Әйелдер, неге басшылыққа мойынсұнуларың керек?
“Әйелдің басы — күйеуі” (ҚОР. 1-Х. 11:3).
1, 2. а) Елші Пауыл Ехоба орнатқан басшылық принципі мен мойынсұнушылыққа қатысты не жазды? ә) Бұл мақалада қандай сұрақтар қарастырылады?
“ӘРБІР еркектің басы — Мәсіх... Мәсіхтің басы — Құдай” (Қор. 1-х. 11:3). Бұл Ехоба Құдай орнатқан тәртіп. Алдыңғы мақалада Мәсіх Ехобаға мойынсұнуды зор мәртебе санағаны әрі солай етуден қуаныш алғаны және ол ер адамдардың басы екендігі айтылған. Мәсіх адамдармен қарым-қатынасында мейірімді, жұмсақ, жанашыр және риясыз болған. Мәсіхші ер адамдар да өзгелермен, әсіресе әйелдерімен, қарым-қатынасында осындай қасиеттер танытуы керек.
2 Ал әйелдер туралы не деуге болады? Олардың басы кім? “Әйелдің басы — күйеуі”,— дейді Пауыл. Рухтың жетелеуімен жазылған бұл сөздерге мәсіхші әйел қалай қарау керек? Бұл принципті күйеуі сенуші болмаған жағдайда да ұстануға тиіс пе? Күйеуіне мойынсұнатын әйел отбасына қатысты шешім қабылданғанда өз ойын айтпауы керек пе? Әйел адам қалай мадаққа лайық бола алады?
“Мен оған өзіне сай көмекші жасап берейін”
3, 4. Некеде басшылық принципін ұстанған неге пайдалы?
3 Отбасындағы басшылық принципін орнатқан Жаратушымыздың өзі болатын. Адам атаны жаратқан соң Ехоба Құдай былай деді: “Адамның жалғыз болғаны жақсы болмас. Мен оған өзіне сай көмекші жасап берейін”. Хауа ана жаратылғаннан кейін, өзіне жолдас және көмекші пайда болғанына қатты қуанған Адам: “Міне, бұл — өз сүйегімнен шыққан сүйек, Өз етімнен шыққан ет!”— деді (Жар. 2:18—24). Адам мен Хауа жұмаққа айналған жерде мәңгі бақытты ғұмыр кешетін кемелді адамзаттың ата-анасы болар еді. Оларды қандай керемет болашақ күтіп тұрды десеңші!
4 Бірақ олар бүлік шығарып, Едем бағынан қуылды және басшылық принципін кемелді түрде ұстана алмайтын болды (Римдіктерге 5:12 оқы). Дегенмен басшылық принципі өзгеріссіз қалды және дұрыс қолданылатын болса, отбасы үшін өте пайдалы. Ол ерлі-зайыптылардың бақытты болуына септігін тигізеді. Сөйтіп олар өзінің Басы Ехобаға мойынсұнудан рақат тапқан Иса сияқты сезімде болады. Көкте өмір сүргенде ол ‘күнде [Құдайды] қуантып, алдында шаттанды’ (Нақ. с. 8:30). Әрине, кемелсіз болғандықтан ер адамдар кемелді түрде басшылық ете алмайды, ал әйелдері барынша мойынсұнушылық таныта алмайды. Десе де ерлі-зайыптылар бұл принципті ұстану үшін қолдарынан келгеннің бәрін істейтін болса, некелік өмірлері қазірдің өзінде қанағат әкелетін болады.
5. Ерлі-зайыптылар неге Римдіктерге 12:10-дағы кеңеске барынша құлақ асулары керек?
5 Жазбаларда барлық мәсіхшілерге: “Бір-біріңе бірінші болып құрмет көрсетіңдер”,— деген кеңес берілген (Рим. 12:10). Некенің баянды болуы үшін ерлі-зайыптылардың осы кеңесті ұстанғандары әсіресе маңызды. Сондай-ақ олар ‘бір-біріне мейірімді де жан ашыр, өзара кешірімді’ болуға барынша тырысулары қажет (Ефес. 4:32).
Жұбайың сенуші болмаса
6, 7. Мәсіхші әйелдің сенуші емес күйеуінің басшылығына мойынсұнғаны қандай нәтиже әкелуі мүмкін?
6 Ал егер ерлі-зайыптылардың бірі Ехобаның қызметшісі болмаса ше? Көп әйел бауырластарымыздың күйеулері сенуші емес. Мұндай жағдайда әйел бауырластар күйеулеріне мойынсұнулары керек пе? Киелі кітап бұл сұраққа былай деп жауап береді: “Әйелдер, күйеулеріңе мойынсұныңдар. Осылайша, күйеулеріңнің кейбіреулері Құдай сөзіне құлақ аспаса да, айтқан сөздеріңмен емес, игілікті мінез-құлықтарыңмен оларды Мәсіхтің иелігіне айналдырыңдар. Олар таза да ізетті мінез-құлықтарыңды көргенде ғана осылай болмақ” (Пет. 1-х. 3:1, 2).
7 Құдай Сөзі әйелді сенуші емес күйеуіне мойынсұнуға шақырады. Әйелдің жақсы жүріс-тұрысын көріп, күйеуі оны осылай әрекет етуге не талпындыратыны жайында ойлануы мүмкін. Нәтижесінде ол мәсіхші әйелінің не нәрсеге сенетінін білуді шешіп, ақырында шындықты қабылдауы ықтимал.
8, 9. Мәсіхші әйелдің жақсы жүріс-тұрысы сенуші емес күйеуіне әсер етпесе, ол не істеу керек?
8 Ал егер мәсіхші әйелдің жақсы жүріс-тұрысы сенуші емес күйеуіне еш әсер етпесе ше? Жазбалар сенуші әйелдерді кез келген қиыншылықтарға қарамастан, мәсіхшіге тән қасиеттер танытуға үйретеді. Мысалы, Қорынттықтарға 1-хат 13:4-те: “Сүйіспеншілік шыдамды”,— делінген. Сондықтан мәсіхші әйелдер, “барлық жағдайларда кіші пейіл, ілтипатты... төзімді болып, сүйіспеншілік көрсетіңдер” (Ефес. 4:2). Құдай рухының көмегімен тіпті қиын кездердің өзінде мәсіхшіге тән қасиеттер танытуға болады.
9 Елші Пауыл: “Маған күш-қуат берушінің арқасында бәріне де төзе аламын”,— деп жазды (Філіп. 4:13 ЖД). Құдай рухының арқасында некедегі мәсіхші басқалай мүмкін емес көптеген нәрселерді жасай алады. Мысалы, ерлі-зайыптылардың бірі дөрекілік жасағанда, екіншісі де дөрекілікпен жауап беруге азғырылуы мүмкін. Алайда Киелі кітапта барлық мәсіхшілерге арналған келесі сөздер бар: “Жамандыққа жамандықпен қайтармаңдар!.. Киелі жазбада Жаратқан Иенің: “Кек алу — Менің ісім, есесін Мен қайтарамын” дегені жазылған ғой” (Рим. 12:17—19). Сондай-ақ Салониқалықтарға 1-хат 5:15-те мынадай кеңес жазылған: “Ешкім жамандыққа жамандықпен қайтармасын, қайта, бір-біріңе және басқаларға жақсылық жасауға ұмтылыңдар!” Иә, өзіміздің қолымыздан келмейтін нәрселерді Ехобаның киелі рухының көмегімен істей аламыз. Ендеше, қажетті қасиеттер дамыта алуымыз үшін Құдайдан киелі рухын сұрағанымыз орынды.
10. Өзгелер тіл тигізгенде не жамандық жасағанда, Иса өзін қалай ұстаған?
10 Бізге сөзімен не ісімен жамандық жасайтындарға қалай қарауымыз керектігіне қатысты Иса керемет үлгі қалдырды. Петірдің 1-хаты 2:23-те былай делінген: “Мәсіх Өзіне тіл тигізгендерге жаман сөз қайырмады, азап көрген кезде де оларды қорқытпады. Қайта, Ол ісін әділ Соттаушыға тапсырды”. Біз Мәсіхке еліктеуіміз керек. Өзгелердің жамандығы жамандықпен қайтаруға түрткі болуына жол бермеңдер. Барлық мәсіхшілерге берілетін кеңеске сай, “қайырымды да кіші пейіл болыңдар. Жамандыққа жамандықпен, қорлыққа қорлықпен емес, ақ батамен жауап беріңдер” (Пет. 1-х. 3:8, 9).
Үндемес әйел болу керек пе?
11. Кейбір әйелдерге қандай зор құрмет көрсетілген?
11 Ерінің басшылығына мойынсұну дегеніміз әйел адамның отбасына және өзге де мәселелерге қатысты өз ойын айтпауы керек дегенді білдіре ме? Әрине, олай емес. Ехоба ерлермен қатар әйелдерге де жауапты істер сеніп тапсырған. Мысалы, болашақта Исамен бірге діни қызметкер және патша ретінде жердің үстінен билік ететін 144 000 адамға қандай зор құрмет көрсетілгені жайлы ойланып көрші! Олардың ішінде әйелдер де бар (Ғал. 3:26—29). Иә, Ехоба әйелдердің үндемес болғанын қаламайтыны анық.
12, 13. Әйел адамдар пайғамбарлық еткендерінің мысалын келтіріңдер.
12 Ежелгі уақытта әйелдер пайғамбарлық еткен. Жоел 2:28, 29-да алдын ала былай деп айтылған: “Өз рухымнан кез келгенге дарытамын, сөйтіп, сендердің ұлдарың мен қыздарың сәуегейлік [пайғамбарлық] айтатын болады... Сондай-ақ сол күндерде құлдарың мен күңдеріңе де Рухымнан дарытамын”.
13 Б. з. 33 жылы Иерусалимде Алғашқы өнім мейрамын тойлау үшін жоғарғы қабаттағы бөлмеде жиналған шамамен 120 шәкірттің ішінде ерлер мен бірге әйелдер де болған. Құдайдың рухы олардың бәріне бірдей қонды. Сол себепті Петір Жоелдің алдын ала айтқан сөздерін қайталап, оны ерлерге де, әйелдерге де қатысты қолданды. Ол былай деді: “Осы заманның аяғында Мен өзімнің Рухымды бүкіл адамзаттың үстіне төгемін. Ұл-қыздарың пайғамбарлық сөз айтады, жас жігіттерің аян, қарттарың түс көреді. Сол күндері Мен құл-күңдерімнің үстіне Киелі Рухымды төгемін, олар да пайғамбарлық сөз айтады” (Ел. іс. 2:16—18).
14. Ежелде мәсіхшіліктің таралуында әйелдер қандай рөл атқарды?
14 Бірінші ғасырда мәсіхшіліктің таралуында әйелдер де көп еңбек етті. Олар өзгелерге Құдай Патшалығы туралы уағыздады және соған байланысты міндеттер атқарды (Лұқа 8:1—3). Мысалы, елші Пауыл Фөбе есімді әйел бауырластың “Кенхреядағы қауымның қызметшісі” болғанын айтқан. Сондай-ақ өзімен қызметтес болған бауырластарға сәлем жолдаған кезде адал әйел бауырластардың да атын атаған. Олардың ішінде “Иеміз үшін құлшына жұмыс істеп жүрген Трифена мен Трифоза” бар. Сонымен қатар Пауыл ‘Иеміз үшін көп еңбек сіңірген Персида’ бауырлас туралы да айтқан (Рим. 16:1, 12).
15. Бүгінде ізгі хабардың таралуына әйелдер қандай үлес қосуда?
15 Біздің күнімізде дүниежүзі бойынша Құдай Патшалығы туралы ізгі хабарды уағыздап жүрген жеті миллионнан астам жариялаушының басым көпшілігі әртүрлі жастағы әйелдер (Мат. 24:14). Олардың көбісі ізашар ретінде және Бетелде толық уақытты қызмет атқарады. Забур жыршысы Дәуіт: “Жаратқан Ие мынаған бұйрық шығарды, Көптеген қыз-келіншек оны хабарлады”,— деп жазды (Заб. 67:12). Бұл сөздер бүгінде де орындалып жатыр. Ехоба әйелдердің ізгі хабарды жариялау ісі мен өз еркінің орындалуына қосып жатқан үлестерін жоғары бағалайды. Оның мойынсұнушылыққа қатысты принципі әйелдер үндемей жүру керек дегенді білдірмейді.
Үнсіз қалмаған екі әйел
16, 17. Әйелдердің үндемес болмауы керек екені Сараның мысалынан қалай көрінеді?
16 Ехоба әйелдерге көптеген мәртебелі міндеттер жүктейді. Олай болса, күйеулер де маңызды шешімдер қабылдағанда әйелдерімен ақылдасуы керек емес пе?! Олардың бұлай еткендері даналыққа жатады. Жазбаларда күйеулері сұрамаса да өз ойларын айтқан немесе өздігінен әрекет еткен әйелдер туралы біраз оқиғалар жазылған. Солардың екеуін қарастырып көрейік.
17 Ыбырайымның әйелі Сара күңі мен одан туған бала тиісті құрмет көрсетпегендіктен күйеуінен оларды қуып жіберуді сұрай берді. ‘Бұл әңгіме... Ыбырайымға еш ұнамады’. Алайда Ехоба бұл жағдайға басқаша қарады. Сондықтан ол Ыбырайымға: “Бала мен күңге бола қамықпа. Сараның айтқанының бәріне көн, себебі сенің ұрпағың Ысқақтан тарайтын болады”,— деді (Жар. 21:8—12). Ыбырайым Ехобаға мойынсұнып, Сараның өтінішін орындады.
18. Әбигел күйеуін құлағдар етпестен қалай әрекет етті?
18 Набалдың әйелі Әбигел туралы да ойланып көрейікші. Дәуіт бойын қызғаныш кернеген Саул патшадан қашып жүрген кезінде біраз уақыт Набалдың қосының жанында жасырынады. Сонда Дәуіт пен оның адамдары Набалдың байлығына қол сұқпай, қайта, оның иелігін қорғап жүреді. Бірақ Набал “қатыгез де зұлым адам болатын”. Сондай-ақ ол оңбаған әрі барып тұрған ақымақ еді. Бірде Дәуіт пен оның адамдары ізетпен көмек сұрағанда, Набал оларды ‘балағаттап, қайтарып жібереді’. Сонда Әбигел қалай әрекет етеді? Набалға айтпастан, ол “дереу екі жүз таба нан, екі мес шарап, бес қойдың етін, бір қап қуырылған бидай, жүз бума кептірілген інжір жемістерін алып, бәрін есектерге тиеп”, Дәуіт пен оның адамдарына апарып береді. Әбигелдің бұлай еткені дұрыс болды ма? Кейін болған оқиғалар оның әрекеті дұрыс болғанын көрсетеді. Киелі кітапта айтылғандай, “Жаратқан Ие Набалға ажал жіберді”. Ал Әбигел кейінірек Дәуітке күйеуге шықты (Пат. 1-ж. 25:3, 14—19, 23—25, 38—42).
Мадаққа лайық әйел
19, 20. Әйелді шынымен бағалы ететін не?
19 Құдай сөзінде Ехобаның еркіне сай жүріп-тұратын әйелдерге мақтау сөздер жазылған. Мысалы, Нақыл сөздер кітабында былай делінген: “Ол інжу-маржаннан да бағалы болар! Күйеуі оған толықтай сенім артады, ешбір игіліктен ада қалмайды. Өмір бойы оның күйеуіне жасары жамандық емес, жақсылық қана болады”. Сондай-ақ “Аузынан шыққан сөзі — нағыз даналық, Берген тәлімі — мейірімді жақсылық. Үй шаруасын мұқият бақылайды, Нанын бекер жеп, еш масыл болмайды. Балалары тұрып, оны дәріптейді, Күйеуі де... құрметтейді” (Нақ. с. 31:10—12, 26—28).
20 Әйелді шынымен бағалы ететін не? Нақыл сөздер 31:30-да былай делінген: “Әсемдік өткінші, алдамшы сұлулық та, Тәңірді қастерлейтін әйел лайық мадаққа”. Тәңірді қастерлеу оның орнатқан басшылық принципін шын жүректен ұстануды да білдіреді. “Әрбір еркектің басы — Мәсіх, ал Мәсіхтің басы — Құдай” болса, “әйелдің басы — күйеуі” (Қор. 1-х. 11:3).
Құдай сыйын бағалаңдар
21, 22. а) Ерлі-зайыпты мәсіхшілердің неке құрылымы үшін ризашылық білдіруіне қандай себептер бар? ә) Ехоба орнатқан басшылық принципін неліктен құрметтеуіміз керек? (17-беттегі қоршауды қараңдар).
21 Некедегі мәсіхшілердің Ехобаға ризашылық білдіруіне көптеген себептер бар. Әсіресе олардың бірге бақытты өмір кешіп, жұптасып Ехобаға қызмет еткендері қандай тамаша! (Рут 1:9; Миха 6:8). Осы құрылымға бастама берген Ехоба некедегі бақыттың сыры неде екенін жақсы біледі. Сондықтан қиыншылықтар бастан асып жатса да, бәрін де Ехоба үйреткендей істесеңдер, “Жаратқан Иенің алдындағы қуаныш... сендер үшін қуат беретін демеу” болып қала бермек (Нех. 8:10).
22 Әйелін өзіндей сүйетін мәсіхші күйеу жұмсақтықпен басшылық етіп, қамқоршы бола біледі. Ал аяулы әйелі болса, оны қолдап, шын жүректен құрмет көрсету арқылы күйеуінің махаббатына бөленеді. Бәрінен де маңыздысы — некелерін бақытты етуімен олар Ехоба Құдайға мадақ әкеледі.
Естеріңде ме?
• Ехоба қандай басшылық принципін орнатты?
• Неліктен ерлі-зайыптылар бір-бірін құрметтеу керек?
• Мәсіхші әйел сенуші емес күйеуіне қалай қарау керек?
• Неліктен отағасы маңызды шешім қабылдарда әйелімен ақылдасқаны жөн?
[17-беттегі қоршау]
Неліктен билікті мойындау керек?
Ехоба саналы жаратылыстарының арасында басшылыққа қатысты тәртіп орнатты. Бұл рухани жаратылыстары үшін де, адамзат үшін де пайдалы. Осының арқасында олар ерік бостандығын қолданып, бірлікте және ұйымдасқан түрде қызмет етіп, Құдайға даңқ әкеле алады (Заб. 132:1).
Майланған мәсіхшілердің қауымы Иса Мәсіхтің басшылығына мойынсұнады (Ефес. 1:22, 23). Ал болашақта “Ұлы да әлемді Өзіне бағындырып берген Әкесіне мойынсұнады. Осылай Құдай бүкіл әлемге толықтай билік жүргізетін болады” (Қор. 1-х. 15:27, 28). Олай болса, Құдайға өздерін бағыштаған адамдардың қауымда және отбасында басшылық принципіне бағынғандары қаншалықты орынды десеңші! (Қор. 1-х. 11:3; Евр. 13:17). Бұлай еткеніміз өзіміз үшін пайдалы, өйткені Ехобаның қолдауы мен баталарына ие боламыз (Ишая 48:17).
[13-беттегі сурет]
Мәсіхші әйел Құдайға ұнамды қасиеттер таныту үшін үнемі дұға етуі керек
[15-беттегі суреттер]
Қыз-келіншектердің Патшалық ісіне қосатын үлестері Ехоба үшін аса бағалы