Отбасы бақытының сыры
Некенің алғашқы жылдарынан сүрінбей өтіңіз
Күйеуі: “Таңғаламын, әйелім екеуміз екі түрлі адам екенбіз! Мысалы, мен ерте тұруды ұнатсам, ол ұзағырақ жата тұрғысы келеді. Көңіл күйінің де бірде олай, бірде бұлай өзгеріп кететінін түсіне алар емеспін. Бұл аздай, ол мені түзетеді де отырады, әсіресе ыдыс-аяқ сүртетін сүлгіге қолымды сүртсем болды, сөзі дайын тұрады”.
Әйелі: “Күйеуім көп сөйлемейді. Ал мен басқа тәрбие көріп өстім. Отбасымызда, әсіресе дастарқан басына жиналғанда, арқа-жарқа боп сөйлесіп отырамыз. Бұған қоса, күйеуімнің ыдыс-аяқ сүртетін сүлгіге қолын сүрте салатын әдеті бар. Бұл менің ашуыма тиеді! Оған соны да түсіну қиын ба? Осы, басқалар қалай түсінісіп-ақ тұрады екен?”
ЖАҚЫНДА отау құрған болсаңыз, осы сияқты қиындықтарға кезігіп жүрсіз бе? Кездесіп жүргенде жарыңыздың бойында байқалмаған кемшіліктер мен әлсіздіктер қазір пайда болып жатқандай көріне ме? Солай болса, некелік өмірде кезігетін ауыртпалықтарды қалай азайтуға болады? (Қорынттықтарға 1-хат 7:28).
Алдымен, неке антын бердік деп, бірден керемет әйел немесе керемет күйеу бола қаламын деп күтпеңіз. Бойдақ кезіңізде тұрмысқа қажетті кейбір қабілеттер мен қасиеттерді дамытып, кездесіп жүргенде оларды шыңдай түскен шығарсыз. Ал енді, некеге тұрған соң, дамытқан қасиеттеріңіз өзгеше жағдайда сыналуы және жаңа қабілеттерді дамытуға тура келуі мүмкін. Мұндайда қателік жасап қоюыңыз мүмкін бе? Әрине, мүмкін! Бірақ қажетті қабілетке ие бола аласыз ба? Әлбетте!
Қандай да бір қабілетті дамытудың ең жақсы жолы — сол саладағы маманмен ақылдасып, оның кеңесін қолдану. Ал отбасына қатысты ең жақсы кеңес беруші — Ехоба Құдай. Өйткені адамды неке құру қалауымен жаратқан — оның өзі (Жаратылыс 2:22—24). Құдайдың Сөзі жазылған Киелі кітап қиыншылықтарды жеңуге көмектеседі және некенің бір жылдық емес, өмірлік болуына қажетті қабілеттерді дамытуға үйретеді.
1-ҚАБІЛЕТ. АҚЫЛДАСА БІЛУ
Қандай қиындықтар туындайды?
Жапонияда тұратын Кейжиa шешімдерінің әйеліне де қатысы барын кейде ескермей қалатын. “Әйеліммен ақылдаспай тұрып, шақырылған жерге келісіп қоямын,— дейді ол. — Мұның әйелім үшін қолайсыз екенін кейін түсініп жатамын”. Австралияда тұратын Ален былай дейді: “Әйелімен ақылдасу еркекке жараспайды деп есептейтінмін”. Өскен ортасында көргені бойына сіңіп қалғандықтан, әйелімен ақылдасу оған қиынға соқты. Британиялық Диананың жағдайы осыған ұқсас еді. Ол былай дейді: “Не болса да, бұрын отбасыммен ақылдасып үйренген едім. Сондықтан алғашқы кездері шешім қабылдарда кеңесті күйеуімнен емес, солардан сұрайтынмын”.
Қиындықтарды қалай шешуге болады?
Ехоба Құдай ерлі-зайыптыларды “біртұтас” деп қарастырады (Матай 19:3—6). Оның көз алдында кез келген өзге қарым-қатынастан гөрі, әйелі мен күйеуінің арасындағы қарым-қатынас әлдеқайда маңызды. Осы қарым-қатынасты берік етіп сақтау үшін пікір-алыса білу аса қажет.
Ерлі-зайыпты Ехоба Құдайдың Ыбырайыммен сөйлескенінен көп нәрсеге үйрене алады. Мысалы, Жаратылыс 18:17—33 тармақтарда жазылған оқиғаны оқып шығыңызшы. Байқасаңыз, Құдай Ыбырайымға үш жолмен құрмет көрсетті: 1) Құдай өзінің не істемек екенін түсіндірді. 2) Ыбырайым өз ойын айтқанда, тыңдады. 3) Ниетін жүзеге асырғанда мүмкіндігінше Ыбырайымның өтінішін ескеріп әрекет етті. Жарыңызбен ақылдасқанда, Құдайдың көрсеткен осы үлгісіне қалай еліктей аласыз?
БЫЛАЙ ЕТІП КӨРІҢІЗ: Жарыңызға қатысы бар мәселені қарастырғанда: 1) Мәселені қалай шешкіңіз келетінін түсіндіріп, ойыңыздағыны соңғы немесе үзілді-кесілді шешім ретінде емес, ұсыныс ретінде айтыңыз; 2) жарыңызды өз ойын айтуға шақырыңыз, әрі ол сіздікінен өзгеше пікірде болуына құқылы екенін мойындаңыз; 3) шешімді жарыңыздың қалауын мүмкіндігінше ескеріп барып қабылдау арқылы естілік танытыңыз (Філіпіліктерге 4:5 ЖД).
2-ҚАБІЛЕТ. ІЛТИПАТТЫ БОЛУ
Қандай қиындықтар туындайды?
Өскен ортаға және мәдениетке байланысты, өз ойыңызды кесіп айтуға, тіпті тіке айтып салуға дағдыланған шығарсыз. Мысалы, Еуропада тұратын Лиам былай дейді: “Мен өскен жердегі адамдарға сыпайы сөйлеу үйреншікті емес еді. Тіке айта салатыным жиі әйеліме ауыр тиетін. Сондықтан маған жұмсақтау сөйлеуді үйрену керек болды”.
Қиындықтарды қалай шешуге болады?
Басқалардың өзіңізбен қалай сөйлескенін ұнатсаңыз, жұбайыңызға да солай сөйлескен ұнайды деп күтпеңіз (Філіпіліктерге 2:3, 4). Елші Пауылдың басқа жерде қызмет етіп жүрген жас жігітке берген кеңесі жаңадан үйленгендерге де пайдалы. Ол былай деп жазды: “Жаратқан Иенің қызметшісінің жанжалдасуына болмайды, ол бәріне бірдей жылы жүзді... болуы қажет”. “Жылы жүзді” деп аударылған грек сөзін “ілтипатты” деп те аударуға болады (Тімотеге 2-хат 2:24). Ілтипаттылық деген — жағдайдың абай болу керек тұстарын байқап, басқаларды ренжітпеу үшін жұмсақтық таныта білу қабілеті.
БЫЛАЙ ЕТІП КӨРІҢІЗ: Жұбайыңыздың бір ісіне көңіліңіз толмай тұрса, онымен емес, жақын досыңызбен не жұмыс беруші бастығыңызбен сөйлесіп тұрмын деп елестетіңіз. Сонда қалай сөйлер едіңіз және қандай сөздер таңдар едіңіз? Олай болса, досыңыз бен бастығыңыздан гөрі жұбайыңызға құрметпен, ілтипатпен сөйлеуге себеп әлдеқайда көп емес пе? (Қолостықтарға 4:6).
3-ҚАБІЛЕТ. ЖАҢА РӨЛГЕ БЕЙІМДЕЛЕ БІЛУ
Қандай қиындықтар туындайды?
Алғашында күйеу басшы ретіндегі міндетін епсіздеу атқаруы мүмкін. Ал әйелі ұсынысын ілтипаттылықпен айтуға әдеттенбеген шығар. Мысалы, италияндық Антонио былай дейді: “Әкем отбасына қатысты шешімдерді анаммен ақылдасып қабылдайтын деп айту қиын. Сондықтан мен де отбасымда өзім қожа, өзім би болдым”. Канадада тұратын Дебби есімді әйел былай дейді: “Мен күйеуімнен ұқыпты болуын талап ететінмін. Алайда бұйырып сөйлегенімнен ол одан бетер қырсығатын”.
Күйеуі қиындықтарды қалай шеше алады?
Кейбір күйеулер Киелі кітапта айтылғанды бұрыс түсініп, бала ата-анасына қалай бағынса, әйел күйеуіне солай бағынуы керек деп ойлайды (Қолостықтарға 3:20; Петірдің 1-хаты 3:1). Алайда Киелі кітапта күйеуі “әйеліне қосылады, сөйтіп екеуі біртұтас болады” делінген. Ата-ана мен бала туралы бұлай дей алмаймыз (Матай 19:5). Оның үстіне, Ехоба Құдай әйелді күйеуінің көмекшісі деген (Жаратылыс 2:18). Ал баланы ата-ананың көмекшісі деп еш жерде жазылмаған. Қалай ойлайсыз, күйеуі әйеліне баласына қарағандай қараса, мұнысы некені құрметтегені ме?
Киелі кітап күйеулерді Иса қауымға қалай қараса, әйелдеріне солай қарауға шақырады. Сіздің басшылығыңызға мойынсұну әйеліңізге оңай болу үшін: 1) ол айтқаныңызды екі етпей сол заматта орындау керек деп күтпеңіз, 2) қиын жағдайда да оны өз тәніңіздей жақсы көріңіз (Ефестіктерге 5:25—29).
Әйелі қиындықтарды қалай шеше алады?
Құдай күйеуді әйелдің басы етіп тағайындағанын мойындаңыз (Қорынттықтарға 1-хат 11:3). Егер сіз күйеуіңізді құрметтесеңіз, мұнымен Құдайды құрметтейтініңізді білдіресіз. Ал басшылығына мойынсұнбасаңыз, күйеуіңізге ғана емес, Құдай мен оның талаптарына қалай қарайтыныңызды көрсетесіз (Қолостықтарға 3:18).
Қандай да бір қиындық туындағанда, күйеуіңізді емес, жағдайды түзетуге тырысыңыз. Мысалы, ежелде өмір сүрген Естер есімді патшайым халқына жасалғалы жатқан әділетсіздікке тосқауыл қойылғанын қалады. Бірақ ол күйеуі Артаксеркс патшаны шешімі үшін кінәламайды, қайта, ілтипатпен оған өз сезімін білдірді. Соның арқасында күйеуі оның кеңесін қабыл алып, әділдік орнатады (Естер 7:1—4; 8:3—8). Егер сіз 1) күйеуіңізге отбасының басы ретіндегі рөліне бейімделуге уақыт берсеңіз және 2) тіпті қателік жасаса да, оған құрметпен қарасаңыз, күйеуіңіз сізді одан бетер жақсы көретін болады (Ефестіктерге 5:33).
БЫЛАЙ ЕТІП КӨРІҢІЗ: Жұбайыңыздың өзгеру керек деп ойлайтын тұстарын жіпке тізбей, өзіңізге қай жағынан өзгеру керек екені жайлы ойланыңыз. Күйеуі болсаңыз, басшы ретіндегі шешіміңіз немесе ісіңіз әйеліңізді ренжітсе, одан қай жағынан жақсаруыңыз керек екенін сұрап, ұсынысын жазып алғаныңыз дұрыс. Әйелі болсаңыз, күйеуіңіз өзіне құрмет көрсетілмейтіндей сезімде жүрсе, одан қалай жақсара алатыныңызды сұрап, ұсынысын есте сақтағаныңыз абзал.
Дұрыс көзқарас сақтау
Некеде бақытты болып, жақсы қарым-қатынас сақтауды үйрену велосипед айдауды үйренумен салыстыруға болады. Алғашында адам тепе-теңдік сақтай алмай құлайды. Сол сияқты, некелік өмірде тәжірибе жинау барысында ерлі-зайыптылар ыңғайсыз сезіндіретін қателіктер жіберіп қояды. Сондықтан некеде бастапқыдан-ақ бәрі керемет болады деп күтпеңіз.
Әзілге де орын беріңіз. Жарыңызды мазалаған мәселеге мұқият ден қойыңыз. Өзіңіз жіберген олқылықтарға күле біліңіз. Некелік өмірдің алғашқы жылында жарыңызды қуантудың мүмкіндіктерін қалт жібермеуге тырысыңыз (Заңды қайталау 24:5). Ең бастысы, Құдай Сөзіндегі кеңестерді қарым-қатынаста басшылыққа алғаныңыз жөн. Сонда некеңіз жыл өткен сайын нығая түседі.
a Кейбір есімдер өзгертілген.
ОЙЛАНЫП КӨРІҢІЗШІ:
Жарыммен сырласамын ба, әлде басқалармен ақылдасуға бейіммін бе?
Жұбайымды жақсы көретінімді және құрметтейтінімді осы тәуліктің ішінде нақты қандай ісіммен білдірдім?