Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • w11 15.6. 3—6 бет.
  • Балалар шомылдыру рәсімінен өту керек пе?

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • Балалар шомылдыру рәсімінен өту керек пе?
  • 2011 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
  • Тақырыпшалар
  • Ұқсас мәлімет
  • Мәсіхтің шәкірті болу — басты талап
  • Мәсіхтің шәкірті болудың дәлелі
  • Балалар Ехобаны мадақтай алады
  • Ата-ана, балаңызға шомылдыру рәсіміне дайын болуға көмектесіп жүрсіз бе?
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2018
  • Қосымша
    Ехобаның еркін орындау үшін ұйымдасқанбыз
  • Шомылдыру рәсімінен өту — мәсіхшілерге қойылатын талап
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2018
  • Жастар, шомылдыру рәсіміне дайынсыңдар ма?
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2016
Көбірек мәлімет
2011 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
w11 15.6. 3—6 бет.

Балалар шомылдыру рәсімінен өту керек пе?

ФИЛИППИНДЕ тұратын Карлосa есімді мәсіхші былай дейді: “Қызым Ехобаның қызметшісі болғанына өте қуаныштымын, оның өзі де қуанышты екенін білемін!” Ал Грекияда тұратын бір отағасы былай деп жазды: “Әйелім екеуіміз балаларымыздың жасөспірім кезінде Ехоба куәгері ретінде шомылдыру рәсімінен өткеніне қуаныштымыз. Олар рухани өсіп жатыр, әрі Ехобаға қызмет етіп жүргендеріне өздері де қуанышты”.

Балаларының шомылдыру рәсімінен өтуі мәсіхші ата-аналарға зор қуаныш сыйлайды, алайда кейде бұл қуанышпен қатар, уайым да әкеледі. “Мен өте қатты қуандым, бірақ, бір жағынан, қатты уайымдадым да,”— деді бір ана. Неліктен ол мұндай сезімде болды екен? Ол: “Ұлымның енді барлық істеріне Ехобаның алдында жауапты екенін түсіндім”,— деді.

Жастардың бәрі Ехобаның шомылдыру рәсімінен өткен Куәгері болуды мақсат еткендері дұрыс. Алайда Құдайға қызмет ететін ата-аналар баласының рухани жетістіктерге жеткенін білгенімен, ол құлықтылық жағынан қысымға берілмей, Ехобаның алдында мінсіздігін сақтай ала ма деп уайымдауы мүмкін. Ал өзгелерін баласы дүниеқұмарлықтың торына түсіп қалмай, Құдайға қуанышпен әрі құлшыныспен қызмет ете бере ме деген сұрақ толғандыратын шығар. Олай болса, Киелі кітаптағы қандай кеңестер ата-аналарға балаларының шомылдыру рәсімінен өтуге дайын не дайын емес екендерін анықтауға көмектеседі?

Мәсіхтің шәкірті болу — басты талап

Киелі кітапта шомылдыру рәсімінен қай жаста өту керектігі айтылмаған. Бірақ онда бұл қадамды жасағысы келетін адамның қандай талапқа сай болу керектігі түсіндірілген. Иса шәкірттеріне мынадай нұсқау берді: “Барлық халықтардан шәкірт дайындап, оларды... шомылдыру рәсімінен өткізіңдер” (Мат. 28:19). Демек, шомылдыру рәсімінен өту үшін, алдымен, Мәсіхтің шәкірті болу керек.

Шәкірт болу нені білдіреді? “Киелі жазбаларды түсіну” энциклопедиясында мынадай анықтама берілген: “Бұл тіркес Исаның тәліміне сеніп қана қоймай, оларды өмірінде берік ұстанатын адамға қатысты қолданылады”. Ал жастар Мәсіхтің шынайы шәкірті бола ала ма? Латын Америкасында 40 жылдан астам уақыт бойы миссионер болып қызмет еткен бір бауырлас өзі және әпкесі мен сіңлісі туралы былай деп жазды: “Біз жас болғанымызға қарамастан, Ехобаға қызмет еткіміз келетінін және жұмақта өмір сүруді қалайтынымызды түсінетінбіз. Құдайға бағышталғанымыз жастар жиі кезігетін сынақтарға төтеп беруімізге көмектесті. Жастайымыздан Құдайға бағышталғанымызға еш өкінбейміз”.

Балаңның Мәсіхтің шәкірті болғанын қалай біле аласың? Киелі кітапта былай делінген: “Істерін байқасаң баланың, білесің мінезінің таза, дұрысын” (Нақ. с. 20:11). Жас баланың шәкірт ретінде жетістіктерге жеткенін көрсететін кейбір әрекеттерін қарастырайық (Тім. 1-х. 4:15).

Мәсіхтің шәкірті болудың дәлелі

Балаң тіліңді ала ма? (Қол. 3:20). Үйде өзіне тапсырылған жұмыстарды орындай ма? Киелі кітапта 12 жасар Исаның ата-анасына мойынсұнып жүргені жазылған (Лұқа 2:51). Әрине, бүгінде бірде-бір бала ата-анасына кемелді түрде мойынсұна алмайды. Десе де шынайы мәсіхшілер Исаның “ізімен тура жүрулері” керек. Демек, шомылдыру рәсімінен өткісі келетін балалар ата-аналарының тілін алуға тиіс (Пет. 1-х. 2:21).

Келесі сұрақтарды қарастырып көр: Балаң уағыз қызметіне толықтай атсалысып, “Құдай патшалығын әрдайым бірінші орынға қоя” ма? (Мат. 6:33). Ізгі хабарды уағыздауға ықылас білдіре ме, жоқ әлде қызметке шығуға не әңгіме бастауға үнемі сен күштеуің керек пе? Шомылдыру рәсімінен өтпеген жариялаушы ретіндегі міндеттеріне жауапкершілікпен қарай ма? Учаскеде кездестірген адамдарға қайта баруға ықылас таныта ма? Сыныптастары мен мұғалімдеріне Ехоба куәгері екенін айтты ма?

Қауым кездесулеріне баруды маңызды деп санай ма? (Заб. 121:1). “Күзет мұнарасын” зерттеу мен қауымның Киелі кітап зерттеу кездесуінде түсініктеме беруді жақсы көре ме? Теократиялық қызмет мектебіне ықыласпен қатыса ма? (Евр. 10:24, 25).

Мектепте не тағы басқа жерде өзіне жаман әсер ететін құрбы-құрдастарымен араласудан аулақ болып, өнегелік жағынан таза болуға тырыса ма? (Нақ. с. 13:20). Ол қандай музыка, фильмдер, теледидар бағдарламалары мен бейне ойындарды ұнатады және Интернетте қандай сайттарға кіреді? Сөздері мен әрекеттерінен Киелі кітап нормаларын ұстануды қалайтыны көріне ме?

Киелі кітапты қаншалықты жақсы біледі? Отбасылық ғибадат кешінде не білгенін өз сөзімен айтып бере ала ма? Киелі кітаптың негізгі ілімдерін түсіндіре ала ма? (Нақ. с. 2:6—9). Киелі кітапты оқуды және адал да ақылды құл табының әдебиеттерін зерттеуді ұната ма? (Мат. 24:45). Киелі кітаптың ілімдері мен тармақтарына қатысты сұрақтар қоя ма?

Осы сұрақтар балаңның рухани күйі қандай екенін анықтауыңа көмектеседі. Оларды қарастырған соң, шомылдыру рәсімінен өтпес бұрын балаңның әлі де жақсару керек кейбір жақтары бар деп шешуің мүмкін. Ал оның жүріс-тұрысынан Исаның шәкірті болғаны көрініп тұрса, әрі шынымен өзін Құдайға бағыштаған болса, оның шомылдыру рәсімінен өтуіне қарсы болмассың.

Балалар Ехобаны мадақтай алады

Жасөспірім не бала кезінен адалдық танытқан Құдайдың қызметшілері аз емес. Мысалы, Жүсіп, Самуил, Жосия, Иса туралы ойлап көрші (Жар. 37:2; 39:1—3; Пат. 1-ж. 1:24—28; 2:18—20; Шеж. 2-ж. 34:1—3; Лұқа 2:42—49). Філіптің төрт қызы да жақсы тәрбие алғанға ұқсайды, Киелі кітаптан біз олардың пайғамбарлық еткенін білеміз (Ел. іс. 21:8, 9).

Грекияда тұратын бір Куәгер былай дейді: “Мен 12 жасымда шомылдыру рәсімінен өттім, әрі бұл шешіміме ешқашан өкінген емеспін. Содан бері 24 жыл өтті, оның 23 жылын толық уақытты қызметте өткіздім. Менің Ехобаға деген сүйіспеншілігім жастық шақтың қиыншылықтарына төзуге көмектесті. 12 жасымда Жазбаларды қазіргідей жақсы білмегеніммен, Ехобаны жақсы көретініме және оған мәңгі қызмет еткім келетініне сенімді едім. Осыншама уақыт бері өзіне қызмет етуге көмектесіп келе жатқанына Ехобаға дән ризамын!”

Жас болсын, қарт болсын, Исаның нағыз шәкірті екенін көрсететін адам шомылдыру рәсімінен өту керек. Елші Пауыл былай деп жазды: “Адам шын жүректен сену арқылы әділдікке ие болады, ал сенімін аузымен жариялау арқылы құтқарылады” (Рим. 10:10). Исаның жас шәкірті шомылдыру рәсімінен өткенде, оның өзі де, ата-анасы да үлкен жетістікке жетті деуге болады. Сондықтан алда күтіп тұрған зор қуанышқа иеленуге ешнәрсенің кедергі болуына жол бермеңдер.

[Сілтеме]

a Кейбір есімдер өзгертілген.

[5-беттегі қоршау]

Шомылдыру рәсіміне деген дұрыс көзқарас

Көлік жүргізушінің куәлігін алудың пайдасымен қоса, қаупі де бар. Кейбір ата-аналар балаларының шомылдыру рәсімінен өткенін солай қарастырады. Алайда шомылдыру рәсімі мен қасиетті қызмет адамның болашағының жарқын болуына кедергі жасауы мүмкін бе? Киелі кітаптан мұның олай емес екенін білеміз. Онда: “Жаратушының ақ батасы — бітім-болмысыңды байытады және қайғы-қасіретке ұшыратпайды”,— делінген (Нақ. с. 10:22 Тт). Сондай-ақ Пауыл жас Тімөтеге: “Қолда барға қанағат етсек, Құдайға шын берілгендік зор пайданың көзі болады”,— деп жазған (Тім. 1-х. 6:6).

Ехобаға қызмет етудің оңай емес екені рас. Мысалы, Еремия пайғамбар қызметінде көптеген қиыншылықтарға кезіккен. Десе де шынайы Құдайға деген қызметі жайында ол мынадай сөздер жазды: “Сен сөз айтсаң болғаны, мен оларды зердеме тоқыдым және де Сенің айтқандарың маған қуаныш әкелді әрі жүрегіме шаттық ұялатты; өйткені Жаратушы Ием, Саваоф Құдайы, Сенің есімің менің ұстанар туыма айналды” (Ерм. 15:16). Еремия Құдайға қызмет ету қуанышқа бөлейтінін білген. Ал Шайтанның дүниесі адамға тек ауыртпалықтар әкеледі. Ата-аналар балаларына осы маңызды шындықты түсінуге көмектесуі керек (Ерм. 1:19).

[6-беттегі қоршау/сурет]

Баламның шомылдыру рәсімінен өтпей тұра тұрғаны дұрыс па екен...

Баласы шомылдыру рәсімінен өту үшін талаптарға сай болса да, ата-аналар мұны кейінге қалдырғаны дұрыс деген шешімге келіп жатады. Бұның себебі неде болуы мүмкін?

Балам шомылдыру рәсімінен өтсе, кейін ауыр күнә жасап қойып, қауымнан шығарылуы мүмкін деп қорқамын. Шомылдыру рәсімінен өтпеген бала жүріс-тұрысы үшін Құдай алдында жауап бермейді деп ойлау қисынды ма? Сүлеймен келесі сөздерін жастарға арнап былай деген: “[Жүріс-тұрысың] үшін Құдайдың сені сот алдына тартарын есіңнен шығарма” (Екк. 11:9). Сондай-ақ Пауыл: “Әрқайсысымыз өз іс-әрекетіміз үшін Құдай алдында есеп береміз”,— деген ескертуін белгілі бір жастағы адамдарға қатысты айтпаған (Рим. 14:12).

Құдай қызметшілерінің бәрі, шомылдыру рәсімінен өткен не өтпеген болсын, оның алдында жауап береді. Алайда Ехоба өз қызметшілерін қорғап, “шамадан тыс сыналуларына жол бермейтінін” естен шығармаңдар (Қор. 1-х. 10:13). Әрдайым “қырағылық сақтасақ” әрі азғыруларға төтеп берсек, Құдайдың қолдау көрсететініне сенімді бола аламыз (Пет. 1-х. 5:6—9). Бір мәсіхші ана былай деп жазды: “Шомылдыру рәсімінен өткен баланың осы дүниенің жаман нәрселерінен аулақ жүруіне әлдеқайда көп себебі бар. Он бес жасында шомылдыру рәсімінен өткен ұлым мұнысын қорғаныш деп есептейді. Балам: “Ехобаның заңдарына қайшы келетін нәрсені істеуді тіпті ойланбаймын да”,— деді. Шомылдыру рәсімінен өткені адамды әділ істерге талпындырады”.

Егер балаларыңды сөзіңмен де, үлгіңмен де Ехобаға мойынсұнуға баулысаң, шомылдыру рәсімінен өткеннен кейін де олар солай әрекет ете беретініне сенімді бола аласың. Нақыл сөздер 20:7-де: “Ғұмыры мінсіз әділ жанның, қандай бақытты балалары оның!”— делінген.

Баламның алдымен басқа мақсаттарға жеткенін қалаймын. Жастар болашақта өздерін қамтамасыз ете алу үшін, қандай да бір мамандық алу керек. Алайда оларды шынайы ғибадатты емес, білім алу мен табыс табуды өмірінде басты орынға қоюға талпындырудың қаупі бар. Өнімсіз болған “тұқымға”, яғни өнім бермеген патшалық туралы сөзге қатысты Иса былай деген: “Тікен арасына түскен тұқым сөзді естіп, бірақ осы заманның уайым-қайғысы және алдамшы байлық бойындағы сөзді тұншықтырып, өнімсіз болатын адамды білдіреді” (Мат. 13:22). Жас бала рухани мақсаттардан гөрі осы дүниелік мақсаттарға ұмтылса, бұл оның Құдайға қызмет етуге деген ықыласын бәсеңдетуі мүмкін.

Шомылдыру рәсімінен өту үшін талаптарға сай келетін, бірақ ата-анасы бұған рұқсат бермейтін жастар туралы бір тәжірибелі ақсақал былай деді: “Баланың шомылдыру рәсімінен өтуіне кедергі жасау оның рухани өсуін бәсеңдетуі және жігерін құм қылуы мүмкін”. Ал бір аралаушы бақылаушы: “Бала өзінің Құдаймен тығыз қарым-қатынаста екеніне және өзгелер сияқты рухани жетістіктерге жете алатынына сенімсіз болып, тіпті өзін лайықсыз сезінуі мүмкін. Сөйтіп, ол осы дүниеде қандай да бір жетістіктерге жетуге ұмтылуы ықтимал”,— деді.

[Сурет]

Алдымен жоғары білім алғаны дұрыс болар ма екен?

[3-беттегі сурет]

Жастар Исаның шәкірті екендерін көрсете алады

[3-беттегі сурет]

Қауым кездесулеріне дайындалу және қатысу

[4-беттегі сурет]

Ата-ананың тілін алу

[4-беттегі сурет]

Уағызға шығу

[4-беттегі сурет]

Жеке дұға айту

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу