Сырқатың қуанышыңнан айырмасын
ТАҢ ата салысымен күннің батқанын тілеп жатырсың. Саған күн сайын аурумен және жан күйзелісімен күресуге тура келеді. Кейде тіпті Әйүп сияқты “бүйтіп қиналғанша, өлгенім артық” деп ойлайтын да шығарсың (Әйүп 7:15). Ал осындай күйді бір күн емес, жылдар бойы кешіп жатсаң ше?
Дәуіттің жан досының баласы Мепібосет осындай жағдайға тап болған. Бес жасында оның “ол жерге құлап ақсақ болып қалған еді” (Пат. 2-ж. 4:4). Ал кейін патшаны сатып кетті деген жала жабылып, мал-мүлкінен айырғанда, оның жан күйзелісі ауруын тіптен үдете түскен шығар, сірә. Бірақ кемтар болса да және қорлық пен көңіл қалдыратын жайттармен күресуге тура келсе де, ол еш нәрсенің қуанышынан айыруына жол бермеді (Пат. 2-ж. 9:6—10; 16:1—4; 19:24—30).
Енді елші Пауылдың мысалына назар аударайық. Бірде ол “тәніне тікендей қадалып маза бермейтін бірдеңе” туралы жазды (Қор. 2-х. 12:7). Ол қандай да бір ауруды не елшілігіне шек келтірген адамдарды меңзеген болуы мүмкін. Қандай болған күнде де, бұл оған тәндік не эмоциялық ауыртпалық әкелді (Қор. 2-х. 12:9, 10).
Созылмалы ауру не жан күйзелісі бүгіндегі Құдай қызметшілеріне де таңсық емес. Мысалы, Магдалина 18 жасында жүйелі қызыл жегі (волчанка) ауруына шалдықты. Бұл аурудың салдарынан адамның иммундық жүйесі өз ағзасына қарсы шығады. Ол былай деп бөлісті: “Менің салым суға кететін. Аурудың салдарынан уақыт өткен сайын жағдайым нашарлай түсті: ас қорытуым бұзылып, ауыз қуысымда ойық жаралар қаптап, қалқанша безім қабынатын”. Ал Изабеллаға болса сырт көзге көрінбейтін аурумен күресуге тура келді. “Бала кезімнен бері жан күйзелісінен зардап шегудемін. Соның кесірінен жоқ жерден бойымды түсініксіз үрей билеп, тыныс алуым қиындап, асқазаным жиырылып қалады. Содан өзімді түкке тұрғысыз сезінемін”.
Шындыққа тура қарау
Ауру-сырқауға шалдыққан адамның өмірі күрт өзгеріп кетуі мүмкін. Сондай кезде шындыққа тура қарай отырып, өз жағдайыңды қайта бағамдағаның жөн. Әрине, мүмкіндігіңнің шектеулі екенін мойындау оңай емес. Магдалина былай дейді: “Күндер жылжыған сайын менің сырқатым ушыға түсуде. Кейде тіпті төсектен тұруға әлім жетпей жатады. Ертең өзімді қалай сезінетінімді білмегендіктен, алдын ала жоспар құра алмаймын. Ал қызметке бұрынғыдай атсалыса алмайтыным мені әсіресе мұңайтады”.
Сырқатпен күресіп жүрген Збигнев былай дейді: “Жылдар өте келе ревматоидты артрит буындарымды бірінен соң бірін зақымдап, бар күшімді алып қоюда. Кей кездері буындарымның қатты ісініп кеткеннен қарапайым нәрселерді істей алмай қаламын. Бұдан менің көңілім тарығады”.
Бірнеше жыл бұрын Барбараның миында қатерлі ісік бар екені анықталды. “Мен түрлі өзгерістерді бастан кешіріп жүрмін: өзімді әлсіз сезінемін, жиі басым ауырады және еш нәрсеге зейін қоя алмаймын. Жағдайым өзгергендіктен барлығын да қайта салмақтап-саралауға тура келді”,— дейді ол.
Жоғарыда есімі аталған адамдардың бәрі Ехобаның бағышталған қызметшілері. Ехобаның еркін орындау олардың өмірлерінде басты орында тұр. Олар Құдайға толықтай сенім артатындықтан, оның қолдауына ие (Нақ. с. 3:5, 6).
Ехоба қалай көмек береді?
Басымызға түскен қиындықтар Құдайдың ықыласынан айырылғанымыздың белгісі деп ойлаудан аулақ болуымыз қажет (Ерм. з. 3:33). Мәселен, “мінсіз әрі адал” болған Әйүп көп қиындықты бастан кешірген (Әйүп 1:8). Иә, Құдай ешкімді де зұлымдықпен сынамайды (Жақ. 1:13). Ауру атаулының бәрі — созылмалы және эмоциялық ауруларды қоса алғанда — түп атамыз бен анамыз Адам мен Хауадан қалған мұра (Рим. 5:12).
Алайда Ехоба мен Иса әділ жандарды жалғыз қалдырмайды (Заб. 33:16). Құдай “бас сауғалайтын панамыз бен қорғанымыз” бола алатынын біз әсіресе өміріміздің ең қиын шақтарында түсінеміз (Заб. 90:2). Олай болса, түйіні оңай шешілмейтін қиындықтарға кезіккенде, қуанышымызды сақтауға не көмектеседі?
Дұға. Ежелдегі Құдайдың қызметшілерінің үлгілеріне еліктей отырып, ауыртпалықтарыңды көктегі Әкемізге арт (Заб. 54:23). Осылай істесең, “Құдайдың адам ақылынан асқан тыныштығына” бөленесің. Ал бұл сенің “жүрегің мен ой-санаңды сақтайды” (Філіп. 4:6, 7). Дұғада Құдайға арқа сүйеу арқылы Магдалина қажытып жүрген дертіне төзіп келеді. Ол былай дейді: “Жүрегімдегіні Ехобаға ақтарғанымның арқасында жеңілдік сезінемін және қайтадан қуанышқа кенелемін. Енді мен Құдайға күн сайын арқа сүйеу деген не екенін түсінемін” (Қор. 2-х. 1:3, 4).
Дұғаларыңа жауап ретінде Ехоба киелі рухы, Сөзі және мәсіхші бауырластар арқылы нығайта алады. Әрине, біз Құдайдан керемет жасайды деп күтпейміз. Дегенмен, қандай қиыншылыққа кезікпейік, ол бізге қажетті даналық пен күш беретініне сенімді бола аламыз (Нақ. с. 2:7). Ол бізге “адам күшінен асқан күш” дарытады (Қор. 2-х. 4:7).
Отбасы. Үй ішіндегілердің сүйіспеншілігі мен мейірімділігі науқас адамның жанына жылу береді. Алайда жақын адамдарың да сенімен бірге қиналып жүргенін ұмытпағайсың. Олар да өздерін дәрменсіз сезініп жүрген шығар. Дегенмен олар әрқашан, тіпті ауыр шақтарда, сенің жаныңнан табылады. Ал бірге дұға еткендерің жүректеріңді орнықтырады (Нақ. с. 14:30).
Барбара қызы мен басқа қыз бауырластар жайлы былай дейді: “Олар маған уағыз ісіне атсалысуға көмектеседі. Ал қызметте танытатын құлшыныстары мені жігерлендіреді”. Збигнев үшін жұбайының қолдауы аса бағалы. Ол былай дейді: “Үй тірліктерінің көбісін әйелім істейді. Ол маған киінуге көмектеседі, жиі қауымға және қызметке барғанда сөмкемді көтеріп жүреді”.
Бауырластар. Бауырластарымызбен бірге бас қосқанда жұбаныш тауып, жігерленіп қаламыз. Бірақ сырқатыңның кесірінен қауым кездесулеріне бара алмай жүрсең ше? Магдалина былай деп бөлісті: “Кездесулердің пайдасын көре алуым үшін қауымдағы бауырластар бағдарламаның үнжазбасын жасап әкеледі. Олар маған жиі телефон шалып, көмегін ұсынады. Сондай-ақ жігерлендіретін хаттар жіберіп тұрады. Олардың мені ұмытпай, қамымды ойлап жатқанын білу маған күш береді”.
Жан күйзелісінен қиналып жүрген Изабелла былай дейді: “Қауымда мені тыңдап, түсінуге тырысатын көптеген “әке-шешем” бар. Қауым маған тыныштық пен қуаныш сыйлайтын отбасыма айналды”.
Қандай да бір қиындықтарды бастан кешіріп жатқан адамға өзгелерден оқшауланбау керек. Қайта, бауырластармен араласу мүмкіндіктерін бағалағаны жөн (Нақ. с. 18:1). Осылайша ол өзгелерге де жігер бере алады. Бәлкім, басында жағдайыңды бауырластарға айтудан тартынатын шығарсың. Алайда сезімдеріңмен бүкпесіз бөліскеніңді олар бағалайды. Мұндай кезде бауырластардың “нағыз сүйіспеншілік” танытуға мүмкіндіктері туады (Пет. 1-х. 1:22). Қауым кездесулеріне көлікпен апарғанын қалайтыныңды, бірге қызметке шыққың келетініңді, я болмаса әңгімелескің келетінін айтсаң болады. Әрине, біз тым талапшыл болғымыз келмейді, қайта, көрсеткен көмектеріне шын жүректен ризашылық білдіруді қалаймыз.
Бәріне оң көзбен қара. Созылмалы ауруға қарамастан қуаныш сақтайсың ба, жоқ па, бұл бірінші кезекте өзіңе байланысты. Әрқашан тұнжырап, қабақ ашпай жүретін болсаң, өмірден түңіліп кетуің әбден мүмкін. Киелі кітапта: “Қиналған адамға рухы төзер, Ал күйреген рухқа кім дем берер?”— деп айтылған (Нақ. с. 18:14).
Магдалина былай дейді: “Мен қиыншылықтарым туралы ойлай бермеу үшін күш саламын. Өзімді жақсы сезінген күндерді тиімді қолдануға тырысамын. Сондай-ақ созылмалы ауруға қарамастан, Құдайға адал қызмет етіп жатқан адамдардың өмірбаяндарын оқудан жігер аламын”. Ал Изабеллаға Ехоба оны сүйетінін және қатты бағалайтынын білгені күш береді. Ол былай дейді: “Мен өзімді ешкімге керек еместей сезінбеймін және кім үшін өмір сүріп жатқанымды білемін. Оның үстіне, менің жарқын болашаққа деген үмітім бар”.
Збигнев былай дейді: “Қазіргі жағдайымда мен кішіпейілділік пен мойынсұнушылыққа үйреніп жатырмын. Сондай-ақ өзгелерге түсінушілікпен қарауды, шешімдерді ақылмен қабылдауды және шын жүректен кешіруді де үйрендім. Сондай-ақ қызметке келгенде өзімді аяй бермеуді үйрендім. Жалпы айтқанда, рухани алға басуға деген ықыласым зор”.
Есіңде болсын, танытып жатқан төзімділігің Ехобаның назарынан тыс қалып жатқан жоқ. Сен қайғырғанда ол сенімен бірге қайғырады, өйткені ол қамыңды ойлайды. Ехоба “өзінің есіміне деген сүйіспеншіліктерің мен еңбектеріңді ұмытпайды” (Евр. 6:10). Өзін қастерлейтін адамдарға: “Мен сені ешқашан қалдырмаймын, ешқашан тастамаймын”,— деген уәдесі әрдайым жадыңда болсын (Евр. 13:5).
Өзіңді жабырқаулы сезінген кезде, жаңа дүниедегі керемет өмір туралы ойла. Құдай Патшалығы әкелетін баталарды өз көзіңмен көретін кезің жақын!
[28, 29-беттердегі қоршау/суреттер]
Олар созылмалы ауруға қарамастан уағыздауды тоқтатқан жоқ
“Өздігімнен жүріп-тұра алмайтындықтан, әйелім не бауырластар мені қызметте ертіп жүреді. Ұсыныс пен жазба орындарын жаттап аламын” (Иежи, көзі нашар көреді).
“Телефонмен қатар мен хат арқылы да куәлік етемін. Кейбір қызығушылармен жүйелі түрде хат алысып тұрамын. Ауруханада жатқан кездері Киелі кітап пен әдебиеттерді төсегімнің жанына қоямын. Осының арқасында мазмұнды әңгіме құруға мүмкіндіктер туып жатады” (Магдалина, жүйелі қызыл жегімен ауырады).
“Мен үйме-үй жүріп қызмет еткенді жақсы көремін. Бірақ өзімді жайсыз сезінген кездері телефон арқылы уағыздаймын” (Изабелла, жан күйзелісіне ұшыраған).
“Маған адамдарға қайта бару және Киелі кітап зерттеу сабақтарына қатысу ұнайды. Өзімді жақсы сезінген күндері үйме-үй уағыздағанды жақсы көремін” (Барбара, миында қатерлі ісік бар).
“Мен уағызға аз ғана журналдар салып барамын, өйткені тек жеңіл заттарды көтере аламын. Ал далада әлсіз буындарым мүмкіндік бергенше ғана жүре аламын” (Збигнев, ревматоидты артритпен ауырады).
[30-беттегі сурет]
Балалар да, үлкендер де жігер бере алады