Барлық адамдарға қажет ізгі хабар
“Ізгі хабар... құтқаратын Құдайдың құдіретті күші болып табылады” (РИМ. 1:16).
1, 2. Не себепті сен “Құдай патшалығы туралы ізгі хабарды” жариялап жүрсің және оның қандай тұстарына баса назар аударасың?
“ІЗГІ ХАБАРДЫ күнде уағыздағым келеді!” Сен де осындай ойда боларсың не осылай дейтін шығарсың. Ехобаға бағышталған Куәгер ретінде “Патшалық жайлы ізгі хабарды” уағыздау қаншалықты маңызды екенін сен білесің. Бәлкім, біздің атқарып жүрген ісіміз жайлы Исаның айтқан пайғамбарлығын жатқа да білетін шығарсың (Мат. 24:14).
2 “Құдай патшалығы туралы ізгі хабарды” уағыздауыңмен сен Иса бастаған істі жалғастырудасың (Лұқа 4:43 оқы). Уағызда Құдайдың жуырда адамдардың ісіне араласатынына ерекше назар аударатыныңда күмән жоқ. Шынында да, Ехоба “зор алапат” кезінде жалған дінді жойып, жер бетін зұлымдықтан тазартады (Мат. 24:21). Сондай-ақ Құдай патшалығының жер бетіне қайтадан жұмақ орнатып, бақыт пен тыныштық өркендейтініне де назар аударатын шығарсың. Құдай патшалығы туралы бұл ізгі хабар — Ыбырайымға күні бұрын жарияланған “сен арқылы барлық халықтар жарылқанады” деген ізгі хабардың бөлігі (Ғал. 3:8).
3. Неге Пауыл Римдіктерге арналған хатында ізгі хабарға баса назар аударған деуге болады?
3 Алайда біз ізгі хабардың адамдарға қажет өзге бір маңызды тұсына көбірек назар аударуымыз керек емес пе екен? Римдіктерге жазған хатында елші Пауыл “патшалық” деген сөзді бір-ақ рет, ал “ізгі хабар” деген тіркесті 10-нан аса рет қолданған (Римдіктерге 14:17 оқы). Пауыл осы тіркесті осыншама рет қолдануымен оның қай тұсына көбірек назар аударды екен? Ізгі хабардың бұл тұсы неге аса маңызды? Аумағымызда “Құдайдың ізгі хабарын” уағыздағанда, неге оның осы тұсын есте ұстауымыз керек? (Мар. 1:14; Рим. 15:16; Сал. 1-х. 2:2).
Римдіктер нені білулері керек еді?
4. Римде алғаш рет түрмеде отырғанда, Пауыл не жөнінде уағыздаған?
4 Пауыл Римде алғаш рет түрмеде отырғанда, сондағы бауырластарға жазған хатында қандай тақырыптарды қозғағаны көңіл қоюға тұрарлық. Киелі кітаптан білетініміздей, өзіне біраз яһудилер келгенде, ол 1) Құдай патшалығы және 2) Иса туралы көз жеткізерліктей дәлелдер келтіріп, “түбегейлі куәлік берген”. Бұның нәтижесі қандай болды? “Кейбіреуі айтылғандарға сенсе, өзгелері сенбеді”. Пауыл содан кейін де “келгендердің барлығын жылы қарсы алып, оларға 1) Құдай патшалығы туралы уағыздады және 2) Иеміз Иса Мәсіх жайлы тәлім берді” (Ел. іс. 28:17, 23—31). Пауылдың Құдай патшалығына назар аударғаны анық. Бірақ ол не нәрсеге ерекше назар аударған? Патшалықтың түбіртірегіне, яғни Құдайдың еркіндегі Исаның рөліне.
5. Римдіктерге арналған хатында Пауыл қандай маңызды қажеттілік жөнінде айтқан?
5 Барлық адамдар үшін Иса туралы білім алып, оған сенудің маңызы зор. Пауыл Римдіктерге арналған хатында осы қажеттілікке назар аударған. Ол хатының басында “Ұлы туралы ізгі хабарды жариялап, Құдайға бар көңілімен қасиетті қызмет атқарып жүргені” туралы айтқан. Сосын, былай деп қосты: “Мен ізгі хабарды жариялаудан ұялмаймын. Өйткені ол әрбір сенушіні... құтқаратын Құдайдың құдіретті күші болып табылады”. Кейінірек ол “Құдайдың Мәсіх Иса арқылы адамдарды жасырын істері үшін соттайтын” уақыт жөнінде айтқан. Бұдан кейін: “Иерусалимнен Иллирияға дейінгі аумақты аралап, Мәсіх туралы ізгі хабарды түбегейлі уағыздадым”a,— деген (Рим. 1:9, 16; 2:16; 15:19). Неге Пауыл римдіктердің назарын Иса Мәсіхке аударды деп ойлайсың?
6, 7. Римдегі қауымның қашан және қандай адамдардан құралғаны жөнінде не айтуға болады?
6 Біз Римдегі қауымның қалай құрылғанын білмейміз: бәлкім, б. з. 33 жылы Елуінші күн мейрамында болған яһудилер және яһуди дініне кіргендер Римге мәсіхші болып оралған шығар (Ел. іс. 2:10). Я болмаса олар шындықты мәсіхші саудагерлерден естіген болар. Қандай болған күнде де, б. з. 56 жылы Пауыл осы хатын жазғанда, ол жердегі қауымның құрылғанына біраз уақыт болып қалған-ды (Рим. 1:8). Римдегі қауым қандай адамдардан құралған еді?
7 Кейбіреулері яһуди болатын. Мысалы, Пауыл өзі сәлем жолдаған Андроник пен Юниясты “ағайындарым” деген, осылайша олардың өзімен бір ұлттан шыққанын көрсетсе керек. Римде шатыр тігуді кәсіп еткен Ақила мен әйелі Прискила да яһуди болған (Рим. 4:1; 9:3, 4; 16:3, 7; Ел. іс. 18:2). Алайда Пауыл сәлем жолдаған бауырластардың көбісі басқа ұлттан шыққанға ұқсайды. Ал кейбірі “патша сарайындағылар”, яғни патшаның құлдары не кішігірім шенеуніктер болса керек (Філіп. 4:22; Рим. 1:6; 11:13).
8. Римдіктер қандай мүшкіл жағдайда еді?
8 Шыққан тегіне қарамастан, Римдегі мәсіхшілердің бәрі мүшкіл жағдайда еді, біздің де жағдайымыз сондай. Пауыл бұл жағдайды: “Барлығы да күнә жасады және Құдайдың ұлылығынан айырылды”,— деген сөздермен жеткізді (Рим. 3:23). Пауыл хатын арнаған адамдардың бәрі күнәкар екендерін мойындаулары және өздерін күнәдан босату үшін Құдайдың жасаған шарасына сенулері керек еді.
Адамдар күнәкар екендерін мойындаулары керек
9. Пауыл “ізгі хабардың” қандай игілік әкелуі мүмкін екеніне көңіл аударды?
9 Пауыл Римдіктерге арналған хатының басында өзі қайта-қайта айтқан ізгі хабардан келер керемет игілікке нұсқап: “Мен ізгі хабарды жариялаудан ұялмаймын. Өйткені ол әрбір сенушіні — алдымен яһудиді, сосын гректі — құтқаратын Құдайдың құдіретті күші болып табылады”,— деген. Иә, құтқарылу мүмкін еді. Алайда Аббақұқ 2:4-тегі: “Ізгі жан өз сенімі арқылы өлмейді”,— деген маңызды шындыққа сай, құтқарылу үшін сенімнің маңызы зор болған (Рим. 1:16, 17; Ғал. 3:11; Евр. 10:38). Бірақ құтқарылуға жеткізетін ізгі хабардың адамдардың “барлығының күнә жасауымен” қандай байланысы бар?
10, 11. Римдіктерге 3:23-тегі сөздер неге кейбіреулер үшін жат емес, ал өзгелер үшін жат ой?
10 Адам сенімін дамытып, аман қалу үшін, алдымен, күнәкар екендігін түсіну керек. Бала кезінен Құдайға сеніп өскен не Киелі кітаптан хабары бар адам үшін мұндай ой жат емес (Екклесиаст 7:20 оқыb). Олар күнәкар екендерімен келіссін-келіспесін, “барлығы да күнә жасады” деуімен Пауылдың не айтқысы келгенінен, әйтеуір, хабардар (Рим. 3:23). Сөйтсе де қызметте біз бұл сөздерді түсіне бермейтін адамдарды көптеп кездестіреміз.
11 Кейбір елдерде кез келген адам өзінің күнәкар болып туылғанын, яғни күнәні мұра еткенін, біліп өспейді. Әйткенмен ол қателесуі, жағымсыз қасиеттер танытуы және бұрыс қылық істеп қоюы мүмкін екенімен келісетін шығар. Сондай-ақ басқалардың да солай ететінін байқайды. Бірақ ол өзінің де, өзгелердің де неге бұлай ететінін түсінбейді. Негізінде, кейбір тілдерде біреуді күнәкар десең, өзгелер оны қылмыскер не, жоқ дегенде, қандай да бір заңды бұзған адам деп қабылдайды. Осындай ортада өскен адамға өзін Пауыл айтқан мағынада күнәкар деп санау қиын болуы мүмкін.
12. Неге көпшілік барлық адамдардың күнәкар екеніне сенбейді?
12 Тіпті мәсіхшілікті ұстанатын елдерде көпшілік барлық адамдардың күнәкар болып туылатынына сенбейді. Неге? Олар арагідік шіркеуге барып тұрса да, Киелі кітаптағы Адам ата мен Хауа ана туралы оқиғаны жай ғана ертегі не аңыз деп есептейді. Басқалары болса Құдайдың бар екеніне сенбейтін ортада өскен. Олар Құдайдың бар екеніне күмәнданатындықтан Әлемнің Әміршісі адамзатқа өнегелік нормалар бергенін және оларды ұстанбайтын адамның күнәкар болатынын түсінбейді. Қандай да бір мағынада, олар Пауыл “осы дүниеде еш үмітсіз, Құдайды білмей өмір кешкендер” деп атаған бірінші ғасырдағы адамдарға ұқсайды (Ефес. 2:12).
13, 14. а) Құдай бар екеніне және адамның бәрі күнәкар екеніне сенбейтіндердің еш ақтала алмайтынының бір себебі қандай? ә) Мұндай сенбеушіліктің нәтижесі қандай болды?
13 Римдіктерге арналған хатында Пауыл осындай көзқарасты ұстанатындардың еш ақтала алмайтынына екі себеп келтірген. Мұндай көзқарастағы адамдар бүгінде де ақтала алмайды. Бірінші себеп — Жаратушының бар екенін оның жаратылыстары паш етеді (Римдіктерге 1:19, 20 оқы). Бұл Римде тұтқында болған Пауылдың еврейлерге арнап жазған хатындағы: “Әрбір үйдің салушысы бар, ал бәрінің Жаратушысы — Құдай”,— деген сөздерімен үйлеседі (Евр. 3:4). Ол ойын өрбіте келе, бүкіл ғаламды жаратқан Жаратушының бар екенін айтқан.
14 Сонымен римдіктерге хат жазғанда, Пауылдың, ежелгі исраилдіктерді қоса алғанда, жансыз мүсіндерге табынатын кез келген адамның “еш ақтала алмайды” деуіне берік негіз болған. Табиғи жыныстық қатынасты қойып, еркек еркекке, әйел әйелге ынтығып, әдепсіздікке салынғандар туралы да солай деуге болады (Рим. 1:22—27). Осылай ой жүгірткен соң, Пауыл “яһудилер де, гректер де — бәрі күнәнің билігінде” деп түйіндеді (Рим. 3:9).
Ар-ұждан “куәлік етеді”
15. Барлық адамдардың табиғатынан қандай қабілеті бар және оның әсері қандай?
15 Римдіктерге арналған хатта адамдар күнәкар екендерін мойындау керектігінің және осындай күйден арылуға мұқтаж екендерінің тағы бір себебі көрсетілген. Құдайдың ежелгі Исраилге берген Мұса заңына қатысты Пауыл: “Оны біліп күнә жасағандардың бәрі заң бойынша сотталады”,— деп жазды (Рим. 2:12). Ойын жалғастыра отырып, ол Мұса заңын білмеген халықтар мен ұлттардың жиі “табиғатынан заңда айтылғандарды орындайтынына” нұсқады. Олардың арасында жақын туысымен жыныстық қатынаста болу, кісі өлтіру, ұрлық жасау сияқты нәрселерге тыйым салынуы жалпыға тән талап болғанының себебі неде? Пауылдың айтуынша, олардың ар-ұжданы болған (Римдіктерге 2:14, 15 оқы).
16. Неге адамның ар-ұжданының болғаны ол күнә жасамайды дегенді білдірмейді?
16 Сөйтсе де іштегі куә іспетті ар-ұжданының болуы адам оның басшылығымен жүреді дегенді білдірмейтінін байқаған боларсың. Бұл ежелгі исраилдіктермен болған жағдайдан көрінеді. Исраилдіктердің Құдай дарытқан ар-ұжданы және ұрлық пен азғындық жасамауға қатысты арнайы заңдары болғанмен олар жиі ар-ұждандарынан да, Ехобаның заңынан да аттап кететін (Рим. 2:21—23). Құдайдың талаптары мен еркін елемегендіктен олар екі есе кінәлі еді, сондықтан күнәкар болғандары сөзсіз. Осының кесірінен олардың Жаратушымен қарым-қатынастары бұзылды (Леу. 19:11; 20:10; Рим. 3:20).
17. Римдіктерге арналған хатта жігер беретін қандай ой бар?
17 Осыған дейін қарастырған Римдіктерге арналған хаттағы мәліметтен Құдіреті шексіз Құдайдың алдында, бізді қоса алғанда, бүкіл адамзаттың күйі мүшкіл болып көрінуі мүмкін. Алайда Пауыл сөзін осымен доғарған жоқ. Ол Забур 31:1, 2-дегі Дәуіттің сөздерін келтіріп: “Заңсыз істері кешірілгендер мен күнәлары жабылғандар бақытты! Ехоба күнәсін мойнына артпайтын адам бақытты!”— деп жазды (Рим. 4:7, 8). Иә, Құдай адамзаттың күнәсін өзінің әділ нормаларын бұзбай кешіру үшін шара қолданды.
Ізгі хабардың түбіртірегі Иса
18, 19. а) Римдіктерге арналған хатында Пауыл ізгі хабардың қай тұсына баса назар аударған? ә) Патшалықтың баталарына ие болу үшін біз нені мойындауға тиіспіз?
18 Сен: “Мынау нағыз ізгі хабар ғой!”— дейтін шығарсың. Расында да бұл солай, әрі бұл Пауылдың Римдіктерге арналған хатында баса назар аударған ізгі хабардың тұсына қайтадан көңілімізді бұрады. Жоғарыда айтылғандай, Пауыл: “Мен ізгі хабарды жариялаудан ұялмаймын. Өйткені ол... құтқаратын Құдайдың құдіретті күші болып табылады”,— деп жазған (Рим. 1:15, 16).
19 Бұл ізгі хабар — Исаның Құдайдың ниетіндегі рөліне баса назар аударады. Пауыл өзі “жариялап жүрген ізгі хабарға сай, Құдайдың Мәсіх Иса арқылы адамдарды жасырын істері үшін соттайтын күнін” күткен (Рим. 2:16). Мұнымен ол “Мәсіх пен Құдайдың патшалығын” немесе Құдайдың Патшалық арқылы жүзеге асыратын еркін жоққа шығармаған (Ефес. 5:5). Қайта, аман қалып, Құдай патшалығының батасын көру үшін біз 1) Құдайдың алдында күнәкар екенімізді және 2) күнәміз кешірілу үшін неге Иса Мәсіхке сенуіміз керектігін түсінуге тиіс екенімізді көрсеткен. Құдайдың ниетінің осы тұстарын түсініп, қабыл алған, сондай-ақ мұның қандай болашаққа жол ашатынын білген адам қуанышпен: “Иә, бұл — нағыз ізгі хабар!”— дейтін болады.
20, 21. Қызметімізде Римдіктерге арналған хатта баса назар аударылған ізгі хабарды неге есте ұстауымыз керек және мұның нәтижесі қандай болуы мүмкін?
20 Қызметте ізгі хабардың осы тұсын есте ұстауымыз керектігінде сөз жоқ. Исаға нұсқап, Пауыл Ишая пайғамбардың: “Оған сенген ешкімнің көңілі қалмайды”,— деген сөздерін келтірген (Рим. 10:11; Ишая 28:16). Киелі кітапта күнә жөнінде не айтылғанынан азды-көпті хабары бар адам үшін Иса туралы мәлімет жаңалық болып көрінбейтін шығар. Ал өздері өскен ортада көпшілік Исаны білмейтін не оған сенбейтіндер үшін ол туралы хабар нағыз жаңалық болады. Сондай адамдар Жазбаларды зерттеп әрі оған сенім арта бастағанда, оларға Исаның рөлін түсіндіруіміз керек. Келесі мақалада Римдіктерге арналған хаттың 5-тарауында ізгі хабардың осы тұсы қалай түсіндірілетінін қарастырамыз. Оны зерттегенің қызметіңе пайдалы болады деп үміттенеміз.
21 Ақжүректі адамдарға Римдіктерге арналған хатта қайта-қайта сөз етілетін ізгі хабарды, яғни “әрбір сенушіні құтқаратын Құдайдың құдіретті күші болып табылатын” ізгі хабарды, түсіндіру зор қуанышқа бөлейді! (Рим. 1:16). Пауылдың Римдіктерге 10:15-тегі: “Ізгі хабар әкелген жариялаушылар қандай керемет!”— деген сөздеріне өзгелердің қосылғаны да қуаныш сыйлайды (Ишая 52:7).
[Сілтемелер]
a Осындай тіркес басқа тармақтарда да қолданылған (Мар. 1:1; Ел. іс. 5:42; Қор. 1-х. 9:12; Філіп. 1:27).
b Екклесиаст 7:20: “Жер бетінде күнә істемей, өмірінде тек жақсылық жасаған адамнан асқан тақуа жоқ”.
Естеріңде ме?
• Римдіктерге арналған хатта ізгі хабардың қай тұсына баса назар аударылады?
• Адамдарға қандай жайтты мойындаулары керектігін түсіндіруге тиіспіз?
• Қалай “Мәсіх туралы ізгі хабар” бізге де, өзгелерге де бата әкеледі?
[8-беттегі сөздер]
Римдіктерге арналған хаттағы ізгі хабарда Құдайдың ниетіндегі Исаның рөліне баса назар аударылады
[9-беттегі сурет]
Барлығымыз да туылғаннан күнәкармыз