Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • w11 15.11. 3—5 бет.
  • Иқу таза ғибадатты құлшыныспен қолдаған

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • Иқу таза ғибадатты құлшыныспен қолдаған
  • 2011 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
  • Тақырыпшалар
  • Ұқсас мәлімет
  • ОЛ ҰШЫРЫП АЙДАДЫ!
  • ИҚУДЫҢ ЕХОБАҒА ДЕГЕН ҚҰЛШЫНЫСЫ
  • ЕХОБАНЫҢ ЗАҢЫМЕН ЖҮРУГЕ ТЫРЫС
  • Қазір батыл әрекет ететін уақыт
    2006 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
  • Жазасын алған зұлым патшайым
    Киелі кітап оқиғаларынан тәлім алайық
  • Ол батыл әрі құлшына әрекет етті
    “Мәсіхшілік өміріміз бен қызметіміз” жұмыс дәптері (2022)
2011 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
w11 15.11. 3—5 бет.

Иқу таза ғибадатты құлшыныспен қолдаған

ИҚУ таза ғибадаттың құлшынысты қолдаушысы болған. Ол жігерлі, белсенді, қажырлы әрі батыл адам еді. Біз Иқудан көп нәрсеге үйрене аламыз.

Исраил халқының жағдайы мүшкіл болған кезде Ехоба Иқуға арнайы тапсырма берді. Сол уақытта бүкіл ел зұлым патшайым Езабелдің ықпалында болатын. Езабел Ахабтың жесірі әрі тақта отырған Жорам патшаның шешесі еді. Ол Бағалға бағышталған ғибадатты ілгері тартып, Ехобаның пайғамбарларын өлтіртті. Сөйтіп, халықты өзінің азғындығы мен сиқырлығына батырды (Пат. 4-ж. 9:22; Пат. 3-ж. 18:4, 13). Сонда Ехоба Жорам мен Езабелді қоса алғанда, Ахабтың бүкіл әулетінің көзін құртуға үкім шығарды. Бұл үкімді жүзеге асыруға Иқу тағайындалған болатын.

Жазбаларда айтылғандай, Ғалақадтағы Рамотта исраилдіктер мен сириялықтардың арасында соғыс жүріп жатқан кезде, Иқу әскербасылардың арасында отырған. Ол жоғары дәрежелі әскербасы не тіпті бүкіл Исраилдің қолбасшысы болғанға ұқсайды. Елішә пайғамбар жіберген қызметші Иқуды патша етіп майлайды да, оған Ахабтың жолдан тайған әулетінің еркек кіндіктілердің барлығын жоюды тапсырады (Пат. 4-ж. 8:28; 9:1—10).

Жолдастары Иқудан хабаршының не үшін келгенін сұрағанда, ол жауап беруден тартынды. Алайда олар сұрап қоймағандықтан, Иқу шындықты айтты. Сөйтіп, олар бірге Жорамның көзін қалай құртатындарын ойластыра бастады (Пат. 4-ж. 9:11—14). Сол кезде халық патша билігі мен Езабелдің ықпалына наразы болып жүргенге ұқсайды. Дегенмен Құдайдың тапсырмасын орындау үшін Иқуға жақсы жоспар құру қажет болды.

Жорам патша шайқастың кезінде жарақаттанып, емделу үшін Езрел қаласына аттанады. Жоспары жайлы хабар патша құлағына жетсе, ойындағысы жүзеге аспайтынын Иқу түсінді. Сондықтан ол: “Езрелге барып хабар бермеуі үшін қаладан ешкім шықпасын”,— деп бұйырды (Пат. 4-ж. 9:14, 15). Иқу Жорамның жағындағы әскерлердің тарапынан болуы мүмкін кез келген қарсылықтың алдын алғысы келді.

ОЛ ҰШЫРЫП АЙДАДЫ!

Аңдаусызда жатқан патшаның үстінен түсу үшін Иқу күймеге отырды да, Ғалақадтағы Рамоттан 72 шақырым жерде жатқан Езрелге аттанды. Иқу сол жерге асығып келе жатқанда, мұнарада тұрған күзетші оның “жасақтарын” көреді (Пат. 4-ж. 9:17). Жоспарын жүзеге асыру оңай болмайтынын білгендіктен, Иқу қасына әскерлерін ерткен болса керек.

Күймелердің бірін Иқу айдап келе жатыр деп пайымдаған күзетші: “Ол есі ауысқан адамдай айдап келеді”,— деп хабарлады (Пат. 4-ж. 9:20 ЖД). Егер Иқу күймені әдетте жылдам айдаған болса, бұл жолы ол одан бетер ұшырып айдаса керек.

Иқуға жіберілген екі хабаршы қайтып оралмағандықтан, Жорам мен Яһуда патшасы Охозия күймелеріне мініп, оның алдынан шығады. “Оң ниетпен келдің бе?”— деп сұрайды Жорам. Сонда Иқу: “Езабелдің, сенің анаңның жауыздықтары, оның сан алуан зымияндықтары бола тұрып, қандай оң ниет болушы еді?”— деп кесіп айтады. Бұл сөздердің төркінін түсінген Жорам қашуға әрекеттенеді. Бірақ Иқу жылдам садақ атады да, жебе Жорамның жүрегіне қадалады. Сөйтіп, ол күймесінің ішіне құлап түседі. Охозия алғашында қашып құтылғанымен, кейін Иқу оны тауып алып өлтіртеді (Пат. 4-ж. 9:22—24, 27).

Келесі кезекте “қарғыс атқан” деп орынды аталған зұлым патшайым Езабел өлу керек еді. Иқу Езрелге кіргенде, Езабелдің патша сарайының терезесінен қарап тұрғанын көреді. Сөйтіп, Иқу кідірместен уәзірлерге Езабелді терезеден лақтыруды бұйырады. Содан соң бүкіл Исраилді күнәға батырған патшайымды аттарына таптатады. Кейін Иқу зұлым Ахабтың басқа да үрім-бұтағын өлтіреді (Пат. 4-ж. 9:30—34; 10:1—14).

Әрине, зорлық-зомбылық деген — жағымсыз нәрсе, бірақ сол заманда Ехоба үкімдерін жүзеге асыру үшін өз қызметшілерін қолданғанын түсінуіміз керек. Жазбаларда былай делінген: “Охозияның сорына қарай Жорамға келгені Құдайдан еді: өйткені өзі келген бойда ол Жораммен бірге Намессийдің ұлы Иқуға қарсы шықты, ал оны Жаратқан Ие Ахабтың үйін құрту үшін зәйтүн жағып белгілеп қойған еді” (Шеж. 2-ж. 22:7). Жорамның мәйітін күймеден лақтырғанда, Иқу бұны Ехобаның Ахабқа Набутайды өлтіргені үшін шығарған үкімінің жүзеге асуы деп түсінеді. Бұған қоса, Құдай Иқуға Езабелдің қолынан қаза тапқан қызметшілердің қаны үшін кек алуды тапсырған болатын (Пат. 4-ж. 9:7, 25, 26; Пат. 3-ж. 21:17—19).

Бүгінде Құдайдың қызметшілері таза ғибадаттың жауларына қарсы күш қолданбайды. “Кек алу — менің ісім”,— дейді Ехоба (Евр. 10:30). Алайда қауымды қауіп төндіруі мүмкін әсерлерден қорғау үшін ақсақалдар Иқу сияқты батыл әрекет етулері керек (Қор. 1-х. 5:9—13). Сондай-ақ мәсіхшілердің барлығы да қауымнан шығарылған адамдармен араласудан барынша аулақ болғандары жөн (Жох. 2-х. 9—11).

ИҚУДЫҢ ЕХОБАҒА ДЕГЕН ҚҰЛШЫНЫСЫ

Иқудың Ионадавқа кейінірек айтқан сөздерінен Құдайдың тапсырмасын қандай ниетпен орындағаны көрінеді. Ол: “Менімен бірге жүр. Менің Жаратушы Иеге деген қызғанышымды көзіңмен көр”,— деді. Ионадав шақыруды қабыл алды да, Иқудың күймесіне отырып, онымен бірге Самарияға жөнелді. Ол жерде Иқу “Бағалдың қызметшілерінің көзін жою үшін қулық жасады” (Пат. 4-ж. 10:15—17, 19).

Иқу Бағалға “үлкен құрбандық” шалатынын жариялайды (Пат. 4-ж. 10:18, 19). Бір ғалымның айтуынша, Иқудың бұл жердегі сөздерінің астарлы мағынасы бар. Оның қолданған сөзінің негізгі мағынасы “құрбандық” болғанымен, бұл сөз жолдан тайғандарды “қырып-жою” деген мағынада да қолданылады. Бағалдың бірде-бір қызметшісі осы жиыннан шет қалмау үшін Иқу олардың бәрін Бағалдың ғибадатханасына жинап, үстеріне айрықшаландыратын киім кигізді. “Түгел өртелетіндер [құрбандықтар] жанып болған кезде” Иқу 80 жауынгеріне Бағалға сиынған адамдарды өлтіруді тапсырды. Сосын олар Бағал ғибадатханасының тас-талқанын шығарды да, ол жерді дәретханаға айналдырып, арамдады (Пат. 4-ж. 10:20—27).

Иқудың көп қан төккені рас. Дегенмен Жазбалар оны Исраил халқын Езабел мен оның отбасының езгісінен азат еткен адам ретінде сипаттайды. Осындай істі тек батыл, қайратты да құлшынысты адам ғана атқарып шыға алар еді. “Бұл қиын іс табандылықпен әрі түбегейлі атқарылған болатын”,— дейді бір Киелі кітап сөздігі. —Жұмсақтау әрекет етілгенде, Бағалға ғибадат етушілер Исраилде түп тамырымен жойылмас еді”.

Бүгіндегі мәсіхшілердің кезігетін жағдайлары Иқудыкіндей қасиеттер танытуды талап ететіні айдан анық. Мысалы, Ехоба жек көретін істер жасауға азғырылғанда, қалай әрекет етуіміз керек? Біз одан бірден бас тартуымыз қажет. Осылайша батылдық пен таза ғибадатқа деген құлшыныс танытамыз. Ехобаға шын берілгендігіміз сыналғанда, осылай шұғыл әрекет еткеніміз жөн.

ЕХОБАНЫҢ ЗАҢЫМЕН ЖҮРУГЕ ТЫРЫС

Бұл оқиғаның соңында біз үшін ескерту бар. “Бетелдегі және Дандағы алтын өгізшелерден “Иқу бас тартқан жоқ” (Пат. 4-ж. 10:29). Таза ғибадатқа деген құлшынысы оттай лаулаған адам қалайша пұтқа табынушылықты қолдаушы болып кетуі мүмкін?

Иқу Исраил патшалығының Яһудадан дербес болуы үшін бір-бірінен дін жағынан да бөлек болулары керек деп пайымдағанға ұқсайды. Сол себепті ол Исраилдің алдыңғы патшалары іспетті алтын бұзауға табынуды қолдады. Алайда бұл Иқудың өзін патша етіп тағайындаған Ехобаға толық сенім артпағанын көрсетті.

Ехоба Иқуды өзінің еркін “шын ниетімен” орындағаны үшін мақтады. Алайда Иқу “Жаратушы Иенің, Исраил Құдайының заңымен шын жүрегімен жүруге онша тырысқан жоқ” (Пат. 4-ж. 10:30, 31). Оның бұдан бұрын жасаған істерін ескерер болсақ, соңғы әрекеті таңғалдырмай қоймайды, тіпті көңілді қалдырады. Біз бұдан сабақ ала аламыз. Ехобамен қарым-қатынасымызға ешқашан атүсті қарамайық. Күн сайын Киелі кітапты зерттеу, оқығанымызды ой елегінен өткізу және шын жүректен дұға ету арқылы Құдайға деген адалдығымызды нығайтайық. Сондай-ақ Ехобаның заңын әрдайым шын жүректен ұстануға барынша тырысайық (Қор. 1-х. 10:12).

[4-беттегі қоршау]

Иқу және тарих

Сыншылар Жазбаларда аты аталған адамдардың шынымен өмір сүргендеріне күмән келтіреді. Ал Иқудың өмір сүргеніне қатысты Киелі кітапта жазылғаннан басқа деректер бар ма?

Ежелгі Ассурдың кем дегенде үш құжатында Исраилдің осы патшасының аты аталған. Солардың бірінде Иқудың, не бәлкім уәзірінің, Салманассар ІІІ-ге тағзым етіп, салық төлеп жатқаны көрсетілген. Сондай-ақ онда былай деп жазылған: “Омри ұлы Иқудың салығы. Мен одан күміс, алтын, алтын саплу құмыра, тұмсығы жіңішке алтын құмыраны, алтын тостағанды, алтын кәрзеңкелерді, қалайы, патша аса таяғын, алдым”. Иқу Омридің туған ұлы болмаған. Алайда Омри көпке танымал патша болғандықтан әрі Исраилдің астанасы Самарияны соққандықтан, Исраилдің патшаларын соның есімімен атағанға ұқсайды.

Ассур патшасының Иқудан салық алғаны жайлы мәліметті дәлелдеу мүмкін емес. Қандай болған күнде де, Иқудың аты үш рет ескерткіш тасында, Салманассардың мүсінінде және Ассур патшаларының құжаттарында — аталған. Осы деректер Иқудың шынымен өмір сүргеніне деген күмәнді сейілтеді.

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу