Құдайға жақындаңыз
Өзіне қызмет ететіндерге сый беретін Құдай
“РАҚМЕТ!” Жақсы атқарылған жұмыс немесе шын жүректен берген сыйлығымыз үшін осы сияқты ризашылық сөздерін есту қай-қайсымызға да ұнайды. Бәріміз де күш салып атқарған еңбегіміз басқалардың, әсіресе өзіміз жақсы көретін адамдардың тарапынан бағаланады деп күтеміз. Әрине, біз Құдайымыз Ехобаны бәрінен де жақсы көреміз. Алайда оған қызмет етуде күш салып жатқанымызды Құдай бағалай ма? Қазір, өзінің өмірін қатерге тігіп, Құдай пайғамбарын аман алып қалған Әбдімәлікке Ехоба Құдайдың қалай қарағанын қарастырайық (Еремия 38:7—13 және 39:16—18 оқы).
Әбдімәлік кім болған? Ол Яһуда елінің патшасы Седекияхтың сарайында нөкер ретінде жауапты қызмет атқарған. Сондай-ақ адалдығын сақтамаған Яһуда еліне жойылатындарын айтып ескертуге жіберілген Еремия пайғамбардың замандасы болған. Құдайдан безген уәзірлердің арасында болғанына қарамастан, Әбдімәлік Құдайдан қорқатын әрі Еремияны аса құрметтейтін. Зұлым ниетті уәзірлер Еремияға бүлікші деген жалған айып тағып, оны түбі батпақ құдыққа түсіріп, ажалға тастағанда, Әбдімәліктің Құдайға ұнамды қасиеттері сынға салынды (Еремия 38:4—6). Ол енді не істемек?
Әбдімәлік уәзірлердің кек қайтаруынан қорықпастан, батылдықпен дереу әрекет етті. Ол көпшілік алдында Седекиях патшаға барып, Еремияға қарсы әділетсіздік жасалғанын айтып, шағымданды. Қастандық жасаушыларға нұсқаған болса керек, ол патшаға: “Ана кісілердің Еремия пайғамбарды құдыққа тастағандары — нағыз зұлымдық!”— деді. Ақырында Әбдімәлік көздеген мақсатына жетіп, Еремияны шығарып алу үшін патшаның нұсқауымен 30 адамды ертіп алды.
Оның келесі әрекетінен тағы бір жақсы қасиеті — мейірімділігі — байқалды. Ол “біраз ескі шүберек пен көнетоз киімдерді алып, құдықтағы Еремияға арқанмен төмен түсірді”. Шүберек пен киімдер не үшін қажет болды? Бұлар Еремияны құдықтан шығарған кезде арқан оның қолтығын қиып кетпеу үшін қажет еді (Еремия 38:11—13).
Ехоба Әбдімәліктің іс-әрекетінің бәрін көріп тұрды. Ол Әбдімәліктің бұл әрекетіне риза болды ма? Құдай оған Еремия арқылы Яһуданың жақын арада күйрейтінін айтты. Бұдан кейін Құдай Әбдімәліктің құтқарылатынына кепілдік беретін бес уәде берді. Ехоба былай деді: “Мен өзіңді аман алып қаламын!.. Қауіптенетін адамдарыңның қолына түспейсің... Мен сені міндетті түрде құтқарамын. Ешкімнің семсерінен қаза таппайсың... тірі қалып, өз жаның өзіңе олжа болады”. Неге Ехоба Әбдімәлікті аман алып қалуға уәде берді? Ехоба Құдай оған: “Себебі сен Маған толығымен сенім артып келесің!”— деді (Еремия 39:16—18). Әбдімәлік Еремияның қамын ойлағандықтан ғана емес, Құдайға сенім артқандықтан да осылай әрекет еткен, және Ехоба мұны жақсы білді.
Бұл оқиғадан Ехоба жайлы не білдік? Ехоба оған деген қызметімізде атқарып жатқан істерімізді бағалайды. Киелі кітап ғибадатымыздағы тіпті ең кішкентай әрекетіміздің өзін Ехобаның ұмытпайтынына сендіреді (Марқа 12:41—44). Бұл сізді қызметімізді бағалайтын осындай Құдайға жақындай беруге талпындырады емес пе? Олай болса, сіз оның, Киелі кітапта айтылғандай, “өзін шын жүректен іздейтіндерге сый беретін” Құдай екеніне сенімді бола аласыз (Еврейлерге 11:6).