлшерін қалпына келтіру үшін қант, тұз және суды араластырып, ерітінді дайындайды. ЮНИСЕФ-тің мәлімдеуі бойынша, бұл әйел “денсаулық сақтау саласында жұмыс істегенінің және дер кезінде әрекет еткенінің арқасында науқастың бетін қайтара алды”.
Киелі кітаптағы білім де адамның өмірін сақтап қала алады. Киелі кітаптың алғашқы жазушысы Мұса пайғамбар: “Сол бұйрықтар жай сөздер емес, олар сендерге өмірді алып келеді. Оларды ұстанатын болсаңдар,.. өмірлерің ұзақ болады” (Заңды қайталау 32:47). Киелі кітап шынында да өмірімізді ұзарта ала ма? Қалайша ондағы хабар бізді мәңгілік өмірге жеткізе алады?
Осы журналдың алдыңғы бес мақаласынан көргеніміздей, Киелі кітаптың сенім артуға тұратын пайғамбарлықтарына, тарихи және ғылыми тұрғыдан туралығына, ішкі үйлесімділігі мен тиімді кеңестеріне басқа ешқандай кітап тең келмейді. Бұл Киелі кітаптың ерекше кітап екенін паш етеді. Сонымен, егер Киелі кітап бізге ұзақ, яғни мәңгі өмір сүруге жол ашып отырса, бұл кітап сіздің мұқият қарастыруыңызға лайық емес пе?
Біз сізді қазірдің өзінде жантыныштығына бөлейтін және алдағы бақытты өмірге жетелейтін Киелі кітаптағы тура білімді алуға шақырамыз. Ехоба куәгерлері сіздің осы білімге ие болуыңыз үшін көмектесуге қуанышты болады.
[9-беттегі қоршау/сурет]
Киелі кітаптың тағы бір ерекшелігі: адамдарды мазалайтын маңызды сұрақтарға тек сол ғана қанағаттанарлық жауап береді. Мысалы:
• Өмірдің мәні неде?
• Қайғы-қасірет неге сонша көп?
• Өмірден өткен жақындарымыз үшін қандай да бір үміт бар ма?
Сіз осы сұрақтарға Киелі кітаптың қалай жауап беретінін Ехоба куәгерлері басып шығарған мына әдебиеттен таба аласыз.