Құдай Сөзінен білім алайық
Құдай заңдарының бізге берер қандай пайдасы бар?
Бұл мақалада жиі көтерілетін сұрақтарға көңіл бөлінеді. Олардың жауабын сіз Киелі кітаптан оқып біле аласыз. Ехоба куәгерлері осы сұрақтарды сізбен бірге қарастыруға қуанышты болады.
1. Неге біз Құдай Тағалаға мойынсұнуымыз керек?
Құдай бізді жаратқандықтан, біз тек оған мойынсұнуымыз қажет. Иса пайғамбар да әрдайым солай еткен (Жохан 6:38; Аян 4:11). Құдай заңдарына бағыну арқылы оны жақсы көретінімізді көрсете аламыз (Жоханның 1-хаты 5:3 оқыңыз).
Ехоба Құдайдың барлық заңдары біз үшін пайдалы. Олар қазірдің өзінде біздерге жақсы өмір сүруге көмектеседі және болашақта мәңгі өмір сүру үмітін сыйлайды (Забур 18:8, 12; Ишая 48:17, 18 оқыңыз).
2. Құдай заңдарының денсаулығымызға тигізер пайдасы қандай?
Құдай заңы маскүнемдікке тыйым салады. Бұл заңға мойынсұнсақ, өлімге апаратын ауруларға шалдықпаймыз әрі пәлеге душар болмаймыз. Ішімдікті шектен тыс ішу әдетке айналып, адам ақылсыз әрекет ете бастауы мүмкін (Нақыл сөздер 23:20, 29, 30). Ехоба Құдай ішімдікті шамасын біліп ішуге рұқсат береді (Забур 103:15; Қорынттықтарға 1-хат 6:10 оқыңыз).
Сондай-ақ Ехоба қызғаныш, ашу-ыза және тағы басқа жағымсыз сезімдерді танытудан аулақ болуға кеңес береді. Оның кеңестеріне құлақ ассақ, деніміз әлдеқайда сау болады (Нақыл сөздер 14:30; 22:24, 25 оқыңыз).
3. Құдай заңы бізді қалай қорғайды?
Құдай заңы некеден тыс жыныстық қатынасқа тыйым салады (Еврейлерге 13:4). Бұл заңға мойынсұнатын жұбайлар өздерін қауіпсіз сезінеді, ал балалары баянды отбасында өседі. Ал некеден тыс жыныстық қатынас болса көп жағдайда ауруға, зорлық-зомбылыққа, жан азабына және ажырасуға әкеп соқтырады. Соның кесірінен балаларды жалғызбасты ана не әке тәрбиелеуі мүмкін (Нақыл сөздер 5:1—9 оқыңыз).
Біз жұбайымыздың көзіне шөп салуға еліктіретін жағдайлардан аулақ болсақ, Құдаймен достығымызды сақтаймыз. Сондай-ақ басқалардың да жандарын жараламаймыз (Салоникалықтарға 1-хат 4:3—6 оқыңыз).
4. Неге өмірді бағалау керек?
Құдай сыйлаған өмірді бағалайтын адамдар темекі шегу және өмірге қауіп төндіретін басқа да әдеттерді тастайды. Бұл олардың денсаулықтарына жақсы әсер етеді (Қорынттықтарға 2-хат 7:1). Біле білсек, Құдай үшін тіпті ана құрсағында жатқан баланың өмірі де бағалы (Мысырдан шығу 21:22, 23). Сондықтан біз әдейі түсік жасатып, туылмаған баланы өлтірмеуіміз керек. Сондай-ақ Құдайдың өмірге қатысты көзқарасын құрметтейтін адамдар жұмыста, үйінде және көлікте қауіпсіздік шараларын сақтайды (Заңды қайталау 22:8). Олар қауіпті спорт түрлерімен шұғылданып, өмірлерін қатерге тікпейді. Өйткені өмір — Құдайдың баға жетпес сыйы (Забур 35:10 оқыңыз).
5. Неге қанды қасиетті деп санау қажет?
Қан қасиетті, өйткені Жаратқан Иеміз өмір мен қанның тығыз байланысы бар екенін айтады (Жаратылыс 9:3, 4). Құдай заңында қанның құны өмірмен тең қойылады. Осы заңның негізінде Құдай күнәміздің кешірілуіне қам жасады. Қалайша? (Леуіліктер 17:11—13; Еврейлерге 9:22 оқыңыз).
Ол жерге Иса пайғамбарды жіберді. Иса Құдайға қанын, яғни өмірін құрбандық ретінде ұсынды (Еврейлерге 9:12). Ешқандай күнә жасамағандықтан, Исаның қаны ерекше құнды болды. Оның төгілген қаны адамзат үшін жердегі жұмақта мәңгі өмір сүруге жол ашты (Матай 26:28; Жохан 3:16 оқыңыз).
Көбірек білу үшін Ехоба куәгерлері басып шығарған “Киелі кітап шын мәнінде неге үйретеді?” 12, 13-тарауларын қараңыз.