2011 жылы Жапонияда болған цунами. Аман қалғандардың айтып берген оқиғалары
Жапониядағы жерсілкінісі мен артынша болған цунамиді бастан өткергендердің не дейтінін оқып көріңіз.
ДҮНИЕЖҮЗІ бойынша тіркелген ең жойқын жерсілкіністерінің төртіншісі Жапонияда 2011 жылдың 11 наурызында, жұма күні, сағат 14:46-да болды. Жерсілкінісі алып цунами мен қатты жерасты дүмпулеріне ұласып, бірнеше апта бойы адамдардың үрейін ұшырды. Қаза тапқан және із-түзсіз жоғалып кеткендердің саны 20 000-дай болды. Алайда мыңдаған адам аман қалды. Солардың кейбірі өздері куә болған оқиғаларды қалай баяндайтынын көрейік.
Тадаюки әйелі Харуми екеуі құлақты жарған гүрсілді естігенде Миаги префектурасының Исиномаки қаласындағы үйлерінде отырған еді. “Далаға атып шықтық та, тілім-тілім болған жерді көріп, есіміз кетті,— дейді Тадаюки.— Үйіміз қатты теңселіп, шытынаған қабырғалардың шаңы бұрқырап кетті”.
Жерсілкінісінің ошағы Миаги жағалауынан 129 шақырым қашықтықта болған еді. Артынан болған цунами Жапонияның Тынық мұхитымен шектескен жағалауының 670 шақырым жерін жайпап салды. Кей жерлерде 15 метрге дейін көтерілген толқындар су бөгеттерін бұзып, ішке лап қойды да, 40 шақырымға дейінгі жерді алып кетті.
Электр қуаты, газ бен ауызсу көздері толығымен зақымдалды. Қираған не шайылып кеткен үй, дүкен мен зауыттардың саны 160 000-ға жетті. Апаттан зардап шеккен 440 000 адам 2500-дей мектеп пен басқа да мекеме орындарын паналады. Басқалары болса туыстары мен достарының үйінде қоныстанды. Қаза тапқандар мен зардап шеккендер он мыңдап саналды, ал мыңдаған адамның денесі сол күйі табылмады.
Сүйіктілерінен көз жазғандар
Жерсілкініске қарағанда цунами көп адамның өмірін жалмады. Ивате префектурасының Рикудзентаката қаласында тұратын Иойчи жерсілкінісінен кейін цунамидің болатынын түсініп, ата-анасын жақын маңдағы панаға алып барды. Сосын көршілеріне барып, ескертпек болды. Бірақ ата-анасын уайымдаған ол әйелі Татсуко екеуі солар тұрған жерге қайта барғалы жатқанда цунамидің жақындап келе жатқаны жайлы хабар алды.
Олар басқа бір ғимаратқа кірмек болды, бірақ оның есігін үйінділер жауып қалған екен. Сосын олар көршілес тұрған ағаш кесетін зауыттың қап-қара ғимаратының дәл үстеріне құлап бара жатқанын көрді. Сонда Татсуко: “Қаштық!”,— деп айғайлап жіберді.
Ақыр соңында олар биіктеу жерде орналасқан мектеп ауласына барды. Ол жерден цунамидің айналаны түгел жайпап жатқанын көрді. Әлдебіреу: “Менің үйімді толқындар алып кетті”— деді. Рикудзентаката қаласының төрттен үш бөлігінің күл-талқаны шықты. Иойчидің ата-анасы қаза тапты. Оның әкесінің денесі жоғалып кетті, ал анасынікі ақырында табылды.
Тору Ишиноумакидегі жағажайға жақын маңдағы зауытта жұмыс істеп жатқан болатын. Алғашқы дүмпу басылған соң, ол қашып құтылмақ болып, автокөлігіне қарай жүгіре жөнелді. Цунамидің болатынын сезген ол басқаларға да қашу керектігін ескертті.
“Мен бірден төбеде орналасқан үйіме қарай бет алдым, алайда көлік кептелісіне тап болдым”,— дейді Тору.— Көлігімдегі радиодан цунамидің көршілес қалаға жеткенін естідім. Осында келген жағдайда қашып шығармын деп, көліктің терезесін ашып қойдым. Көп ұзамай екі метрден асатын қап-қара су қабырғасы маған қарай ұмтылды. Алдымда тұрған көліктер менікіне соғылып, су ағыны бәрімізді бірталай жерге дейін ағызып әкетті.
Көліктің терезесінен зорға шыққанымда, май араласқан сасық су ағыны мені іліп алып, көлік жөндейтін жерге лақтырып тастады. Мен баспалдаққа жармасып, екінші қабатқа өрмелей бастадым. Үш адамды әрең дегенде судан шығарып алдым. Үдей түскен су мен қарлы суық түннен аман қалғандар аз болды. Өкінішке орай, біз көмекке шақырған өзге адамдарды құтқара алмадық.
Жерсілкінісінің алдында Камайси қаласында (Ивате) тұратын Мидори ата-әжесімен бірге керемет уақыт өткізіп жатқан болатын. Ол мүгедек болып қалған атасына мектепті бітіргені туралы куәлігін көрсеткен еді. Атасы куәлікті дауыстап оқып, Мидориді жақсы үлгерімі үшін мақтады. Осы қуанышты оқиғадан кейін бес күн өткен соң, жерсілкінісі болды.
Мидори анасы Иуко екеуі цунами болады деп қорыққандықтан ата-әжелерін қауіпсіз жерге баруға көндіруге тырысты. Бірақ Мидоридің атасы: “Мен ешқайда бармаймын. Цунами аралдың осы жеріне дейін ешқашан жеткен емес”,— деді. Анасы мен қызы оны үйден алып шыққылары келді, бірақ орнынан көтере алмағандықтан, көмек іздеуге кетті. Сол уақытта цунами жағаға жетіп қалған болатын. Жанымыздағы төбешікте тұрған бір кісі: “Жүгір! Жылдам!”— деп айғайлады. Цунами үйлерді бірінен соң бірін жалмап жатты. Жан даусы шыққан Мидори: “Ата! Әже!”— деп айғайлады. Кейіннен Мидоридің атасының мәйіті табылды, ал әжесінікі із-түзсіз жоқ болып кетті.
Көмегін аямағандар
Жапония үкіметі кідірместен өрт сөндірушілерді, полиция қызметкерлері мен қорғаныс күштерін көмек көрсетуге жұмылдырды. Қысқа уақыттың ішінде құтқару жұмыстарына қатысқандардың саны 130 000-нан асты. Кейінірек басқа елдер мен халықаралық ұйымдардан көмек келе бастады. Ондаған құтқару топтары мен медициналық жәрдем көп күттірмей келіп жетті. Олар аман қалғандарды іздеп, медициналық көмек көрсетіп, үйінділерді жинады.
Түрлі ұйымдар өз қызметкерлеріне көмектесіп жатты. Ехоба куәгерлері де солардың бірі болды. Жұма күнгі жерсілкінісі мен цунамиден кейін Куәгерлер бірден өздерімен бірге ғибадат етуге жиналып тұратын бір сенімдегі бауырластарын іздестіре бастады. Алайда көп жерде жолдар бөгеліп, электр қуаты мен телефон қызметі істен шыққан еді. Күл-талқаны шыққан ауқымды аймақтан адамдарды іздеп табу қиынның қиыны болды.
Фукусима префектурасының Сома қаласында тұратын Ехоба куәгерлерінің қауымындағы ақсақалдардың бірі Такаюки сол аласапыран жұмада тек бірнеше отбасымен ғана хабарласа алды. “Келесі күні басқаларды іздемек болдым,— дейді ол.— Таң ата көлікпен шығып, кейін кеш батқанша жаяу жүрдім. Баспаналарды қоса алғанда, 20 жерді аралап, қауым мүшелерін іздедім. Табылғандарына жазба орындарын оқып, бірге дұға айттық”.
Исиномакида тұратын Шунджи былай дейді: “Бір сенімдегі бауырластарды табу үшін құтқару топтарын ұйымдастырдық. Апат болған жерге жеткенде, төбе шашымыз тік тұрды: көліктер электр бағаналарына ілініп қалған, үйлер бір-бірінің үстіне шығып кеткен, ал үйінділер үй төбелерінен асып тұр. Бір көліктің үстінде мәйіт жатты. Бұл кісі түнгі суыққа шыдамай өліп кеткен болса керек. Ал төңкеріліп кеткен басқа бір көлік екі үйдің ортасында қыстырылып тұрды. Оның ішінде де мәйіт жатыр екен”.
Бауырластарын баспаналардан тауып, қуанып кеткен Шунджи: “Олардың мен үшін қаншалықты қымбат екенін түсіндім”,— деді.
“Өте тез келдіңдер ғой!”
Иуи мен Мизуки есімді екі Куәгер қыздар Минамисанрику қаласында (Мияги) көршілес тұратын. Бірінші дүмпу басылған соң, олар үйлерінен атып шығып, бір-бірін көрді. Содан биіктеу жерге қарай жүгіре жөнелді. Он минут болар-болмастан олар үсті-үстіне келген толқындардың үйлерімен қоса, бүкіл қаланы шайып бара жатқанын көрді.
Иуи мен Мизуки бір панадан Куәгер достарын тауып алды. Олар барлығы бірге дұға етті. Келесі күні таңертең олардың қауымындағы және көршілес қауымдағы бауырластар қырдан әрі қарай өтіп, оларға азық-түлік пен қажетті заттарды әкеліп берді. Иуи мен Мизуки қуанып кетіп: “Сендердің келетіндеріңді білгенбіз, бірақ өте тез келдіңдер ғой!”— деді.
Томи қауымының бақылаушысы Хидехару әлгі баспанаға барғаны жайлы былай дейді: “Жағалауда тұратын достарымызды түні бойы іздестірдім. Ақырында, таңғы 4:00-те бір мектепке бас сауғалап барғандар жайлы хабар алдым. Сағат 7:00-де оншақтымыз күріш пісіріп, үшеуіміз оларды көлікпен жеткізуге аттандық. Жолдардың көбісінен өту мүмкін емес еді. Мектепке әрең дегенде жеттік. Басқаларға көмектесе алуымыз үшін үйлерінен айырылғандардың өздері бізге қолғабыс етіп жатты”.
Рухани көмек
Ехоба куәгерлері кездесулерін апта сайын өткізіп тұрады. Рикудзентаката қаласындағы Куәгерлер жұма сайын кешке жиналатын. Алайда олардың ғибадат етуге жиналатын ғимаратын цунами қиратып кеткен еді. Бір бауырлас: “Кездесуді бәрібір өткізейік”,— деді. Содан онша зақымдалмаған бір үй таңдалып, қауым мүшелері бұл жайлы құлақтандырылды.
Электр қуаты болмаса да, генератордың көмегімен жарық түсірдік. Кездесуге он алты адам келді. Цунами үйін қиратып кеткен Иасуюки есімді жас бауырлас: “Қуаныштан еріксіз көзімізге жас келді. Бұл біз үшін ең жақсы пана еді”,— деп есіне алды. Хидеко болса: “Қатты жер асты дүмпулері толастамады, бірақ біз бірге болған кездері, бар уайымымды ұмытатынмын”,— деді.
Сол уақыттан бері барлық қауым кездесулері үзбей өткізіліп жүрді. Зілзаладан кейін екі күн өткен соң, жексенбі күнгі кездесуде “Апаттан құтқарылған дүниежүзілік бауырластық” деп аталатын баяндама айтылды.
Мемлекеттік жәрдем
Көп ұзамай әртүрлі мемлекеттік ұйымдар құтқару жұмыстарын бастап кетті. Токионың маңындағы Эбина қаласындағы Ехоба куәгерлерінің филиалы да кеш қалмады. Сенбі күні, яғни жерсілкінісінен кейін ертесіне, филиал зардап шеккен ауқымды аймақты үшке бөлді. Ал дүйсенбі күні бұл аймақты көруге филиалдан бір өкіл келді.
Құтқару жұмыстары апталап, айлап жалғаса берді. Ехоба куәгерлері жіберген жәрдем керекті жерлеріне жеткізіліп жатты. 3 құтқару орталығы, 21 қойма мен басқа да орындар жәрдемді үзбей жөнелтіп отырды. Алғашқы екі айда жүздеген ерікті қызметші 250 тоннадан астам азық-түлік, киім-кешек пен басқа да қажетті заттарды үлестірумен болды. Көптеген Ехоба куәгерлері де көршілеріне қол ұшын беруден тартынбады.
Рикудзентаката мен көршілес Офунатодағы Ехоба куәгерлерінің қауым мүшелері қалпына келтірілген Патшалық сарайларын адамдарды рухани нығайту үшін қолданып жатыр. Бұл жергілікті тұрғындарға өмірлерін қалпына келтіріп, жерсілкінісі мен цунами салған жарадан айығуға көмектесуде. Апат болған аймақтағы 14 000-нан астам Куәгердің 12-сі мерт болды, ал екеуі із-түзсіз жоғалып кетті.
Осы жойқын апаттан зардап шеккен көптеген Ехоба куәгері бір отбасының сөздерімен келісері анық. Олар былай деген: “Қашқан кезде, қолымызда бір-бір сөмкеден ғана болды. Бар қажетімізді бауырластарымыз қамдады”. Шынайы Құдай Ехобаның қызметшілері Иса пайғамбар мен оның елшілері айтып кеткен дүниежүзілік бауырластықтың игілігін көре алатыны қандай керемет! Иә, олардың арасындағы бауырмалдықты цунами де, басқа табиғи апат та жоя алмайды (Жохан 13:34, 35; Еврейлерге 10:24, 25; Петірдің 1-хаты 5:9).
[22-беттегі қоршау/сурет]
ЖҰТ ЖЕТІ АҒАЙЫНДЫ
Цунамидің Фукусима Даичи атом электр станциясындағы (АЭС) реакторларға зақым келтіруі дүниежүзіндегі ақпарат құралдарының басты тақырыбына айналды. Радиоактивті заттар Жапония мен өзге де көршілес елдерге тарап кетті. Радиация қаупі төнгендіктен мыңдаған адам басқа жерлерге көшірілді.
“Біздің үйіміз АЭС-ның жанында болатын,— дейді Мегуми.— Зілзаладан кейін ертесіне оған зақым келгенін естідік. Біз тез қашуымыз керек еді”. Мегумидің Натсуми есімді әпкесі сол күнді есіне алып, былай дейді: “Төбемізде тікұшақтар қалықтап, құлақты жарар дабыл ойнап, хабаршы қашуымыз керектігін айтумен болды”. Қыздар бірнеше апта бойы тоғыз рет көшіп-қонып жүрді. Ақырында олар үйлерінен керек-жарақтарын алып қайтуға екі сағатқа жіберілді.
Жасы 60 асқан Чикако есімді әйел Фукусиманың Наеми қаласында болған еді. Ол былай дейді: “Жерсілкінісінен кейін, мен жақын маңдағы белгіленген баспанаға бардым. Қызым мен ұлым да сонда болды. Жерасты дүмпулері қатты болғандықтан, түні бойы көз ілмедік. Келесі күні таңғы 7:00-де кідірместен басқа қаладағы жерді паналауымыз керектігі айтылды. Жолдар кептеліске толы болғандықтан, діттеген жерімізге үштерге таман бір-ақ жеттік. Сол жерде АЭС-дағы жарылыс жайлы естідік. “Көп кешікпей үйге қайтамыз”,— деп ойлағандықтан, өзімізбен бірге ештеңе алып шықпаған едік”. Чикако отбасымен бірге көшіп-қонып жүріп, ақырында үйлерінен алыстап кетті.
[Түпдерек]
Photo by DigitalGlobe via Getty Images
[24-беттегі қоршау/сурет]
БІЗ ҮШІН САБАҚ
Жоғарыда сөз етілген Иойчи дүние-мүлкінен түгелдей дерлік айырылды. “Материалдық заттардың қорғаныш бола алмайтынын анық көрдім”,— дейді ол. Құдай қызметшілерінің бұған баяғыда-ақ көздері жеткен, өйткені олар Иса пайғамбардың өсиетіне құлақ асады. Ал ол дүние-мүлікті иеленуден гөрі, Құдайдың ықыласы мен батасына ие болу әлдеқайда маңызды екенін айтты (Матай 6:19, 20, 33, 34).
Алатын тағы бір сабағымыз — айтылған ескертулерге бірден құлақ асқан маңызды, өйткені аман қалу-қалмауымыз осыған байланысты. Жапонияда кідірместен жоғарырақ жерге қашқандардың көп жағдайда тірі қалғаны осының бірден-бір дәлелі емес пе?!
[18-беттегі карта/суреттер]
(Толық мәтінді басылымнан қараңдар)
ЖАПОНИЯ
ТОКИО
Камайси
Рикудзентаката
Исиномаки
Минамисанрику
Сома
Фукусимадағы атом электр станциясы
Эбина
Ехоба куәгерлерінің филиалы
[Суреттер]
Рикудзентаката, Ивате
Сома, Фукусима
Исиномаки, Мияги
Камайси, Ивате
Минамисанрику, Мияги
[18-беттегі сурет]
Тадаюки мен Харуми
[19-беттегі сурет]
Иойчи мен Татсуко
[21-беттегі сурет]
Иуко мен Мидори
[21-беттегі сурет]
Тору
[21-беттегі сурет]
Торудың автокөлігі
[21-беттегі сурет]
Такаюки
[22-беттегі сурет]
Шунджи
[23-беттегі сурет]
Мизуки мен Иуи
[23-беттегі сурет]
Хидехару
[23-беттегі сурет]
Жәрдем көрсетушілер
[24-беттегі сурет]
Рикудзентакатадағы цунами қиратқан Патшалық сарайы
[24-беттегі сурет]
Үш айдан кейінгі қалпына келтіру жұмыстары
[24-беттегі сурет]
Қайта тұрғызылған Патшалық сарайы
[18-беттегі түпдерек]
JIJI PRESS/AFP/Getty Images