Ерлер, Мәсіхтің басшылығына мойынсұнасыңдар ма?
“Әрбір еркектің басы — Мәсіх” (ҚОР. 1-Х. 11:3).
1. Ехобаның тәртіптің Құдайы екені неден көрінеді?
“ҚҰДАЙ ИЕМІЗ! Сен ұлылық, құрмет пен билікке лайықсың. Өйткені бүкіл әлемді жаратқан Өзіңсің; Сенің еркіңмен ол жаратылды және бола да береді” (Аян 4:11). Тіршілік атаулының Жаратушысы болғандықтан, Ехоба Құдай Әлемнің Әміршісі болып табылады және жаратылыстарының бәрінен жоғары. Ехобаның ‘тәртіпсіздікті емес, тыныштық пен татулықты қалайтыны’ періштелерден тұратын көктегі отбасының қалай құрылғанынан көруге болады (Қор. 1-х. 14:33; Ишая 6:1—3; Евр. 12:22, 23).
2, 3. а) Ехоба ең алдымен кімді жаратты? ә) Алғашқы жаратылысы болып табылатын Ұлының Әкесімен салыстырғандағы дәрежесі қандай?
2 Әлем жаратылмас бұрын сансыз көп жылдар бойы Құдайдың бір өзі ғана болды. Содан кейін ол ең бірінші рухани тұлғаны жаратты. Ол “Сөз” деп аталды, өйткені Ехобаның атынан сөйледі. Қалған жаратылыстардың бәрі де сол Сөз арқылы жаратылды. Кейіннен ол кемелді адам болып жерге келді де, Иса Мәсіх ретінде танымал болды (Жохан 1:1—3, 14 оқы).
3 Жазбаларда Құдай мен оның ең алғашқы жаратылысының, яғни Ұлының қарым-қатынасы туралы не айтылған? Елші Пауыл рухтың жетелеуімен былай деп жазды: “Енді мынаны да білулеріңді қалаймын: әрбір еркектің басы — Мәсіх, әйелдің басы — күйеуі, ал Мәсіхтің басы — Құдай” (Қор. 1-х. 11:3). Иә, Мәсіх Әкесіне бағынышты. Саналы жаратылыстардың арасында тыныштық пен тәртіп болуы үшін, басшылықтың болғаны мен оған бағынғанның маңызы зор. Тіпті ‘бәрі сол арқылы жаратылған’ тұлғаның өзі Әкесінің билігіне мойынсұнуы қажет (Қол. 1:16).
4, 5. Иса Ехобаның билігіне қалай қараған?
4 Иса Ехобаның билігіне мойынсұнып, жерге келуге қалай қарады екен? Жазбаларда былай делінген: “Құдайлық болмысы бола тұра, ол онысына жармасқан жоқ, қайта, Өзінің құдіреті мен салтанатты ұлылығынан Өз еркімен бас тартып, құлдың кейпін қабылдап, Адам секілді дүниеге келіп, Кәдімгі адамға ұқсап көрінді. Өзін төмен тұтып, Құдайға мойынсұнып... өлімге дейін бойсұнды” (Філіп. 2:5—8).
5 Иса барлық кезде кішіпейілділікпен Әкесінің еркіне мойынсұнды. Ол былай деген: “Мен өздігімнен ештеңе істей алмаймын... Менің сотым әділ, өйткені өз еркімді емес, Мені жіберген Әкемнің еркін орындаймын” (Жох. 5:30). Сондай-ақ ол: ‘Мен әрқашан [Әкеме] ұнайтынды істеймін’,— деп жария етті (Жох. 8:29). Жердегі өмірінің соңына таман Иса Әкесіне былай деп дұға етті: “Маған тапсырған ісіңді аяқтап, жерде ұлылығыңды көрсеттім” (Жох. 17:4). Шынында да, Иса әрқашан Құдайдың билігін мойындап, оған дайындықпен бойсұнған.
Әкесіне мойынсұнғаны Ұлының игілігіне қызмет етеді
6. Иса қандай керемет қасиеттер танытқан?
6 Жерде болған кезінде Иса көптеген керемет қасиеттер танытты. Мысалы, ол Әкесіне зор сүйіспеншілік көрсетті. ‘Әкемді сүйемін’,— деді Иса (Жох. 14:31). Сондай-ақ ол адамдарға да зор сүйіспеншілікпен қарады (Матай 22:35—40 оқы). Иса өзгелерге қысым көрсетіп, дөрекілік танытқан емес, керісінше мейірімді де жанашыр болған. Ол былай деген: “Қиналып қатты шаршап-шалдыққандар, Еңселерін тым ауыр жүк басқандар, Менің қасыма келіңдер, барлығың, Жандарыңды Мен рақатқа бөлеймін! Бірге жүріп, үйреніңдер Өзімнен, Жуас, кіші пейілмін шын жүректен, Тыныштық табады сонда жандарың. Себебі ыңғайлы — билігім Менің, Әрі жеңіл — жүктейтін міндеттерім” (Мат. 11:28—30). Барлық жастағы қой тәріздес адамдар, әсіресе азап шеккендер, оның жанында болудан және жан сергітерлік хабарынан жұбаныш тапқан.
7, 8. Мұса заңына сәйкес, қан кетіп ауырған әйел қандай болып есептелетін, ал Иса оған қалай қарады?
7 Исаның әйелдерге қалай қарағанын қарастырайық. Тарих бойы талай әйелдер ер адамдардан қорлық көрген. Ежелгі Исраилдің дін басылары да әйел затын төмен санаған. Алайда Иса әйелдерге құрмет көрсеткен. Мұны оның он екі жыл бойы қан кетіп ауырған әйелге қалай қарағанынан көруге болады. Ол әйел “көп дәрігерлерге емделіп талай азап шегіп, бар мал-мүлкін жұмсаса да, одан еш шипа болмай, керісінше, халі бұрынғысынан бетер нашарлай түскен болатын”. Мұса заңына сәйкес ол таза емес болып есептелетін. Оған тиіп кеткен адам да таза емес болар еді (Леуі. 15:19, 25).
8 Әйел Исаның ауруларды айықтырғанын естігенде, “ең болмағанда киіміне қолымды тигізсем, сауығып кетер едім”, деп ойлады. Ол Исаның шапанына қолын тигізді де, сол сәтте-ақ дертінен сауықты. Иса әйелдің өзіне қолын тигізбеуі керек болғанын білді. Сөйтсе де, оны сөкпеді. Керісінше оған мейірімділік көрсетті. Ол осыншама жыл науқас болған әйелдің сезімін және оның көмекке өте мұқтаж екенін түсінді. Иса оған жұмсақ үнмен: “Замандас, сенімің арқылы құтқарылдың. Аман-есен қайта бер, қинаған дертіңнен айықтың!”— деді (Мар. 5:25—34).
9. Шәкірттері балалардың өзіне келуіне кедергі жасағанда, Иса не істеді?
9 Тіпті балалар да Исаның жанында өздерін еркін сезінген. Бір жолы адамдар балаларын алып келгенде, шәкірттері оларды Исаға жібергісі келмеді. Олар Иса балалардың өзін мазалағанын қаламайды деп ойлаған болса керек. Бірақ Иса бұған басқаша қарады. Жазбаларда былай делінген: “Мұны байқаған Иса наразы болып: — Балалардың Маған келуіне жол беріңдер, оларға кедергі жасамаңдар! Құдай Патшалығы сондайлар үшін,— деді”. Одан кейін ол “балаларды құшақтап, үстеріне қолын қойып бата берді”. Иса амалсыздан емес, балаларды жақсы көргендіктен осылай етті (Мар. 10:13—16).
10. Иса бойындағы керемет қасиеттерді қалай дамытты?
10 Иса жерде болған кезінде танытқан керемет қасиеттерін қалай дамыта алды? Жерге келмес бұрын ол сансыз көп жылдар көктегі Әкесімен бірге болып, оның қасиеттерін бойына сіңірді (Нақыл сөздер 8:22, 23, 30 оқы). Ол Ехобаның жаратылыстарына сүйіспеншілікпен билік ететінін көріп, одан үйренді. Иса Әкесіне мойынсұнбаған жағдайда бұл мүмкін болар ма еді? Ол Әкесіне бағынышты болғаннан рақат тапты, ал Ехоба осындай Ұлының барына қуанышты болды. Жерде болғанында Иса көктегі Әкесінің керемет қасиеттерін кемелді түрде танытты. Олай болса, Құдай тағайындаған көктегі Патшалықтың басшысы — Мәсіхке мойынсұну неткен ғанибет!
Исанікіндей қасиеттер таныт
11. а) Біз кімнен үлгі алуға барынша тырысуымыз керек? ә) Неліктен әсіресе ер бауырластар Исаға еліктегендері дұрыс?
11 Қауымдағылардың барлығы, әсіресе ер бауырластар, Мәсіхке еліктеуге бар күштерін салу керек. Киелі кітап “әрбір еркектің басы — Мәсіх” екенін айтады. Мәсіх өзінің басы — шынайы Құдайды үлгі тұтқанындай, мәсіхші ер адамдар да Мәсіхке еліктегендері жөн. Мысалы, елші Пауыл солай еткен. Ол бауырластарды: “Менің Мәсіхтен үлгі алғанымдай, сендер де менен үлгі алыңдар!”— деп шақырды (Қор. 1-х. 11:1). Сондай-ақ елші Петір: “Ол сендерді сол үшін де шақырды. Мәсіхтің Өзі бізге бола азап шегіп, үлгі қалдырды, сондықтан Оның ізімен жүруіміз керек”,— деді (Пет. 1-х. 2:21). Әсіресе, ер бауырластар Исадан үлгі алулары керектігінің тағы бір себебі — олар болашақ ақсақалдар мен қызмет көмекшілері. Исаның Ехобаға еліктеуден қуаныш тапқанындай, ер адамдардың Мәсіхке еліктеп, оның қасиеттерін танытудан қуаныш тапқандары дұрыс.
12, 13. Ақсақалдар өздерінің қамқорлығына берілген отарға қалай қарағандары жөн?
12 Қауым ақсақалдары Мәсіх сияқты болуды үйренуге міндетті. Петір оларды былай деп шақырған: “Құдайдың өздеріңе сеніп тапсырған рухани “отарын” қамқорлап бағыңдар! Мұны лажсыздан емес, шын көңілден, Құдайдың еркіне сай орындап, ашкөз пайдақорлықпен емес, адал ынта-жігермен істей беріңдер. Тәңірдің меншікті қауымдарына өктемдік жүргізбей, қайта, рухани “отарға” үлгі-өнеге болыңдар!” (Пет. 1-х. 5:1—3). Ақсақалдар дөрекі, өктем немесе немқұрайды болмау керек. Олар Мәсіхке еліктейді. Осылайша өздеріне сеніп тапсырылған отарға сүйіспеншілікпен қарап, қамқор, кішіпейіл және мейірімді болуға барынша тырысады.
13 Қауымда басшылықты қолға алатындар өздерінің кемелсіз екендіктерін әрқашан есте ұстаулары керек (Рим. 3:23). Олардың Исадан үйреніп, оның сүйіспеншілігіне еліктеуге тырысқандары жөн. Сонымен қатар Құдайдың және Мәсіхтің адамдарға қалай қарайтыны жөнінде ой жүгіртіп, солардан үлгі алулары керек. Елші Петір былай деген: “Бәрің де арақатынастарыңда әрдайым кіші пейілділік танытыңдар! “Құдай тәкаппарларға қарсы тұрады, Ал кіші пейілділерге рақымын шашады” делінген ғой” (Пет. 1-х. 5:5).
14. Ақсақалдар өзгелерге қаншалықты құрмет көрсетуге тиіс?
14 Құдайдың отарын бағатын тағайындалған ер бауырластардың жақсы қасиеттер танытқандары жөн. Римдіктерге 12:10-да: “Бір-біріңді бауырлардай сүйіп, өз бастарыңнан артық сыйлаңдар”,— делінген. Ақсақалдар мен қызмет көмекшілері өзгелерге құрмет көрсетеді. Барлық мәсіхшілер сияқты бұл ер бауырластар ‘жеке бастарының абырой-атағын ойлайтын менмен емес, кіші пейіл болып, басқаларды өздерінен жоғары қоюлары’ керек (Філіп. 2:3). Олар өзгелерді өздерінен артық санауға тиіс. Осылай етуімен тағайындалған бауырластар Пауылдың келесі кеңесіне құлақ асады: “Сенімі берік біздер күмәнданғандардың... іс-әрекеттеріне төзіп, оларға көмектесуге тиіспіз. Тек өзімізге ұнайтынды ғана емес, маңайымыздағы бауырластарға ұнайтынды да істеп, олардың рухани өсуіне себепші болуымыз керек. Мәсіх те Өзіне емес, көктегі Әкеге ұнайтынды істеді” (Рим. 15:1—3).
Әйелдеріңе құрмет көрсетіңдер
15. Күйеулер әйелдеріне қалай қарау керек?
15 Қазір Петірдің отағаларына берген кеңесін қарастырайық. Ол былай деген: “Күйеулер, әйелдеріңе ілтипат пен қамқорлық көрсетіп бірге өмір кешіңдер! Жан-тәндерінің нәзік екенін түсіне отыра, оларды ерекше қастерлей біліңдер” (Пет. 1-х. 3:7). Адамды қастерлеу немесе оған құрмет көрсету дегеніміз оны өзіңнен жоғары қоюды білдіреді. Әлдекімді құрметтеген адам оның көзқарасын, қажеттілігін және қалауын ескереді, сондай-ақ бұлай етпеуге келелі себеп болмаса, онымен санасады. Күйеулер әйелдеріне осылай қарау керек.
16. Әйелдеріне құрмет көрсетуге қатысты ер адамдарға Құдай Сөзінде қандай ескерту жазылған?
16 Әйелдеріне құрмет көрсету туралы айтқанда Петір күйеулерді: “Тәңірге сиынған кездеріңде ештеңе кедергі болмас үшін де осылай істеңдер!”— деп ескертті (Пет. 1-х. 3:7). Бұдан Ехоба үшін ер адамның әйеліне дұрыс қарағаны қаншалықты маңызды екенін көруге болады. Әйеліне құрмет көрсетпегені ер адамның дұғасына кедергі жасайды. Оның үстіне, күйеуі әйеліне құрмет көрсететін болса, олардың қарым-қатынасы нығайып, некелік өмірлері қанағат әкелетін болады.
17. Күйеуі әйелін қаншалықты сүюге тиіс?
17 Ал әйелдерін сүюге қатысты Құдай Сөзінде отағаларына мынадай кеңес берілген: “Жұбайларын өз тәніндей жақсы көру — күйеулердің міндеті... Ешкім де өз тәнін жек көрмейді, қайта, оған нәр беріп, баптап күтеді, Иеміз де қауымды солай қамқорлайды... әрқайсың әйеліңді өзіңдей сүюге тиістісің” (Ефес. 5:28, 29, 33). Күйеуі әйелін қаншалықты сүюге тиіс? “Күйеулер, Мәсіх қауымды қалай сүйсе, сендер де әйелдеріңді солай сүйіңдер: Мәсіх қауым үшін жанын қиды!”— деп жазды Пауыл (Ефес. 5:25). Иә, күйеуі Мәсіхке еліктей отырып, әйелі үшін жанын қиюға дайын болу керек. Мәсіхші күйеу әйелінің сезімдеріне мұқият болса, жұмсақтық, қамқорлық және риясыздық танытса, әйелге оның басшылығына мойынсұну әлдеқайда жеңіл болады.
18. Әйеліне құрметпен қарай алу үшін күйеулер көмекті қайдан ала алады?
18 Үйленген ер адамдардан тым көп талап етіліп отырған жоқ па? Жоқ, өйткені Ехоба бізден ешқашан қолымыздан келмейтін нәрсені талап етпейді. Оның үстіне Ехобаның қызметшілері әлемдегі ең құдіретті күш — киелі рухтың көмегіне жүгіне алады. Иса: “Өздерің күнәкар бола тұра балаларыңа жақсылық жасауды білсеңдер, көктегі Әкенің Өзінен сұрағандарға Киелі Рухын сыйлайтыны ешбір шүбәсіз!”— деген (Лұқа 11:13). Сондықтан әйелдерімен және басқа адамдармен жақсы қарым-қатынас сақтау үшін күйеулердің дұғаларында Ехобадан киелі рухтың көмегін сұрауларына болады (Елшілердің істері 5:32 оқы).
19. Келесі мақалада не қарастырылады?
19 Күйеулерге Мәсіхке мойынсұнуды үйрену және оның билік ету үлгісіне еліктеу жауапкершілігі жүктелген. Ал әйелдер, әсіресе некедегі әйелдер, туралы не деуге болады? Келесі мақалада олардың өз рөлдерін қалай атқару керектігі қарастырылады.
Естеріңде ме?
• Исаның қандай қасиеттерін өз бойымызда дамытуымыз керек?
• Ақсақалдар “отарға” қалай қарағандары жөн?
• Күйеуі әйеліне қалай қарау керек?
[10-беттегі суреттер]
Өзгелерге құрмет көрсетіп Исаға еліктеңдер