Олар ақыр заманнан енді қорықпайды
МЫҢ ТОҒЫЗ ЖҮЗ ЖЕТПІСІНШІ жылдардың аяғында Гари мен Карен есімді ерлі-зайыпты дүниенің ақыры келетініне қатты сенді. Аман қалғысы келгендіктен, олар қаладан ауылды жерге көшіп, тіршілік етуге қажеттінің бәрін біліп әрі меңгеріп алуды шешеді.
Олар кітаптар сатып алады, түрлі курстар мен семинарларға қатысады және мүмкіндігінше адамдардан көп нәрсені біліп алуға тырысады. Бау-бақша отырғызып, 50 аласа жеміс ағаштарын өсіреді. Дәнді-дақылдар мен құрал-саймандар жинайды. Егін егуді, жеміс-жидек өсіруді әрі оны сақтауды үйренеді. Сондай-ақ достары оларға мал союды және ет қақтауды көрсетеді. Карен азық-түлік таусылғанда қорек етуге болатын өсімдік пен тамырлардың түрлерін біліп алады. Гари болса дәнді-дақылдан жанармай өндіруді үйренеді, темірден пеш жасайды және керек-жарағы түгел жабдықталған үй соғады.
“Дүниедегі жағдайдың аласапыран боп жатқанын көріп,— дейді Карен, — өркениеттің ақыры жақын екен ғой деп ойладым”. Ал Гари былай дейді: “Өзге жастар сияқты мен де нәсілшілдікке, Вьетнамдағы соғысқа және жемқорлыққа қарсылық білдірдім. Бұдан түк шықпайтынын түсінгенде, қатты түңілдім. Маған адамзат өзін-өзі жоюға бет алғандай көрінді”.
“Бір күні кешке қолыма Киелі кітап алып, Матай кітабынан бастап Аянға дейін оқып шықтым,— дейді Гари. — Содан, оны кешкі уақытта төрт күн қатарынан қайта-қайта оқыдым. Бесінші күні Каренге былай дедім: “Біз соңғы күндері өмір сүріп жатыр екенбіз. Жақында Құдайдың өзі жерді тазартпақ екен. Бізге аман қалғысы келетін адамдарды іздеп табу керек”. Сөйтіп, Гари мен Карен ақыр заманнан аман өтуге дайындалып жатқан адамдарды іздеп, түрлі дінді аралай бастайды.
Бір күні үйлеріне Ехоба куәгерлері келеді. Көп ұзамай олармен Киелі кітап зерттеу сабағы басталады. “Менің қуанышымда шек болмады,— деп есіне алады Карен,— өйткені олар маған Киелі кітапта шын мәнінде не жазылғанын түсіндірді. Іздеп жүргенім ақыр заман туралы шындық еді — соны таптым. Жарқын болашаққа берік үміт пайда болды. Ең бастысы, Жаратушымыз әрі бүкіл ғаламның Иесі көктегі Әкемізбен қарым-қатынас дамыта бастадым”.
Гари былай дейді: “Өмірдің мағынасын таптым. Киелі кітап зерттеуді бастағаннан-ақ, әдебиеттерді бас көтермей оқыдым. Киелі кітаптағы пайғамбарлықтарды оқығанда, олардың орындалып жатқанының дәлелдерін тексеретінмін. Нәтижесінде, Құдайдың жақын арада әрекет ететініне көзім жетті. Адамдар апатқа емес, Құдай ниет еткен өмірге дайындалу керек екен деген қорытындыға келдім”. Осылай Гари мен Карен болашақтан жақсылық күтетін болды. Олар заманның ақыры жайлы уайымдауды доғарып, Құдайдың қиындықтарды жойып, жер бетін жұмаққа айналдыру уәдесіне сеніммен қарайтын болды.
Содан бері 25 жыл өтті. Гари мен Карен немен айналысып жүр екен? Карен былай дейді: “Мен Құдайды одан сайын жақсы көріп, оған деген сенімімді нығайтудамын және адамдардың да осылай етуіне көмектесіп жүрмін. Гари екеуміз бір-бірімізді қолдап, берік отбасы ретінде Ехобаға бірігіп ғибадат етудеміз. Басқалардың қамын ойлап, қажет кезінде қол үшін бере алуымыз үшін қарапайым өмір кешіп, істерімізді дұрыс ұйымдастыруға тырысамыз”.
“Мен Құдай Патшалығының келіп, миллиондаған адамды қайғы-қасіреттен азат етуін ылғи сұрап дұға етемін. Осы Патшалық жайлы хабарды адамдарға айтқанда, ең болмаса біреуінде үміт пайда болсыншы деп те дұғада сұраймын. 25 жылдан бері Ехоба осындай дұғаларыма жауап беріп келеді. Карен де, мен де Ехобаның жақын арада жер бетінде үлкен өзгеріс жасайтынына сенеміз, сондықтан біз енді ақыр заманнан қорықпаймыз”,— деді Гари (Матай 6:9, 10; Петірдің 2-хаты 3:11, 12).
[9-беттегі сурет]
Гари мен Карен Киелі кітаптағы үміт беретін хабарды адамдармен бөлісіп жүр